Кейіпкер жанды жазушы
1973 жылдың бас шені. Менің «7 мамыр» кадрлар мектебінен Шыңжаң мәдениет мекемесіне қайта оралған кезім. Суретшілерге «Қанды қарағаш» туралы шытырман оқиғалы мақала жазып беруіме тура келді де, сол «Қанды қарағаштың» мекені тегінде Желиүз деп аталатын Құлжа ауданы, «Қызыл жұлдыз» коммунасына бардым. Аяғында, «Қанды қарағаш» туралы мақала жазылмай қалды. Сонда жүріп мен коммуна ақпарат арнасына жаңадан көтерілген бір қазақ жігітпен таныстым. Ол жайдары, кішіпейіл әрі қарапайым жігіт екен. Осы коммунада тұрып үш жыл істепті. Қазақ, ұйғыр, қытай тілдерінің бәріне ағып тұр. Ал хабар-мақаланы қытай тілінде жазады. Өйткені ол жастайынан қытай мектебінде оқыпты. Сол жігітіміз осы Әкбәр Мәжитұлы еді.
Ол кезде мен оны прозалық шығарма жазады-ау деп ойламаған екенмін. Кейін келе оқуға түсіпті, Ланжоу университеті қытай тіл-әдебиеті факультетінің студенті екен деп естідім. 1979 жылы ол арты-артынан шығарма жаза бастады. «Нұрман қарт және оның тазысы» атты тырнақалды әңгімесі таңдаулы әңгімелер сыйлығын алған болатын.
Әкбәр әңгімелерінің тақырыбы кең. «Төрт сыбайлас» шығармасы аз ұлттар районында жүргізген керітартпалығы мен олардың әпербақандығын әшкерелеген. Аз ұлттардың дәстүрлі салт-санасын суреттеген, адам мен адамның және адам мен табиғаттың қатынасын шендестіре жазған. Хикметті оқиғаларды әңгіме еткен және қытай кадрларын суреттеген әңгімелері де бар. Ең қызықтысы, міне, осы соңғысы. Неге десеңіз, бүгінге дейін аз ұлттар халқының өмірін жазып жүрген қытай жазушылары бар, ал өз шығармаларында жиі қоныстанған аз ұлттар халқының өмірін жазумен бірге, қытайлықтарды кейіпкер еткен аз ұлт жазушылары некен-саяқ. (Кейбіреулердің, жазып жүрген тақырыптары қытай жазушыларыныкінен парықсыз, сондықтан олар бұған қосылмайды).
Әкбәр Мәжитұлы олақ жасалған оқиға желісін дайын қалыпқа тықпалауға бой ұрмайды. Қайта өмірдің жай-жапсарына назар аударып, ой жүгіртіп, өмір тудырған кейіпкердің сезімін, шиеленістерін, суретін, қақтығыстарын табуға талпынып, проза жасампаздығына өзіндік өзгеріс енгізеді. Бәлкім, бүгінге дейін берген нәрселері әлі де кесек, терең бола қоймаған шығар. Дегенмен, оның осы туындыларының дара ерекшелігі бар. Олар әр адамның немесе әртүрлі «ағымдағылар» мен «сарындағылардың» жаңғырығы емес, сондықтан бұл туындылар өміршеңдік құнға ие болып отыр.
Оның «Қайран, он бестегі Халида-ай…» деген әңгімесін мысалға алайық. Онда ауыл-қыстақта ірге тепкен зиялы жастың өмірі баяндалады. Оқиға желісінде ешқандай жасандылық жоқ, нанымды. Аз ұлт еңбекші халықтың пәк адамгершілігі толық көрсетілген. Сонымен бірге, Халида жөніндегі қарапайым, бірақ трагедиялық әңгіме жоғарыға бой ұрып, ылғи пайда түсіргісі келетін тұрпайылықты, мешеулікті шыбыртқылайды. Мұндай шыбыртқылауды ащы сықақ дегеннен гөрі, қатты жанашырлық күрсініс деген жөн.
«Сал» деген әңгімесінде автордың алға қойған басты мақсатын қауіптен құтқарылып, бірақ жақсылықты мүлде білмейтін екі-үш топасқа деген сын деп білсе болады. Бәлкім өздерін қауіптен құтқарғандарға қыл аяғы рақмет деуге жарамаған осы әдепсіздік те ең лас нәрсе. Мысалы, астарында аз ұлтты кемсіту мақсаты жасырынып жатқан да болуы мүмкін. Бірақ автордың бұл арада сияны босқа жұмсағысы келмегені ап-айқын. Осы әңгімеде авторды өзіне бұрған Мұқтардың, Мұқтардың әкесінің және Сайрам көлінің бір тұлғаға айналған турашыл, ақеділ бейнесі әрі ондағы болмашы ғана сыр. Сыр дегеніміз олардың әлі де жете танылмағаны, бейнеленбегені. Олардың рухани қазынасы – Сайрам көлінің табиғи қазынасы сияқты, әлі кәдеге жарамады, әрі ашылмады да. Мұнда автордың өз кейіпкерінің Мұқтардың әкесінің ықпалын қабылдағандығы айқын. Адамды құтқарып қалғанына бодау тілемейді, оның үстіне әлгі топастарды көп жазғырғылары да келмейді. Ал мұндай жазғыру қаншалық аз болса, соншалық күшті тиеді. Жазғыруының аздығы Мұқтардың әкесінің асқақтығын, әлгі немелердің қораштығын аша түскен, аз сөзбен көп мағынаны ұғындыру шығарма астарлы болуының құдіреті болып табылады.
Әкбәр Мәжитұлы әңгімені жаза берген сайын шығармасы табиғи және мағыналы болып отырады. Ой бейімділігі астарлы болады. Әңгімелерінде ол біреуге тағылым айтқан, ақылгөйсіген әлпет көрсетпейді. Сайрам бойындағы өмір суреттелген «Аққу» атты тағы бір шағын әңгімесінде автор алты жастағы қазақ қызының көзі арқылы қарлы тау құшағындағы мөлдір көлдің ғажайып суретін келістіріп береді. Оның үстіне баланың аққуға деген ынтызарлығы арқылы арман, өмір, шекараның жер-суы, әсем көңіл жөнінде мадақ жырын жазады. Бұл әңгіме «Балалар әдебиеті» журналында жарияланғанымен, ересек оқырмандар оқыса да аңғара жымияды. Өйткені әңгімедегі өзекті ой тек балаларға деген моралдық тәрбие жөнінде ғана болып отырған жоқ. «Қабір көшіруші» деген әңгімесі ұзақ болғанымен, оқығаннан кейін дәмі тіліңізде үйіріліп тұрады. Әңгіменің жазылу сорабы ізгілік жөнінде кеңес беретін тәмсілдерге ұқсап кетеді. Мен тіпті Әкбәр бұл әңгімені жазғанда, бәлкім ислам дініндегі кейбір ертектердің ықпалына ұшыраған ба деп ойлап та қалдым. Әрине, «Қабір көшірушіні» сырлылығы, айқындылығы жағынан ислам дініндегі ертектермен салыстыруға мүлде болмайды. Бұл – қатты «реал» ертегі. Социалистік құрылыс істері қарыштап дамып, негізгі құрылыстың ескі мазарлықтардың орнына түсуі тиіс болғанда, қабірлерді көшіруге тура келеді. Мұны ішкі өлкелерден де, шекаралық аудандардан да кездестіруге болады. Біз осындай ерекше еңбек суреттелген туындыны әлі көргеміз жоқ. Қабір көшіруші шал мен жігіттің өмір жөніндегі позицияларында белгілі типтік және символдық мән қамтылған. Атам заманғы көне мазарлықтың орнына осы заманғы спорт алаңы салынған. Онда футбол жарысы қызып жатады. Сонымен бірге қабір көшіруші жігіт «қабір көшірумен байыған» сол қабір көшіруші шалды жерлеу үшін жаңа бейітке апара жатады. Осы көрініс, осы суреттеме адамды тебірентумен ғана тынбай, әрі терең толғандырады. Оның үстіне, бәлкім, осындай толғану барысынан түрліше адамның түрліше қорытынды шығаруы мүмкін.
Оның «демдік әңгіме» аталған «Тұрғы нысана» деген қысқа әңгімесінде бір аңшының атуға ыңғайланған аңы мемлекет шекарасынан өтіп кетіп, ата алмай қапыда қалған көңіл күйі жазылады. Бұл да жайдақ әңгіме емес. Мұны өмірдегі сан өкініш пен қас-қағымдық құбылысты ғана бейнелегендік десе бола ма? Олай деуге де болмайтын сияқты.
Осыған ұқсас «Жым-жырт аула» деген әңгімеде автор күнделікті өмірді жай ғана суреттеу арқылы қызықты моралдық көзқарас мәселесінен сөз қозғайды. Бәлкім, бұл әңгіме жекеменшік көзқарасының адам мен адам арасындағы сезімдік қатынасын былғау жайттарына сайған болуы мүмкін, бұл сіздің қандай талдау жасауыңызға байланысты. Әдетте аз ұлт халқының өмірін тақырып еткен туындылардың бәрінде аз ұлттардың ерекшелігін, көркем табиғатын, қиял-ғажайыптарды бейнелеуге біршама көңіл бөлінеді. Әкбәр Мәжитұлының «Ақсақ құлан», «Опық» қатарлы әңгімелері де –осы мазмұндағы едәуір жақсы шығармалар. Бұл аз ұлттардың өмірін шала-шарпы білгендері бойынша жазып жүрген қытай авторларының туындыларына ұқсамайды. Оның бейнелеген ұлттық ерекшелігі – «әсем киімді», «тамаша салтты» жазу немесе естіп-білген мақал-мәтелді үйе салу емес, адамның жан дүниесін жазуға неғұрлым бейімділігі. Меніңше, басқа көркемөнерлік ерекшеліктер сияқты, ұлттық ерекшелік те жасанды емес, табиғи қалыптасып, өздігінен көрініп тұрады. Осы әңгімелерді мақтаумен бірге, оның белгілі кемшіліктерін де сезуге хақылымыз. Меніңше, мәселе туындылардың
астарында болып отырған жоқ, қайта автордың осы шығармаларында шынайы қоғамның қайшылық қақтығыстарының бошалаң тартып қалғанында, қоғамдық өмірдің жай-жапсары, тарихтың алға басу қозғалысын, заман ауқымын білуге ұмтылуының әлі де пәрменді болмай отыруында. Бір бөлім шығармаларында тарихтық сезім мен замандық сезімнің кенде болып отырғанында, автордың кейбір туындыларының дару күші мен ықпал күшін барынша шектеп отырған да міне, осы.
Жаңа дәуірдегі социалистік әдебиет-көркемөнер бақшасында аз ұлттардан жаңадан шыққан авторлардың туындылары өзіндік бояуымен әр ұлт оқырмандарын өзіне бұрды. Рухани қазынамызды тіпті әрлендіре түсті. Әкбәр Мәжитұлының, сондай-ақ эвенк (тунгустар) ұлтынан шыққан, ұнордұңк пен заңзу ұлтынан шыққан Жасидауа қатарлылардың туындылары әр ұлт оқырмандарына әбден таныс. Әр ұлт халқынан осындай авторлардың үздіксіз шығып тұруы – аз ұлт халқы әдебиетінің қарыштап дамуы қатты қуантарлық, бұрын көрмеген жайт.
Мен – солардың адал оқырмандарының бірімін. Дегенмен, дөрекілеу болса да олардың туындыларында тамаша өзгешелік болумен бірге, шығармаларының қарымы әлі де жетпей жатқан ортақ әлсіздіктерін айта кеткім келеді. Мұндағы түйінді мәселе белгілі кездегі белгілі жердің тұрмыс-салт суреттері мен табиғат суреттерін жазып қою ғана емес, оның үстіне ұлы дәуірдің, қоғамның өзгерістері мен алға жөңкілген өмірді жазу керек. Жан сүйіндіретін көркем сезімді туындыларды жазумен бірге, саналы түрде халық үшін жырлауы, ұлтты көркейту жолында жаршы болуы керек. Қысқасы, аз ұлт авторларының өмірімізді, заманымызды онан ары түсініп, халықтың қамын ойлауын, мемлекетке, халыққа пайда жеткізуін, әлем ісін өз ісім деп білуін, мемлекетті гүлдендіруді өз борышы санауын, өз артықшылықтарын толық сәулелендіріп, сан-салалы тақырыпты барынша жазумен бірге, елеулі тақырыптар мен шығарманың келелі қоғамдық мәні жағында ізденіп, тіпті де жан тебірентерлік, неғұрлым тұлғалы әрі неғұрлым сүбелі жаңа туындыларды жазуына үміт етемін.
Уаң МЫҢ,
Қытай әдебиетінің классигі,
ҚХР бұрынғы мәдениет министрі