Әр кейіпкер – шежіре-дастан
05.12.2025
25
0

«…Жай кезде анау дейміз, мынау дейміз. Жалынып, жан қысылса құдай дейміз…» деп Кенен Әзербаев атамыз  айтпақшы, қазір біз қызыл түлкідей құйрығы бұлаңдаған қу тірлікте рухани қазынамыздың  қызғалдағын   түбінен  үзіп,  әлеуметтік желіде  жел  сөзге,  арзан өмірге еріп,  ұлттық жақұттан  алыстап   барамыз.  Біз мынау алпауыт заманда  айналамыздан тек асып-тасқан байлықты, ақшаны іздеп,  «руханият жоқ» деп жорта байбалам саламыз.  

    Ал мен  мемлекет және қоғам қайраткері,  талантты публицист жазушы, академик  Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің  республикалық «Атамұра» баспасынан таяуда жарық көрген  «Менің ағаларым» атты мұқабасы қатты  жаңа туындысын  руханияттың  бар байлығы деп айтар едім. Жамағатқа да оқуға кеңес берер едім.    

     

    «Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген» асыл ағаларымыздың бәрі осы кітапта екен!     Халқымыздың қос батыры  Рақымжан Қошқарбаев пен  Қасым Қайсеновтер де осында!  Сол секілді   Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Рымғали Нұрғали, Төрегелді Шарманов, Камал Смайылов, Қалтай Мұхамеджанов, Өмірбек Жолдасбеков,  Зейнолла Қабдолов, Шаһмардан Есенов, Шот-Аман Уәлихан, Темірбек Қожакеев,  Абрар Құл-Мұхаммед,  Мұрат Әуез сынды  бір топ бекзаттардың   өмірі   ұлттық  рухтың қайнар бұлағы, биік шынары, зәмзәм суындай  осы кітапта  тұнып тұр!  Ендеше, оқырман қауымға   қоғам және мемлекет қайраткері  Мұхтар Құл-Мұхаммедтің таңдаулы эсселері топтастырылған,  үні тау шыңынан шыққандай  жаңғырып естілген  «Менің ағаларым» кітабын бірінші бетінен  бастап, баяндап берейін.                                    

       Алты Алашқа аты мәшһүр танымал тұлға Мұхтар Абрарұлының  университетті бітірген соң  еңбек жолы көп ұзамай, 1983 жылдың 14 қаңтарында Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясынан басталады.   Жақсының  бірі және бірегейі Манаш Қозыбаевтың қарамағанда жұмыс істеуіне Жаратқанның өзі жар болғандай. Негізі, алдын ала келісім бойынша  Партия институтына баруы керек-тұғын.  Алайда  жоғары білімді алғыр жасты  тамыр-таныстар жолатпай,  алдын орайды. Ілкіде теміржолшылар газетінде үш айдай  қалам тербеген  Мұхтар ағамызды  Манаштай асылдың тұяғымен тағдыр тектен-тек жолықтырмаған сыңайлы.  Мұның өзі  әр іске Алла  себепші дегенге саяды.  Сонымен,  КазГУ-ді  кеше ғана бітірген  түлек  азды-көпті  мақалаларын  Манаш Қозыбаевқа көрсетеді.  Сол сәтте  Мұхтар Абрарұлының болашағын  алыстан болжаған  қырағы академик дереу  бірінші орынбасары, профессор Ахмет Оспанұлы Мусиновті шақырып алып,  қолына жетектетіп жібереді.  Осылайша,  «Тұлға Мұхтар» болып қалыптасуына  ақ  жол ашады. Сөйтіп,  аты дардай, жұмысы қауырт  Қазақ  энциклопедиясының Бас редакциясында Манаш Қозыбаевпен тіл табысып, аттай 10 жыл қызу еңбек майданында шыңдалған  Мұхтар Құл-Мұхаммед осынау «Менің ағаларым» атты кітабының ең алғашқы бетін «Ғұлама» деген тақырыппен  Манаш  ұстазына арнапты! «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» заманда Қозыбай  әулеті Қабаш  отбасында  Қабдусұлтан болып дүниенің есігін ашқан – тарихшы Манаш Қозыбаев туралы  тұп-тұнық мұхиттай, ешкім жағасын лайламаған мөлдір  көлдей  мөлдіретіп жазыпты.   Мұхтар   Абрарұлының  осы тұста бір жақсы қасиетіне тәнті болдым.  Ол – ұлағатты  ұстазын ұлықтап, Қозыбай әулетінің шежіресін   шебер зерттеп,  тарихын  тарқатып  беруі! 

       «Көнекөз қариялардың айтуынша, Қозыбай ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ғана емес, абыройлы ісімен де елге танылған, айтулы азаматтың  бірі болған.  Қазақ жүрген жерде аңғалдық пен аңқаулықтың қоса жүретіні белгілі емес пе? Кедейліктің тауқыметі әбден жанына батқан Қозыбай жарлы ауылды жарылқау үшін татар көпесінен алған несиесін елге таратады. Кесімді мерзім бітіп,  қарызды қайтаруға келгенде  ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен несиенің ұшығын да таппаған Қозыбайды итжеккенге айдағалы тұрған жерінен әйгілі Торсан  бай алып қалады. Ертіс пен Тобылдың арасына қайың шоқпармен жол салған батыр атаның баласы осылайша Торсанның барымташылар тобынан бір-ақ шығады», –  деп автор дәйекті  мысалдармен  бабалар  өткен өмірді  өрнектейді.  Сөйтіп,  Торсан  байдың  арқасында  жаудың  алмастай қылышынан аман қалған Қозыбай өз алдына шаңырақ көтеріп, Әбілмәжін, Әбіл, Қабаш, Сәкен атты алтын асықтай  төрт ұлдың және   Бибі,  Биғайша деген күміс қасықтай қос қыздың әкесі атанады. Қозыбай атаның Әбіл атты ұлынан Қазақстанның көрнекті қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев шықса,   Қабаш деген ұлынан әйгілі ғалымдар Манаш Қозыбаев  пен   Сағымбай Қозыбаев шыққан екен.  Айтпағым, бұл әулеттің  бүкіл ғұмырын оқып, ғибрат алуға  болады.   Бір ғана отбасын «инемен құдық қазғандай»  зерттеу,   Қабаш ақсақалдың  да өміріне үңілу,  Қостанай педагогика институтынан шыңдалған Манаш  маманның алдынан атқан таңдай  Ғылым академиясының  сол кездегі вице-президенті Сақтаған Бәйішевтің шығып,  ақыл қосуы, сөйтіп, ғылым жолында өзін мойындатып,   «Қазақстан – майдан арсеналы» атты монографиясын  қорғаған   тарих ғылымдарының  докторы   Манаш Қозыбаев туралы  Мұхтар Абрарұлының  тұлпардай жүйрік қаламымен  толымды шығарма  жазуы – ерлікпен пара-пар!  Бұрын-соңды еш жерде айтылмаған, жазылмаған, айтуға да ешкімнің тісі батпаған, күрделі тақырыпты қозғаған Қозыбаев тар жол, тайғақ кешу заманын бастан өткеріп,  өз қаламынан «Голощекин. Саяси портрет», «Сталин және Қазақстан», «Хрущев және Қазақстан», «Брежнев және Қазақстан» деген мақалаларын  «Қазақ әдебиетінің»  Бас редакторы Шерхан Мұртазаға сыйлас інісі  Мұхтар арқылы беріп жібереді.  Жалпы,   ұлттық мүддені Парламенттің  жоғары мінберінен естіртіп, саясаттың астарынан  ақиқатты іздейді. Отыз сегіз жасында ғылым докторы, отыз тоғыз жасында профессор атанып,  Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясымен тамыры бірге соққан қызметінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болып,  сайып келгенде ең жоғары басшының ықпалымен «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясын» жарыққа шығарып, дүние жүзінің 38 еліне таралуына ықпал еткен Манаш ата  туралы тың ақпаратты айна-қатесіз халыққа жеткізе  білген Мұхтар жазушы бұл кітабында  ұрпақтар сабақтастығын, ұстаз бен шәкірт арасындағы жарасымды сыйластықты паш етіп,  алдыңғы толқын ағалардың жүріп өткен жолына, қиып өткен өткеліне адами биіктіктен қарайды. Егер Манаш Қозыбаев туралы тереңірек білгіңіз келсе, «Менің ағаларымды» оқып, талдаңыз, Манаш атамыздың  өзендей  өміріне   алтын балық іздегендей сүңгіңіз…   

Ашаршылықтың ащы шындығы

    Біздің дархан даламыз қандай кең болса, қазақ халқының арасынан шыққан ірі-ірі тұлғалар да сондай кең, мәрт қой, шіркін! Бұған тағы бір дәлел, атақты академик Салық Зиманов жайлы  жазушы-ғалым Мұхтар Абрарұлының «Ақсарағат» атты естелігінде  14-бетінен 86-бетке дейін ой толғауы! Ой болғанда сыпыра мақтау емес. Мүлдем басқа ғылыми  әлем!  

   «Салық Зимановтың балалық шағы  ел дамуының ең қамырықты кезеңімен тұспа-тұс келді», – дейді автор әуел баста. Сосын  әкесі Зиман Жарылқасыновтың  азан шақырып қойған аты  Зиғали екенін, Қазан төңкерісінің  қарсаңында – 1917 жылдың 24 тамызында  сол кездегі  Гурьев қалалық 4 сыныптық ерлер гимназиясын тәмамдағанын,  Зиман атаның  күрделі пәндермен қоса,  бірнеше шетел тілінен хабары бар болғанын тарқата жөнеледі.  Жалпы, асқар таудай азамат Салық ағаның өміріне үңіліп қана қоймай, ұрым-бұтағын  тамыры терең  жайылған  бәйтеректей  түбінен қопарады  әр  жапырағына қаламының  көк сиясын  сеуіп… Осы тұста бір ғана адамның шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап,  балалық шағын, ашаршылық жылдарда  Зиман ата мен Болған  әжейдің  қыстауында  уілдеп  алты балапанның өсіп жатқанын, олардың  тұла бойы тұңғыштары  Салық балақайдың «халқының қамы үшін жаралғанын» ширатып жазу  да асқан шеберлік!  Сондықтан  он  қызыл кірпіштен де ауыр қызғылт кітапты  оқи отырып, көзі қарақты, көкірегі ояу  жамағатпен тезірек бөліскің  келеді.  Өйткені «Менің ағаларымның»  ішінде  қазақ халқының ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламасы, озбыр заманның теперіші, ашаршылықтың ащы шындығы бар! Айтпақшы,  осы   ашаршылық  нәубеті  басталғанда  Салық  та  ата-анасының бір кәдесіне жарайтын перзенті болыпты. «Жайықтың бойы, Нарынның құмы мен Үстірттің қырын мыңғырған түлікке толтырып, бақуатты тірлікте отырған халықтың бар малын сыпырып алып, тентіретіп жібергенде, бір үзім нан мен бір жапырақ қызылға ұмтылған халық Гурьевке қарай шұбырады», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Көз алдыңа  деректі  фильмдерден көрген аянышты штрихтар, мұңға боялған  оқиғалар мен   суреттер  тізіле қалады. Мен де Бөкейорданың бір перзентімін.  Ашаршылық жайлы оқиғаны әжелерім еміс-еміс еске салып,  үндерін сырт жаққа естіртпей айтушы еді. «Құмның қақ ортасына  тыр жалаңаш  әрі   аш сәбилерді  «тасжүректер» әкеліп тастайды.  Ақ құрттай құжынап, құрт-құмырсқаға жем болған, өкпесі ысылдап, іші  кепкен  балалардың көбісі өлді. Себебі, аштықтан бұралып  қалған-ды», – дейтін  құмығып. Тап осы Салық Зимановтың басынан өткерген   қатал заманның теперіші менің де   бойымды  мұздатып, жүрегімді  сыздатып қоя берді…   Он жетіге толғанда асқар таудай әкесі  Зиманнан айырылып, асау толқынға қарсы жүзген Салық  өз көзімен көрген Атырау мен Маңғыстау аймағындағы ашаршылық туралы тарихты кейін тұлға болғанда  ақтара бастайды.  Шиқандай піскен жараның қабығын тырнайды.   Журналист  М. Стукалинаға берген сұқбатында  Маңғыстауда адайлар ереуілге шығып, Мақашқала мен Астраханьнан қаруларын асынып бір қауым әскер келгенін, Шевченко түрмелері лық толып, тұтқындарды  Гурьевке қарай зытырғанын,  аштықтан көздері қарауытып, таңдайлары бір тамшы суға зар болып, сұлқ жатқан бейкүнә жандарды арбаға тиеп, қаланың шетіндегі  сай жаққа жөнелткенін әңгімелеп береді (18-бет).

    Осылайша әділетсіз биліктің шыбығына шыдап өскен жігіт Салық  1939 –1940  жылдары әскерге шақырылып, Чорох өзенінің қапталындағы 9-таулық –атқыштар дивизиясының құрамындағы 121-полкте азаматтық борышын өтейді.  1942 жылдың жайма шуақ  жазында иығына лейтенант шенін тағып, майданға оралады. Кескілескен ұрыс даласында  Солтүстік  Кавказ, Оңтүстік, Бірінші және Екінші Украина майданы мен Екінші Беларусь майданы құрамында болып, Кавказдан Берлинге дейінгі аралықта елін,  Отанын жау оғынан қорғаған жас офицер  Салық Зиманов 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне жарқырата тағып,   батыр да ержүрек болып туғанын дәлелдейді. Айта  кетейін, осы сәтте  іштей таңқалғаным – Мұхтар Абрарұлының Салық Зиманов өміріндегі әр детальды, әр сәтті роман жазып отырғандай әспеттеп, көркем тілмен кестелеп, төрткүл дүниені шарлағандай  зерттегені! 1965 жылы Днепрден өту кезінде  қилы-қилы оқиғаларға тап болғаны туралы да дерек көп.  Және академик өз естелігінде:  «Кеңес–америка әскерлерінің  Эльбадағы  кездесуге  қатысқанын,  америкалықтар алғаш рет  орыстарды көріп, таңқалғанын, ақыр соңында антигитлерлік соғыста қалыптасқан одақтас-солдаттардың сол бір жауынгерлік достығы ешқашан ұмытылмайды», – деп баспасөз бетінде жарық көрген «Действия минометчиков  в лесисто-болотной местности»  атты  туындысында жазып қалдырғанын  қазіргі  өскелең  ұрпаққа мәңгілік мұра дер едім.  Жасыратын несі бар,  өткен дәуір мен қазіргі дәуірдегі адамдардың  арасында қарама-қайшылық өте көп.  «Ең алдымен ел қамы. Одан кейін қалғаны» деп Қадыр ақын айтқандай, бұрынғы ағалардың ел алдындағы жанкештілігі,   мінез-құлқы,   жауапкершілігі, ұқыптылығы    осы тың  дүниеден айдан анық көрінеді.  Кітапқа үңілген сайын Салық Зимановтың  «Сегіз қырлы, бір сырлы» қасиетіне, шыдамдылығына, азамат  болып қалыптасу жолындағы ерлігіне тәнті боласың.  Сондықтан бұл кітап   «Қажымас қара нарым. Кең-байтақ даналарым. Күнім деп еркелетер. Аман бол, ағаларым!» деп келетін  «Ағаларым» әнін де көкейіңде   шырқатады.

     Ашаршылықпен өткен балалығы бір қиямет, жалындаған дәуренінде кеудесін отқа тосып, қан майданның машақатын  тағы да бастан кешкен Салық ағамыздың ерлігіне таңқалмасқа шараң жоқ. Осы ретте дәл осы  Зимановтың бүкіл өмірін микроскоппен қарағандай зерттеу  Мұхтар ағамыздың санасына ауыр салмақ салғандай.   Автор соғыстан жауды тойтарып еліне аман оралған Зимановтың жоғары  білімі болмағанын, сөйте тұра  соғыс тактикаларын жіті меңгеріп, жауды шайпағанын қызықты оқиғалармен еліктіре түседі де,  небәрі  25 жасында  республикалық  прокуратураның  аса  күрделі  істер жөніндегі  тергеушісі  қызметіне қабылданғанын,  одан Алматы деген алып шаһарға білім қуып келіп, мақсатына жеткенін, 1948 жылы Бүкілодақтық Заң институтының сырттай студенті болса да ғылымға бет бұрғанын  ширата әңгімелейді.  Өзімен білім-пайымы тең ,  200-ден астам ғылыми еңбек жазған қазақтың сұлу аруы, отандық химия ғылымының академигі  Шәрбан Батталқызымен болашаққа қол ұстасып аттанғанын, жанұядағы жылы махаббатын көпке тағылым етеді.

    Бұдан соң құнды кітаптың  беттері «Ғылымдағы ғибрат», «Батыл ой, байсалды еңбек», «Тұңғыш доктор, алғашқы академик», «Бұхардағы қазақтар мен Хиуадағы хандар» және «Қонаевтың қызы немесе бұлғақ басы» атты бөлімдерге бөлінген. Әсіресе, көпшіліктің көкейінде әлі күнге дейін таласқа түсетін  Д. Қонаев  жайлы бір сырдың ұшы дәл осы парақтарда  өріледі.  Тоқылған әдемі кестені қайтадан сөгіп,  жібін  кеспейін. Мазмұнын жария етпейін. Тобықтай сөздің тоқ етері – егер жас зерттеушілер, тарихшылар, тіпті кім болса да өз тұлғасын, өз зиялысын жақынырақ біліп, танығысы келсе, «Менің ағаларымды» жаныңыздан тастамаңыз, қолыңыздан түсірмеңіз. Әр үйдің кітап сөресінде және төрінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тап осы дүниесі, ақиқат пен аңызға толы шығармасы,  ерен  еңбегі тұруға тиіс деп есептеймін.  

Әр кейіпкер  – шежіре-дастан

     «Бағалай білгенге бақ қонады. Қуана білмегенге құт қонбайды»  дейді қазағым. Рас қой! Тап осы кітаптың  ішіндегі кесек тұлғалы  абыздарымыздың арқасында егемендікке  еркін самғап, қазір «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманның» қайырын көрудеміз. Осы ретте  Мұхтар Абрарұлы  сүттің бетінде қалқыған  қаймақтарымыз – қаһарман  Қасым Қайсеновтей, Рейстахқа бірінші болып Ұлы Жеңістің жалауын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтай  шын батырларымызды да ұмытпай,  ұлықтапты.    Тіл үшін күрескен Зейнолла Қабдолов сынды  асылдың тұяғы жайлы да таудан сарқырап аққан бұлақтай сырлар ағылады.   

     «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясымен келіп, тырнақалды туындысының өзімен-ақ Мұхтар Әуезов бастаған ұлт әдебиеті  ұлыларын  «дән риза»  еткен Қалтай Мұхамеджанов туралы баянды оның нағыз абыздарға тән бекзат болмысынан бастағанымыз жөн сияқты», – деп ағынан жарылады аса талантты  қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммед  тағы да. Сосын төрт университеттің кітапханасына төрт мың кітап сыйлаған драматургтің  тілге  жүйрік  өнерін, айтқыштығын,  кездескен сайын студенттерге дем  беретін қабілетін, 1964  жылы жарыққа шыққан «Жат елде» драмасы  Жазушылар одағындағы айқай талқылаудан өтіп, Ғабит Мүсіреповтің  ықпалымен  сахнаға  жол тартқанын әңгімелегенде,  жаның көк  шалғын жайлауда құстардың қиқуын тыңдап   отырғандай  жадырап  сала береді. Ал, Қалтай деген қазақтың қабырғалы қаламгерін тағы бір шыңға шығарған «Көктөбедегі кездесу» пьесасының тарихы да тым әсерлі. Шіркін-ай, осындай ұлылардың сенімінен шығып,  пікірлес,  әріптес бола білген  Абрардың  Мұхтарының   не арманы бар деген ойға да тірелесің.  «Жақсымен өткен  жарты сағат – жаманның  өтіп кеткен өміріндей» демеуші ме еді.  Жарқын жаз  айында  күтпеген тұстан Ыстықкөлдің жағасында академик Төрегелді Шармановпен кездескен Мұхтар Абрарұлы аға мен  ініге тән  сыйластықтың қалай басталғанын  шалқар шабытпен жазады.   Екеуі де Алатаудың бөктерінен барып тұр. Екеуі де «Самалы жұпар жазғы бір кеште. Ойласам болды Ыстықкөл жақты» деп Ілия Жақанов  әндететін Ыстықкөлдің  мөлдір ауасымен тыныстап,  ақша бұлттарға аңсары ауып, жер жәннатына көздерін сығырайта  қарап отыр. Бір-бірін аса біліңкіремейтін  қос азаматтың сол сәтте  көкірегін  сайратқан  ортақ ой, мезгіл   мәселесі,  қоғам тынысы, ғылымның  көкжиегі  секілді.  Осылайша  алматылық  қос тұлғаның  дос-жолдастығы  жүйрік поездың темір жолындай   ұзақ  сапарға  ұласады. Әкесі Шарман мен анасы Нәзипаның Жаратқаннан сұрап алған жалғыз ұлы Төрегелді мектепті алтын медальмен, Қарағанды медицина инстутутын қызыл дипломмен тәмамдап, сүйген жары Күлзиямен шаңырақ көтереді.  Жарасымды отбасында іңгәлаған сәби үні естіледі. Бірақ, бірақ… Бақытты жанұяның 1982 жылы сұм ажал бақытын ұрлап, тұла бойы тұңғыш қыздары Алмадан қапияда айырылып қалады. Атағы дүркіреген  Денсаулық сақтау министрі бола тұра,  аждаһадай ажалдан қарлығашын  құтқара алмай жаны қиналып, көкірегі шерге толған қайран  әке  Кеңсайдағы құлпытасқа  «Тағдыр» деген бір ауыз сөз  жазған екен… Барша қазақ еліне салауатты өмір салтын үйретумен өткен абызды дүйім ел пір тұтатын,  әр сөзінен  бойға нәр  алып,  ақыл-кеңесінен  денсаулыққа  шипа іздейтін,   құнарлы тағамның құнын білген  атақты доктор Төрегелді Шармановтың  отбасында болған ауыр қазаны да, тәңірдің сынағын да  осы кітаптың «Азамат» атты бөлімінен оқып, жаным құлазыды. Осы ретте Құдайын ұмытып, имандылықтан аттаған  кейбір қаракөздерге бір тылсым күштің төбемізден күзетшідей қарап тұрғанын, данышпан Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген даналығын есімізге салып, ескерткендей болады «Менің ағаларым».    

                                «Менің бабам қақтаған қыр аптабы

                                Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады.

                                Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,

                                Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», –

деп тағы да «Қазақтың Қадыры» –  Қадыр Мырза Әли айтқандай, бабалардың сара жолын, дара жолын  ғибрат тұтқан  кітапта «Міртемір» атты Темірбек Қожакеев жайлы да тамаша естелік бар.  

     Дәурені де, дәуірі де бір басына жетерлік, әр студенттің бақыттан басын айналдырған айбынды оқу орны – Қазақ мемлекеттік университеті  журналистика факультетінің  деканы болған Темірбек Қожакеевпен  Мұхтар студент 1977 жылы танысады.  Жастықтың  жалауы  желбіреген   студент  жылдардың  естелігін  қоңыр домбырадан төгілген тәтті күй секілді шерткен Мұхтар Абрарұлының осы әңгімесі де  өте тез, бір демде оқылады. Айтпағым, мінезі бурадай бұрқыраған, аюдай арқыраған декан  Қожакеев мыңдаған студенттің «жан сарайын, келешегін» бірден көрді білем, журфактың табалдырығын енді ғана аттаған  1-курстың қыз-жігіттері  арасынан 102-топтың  старостысы  етіп   кеудесінде сәуле мен  көзінде от ұшқындаған   Мұхтарды  сайлайды.  Дәрісханаға кірген бойда: «Бола аласың ба?!» – деп сұрайды қатқыл үнмен. Қылыштай қылшылдаған Мұхтар:  «Бола аламын!» – деп балғамен тасты ұрғандай  тақ ете қалады.   Осы сәтте мінезі сақылдаған  сары аяздай Темірбек декан «даусын-ай» деп таңқалады. Сөйтіп,  студент түгіл, КазГУ-дің оқытушылары көлеңкесінен қорқатын Қожакеев  пен он сегіздегі   Мұхтардың   арасын   рухтастық  жібек  жіп жалғайды.  Академик, ректор  Өмірбек Жолдасбеков басқарған Қазақ мемлекеттік университеті  көктемдей құлпырып,  беделі аспандай береді.  Бір күні Алматыдағы Бас алаңда «Қазақстанның өз еркімен Россияға қосылуы» шеңберінде 250 жылдық тойы өткелі жатады. Оған КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы                   Л. И. Брежнев  қатысады деп осы оқу орнының өнерлі жастары  қызу дайындыққа кіріседі.  Әттеген-айы сол, қызуқанды Мұхтар жігіт  бір тентекпен   сөзге келіп, соңы жұдырыққа  ұласып, жатақханадағы  шу түн ішінде  Т.Қожакеевтің  құлағына тиеді. «Брежнев көкеміз келе жатқанда әдейі төбелес бастап…» деген алып-қашпа қаңқу сөз өрттей лаулап,  Мұхтар старостының басына қара бұлт үйіріледі.  Деканмен  арадағы  татулықтың  тамырына   балта  шабылады.  Партиялық  факультеттен біржолата қуылмақ болып, тағдыры қыл үстінде тұрған Мұхтармен  «қоштасар сәт туарда» бір төрті жоқ, кіл бестік алған сынақ кітапшасына қинала  қараған  КазГУ-дің тәрбие  жөніндегі  проректоры, Ұлы Отан соғысының ардагері С.Н. Савицкий ақыры ректормен, деканмен өзі сөйлесіп, «осы  шиеленістен» біржолата құтқарып қалады.  «Алдынан жарылқағыр ардагер буынның адалдығы да қоса жүреді ғой қасында. Сол Савицкий менің кейінгі өмірімді күрт өзгертті», – деп емірене еске алады жас дәуренге мойнын  бұрып бір қараған «староста».  Сөйтіп, Темірбек Қожакеевтің сенімін ақтаған Мұхтар Абрарұлы тағдырлары тоғысқан әр сәттің бағасын қадірлеп, қиналса қасынан табылып, ұстазының ұлағатына бөленіп, тіпті, отбасымен мидай араласады.  Таудан төмен құлап, құлазыған шақтарында «інісі-тынысы» бола біледі.  Осы «Міртемірден»   кісілік  пен  кішілікті, ұстазға деген шәкірттің  ұлы  сезімін аңғарасың.  

 «Алтын сандықтың  түбіндегі   гауһар тас»

       Иә,   кітаптағы әр кейіпкердің   жарқылдаған  жазы,  күңіренген күзі,  нұрын  шашқан дария-ғұмыры,  қилы тағдыры   шежіре-дастан.  Осынау шежіре-дастанның әр парағынан маржандай  інжу ойды,   игілік пен ырысты, жеңіс пен жемісті   тауып,  шаттана түсесің.  Дастан демекші,  таяуда  «Қазпоштаның» қызметкері   «Менің ағаларымды»   қолыма ұстатқанда неге екенін қайдам, бірден мазмұнын ашып қарадым. Соңғы жағындағы  «Асылзада» Әке Абрар Құл-Мұхаммед» деген 276-бетке көзімді қададым.   Ескерткіштің  әр   тасына  қашап жазғандай,  Мұхтар ағамыз да асқар таудай  әкесі  Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммедтің   мың жылдық  мектепке татырлық тәрбиесін тебірене жазыпты.  Жеті атасын тілі шыққаннан жаттатып, «Насабнама» деген бабалар шежіресімен таныстырып, араб тілін үйретіп, ұядай төрт бөлмелі қара шаңырақтың    төріне  Құран мен Мекке, Мәдинаның әдемі суреті салынған портретті  ілгізіп, қатарына Құл-Мұхаммед атаның үкілі тақиясы мен шапанын әспеттеп қойғызып,  тіпті,  іңгәлаған   он сәбиді тербеткен  тал бесікті   шаң  түсірмей   сақтатып,  салт-дәстүрдің сарқытын бойларына сіңіріп өсірген  Абрар  әке  мен Гүлғасыл анадан  өрбіген ұрпақтың жарқын өмірін бей-жай оқи алмадым.  Өте   әсерлі  баяндалған көркем әңгімеден арабша тіл сындырған, атбегі, құсбегі  Абрар Әкетайұлының бойындағы тектілік пен көрегенділікке иландым.   Жасынан  қара жаяу емес,  өзінің оқ қағары бар  «әулие» адамның   бойына ұлттық қазынаны жиып,  арабша оқып,   өз заманының бекзаты болғанын естіп  те жүр едім.  Осы «Асылзада» сол ізгі ойға тұздық құйғандай. Дәл осы сәтте адайдың арқалы ақыны, мінезді ақыны  Темірхан Медетбектің «министрдің  әкесіне сәлем берейінші» деп бір жылдары ту-у Қытаймен шекаралас  ауылда тұрып жатқан Абрар әкені іздеп барған оқиғасы есіме еміс-еміс түсе кетті. Саз балшықтан соғылған аядай тас үйде ел қатарлы тірлік кешіп жатқанын көріп, «Апырмай, балалары дүркіреп тұрса да алтын бесік ауылдан қарыс қадам аттамай, қанаты талып құстар да  зорға  жететін жерде Абрар қария даналығын елге танытып,  қара орманында  есен-сау  отыр екен», – депті  жылдың төрт мезгілінде реңін бермей жайқалып тұратын  есік алдындағы шыршаларға тамсана қарап.   Көзі тірісінде ардақты әке мен мейірімді аналарын баптап,   қазір  түлеп ұшқан   ұяларын  ақ  сарайдай   мұражайға айналдырып, айналасына тағы да  100  шырша егіп, шаңырақтың отын өшірмей отырған Мұхтар және Рақымғали Абрарұлдарының,  басқа да ағайындары мен немерелерінің   кісілік қасиетін осы тұста айта кеткен ләзім.

    Иә, Абрар атамыз Ұлы Абайдың кітабын құс жастығының төріне қойып, үзбей оқыған. Тіпті,  тоң май сақтайтын бөшкеден қымыз пісетін сабаны жасатып,  өзі күні бойы қымызбен қоректеніп, тұлпар баптап, ауыл арасында бәйге жарыстырған.  Үйдің айналасына ну орман өсіріп, жасыл-желекпен ауланы көмкерген.  Өзі  аузына татып алмаса да  бау-бақшаны  қарбыз, қауынға, алма, өрікке жайқалтып  қойған.  Өнерімен оза шауып,  сырнайды да сызылта тартқан.   Абрар Әкетайұлының  асыл қасиетіне  өскен ортасы,  ел-жұрты құрметпен қараған.  Тоқсанның төріне шығып, бақилық болған абыз Абрар  мен «арғын-тарақтының сөз ұстаған биі Нүсіптің тоғыз ұлының ішінде еркелеп өскен жалғыз қызы»  Гүлғасыл  ана екеуі  73 жыл бірге жұптары жазылмай, шалтты,  бақ-қуатты өмір сүрген.   Астындағы арғымағын сұраған жанға сыйға беріп,  тұлпар баптаған, ар-намысты сақтаған, білімді, зейінді, дарынды  ұрпақтарына  қарап,   «Тектіден текті туады, тектіні текті  қуады» деген мақалдың тап  осынау әулетке  айтылғанына еш шүбә келтірмейсің.      Енді міне, халқының  арда  ұлы, кеше ғана Қызылорда облысы құрметтеп, төбесіне көтерген  ел ағасы  Мұхтар Құл-Мұхаммедтің    шыққан  тегін, өскен ортасын, Алатаудай   ата-анасын,  бүгінде білімнің  нұрын сепкен ең беделді «Атамұра» корпорациясының президенті,  ғалым   Рақымғали Абрарұлындай  бір кіндіктен туған бауырын, өскен  жерін, шыққан тегін  «Менің ағаларымнан» оқып,  «алтын сандықтың  түбіндегі  гауһар тасқа» кезіккендеймін.  Қазақтың әр отбасы осындай болса ғой дейсің…    Ойлап отырсаң, Абрар, Гүлғасыл деген есімнің өзі еш жерде айтылмайтын, қайталанбайтын, ерекше есімдер емес пе.  Демек, бұл отбасына Жаратқан Ием жар болып, бір құдіреттің  шапағаты мен шуағы  түскендей.  Бір  тылсым күш пәле-жәледен қорғап,  алып  қанатымен демеп тұрғандай.  Өмірі  өшпес   ізге,  сынбайтын айнаға  айналған қос бәйтеректің  ұрым-бұтағына баянды бақыт, ұзақ өмір тілеуден жалықпаймын…  

       ТҮЙІН:  Әлі есімде, 2001 жыл.  Қыркүйектің алғашқы күндері. Ақтау қаласында «Достық-Дружба» атты алғаш рет республикалық Жастар фестивалі өтіп,  Оралдан он делегат Маңғыстаудағы Пір-Бекеттің еліне құстай самғадық.  Сонда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған меймандардың қатарынан,   бекзаттар мен дүлдүлдердің арасынан «Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер ме  екенбіз» деп ағып тұрған  Ақтамберді  батырдың бейнесін өз көзіммен  көргендей болдым. Ол – Қазақ энциклопедиясында он жыл қызмет атқарған,   1999 жылы 39 жасында алғаш Сенатор болған ғылым докторы,   ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі  Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед  болатын.  Бойы қарағайдай биік,   батырлардың тау тұлғасындай жауырыны қақпақтай, көзіндегі ерекше нұр елінің  намысын ешкімге таптатпайтынын сездіретін, өршіл,  қимылы ширақ   азаматтың   мірдың оғындай, қылыштай қиып түсер әр сөзі  Ақтаудың жағасына  жиналған  қаракөздің  бойына патриоттық  рух,  қазақ екеніңді  мақтанышпен сездіретін  күш-жігер  берген-ді.  Бұдан соң  министр Мұхтар Абрарұлы  бір-екі рет ресми іссапармен    Ақ Жайық атырабына да ат басын бұрып,  нөпір халықтың  алдында  ақ алмастай  суырылып  сөз сөйлеп, Махамбет пен Исатайды  тірілткендей  ел еңсесін  тіктеді.  Ашық та жарқын үні,  даналыққа толы сөзі  құлағымыздан кетпеді.

     «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе. Ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді» деп жырлаған екен Ілияс Жансүгіров.  Сол секілді  талай жылдар тұғырлы тәуелсіздігімізге  сүбелі үлес қосып,   қазақ елінің баянды бақыты мен тыныш түндері үшін құс ұйқылы  күресіп,  елім дегенде құлындай шұрқырап,  тұлпардай  тулап,  «Мәдени мұра» бағдарламасын ұлттық кодқа енгізіп, Сыр елінің әр төсіне маржандай ақ күріштің алуан түрін еккізіп,  ұзақ жылдар бойындағы нәрін, асқан білімін, мәдениеті мен парасатын, күш-қайратын Алашына арнап,  лашындай  самғап, құстай сайрап,  маңдайы  жарқыраған Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің тап осы кітабы қазақ руханиятына қосылған күрделі және құнды еңбек деп нақты айта аламын.   Біз кешегі   Кеңес дәуірінде айтуға қақымыз жоқ, аузымызға қақпақ емес, тышқанның  торындай  қақпан қойылған, қол-аяғымыз кісенделген, азапты жылдарға  төзген  қазақ халқының аянышты тағдыры  туралы  көп жерден оқып, біле алмадық. Ал мына кітаптағы ауқымды мақалалар,  кесек-кесек естеліктер бертін келе беделді баспа беттерінде  жарық көріпті.  Кітаптың  ең  соңғы   «Түсініктер» бөлімінде  философия ғылымының кандидаты Рақымғали Құл-Мұхаммед нақты ақпарат беріпті.   

      Ендеше, осындай мәңгілік  қазынаны  зерттеген   жазушы, ғалым, академик    Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедті  бүгінгінің   сом жүрек батыры деуге әбден болады. Ағамыздың еңбегі бұл атаққа молынан татиды.  Демек,  «Менің ағаларымның»  ғұмыры ұзақ болары даусыз!  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,  осы жинаққа енген ағалардың бірі де қазір бұл фәниде  жоқ. Найзағайдай жарқ етті де жұлдыздай сөнді. Жатқан жерлері жарық, топырақтары мамық болсын. Осы ретте   «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген пайымға тірелсек, ардақты ағалардың  әруағы қабырғалы  қаламгерді   желеп-жебері  хақ!..     

     

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
жазушы
 Орал қаласы       

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір