Ұрпақ рухын шыңдайтын кейіпкер
Смағұл ЕЛУБАЕВ
«Өмірде қиындық көрмедім» дегенді көрмеппіз. Тыңдап отырсақ, тірлік тауқыметін тартпаған жоқ. Ендеше, өмір адамға Алла берген сый емес, сын екені рас болды. Бірақ сынның да сыны бар. Бүгінгі кейіпкеріміз бастан кешкен сын – тым сиқы бөлек сын. Ондай сынды басқа бермесін.
Ол жасында ұзын бойлы, қалың бұйра шашты, көрікті жігіт болыпты. Таңдап жүріп өзі сүйген қызға үйленіпті. Кандидаттық қорғапты, дүрілдетіп. Алтын асықтай екі ұл сүйіпті. Қызметі шарықтап өсіп, Совминнен бір-ақ шығыпты. Жап-жас кезі ғой. Бақыттан басы айналыпты. Ендігі асуым докторлық қорғау деп жүріпті. Бірақ… Бірақ дәл осы тұста… 35-ке енді толған шағында, 1972 жылы тағдыр оны аяқтан шалыпты. Аямай шалыпты. Шапқылап жүрген сері жігіт бір күнде мүгедек болып шыға келіпті. Тағдырдың бұндай «сыбағасынан» кім де болса естен танары хақ. Ол да естен танады. Өйткені, мүгедектің де мүгедегі бар. Бұның пешенесіне сызылған мүгедектік солардың ішіндегі ең сорақысы болды. Күні кеше ғана айдарынан жел есіп жүрген жігіт, жұлынға жасалған отадан кейін кереуетке таңылып, мүсәпір болды да қалды. Белде, аяқ, қолда жан жоқ, қимылсыз қалды. Өздігінен нәр тата алмайды. Өздігінен дәретке бара алмайды. Мүсәпірдің мүсәпірі. Сол түні ол жылаумен болды. Ойына не келіп, не кетпеді?! Жап-жас келіншегі бұның мешел болып қалғанын білмейді. Үйде, екі баласының жанында отырған шығар. Қайран Гауһар! Бар сенгеніңмен сүйенгенің мен едім. Мен осындай күйге түстім. Ержан енді мешел. Мүгедек. Естігенде сен де естен танатын шығарсың! Өйткені, біз болашағымызды барлық Жаннаттың төрінен көруші едік-ау! Бұндай кәріптік басқа түседі деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кірді ме екен! Біз бақыт бесігінде тербеле береміз деп ойладық. Олай ойлауға негіз бар еді. Бізде бәрі бар еді. Өзара түсіністік, бір-бірімізге деген махаббат бар еді. Алла Тағала бізге алтын асықтай екі ұл берді. Абырой, бақ-береке берді. Ойпырым-ай, сол бақ-берекенің бір күнгідей болмағаны ма?! Екі сәбиімнің жазығы не?! Енді олардың күні не болмақ!? О, Тәңірім! Қай қылығымнан таптым?! – деп күңіренумен болды сол түні ол. Бұл ғалым, жазушы Немат Келімбетовтың ғұмырнамалық «Үміт үзгім келмейді» хикаятын оқығаннан кейінгі әсер ғой.
Немат аға 5 жыл төсекке таңылғанда жанында Құдай қосқан қосағы Қуаныш жеңгей болған. Қимылсыз тақтай кереует үстінде жатқан адамды 5 жыл емес, 5 күн бағып көріңізші!? Басқа салмасын! Ал басымызға сол тауқымет түссе не істер едік?! Басына сондай тауқымет түскен Немат аға «Үміт үзгім келмейді» кітабында кейіпкерінің аузына мынадай сөз салады. «Гаухар! Сенің маған жасаған бір күндік қызметіңді былайғы әйелдер күйеуіне, мүмкін, өмір бойы жасай алмас!» Осы ой астарына үңіліп көріңізші! Үңілсеңіз, зіл-батпан шындық жатыр. Айтуға, жария етуге ауыр, екі адамның басына түскен ауыр. Қуаныш жеңгей осынау басқа түскен таудай тауқыметке иығын тосады. Қаймықпайды. Өз отбасының отын өшіріп алмау үшін күреседі. Арпалысады. Үй мен түз арасында зыр қағып ұршықша үйіріледі. Бір жағында – төсек тартып бебеу қағып жатқан отағасы. Бір жағында – балапандай аузын ашқан балалар. Екі ортада жанын шүберекке түйіп шыр айналады. Үйдегі тиын-тебен нанға да жетпей қалған күндер болды. Қарыз сұрай-сұрай дос-жарандарды да мезі қылған. Нематтың дені сау кезінде үйден шықпайтын көп құрбы-құрдастың қатары сиреген. Бұлар жалғыз қатал тағдырмен бетбе-бет қалды. Кейбір келіншектер қарыз сұрайды деп көшеде бұны көрсе айналып қашатын болды. Сондайда бұл қорланып, көз жасына ерік беретін. Жыласа көшеде жүріп жылайтын.Бірақ үйде көз жасын ешкімге көрсетпейтін. Нематты жасытпау үшін. Өзін-өзі қайрады. Қос құлыны үшін. Сынбау керек. Майыспау керек. Басынан бақ тайған осы үйдің енді қалған жалғыз тірегі өзі еді. Бұл сынса не болады? Отауының шаңырағы ортасына түспей ме?! Сондықтан бұның титтей де болса осалдық жасауға құқы жоқ еді. Нематты ажалдан арашалап қалудың жалғыз жолы өзінің де, оның да болашаққа деген үмітін өшірмеу еді. Мына Мұхит пен Қайратын қалайда қатарға қосу еді. Отанасы Қуаныш осыны түсінді. Түсінді де осы жолда отқа да түсті, суға да түсті…
Төсекке таңылып жатқанымен Немат та осал жігіт емес еді. Тағдыр тоқпағы соққан сайын ол шар болаттай шыңдалды. Мүгедекпін деп мүжіліп жата бермеді. Қараса, тілі мен санасы сау. Ендеше, осы тіл мен санасын неге жұмысқа жекпеске?! Неге кітап аударып тиын-тебен таппасқа?! Ол үшін не істеу керек? Нематтың көзі сөреде тізіліп тұрған кітаптарға түсті. Сөреде қазақ әдебиетінің классиктері иін тіресіп тұр еді. Соларды оқу керек, үйрену керек, ендеше. Экономист Немат өстіп әдебиетші болуға бет бұрды. Ол үшін көп оқу керек еді.Қолында, саусағында жан жоқ адам кітапты қалай оқиды? Қуаныш оның амалын тапты. Қолдан ағаш қондырғы жасап, Нематтың кеудесіне қойды. Немат кітап парағын тілмен жалап ашатын болды. Негізгі мамандығы экономист Немат күндіз-түн оқып филолог студенттің 5 жылда өтетін әдебиетін небары 3 айда оқып шықты. Әдеби тілін шыңдады. Бір абзал баспагер оған армян жазушысы Л.Гурунцтің «Шіркін, біздің Шушикент!» романын аударуға берді.
Енді аудармаға кірісейін десе, сөйлемдер ырқына көнер емес, асау аттай ытырынып. Бұл жаман қиналды. Жыларман болды. Бірақ шегінер жол жоқ еді. Бір романды 3 айда аударып шықты. Қуаныш қасында оның ауызша аударғанын қаламсаппен қағазға түсіріп отыр, күн демей, түн демей. Кереует маңы қағазға толды. Романды аударып болғаннан кейін «Ал, оқы!» деді әйеліне. Қуаныш оқи жөнелді. Немат сонда өз ернін өзі тістеді. «Тоқтат!» «Тоқтат!» деп айқайлады. «Жырт!» «Өрте!». «Мынаны жын қаққан шығар!»,– деп Қуаныш жыртуға дәті бармай, бір бума қағазды құшақтап тұр. «Үш ай қолмен қағазға түсірген еңбегін қалай жыртпақ?!». «Жырт! Құрт!»,– деді Немат жыларман болып. «Неге жыртамын?»,– деді бұл. «Қайта аударамыз!»,– деді ол. Енді Қуаныш жыларман болды. Қайран еңбек, қайран бір құшақ қағаз, түгел бір роман. Қайтеді?! Ақыры, жыртты. Қоқысқа тастады.
Немат қайтадан кітап оқуға кірісті. Дегенге көнбейтін асау сөйлемдерді сөз шеберлері қалай құрықтаған? Шұқшиып қайта зерттеді. Содан бір күні Қуаныш қағаз-қаламын алып қайта отырды Нематтың ауызына қарап. Тағы басталды аударма. Арпалысқа толы тағы 3 ай өтті. Сонан кейін «Оқы!» – деді Немат.Қуаныш тағы оқыды. Бұ жолы Немат ашуланбады. Сабасына түсті. Аударманы баспаға ұсынды. Бір күні баспагер келді үйге. «Ал көздеріңді жұмыңдар!»,– деді. Бұлар көздерін жұмып, қайта ашса, баяғы қопыраған бір құшақ қағаз әп-әдемі кітап болып көз алдында тұр! Төсекте жатқан Нематтың көз алды бұлдырап, кітаптан көз алмай қалды. Сипайын десе, қол жансыз.Қуаныштың да қуаныштан есі шығып кеткен. «Шынымен, бұлардың еңбегінің жанғаны ма?!» деп.
Баспагер газетке оралған бір буманы қалдырып, үн-түнсіз шығып кетіпті. Немат оған «Рахмет!» айтуға да үлгермепті, кітапты көріп есі шығып. Қуаныш газетке оралған буманы ашса… Мәссаған! Іші толған ақша! Енді оның көз алды бұлдырады. Қуанғаннан жүрегі жарылардай… Еңбегі жанды! Кітап шықты! Табыс тапты! Бұл үйдің төбесінен төнген түнек серпілді…Жабықтан таң шапағы сығалады… Содан үй іші жадырап сала берді.
Содан бастап төсек тартып жатқан Немат тынбай аударма жасауға кірісті. Табыс таба бастады.Жұрттан алған қарыздарын қайтарды. Өз күндерін өздері көре бастады. Табыс келе бастағаннан кейін Немат құлшынып жұмыс жасады. «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты Ұлы Дала әдебиетінің ежелгі түркі дәуірлерінен хабар беретін монография жазуға кірісті. Қуаныш жеңгей оған керекті әдебиетті Ұлттық кітапханадан ғана емес, хат жазып шетелдерден де алдыратын ассистентіне айналды. Нематтың әкесі Келімбет Бұхардағы Көгілташ медресесін бітірген араб, парсы, шағатай тілдеріне жетік, ғұлама кісі болған еді. Нематқа сол білім әкеден жұқты. «Ежелгі дәуір әдебиетін» жазуға Нематқа жол ашқан сол білім еді. Төсекте жатқан Немат аталмыш тақырыпқа дүрілдетіп докторлық диссертация қорғады. Осынау Ұлы Дала әдебиетінің тарихын бірнеше ғасырға ұзартқан «Ежелгі дәуір әдебиеті» бүгінде жоғары оқу орындарында гуманитарлық факультеттер студенттерінің «үстел үсті» кітабына айналды.
Төсек тартып жатқанына 5 жыл өткеннен кейін ғана Нематтың саусағы қимылдады. Отбасы үшін бұл бір тарихи оқиға болды. Осы күнді олар 5 жыл көздің жасымен суарып күтпеді ме? Құдай тағала көз жастарын көрді, тілектерін берді. Саусаққа жан бітті. Осы күнді күткен дәрігерлер де оның төсектен тұрып, қоларбаға отыруына рұқсат етті. Немат балқонға шығып, жарық дүниені көруге асықты. Дәрігерлер оны қоларбамен балконға шығарды. Көшедегі халықты көргенде Немат қуаныштан айқайлап жіберді. Бірақ әлсіздіктен даусы шықпады. Мына жарық дүниені өз көзіңмен көріп тұрудың өзі неткен бақыт еді! Ол «Үміт үзгім келмейді» кітабында осы сезімін тебірене жазды. Оның кейіпкері қиялдағы емес, өмірдегі Немат пен Қуаныш еді. Оқырман үшін кітап сонысымен қызықты еді. Қызығы, 35 жасында төсекке таңылған жанның ажалмен арпалысып жатып докторлық диссертация қорғауы, төсекте жатып «Үміт үзгім келмейді» атты ғибратты кітап жазуы еді. Жанындағы жап-жас жарының отбасын сақтауда қазақ қызына тән қайсарлық танытқандығы еді. Басқа түскен адам төзбес қиындыққа қарамастан қос құлынын қатарының алды етіп тәрбиелеуі еді. «Үміт үзгім келмейді» атты кітап айтқан осынау деректі оқиға бүгінде ондаған тілдерге аударылып, оқушысын тебірентіп келеді. Көзіқарақты шетелдік оқырман мүгедек жан жазған бұл кітапқа лайықты бағасын беріп үлгерді. Бұл кітаптағы қазақ Немат бастан кешкен оқиға осындай тағдыр сынына түскен жандар үшін баға жетпес рухани құндылық деп бағалады.
Өткен ғасырдың 70 жылдары қазақтың Немат, Қуаныш тәрізді өрімдей екі жасы бастан кешкен нәубетпен сол нәубетті жеңіп шығу жолында осынау екі жастың жанкешті күресінің қайсар рухты ұрпақ тәрбиелеудегі таптырмас тәлімдік ролі туралы осы тұста ой өрбіткіміз келеді.
Бұл ретте бізге Батыс үлгі емес. Бүгінгі Батыс дәстүрлі отбасы құндылықтарын күл-талқан етуімен үлгі көрсетуде. Батыс соңғы жарты ғасырда дәстүрлі отбасын қиратуда алдына жан салмай келеді. Отбасы құндылықтарына шабуыл өткен ғасырдың 60-шы жылдарында АҚШ-та басталды. Атышулы «сексуалды революциядан» басталды. Сол қозғалыс дүрмегіне Еуропаны да ілестіре кеткен қозғалыс, бізге батыс киносы арқылы жетті, 90-шы жылдары. Талай жас сол жабайы мәдениеттің құрбаны болды. Әлі бола бермек. Оның бір мысалы дәстүрлі отбасы дегенге жаны қас жергілікті феминист әйелдердің Халықаралық әйелдер күні Алматы ортасында «Ни Бога! Ни мужа! Ни господина!» деп шулап ұран көтеріп шығуы болды. Бұл не деген сөз? Бұл Батыс белшесінен батқан балшықтың шашырап келіп қазақ қоғамына да жағылғаны болды. Азған адам, азған қоғам өзі батқан балшығын өзгеге шашады. Қашан өзгені де былғап болмайынша тыным таппайды. Азған адам, азған қоғам өзі батқан моралдық былығын «демократиялық құндылық» деп өзгеге таңады. Егер сен ол лақтырған балшықтан бойыңды аулақ салдың екен, онда сен олардың қас жауысың. Прогресс пен демократия жауысың. Батыс БАҚ-тары бөрі артындай шуылдап саған топырақ шашады. «Адам құқын таптап жатырсың!» деп. Бұл феминистер қозғалысы – «әйел теңдігі» деген әдемі ұран көтерген қозғалыс, түпкі мақсаты отбасы институтын ойрандау болып табылатын қозғалыс екенін айдан анық дәлелдеді. Сақ болайық, ағайын!
Алпысыншы жылдарда отау құрған жастар Немат, Қуаныш тағдырына біз осы тұрғыдан қарадық. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін өзекті болып отырған дәстүрлі отбасы құндылықтарын қорғау, насихаттау тұрғысынан қарадық. Немат пен Қуаныш құрған жас отау қарадүлей тағдыр дауылын қандай құдірет арқасында жеңіп шықты деген сауалға жауап іздедік. Соның жауабын таптық. Жауабы осы екі жас шыққан дәстүрлі отбасында жатыр екен. Нематтың әкесі айтып өткеніміздей Көгілташ медресесін бітірген діни ғұлама кісі болған. Соғыстан мүгедек болып оралған Келімбет колхоздан 3 гектар жер алып, сол жерге жалғыз өзі үлкен миуа бағын өсіреді. Күзде сол бақ жеміс берген кезде ауыл халқын жинап алып, бақтың жеміс-жидегін жұртқа таратады. Ешкімнен ақы алмайды. Келімбет өстіп жыл сайын өз бағының жемісін жұртқа тегін таратып отырады. «Неге ақы алмайсыз?» дегендерге: «Мен алғаныма емес, бергеніме қуанамын!» деп жауап береді екен. Бұдан біз Келімбеттің Ұлы Далаға Иассауи ілімімен келген әулиелік сопылық мектептің шәкірті болғанын көреміз. Немат осындай ұядан ұшқан. Бас қосқаны Қуаныш Тазабекқызы да дәл сондай қазақтың иманы берік дәстүрлі отбасынан шыққан жас болатын.
Рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу – ұлт арманы. Ол үшін мектеп бағдарламасында, экранда ең алдымен ұрпаққа үлгі боларлық рухы мықты каһармандар жүруі керек.Насихатталуы керек. Тағдыры жанкешті күреске толы Келімбетовтер сондай, өмірдің өзі сомдаған кейіпкерлер. Ұрпақ рухын шыңдайтын кейіпкерлер.
Арамызда болғанда бүгінде Немат аға 80 жасын тойлап жатар еді. Жанкешті түрколог ғалым, жазушының ажалмен алыса жүріп жазған еңбектері аз емес. Біз олардың ішінде тек өзі туралы жазған деректі хикаятына ғана тоқталдық. Ғалымның әрқайсысы үлкен әңгімеге лайық «Шәді ақын», «Ежелгі дәуір әдебиеті» монографиялары, тарихи танымдық «Ұлыма хат» эссесі, «Күншілдік», «Кәриялар» атты этика-философиялық шығармалары бар. Немат Келімбетов Халықаралық Кафка, отандық «Құлтегін» сыйлықтарының иегері. Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі. Филология ғылымының докторы. Профессор.