Сыйластық бара-бара «Шағын мемлекетке» ұласты

Солдан оңға қарай: Өмірзақ Қожамұратов, Зәкір Асабаев, Үрниса және Төлеген Айбергенов
Студенттік шақ та бітуге таялып қалады. Сол кездің қызығын да, қиыншылығын да анам мен әкем бірге көрді. Ал анамды ата дәстүрімен кішкентай кезінен атастырып қойған жері болғаны жайлы біз жоғарыда айтқанбыз. Ол жігіт жайында әкем біледі, оны бір-екі рет анамды киноға шақыруға келгенінде көрген де екен. Бірақ ол жігітке анамның көңілі толмаса да, ата-анасын жерге қаратқысы келмей, көнуге тура келеді-ау деп жүргенде бір күні әкем анама «Үрниса, сені атастырып қойған жер бар екенін білемін, ауқатты отбасы екенінен де хабарым бар, ал менің жалғыз анам мен тұрмысқа шығып кеткен үш апамнан басқа ешкімім де, саған беретін қалың малым да жоқ, бірақ көңілге тыйым салу мүмкін емес екен ғой, саған ауады да тұрады» деп сөз салады. Анам біраз ойланып тұрып, бір жағы өзі де кет әрі емес, «Әкемнің рұқсатын ала алсаң, мен көндім» дейді. Дипломдарын қолдарына алысымен екеуі ауылға келеді. Анам осы жағдайды жасырмай, әке-шешесіне айтады. Шешесі «Уәделескен нағашылардан ұят болатын болды-ау» деп қиналады да, соңынан келісімін береді. Нағашы атамның түсінігі мол, көпті көрген, жүрегі бай адам болатын. Жүрегі бай дейтінім – қолындағы бар дүниесін оңды-солды шашатын, жоқ-жітіктерге көп қарайласатын жаны жомарт жан еді. Ол кісі әрі ойланып, бері ойланып, әкемді бұрыннан білгендіктен болар (жоғарыда әкемнің нағашы ағаммен дос болғандығы жайында анамның естеліктерінен білесіздер) ақыл-кеңесін береді: «Қазір бой тасалай тұрыңдар, өздерің бір-біріңді ұнатсаңдар болды да, «Теңі болса, тегін бер» деген атам қазақ, менің қарсылығым жоқ, бірақ көп кешікпей келіңдер, мен де той беріп, жүзімді ашып алуым керек», – дейді. Сөйтіп, екеуі жанұя құру шешіміне келіп, атамның рұқсатын алып Қарақалпақстанға аттанып кетеді. Әуежайға достары Зәкір аға Асабаев, Өмірзақ Қожамұратов және анамның інісі Бөрібек келіп шығарып салады. Ары қарай анамның естелігіне зер салайық:
«Қай елдің болса да, келін түсіру дәстүрі бар, әсіресе жаңа шаңырақ көтеріліп жатқанда жұрттың бәрінің желпінбесі бар емес пе?! Алдында Төлеген маған «Ауылыма хабарлағанмын» деген. Сонысына қарай біз ұшақтан түсісімен, шашу шашып қарсы алатын халық көз алдымда. Түскен кезде күтіп алған жан пендесі болмады. Нөкістен Қоңыратқа қарай тағы ұшаққа мінетін болдық, демек, Қоңыраттан күтеді, ойым аяғыма капрон болса да шұлық кию, бірақ жеңі ұзын крепдежит көйлегім бар оны да ыңғайы келсе, киіп алу, басыма орайтын орамалым оңай жерде. Әуежайда тез ұшаққа отыруға тура келді де, асығып мініп кеттік. «Алдын ала бәрін киіп дайындалып алмағаным-ай» деп ішімнен қиналып келемін. Ендігі ойым, түсісімен, халық қаптап тұрмаса, ретін тауып киімімді ауыстырып алу. Төлегенге шет жағасын айтып едім, ол оны дұрыс көрді. «Қанша айтқанмен, елдің аты – ел емес пе? Етек, жеңді, ұзын көйлек бұларға айтпай-ақ жағады ғой. Оның үстіне жалаңбас деп айтпасын, оранғаның да жөн, аяғыңа да чулки кие ғой», – деп өзінше ол да пікіріме толық қосылды. Ұшақ та қонды. Сыртқа шығарда асықпай, адамдардың соңына сүрлігіңкіреп тұрдық та түстік. Сөмке, екі чемодан бар. Төлеген ол екеуін екі қолына ұстап алды. Мен сөмкені көтердім. Бізді күтушілер қай жағында тұр екен деп соңынан, ұялып, еріп келемін. Қоңырат әуежайында бір кішкене ғана ағаш үй бар екен. Сонда келіп іркілдік. Төлеген жан-жағына барлап қарап алды да ешкім көрінбейтінін қабағымен сездірді де, «Мен мына қала жаққа барып қайтайын, сен тұра тұр», – деп шапшаң баса жөнелді. Жаңағы ағаш үйдің алды-артында шамалы адам бар екен. Шамасы, олар бізді танымайды. Мен оңтайын тауып тез чулкиімді кидім. Орамалымды алып басыма байладым. Көйлегімнің жеңі қысқа, оны қалай ауыстырудың ретін таппай қысылып тұрмын. Ішімнен ойлаймын, егер жеңіл машинаға отырсақ, сонда ауыстырайын деп. Сөйтіп тұрғанда бір аққұбаша жігіт маған сәлемдесіп, барды да екі чемоданды қолына алды. Алып кеткісі бар екені байқалды. Бір есек арбасы бар. Мен әзілдесіп жатқан шығар деп:
–Ол чемоданның иесі бар еді, – дедім. Ол жұлып алғандай:
–Төлеген бе? – деді.
–Иә! – дедім.
–Ол анда күтіп тұр, қазір сонда барамыз, – деді.
Бір мүсәпір біреуді «чемоданды әкел» деп жұмсай салған екен ғой деп тұрмын. Әлгі жігіт:
– Жүрмейсің бе? – деді. Маған дөрекілеу естілді.
– Қайда? – дедім.
– Қалаға.
– Жаяу баруға бола ма?
– Анау көрініп тұр, – деп иегімен ауылды көрсетті. Ішімнен есек арбаға чемоданымды артқанымды біреу көрмесін де, білмесін де деп сумкамды қолыма алып, бағытын сұрап, жаяу тартып отырдым. Жолда Төлеген өзі ғана тұр екен. Мен жеткен соң, ертті де жүре берді. Жолда Сәрсен деген Төлегеннің қарындасына үйленген жігіт тұр еді, қасында бір-екі адамы бар, келіп амандасты. «Құтты болсын!» айтқан болып аузы жыбырлады. Сонымен, екеуміз жалғыз ғана әйел бар бір үйге бардық. Ол әйел кісі қол алып амандасты. «Әй, бала, ертіп келе жатқан қызың ба?» дегендей етті. «Иә», – деді Төлеген. Шай қойған екен. «Қолдарыңды жуыңдар», – деді. Есіктің алдында кіржуғыш табақ пен құманмен су қойыпты. Оны мен байқаған жоқпын. Өйткені жан-жағыма қараудан қысылып отырмын. «Қолдарыңды шайыңдар» деген соң орнымнан тұрған едім, Төлеген «Үрниса, бері кел», – деп жаңағы оңтайлы тұрған құманды алып, қолыма су құюға айналды. Қасында сүлгі де дайын тұр екен. Апай бір кезде «Сендер жолдан қалмаң, тез шайланың да, жеңгеңнің үйіне өзің бар. Маған тіке келмеді деп ол кемпір әлі балағаттамаса», – деп күліп қойды. Дастарқанға төрт-бес нан пәтірді қатар дестелеп қойды да, қант, кесемен сүт қосылған шай берді. Төлеген нанды сындырып та қойған жоқ. Өзі әрі-бері екі кесе шай ішіп, бір-екі жапырақ нан жеді де орнынан тұрып кетті. Нан туралмаған соң, мен де бір түйір қантпен бір кесе шай іштім. Қарным ашып-ақ отыр, бірақ сыр бермеймін. Ә, дегенше Төлеген де кеп қалды. Ол келгенше жаңағы үйдің әйелі «Екеуің бірге оқыдыңдар ма? Әке-шешең бар ма? Нешеусіңдер?» деген сияқты үш-төрт сұрақ берді. Мен қысқа жауап беріп отырмын.
Төлеген даладан күле кірді. Жеңешеме барып «Жеңеше, келін әкеле жатырмын, Жапардың үйінде отыр, рұқсат па?» деген едім, Ол: «Не, келінді желкеңе салып көтеріп келдің бе, сонша арықсың, маған әкелмей-ақ қой» деді. Соны айтып екеуі күліп, Жапар машина іздеп жүрген болуы керек деп отырды. Бір кезде: «Әй, бала, сен қалай қарайсың, осы баланы мен бала етіп алғым келіп отыр», – деді жаңағы апай. Ал Төлеген: «Не, сонда мен ағамды ата деуім керек пе?» – деді. «Ата демей-ақ қой, сонда да бола береді. Мен қазір киінемін. Ертіп барамын. Қыз етіп алдым деп кемпіріңе айтамын», – деді. Енді, шамасы, Төлегеннің ауылы алыс болса керек. Сөзімізді аяқтай бере, машина да келді. Ішінде екі-үш адам бар. «Ілесіп, жетіп алыңдар»ү – деп Жапар мен біреу сырттан кірді. Мен сумкамды ұстай бастаған едім, «маған бер» деп жаңағы апам алды. «Ішінде көйлегім бар еді, ауыстырып киейін» дедім. «Мейлі, шырағым, үйге кіре ғой» деді. Киімдерімді ауыстырып кидім. Жаңағы орамалдың төрт бұрышы төрт түрлі түсті еді. Соның қызыл жағын сыртына қаратып байлап алдым. Сыртқа шықтық. Қарасам, үсті ашық үлкен жүк машинасы екен. Содан соңғы жағынан орын алдым. Қасыма келіп жүресінен «таза ма, кір ме?» деп ол орналасты. Сонымен, Чкалов деген жерден бір-ақ шықтық.
Машинадан бір кісі түсе кемпірдің жаулығын алайын деп жүгірді. Төлеген де бірге кетті. Енді жаңағы апай екеуміз бір арықтың жағасында отырмыз. Бізге ешкім келмейді. Әйтеуір, шуылдаған дауыс естіледі. Кейін енем өте өкінетін. «Сендер келгенше, сүйінші сұрап келгенге неге төрт метр мата бермедім. Есімнен ажырап қалдым ғой», – деп. Төлегеннің жазған хаты бойынша енем бірер көрпе, шымылдық дайындаған екен. Соларын әзірлеп, оның үстіне мені қарсы алуға ауылдың бар қыз-келішегін жинап жүр екен. Екі-үш сағаттан кейін бір топ адам келе жатыр. Ішінде бір-екі кемпір дауыс салып жылап жүр. Ішінен бір келіншек суырылып келіп басымдағы орамалымды шешіп, басыма ақ орамал байлады. Оның сыртынан сөлпілдеген қыжым, оны «сауқым шашақ» дейді екен, соны байлады. Ертіп апарып киіз үйге кіргізді. Шымылдық тұтқан екен. Ішіне орналастық.
Бір кезде қатты маужырап шаршағандықтан ұйықтап кетіппін. Әдемі әннен оянып кеттім. Кейін тамақтанып болғасын шымылдықтың ішіне екі қайын сіңлімді отырғызып қойып, өзім теріс қарап жатып ұйықтадым. Ән салып отырған Төлегеннің туған жиені Бағымбай екен. Даусы Төлегенге өте ұқсас. Енді түр-тұрпаты келіскен кісі шығар деп шымылдықтан сығалап қараймын. Қыздар нұсқалап көрсетеді. Ол онша көрінбейді. Өзі әлі үйленбеген жігіт екен. Аппақ таңды көзімен атқызып ән салды. Кейін көргенде өз ойыма күлкім келді. Бойы аласа ғана, кіп-кішкене қара торы жігіт екен.
Бұл әңгімені жазуыма мынадай себеп болған. Төлегенмен бес жыл бірге жүрген жолдас жігіт қалаға келіп, бізді тауып алады. Сол кісі: «Үйлерің құлайын деп тұр екен. Ортасынан біреу тіреуішпен тіреп қойыпты. Бір бұрышына шымылдық құрыпты. Өзі жетім бала, жесір кемпір. Тұрмыстары өте нашар. Таза қаладан келген қыз шыдар ма екен деп таңғалыстық. Ішімізден бұларды менсініп тұра қоймас деп ойладық», – дейді.
Шынында да, өмір маған қиындығын сақтап жүр екен. Электр жарығы жоқ, жермай құйған шам пайдаланамыз, көмір түсімізге де кірмейді. Бірінші үй болған кезде күнделікті қаражаттың жоқтығы, тойға түскен қойдың аптасына біреуін жеп тұрдық. Мен онда барысымен өте қатты жүдеп кеттім. Оны Төлеген ішіп-жеудің нашарлығынан деп пайымдаса керек. Ал мен жеріктіктен болу керек деп ойладым, өйткені еттің дәмін татқым келмейді. Айран, сүт жоқтың қасы. Мен жеміске үйренгенмін, ол мұнда жоқ. Қысқасы, азып-тозып кеттім.
Өмір қызық… Келін боп түскенде тандырды бірінші рет көрдім. Біз жақта нанды басқаша жабады. Апам түске дем алуға келсе болды, ыстық күнде нан жабады. Сабақ әлі басталған жоқ, мен үйдемін. Бір күні енеме «Таңертеңгі салқында нан жапсақ қайтеді?» дедім. Енем қуанып көне қойды. Екеулеп тандырға от жақтық, енем нанды жайып, мен енді жапсырмақшы болып еңбектеніп жатсам, алба-жұлба киінген біреу бізге қолын ербеңдетіп айқайлап келе жатыр. Енем екеуміз қарап қалдық. Мен әсіресе үрейленіп қалдым, өйткені тандыр көрген емеспін. Әлгі енеміз менің енеме барынша кейіп келе жатыр. «Мына біреудің баласын өртеп алсаң, не болады? Бұрын-соңды көрмеген жұмысын не бетіңмен істетпекшісің? Масқара, жап-жас келінді отқа тығып, нан жемей кетіңдер…», – деп кеюмен келген адам маған «Қарағым, мен жапсырамын», – деді. «Мен жаяйын», – деп едім. «Қой, араласпай-ақ қой, мына енең жаяды. Сен үй шаруасына бара бер», – деп мені үйге қайтарып жіберді. Өзі маған қарап асқан мейіріммен күліп қояды. Енем «өзі жабамын деп ұмтылып қоймайды» деп ақталып жатыр. Үйге апам келген соң білдім, жаңағы келген апа Қарамолда деген молданың кемпірі екен. Қарамолда – өз аты емес, лақап аты. Сол молда кісіні білімдар, зерделі адам екенін жұрт мойындаған. Ол кісіге тіктеп қарауға да, көрінуге де ұялатынмын. Соның жалғыз баласы – Өтеулі бес балалы болған. Көп өтпей, мектепке жұмысқа тұрып кеттім. Ол жердегі қиыншылықтың өзі бір төбе. Сыныпта отырған оқушылардың барлығы – маған қайын жұрт. Салт бойынша, аттарын атамауым керек. Жас маманмын. Бәрі маған үмітпен қарайды. Көп мұғалімдер орта білімді, жоғары білімділер аз. Оның үстіне он екі шақырымдағы мектепке есекпен қатынау керек. Оған бұрын мініп көрмеген басым, өте қиынсындым. Не шара, есекпен қатынаймыз, екеуімізде екі есек. Есектің де әуресі аз болмады. Бір күні оның теріс жағынан мінбекші болып ыңғайлана бергенімде, ер-тоқым ауып кетті де, есек құрғыр айдалаға қашып кетті. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы шығар. Кейінірек есек оқиғасын айтып сол кезде шәкірт, бұл күнде дырдай азамат – қайныларыммен бір күлісіп аламыз. Велосипедпен де қатынап көріп едім, онымен құмда жүру өте қиын екен. Бір жағынан, жолдың азабы, екінші жағынан, кішкене үй табылды да, әктеп-сылап, кіріп алдық» деп өткен күндер жайында сыр шертеді. Осы үйге көшердегі оқиға.
Салтанат АЙБЕРГЕНОВА