Ұлбике ақын ұмыт болмауы тиіс
07.04.2017
3725
0

Қазақ халқының өнері хақында әңгіме болғанда бұл жұртты ән мен өлең-жырдан оқшаулап, талантын таптау мүмкін емес. Оған сан ғасырдан бері ұрпақтар жадына көшіп, ауыздан түспей келе жатқан аталған өнер жұқаналары куә. Бұл орайда Э.Диваев, В.В.Радлов, т.б. сияқты өзге ел ғұламаларының берген бағасына жүгініп, мақтауымызға да, мақтануымызға  да әбден болады. Ал өзімізден шыққан дала академигі М.Ж.Көпеевтің ғылыми талдамалары мен берген бағасын әркез бойтұмардай қастерлеп, алға ұстауымызға негіз бар.

Жасыратыны жоқ, ақындық, жыраулық өнер туралы сөз болғанда сан ғасырдан бері бұл өнер көбіне тек ер кісілерге тән деп, соларға теліп келдік те, әйелден шыққан таланттар тасада қалып келді. Оларға сал­ғырт қарадық. Бұл баяғы әйелдерді кемсітіп, төменетектілер деп келген қитар көзқарастың салдары еді.
Бұл пікірімізге айтыскер әйел ақындар­дың өнеріне салынған тұсауды мысалға алуға әбден болады. Кезінде әйелден шық­қан айтыскер ақындар өнерін жасырып, бүркеп көрсетіп, артынан елінен, дін шырмауына маталған көрсоқырлардан сазайын тартып отырды.
Айтыс ақын, жыраулардың шабытын қоздырып, талант көзін ашатын бірден-бір өнер қайрағы. Сосын да ол сан ғасырдан бері өлмей, ұмытылмай рухани қазынаның сүбелі қайнары болып келеді. Қағазға түсіп, ауызда айырылмас да ақындық, жыраулық өнердің Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, т.б. сияқты пайғамбарларының да кезінде қыз-келіншектермен айтыспауы, жарыс сахнасына шығып «жын» шақырмауы мүмкін емес.
Тіпті, ақындар шабыты келіп «жын» қысқанда өз әйелімен, атымен, тазысымен, ұшқан құспен де, т.б. айтысып, көбіне екі жақтың да рөлінде өзі ойнап, өзі шығарып, көңілін демдеп отырған. Оған Кете Жүсіптің өз әйелі Күзенмен, Мансұр ақынның бесіктегі қарақалпақ қызы Дәмемен айтысын мысалға келтірсек уәжіміз дәлелдене түседі.
Ақындар айтысы туралы әңгіме қозғал­ғанда бұл өнердің ту ұстаушылары ретінде Күйкентай, Шәріпжамал, Дәме, Ұлбике, Тыныштық, Шәкей, Қарлығаш, Ақсұлу, Ақбала, Рысжан, Сара, Болық және Шә­бия сияқты («Айтыс» кітабы, 2 том) айтыс­кер әйелдердің есімін айтпай кету обал болар еді.
Бұл  тұста Сара Тастанбекқызының есі­мі алдымен ауызға оралады. Рас, оның жарты өмірі қапаста, қайғы-қасірет қа­мауын­да өткен. Дегенмен, оның айтысы көп таралған, аңызға айналған, әр кезеңде өз бағасын алған да.
Қазақта Сарамен тағдырлас, таланты дейгейлес, бірақ зерттелуі, насихаты әлі кемшін түсіп жатқан бір айтыскер ақын бар. Ол – Сырдан шыққан Ұлбике Жанкелдіқызы. Ұлбике Сарадан жарты ғасырдай бұрын  Қызылорда облысы, Қараөзек бойында 1825 жылы дүниеге келген. Әкесі Жанкелді мен анасы Жаңыл да өнерпаз, «бірқағары» бар жандар болған. Әсіресе, анасы әншілігімен төңірекке мәшһүр екен. Демек, Ұлбике бойындағы таланттың өте ерте оянуына ата-анасының ықпалы болып, олар перзент жүрегіндегі жалынды өшірмей, үнемі үрлеп отырған.Оны енді Ұлбикенің өз аузынан естиік:
Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігімде үйренгем мен өлеңді.
Балапандай кезімде қайран шешем,
Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.
Жә, осы сәт сәл шегініс жасайық… Ұлттық дәстүрмен Ұлбике шыққан шежіре-текке үңілсек, ол Ұлы жүз Үйсін әулетінің Ошақты аталығының қызы. Сыр бойында туғанымен, топырақ Жамбыл облысындағы Талас өзені бойынан бұйырады. Себебі, академик М.Жолдасбековтің айтуы бойын­ша Ұлбикенің бойжетіп, сылана бастаған шағында Ошақтының Есмырза деген беделді биі әулетін бастап Әулиеата маңына қоныс аударады.Олардың ортасында Ұлбикенің әкесі Жанкелдінің де отбасы болған. Ел ішінде «Ұлбикені топырақ тартты» деген аңыз әңгіменің шығуы да, міне, осыдан.
Ұлбике Жанкелдіқызын ән-жыр өлке­сіне жастай жетелеген «Сыр елі – ән елі, жыр елі» атанған аймақтың шабыт қоз­дырар киелі қасиеті еді. Өйткені ол есейіп, ет­ек жаба бастаған шақта Сыр бойында жыршылық өнер, ақындар сайысы дүрілдеп тұрған болатын. Ұлы дарияның бойында ен жайлап отырған халықтың әр күні ән-жырсыз, ақындар айтысынсыз өтпейтін. Сондай-ақ, думанды тобырларға «желпей» әке-шешесі Ұлбикені қалдырмай апарып жүреді. Сөйтіп, олар ақыры қызын шабыт қысқан топтан арашалап ала алмай қалды. Қайран ата-ана алғашында қыз өнерін мақтан тұтқанымен, перзентінің тәтті тілі оның түбіне жететінін қайдан білсін…
Енді Ұлбикенің пәрін ашып, талант оты­ның тұтануына Сыр бойындағы жыр­шы­лық өнер себепші болды. Әлгінде айт­қа­нымыздай, ауыл ішінде жаяу ақын жігіттермен сөз қағысып, ән салып, қа­ра үзіп жүрген ақын қыздың дабысы ел­де­гі сүбелі сүлейлерді де елең еткізіп, олар да оза шауып жүрген Ошақтының қызын сынамақ ниеттері болады. Сөйтіп жүргенде Ұлбикемен жыр жарыстың перде­сін Қарақалпақ елінен келген Жанкел (Жанкелді емес) деген кедей жігіт ашады. Қараөзек өзенінің сол жағында Ұлбикемен қағысудың сәтін аңдып жүрген  Жанкел өзеннің оң жақ жағасында сиыр сауып отырған Ұлбикеге былай деп өлең айтады:
Топ қамыс топ-топ қамыс сайда болар,
Көп жылқы, қоралы қой  бойда болар.
Аржақта сиыр сауған Ұлбикежан,
Өткелі Қараөзектің қайда балар?
Жігіт дауысын естісімен Ұлбике сиыр­дың бауынан  басын көтеріп, былай деп жауап береді:
Аржақта Жанкел отыр қардай борап,
Нағып жүр әкең байғұс алдыңды орап?
Бара ма малың өтпей сорлы кедей,
Өткелін Қараөзектің менен сұрап?
Жанкел:
Әңгіме табылады құрағанға,
Өзіңдей жақсылармен ұнағанда
Байталдай шапқа түрткен
шамдандың ғой,
Өткелін Қараөзектің сұрағанға.
Ұлбике:
– Жігітім, біздің байтал тарпаң еді,
Тарпаңнан кедей қорқақ жалтаң еді.
Жүрмесін тепкі тиіп маңдайыңа,
Жанкел-ау, жүресің де байқап енді.
Бұл айтыс та екеуара сөзжарысқа, жоғарыдағы үзіндіде келтірілгендей, бір-бірінің мінін бетіне басып, ең қызықтысы, ойнақы юморға құрылған. Қайымдасу үстінде өз сөзінен ұсталып, Ұлбике жеңіледі. Бірақ бұрыңғы ауыл арасындағы қалабай қалжыңнан гөрі ұстамды, күрделірек болғандықтан Ұлбикені шира­тып, тұсауын кескен нағыз сөз айтысы осы болған еді.
Ұлбикенің ақындық жолдағы алғашқы бетін ашып, тұсауын кескен, ұстараның жүзін жаныған қайрақтың ролін атқарған, талантты шын танып, батасын берген, қожа руынан шыққан, Сыр бойына та­ны­мал ақын Еркөшекұлы Күдері еді. Ұлбикемен алғаш сөз жарысына шы­ға бастағанда ол қырықты алқымдап қалған егде жігіт екен. Ұлбикемен сөз жарыстыра бастағанын естіген әкесі Кү­деріге: «Балам, Ұлбикемен айтысу үшін Бұхараға барып үш жыл оқып кел, әйтпесе онымен айтысуға жарамайсың», – депті деген аңыз бар. Мұның өзі Ұлбикенің тапқырлығын, шешендігін, ой-өрісінің кеңдігін, ақындық алымдылығының дәлелі. Бұл айтқанымызды шегелей түсетін айғақтар Ұлбикенің бағасын үстемелей түсетін бұрын-соңды өткен сөз зергерлері айтқан әлденеше тұшымды мысалдарды алға ұстауға болады. Мысалы, ресми ха­лық ақыны деген атағы бар Қуаныш Бай­мағанбетұлы:
Күлдіреп Күдері өтті Таспаменен,
Айтысқан талай жүйрік қасқаменен.
Айтысып Ұлбикемен бәсі түскен,
Тең таппай теңесуге басқаменен, –
деп Ұлбикенің ақындығын айшықтай түседі.
Бүтін оңтүстік  өлкесіне ақындығымен, оған қоса жыршылық, әншілік өнерімен жете таныс Мәделіқожа да Ұлбикенің ақын­дығы мен көркіне қайран қалып жырға қосады:
– Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі,
Қысылса да аузына сөз түседі.
Өлең айтып отырған Ұлбикенің,
Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі.
Қысқасы, Ұлбике айтыс ауылына аз уақыт ат шалдырғанда өзінің ерекше көр­кімен де, шешендік шеберлігімен де тамам жұртты тамсандырған. Оған сол тұстағы сөз қуған сүлейлердің көпшілігі өлең арнап, ақындығы мен ақылдылығын паш еткен. Жә, ақын қыздың талантына табынушылардың ол туралы жүрекжарды лебіздерін Нартай ақынның сөзімен түйіндейік:
– Сұлудың құралайдай сәні қалды,
Шырындай өнерінің мәні барды.
Содырдың сойылынан мерт болса да,
Ұлбикенің өлмейтін әні қалды!
Ұлбикенің айтыстағы талантын ұштап, тұсауын кескен Күдеріқожа Еркөшекұлы деген болжам бар. Жаны бар сөз. Өйткені, бұлардың ауылы қоңсылас болған. Ұлби­кенің әкесі мен шешесі қызын  сол кезде ақындық даңқы дүрілдеп тұрған Күдерінің алдына апарып батасын алады. Қыз өсе келе ұстазымен де бірнеше рет сөз қағысады. Қазіргі дерек бойынша екеуі екі рет айтысыпты делініп жүр. Шәкіртін сынау үшін әуелі «бәлені» Күдеріқожа бастаған. Сөйтіп, қыз өнеріне риза болған Күдері кездесе қалса оны сөзбен қағытып, сынап жүреді екен. Келе-келе қайсысы бұрын көрсе, сол өлеңді қоя беретін болған. Аяғы үлкен айтысқа ұласқан. Бірақ ол кезде Ұлбике тым жас болған соң Күдеріқожаның өзі әдеп сақтап, ол қағысулардың тарауына қарсы болған.
Қош, енді құр баяндау тізгінін тартып, ақындар айтысын тыңдайық. Ғалым М.Жолдасбековтың айтуы бойынша Ұлбике Күдеріден басқа Майлықожамен, Мәделі, Таспақожамен, Сералықожамен, Жанкелмен, т.б. жігіттермен де қайымдас­қан. Осы жерде дала академигі Мәшһүр Жүсіп­тің тоқтамына жүгініп барып сөз жал­ғайық: «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. «Қайым» өлеңі­нің басында Күдеріқожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ…». Ендеше, қайымға кезек берейік:
Күдеріқожа:
Ата-бабам шынжыры қойылған қол,
Қожа келіп тұрады оң менен сол.
Әшейін-ақ бір айтқан сөзің шығар,
Ақылы бар баланың айласы мол,
Ата-бабаң пір тұтып қожа қылған,
Не себепті қожаға тимейді жол?
Ұлбике:
Аулақ тарт қожа болсаң, кеселіңді,
Осы жол қайтарамын меселіңді.
Ат мініп, біздің елден тон киген соң,
Сатқансың Қашқарлыққа есегіңді.
Жеп едің ел қыдырып сынық малта,
Айтамын әлі талай өсегіңді.
Қожеке, пайғамбардың атын сатып,
Алмай ма құдай сенің есебіңді?
Күдері бастап, Ұлбикемен қағысқан Тас­па­қожа, Мәделіқожа, Сералықожа, Жанкел, т.б. ақындар ақын қызға әр түрлі тақырыпта сұрақ қойып, оны жаңылыстырмақ болған. Бірақ Ұлбике бәріне ұтымды жауап беріп, өзі­нің ой-өрісін, өресінің биіктігімен сүрінбей келген.
Жоғарыда Ұлбике атақты ақын Сарамен тағдырлас деп едім. Оған дәлел – екеуі  де малға сатылып, теңін таппай бірі бүкірге байланып жастық шағы жылаумен өткен, екіншісі содыр күйеудің қолынан мерт болған заман дәстүрінің құрбандары еді. Ол қорлықтарын екеуі де зар қылып жырлап кеткен. Сарадан жарты ғасырдай бұрын туған Ұлбике сол кездегі әйел теңсіздігін былайша жырлап, зар жылады:
Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар,
Таулы, тасты, шөл дала, құз-жары бар.
Қайда барсам жолымды кескестейтін
Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар.
Ташкеннен алып келген сырнайып-ты,
Жөнін білген тартады желқайықты.
Ақ шәйі мен көк шәйінің қиығындай,
Өзіме таба алмадым лайықты….
Ал алғашқы жары өзіне тең болмай, кембағал адамға айттырылған Сара Тастам­бекқызы да:
Тақсыр-ай, күні құрсын, ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының.
Берген соң тері-терсек ит те алады,
Пұлындай берекесіз арбашының, –
деп  аһ ұрып еді ғой.
Шу дегенде айтқанымыздай Ұлбикенің елі Әулиеатаға келіп (1837 ж.) ата-бабаның туған жеріне орныққан соң жылдар өтіп өнері мен ажар-көркіне тәнті болған Қарақойлы руының бір байы үш қыздың қалың малын беріп құда түседі. Ұзамай Ұлбике сол байдың содыр да ұрдажық, әпербақан, еркетотай боп өскен Бойтан деген баласына ұзатылады. Сол күннен бастап Ұлбикенің маңдайының соры қалыңдай түседі. Ата-енесі де жайсыз болады. Келген жері оның әр қадамын бақылап, өнерін ұштамақ түгіл, әр әрекеті аңдуда болады. Қысқасы, Ұлбикені қор­лық, зорлық тұманы шырмап алады. Бұл сөзімізге Ұлбикенің өз зары айғақ. Бұл қорлық жанына батқан ақын бірде шөл қысып келген бір жолаушыдан әке-шешесіне сәлем жолдайды. Оны, әрине, толқымай оқу мүмкін емес.
Не деген қайын атам қас кісі еді,
Аузынан айқайласа тас түседі.
Ел-жұрттан осындағы жөн сұрасам,
Бір түнде сәтін тауып қаш деседі.
Ғұмырым ойлай берсем болды қауіп,
Отырмын, жүре алмаймын басым ауып,
Айта бар бұдан барсаң көкешіме,
Өзімен ала келсін тәуіп тауып.
Қызылорданың іргесіндегі Амангелді ауылында Рахмет Мәзхожаұлы деген жырау болды. Тоқсан екіге келіп дүние салды. Ескі жыр-терме, айтыс, хиссаларды көп білетін адам еді. Өзі Күдеріқожамен ағайындас қожа руынан болатын. Мен оны көп тыңдап, біраз айтыстарды (Ұлбикенің де бір айтысын) сол кісіден жаттап алғанмын.
Оның айтуы бойынша Ұлбикенің ұс­тазы болған Күдері көбіне Арқада өмір сүріпті. Онда да талай адаммен қайымдасып өнерін паш етіпті. Сөйтіп, Ұлбикенің дерегін естіп, Балхашты жағалап, Шу бойына келген ақын сұрастыра отырып шәкіртінің ауылына түседі. Күдерінің даңқын білетін жұрты жиналып, ақынға қонақасы беріп жырлатады. Сол басқосуда жиылған жұрт қолқалап екі ақынды айтыстырады. Бұрыннан сырмінез және өнер бәйгесін сағынған екі ақынның айтысы шу дегеннен қызып, ұзаққа созылады. Қас қарайып, түн жамылғанда тар көңіл, қараниет біреу ен далада жылқы күзетіп жүрген Бойтанға барып: «Әйеліңнің Күдері деген көңілдесі бар екен, сол келіп күні бойы екеуі айтысып отыр. Сенбесең, үйіңе бар» деп хабар береді. Есер Бойтан шауып үйіне келсе, шынында айтыс жү­ріп жатыр екен. Кеудесін қызғаныш кер­неген Бойтан іргедегі балтаны ала салып Ұлбикені көкжелкеден бір ұрады. Ақын талып түседі. Бұл – 1849 жылғы тамыз айының орта кезі еді дейді.
Содан Ұлбике төсек тартып жатып қалады. Жарасы жазылмай дерті күн сайын меңдей береді. Бұл кеселден тұрмасын білген Ұлбике өткен кеткенге өлеңмен мұң шағады. Бірде үйіне ел ақтап жүрген дуана бас сұғып, көңілін сұрапты. Одан Ұлбике: «Сыр еліне барасың ба?» деп сұрапты. Барамын» депті ол. «Ендеше, сондағы жұрт­қа айта бар» деп мына бір ауыз өлеңді үйретіпті:
Тұс-тұстан халық келіп анталады,
Айтыс деп Күдерімен қолқалады.
Болғанда түн ортасы Бойтан келіп,
Атылып көкжелкемнен балталады…
Абайсызда басынан қатты жарақат алған Ұлбике қыркүйек айының басында небәрі 24 жасында (1849 ж.) көз жұмады.
Содан әлгі дуана Сыр бойына, Жаңақор­ғанның түстік бетіндегі бір ауылға ақтап келіп, әлгі өлеңді айтады. Үй егесі қожа екен. Мұны қай жерде, кім айтқанын біл­геннен кейін: «Оһ, Ұлбике өлген екен ғой, қой барып көңіл-қос айтып, бата қылайық» деп еліне хабар салыпты. Ұзамай Күдеріқожаны ортаға алып бір топ адам марқұмның аулына барады. Барса Ұлбикеге ас беріп жатыр екен. Ас аяқталған соң құн дауы басталыпты. Жол төркініне беріліпті. Төркіні таңдауды Күдері айтсын деп ұйғарады. Қожекең сөзді шариғаттан бастапты: «Өлер Ұлбике өлді. Аярда да ас жоқ, тоярда да ас жоқ. Көрді ашып, өкпесін сойып көріңдер, өкпесінде жыбырлаған жазу болу керек. Жазу жоқ болса, сөз басқа, егер жазу болса – ол өлең. Онда үш кісінің құнын бересің», – депті. Айтқандай көрді қазып, өкпесін ашса жазу (құрт) жыбырлап тұр екен дейді. Көрген жұрт ботадай боздапты. Сөйтіп, Қарақойлылар үш адамның құнын төлепті…
Түйін: Сөйтіп, «таңдайында өлеңнің ұясы бар» (М.Ж.Көпеев) Ұлбике небәрі 24 жыл өмір сүріп, 1849 жылы өз күйеуінің қолынан қыршын кетті. Шынын айтқанда, мұның тағдыры Сараның тағдырынан әлдеқайда аянышты. Сара айттырған кембағалдан құтылып, жөнді жанға тиді. Одан 5 ұл-қыз сүйді, Ұлбикеден екі есе артық өмір сүрді. Өз ажалынан өлді. Шығармалары сан рет жария болды. Ескерткіштері бар. Ал Ұлбикеде ше?.. Оның жиырма шақты рет айтысқа түсіп, бірнеше өлең шығарғаны, асқақ әнші әрі күйші болғаны халқына ертеден аян. Оның талантына М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, В.В.Радлов секілді әйгілі фольклор жинаушылар ерекше мән беріп, ыждағатпен қараған. Тіпті, қазақтың М.Әуезов, С.Мұқанов, Ш.Мұртаза сияқты даңғайыр жазушылары да ерекше баға берген. Онан кейінгі буын өкілдерінен қарпымды қаламгер Қ.Мұхамеджанов, М.Жолдасбеков, Р.Бердібаев, С.Дәуітұлы, журналист И.Төлепберген, ақындардан Қ.Мырзалиев, Ә.Жәмішев, К.Ахметовалар Ұлбикенің таланты жөнінде тұшымды, жағымды ойлар айтып, қалам тербеген. Әйтсе де, Ұлбике Жанкелдіқызы таланты­ның насихат бағасы әлі кемшін жатқаны жасырын емес. Ол әліге дейін қазақ әде­биеті мен өнері сахнасына еркін шыққан жоқ. Есімі тіпті бұлыңғыр. Туған жерінде (Сыр бойында) өлген жерінде (Жамбыл облысында) есімін еске түсірер көше неме­се мүсін ескерткіші жоқ. Өткен жы­лы ақынның туғанына 190 жыл толды. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болған елі, туған жері, мәңгілік мекені «таңдайына өлең ұя салған бұлбұлын» ардақтамай үнсіз қалды.Тіпті, мәңгілік мекені де белгісіз. Өкінішті-ақ!

Өтеген Жаппархан,
Қазақстанның құрметті журналисі,
мәдениет қайраткері.
Қызылорда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір