Қазақ киносы – кітапта
Қазақтың өнерде жүрген азаматтары үшін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы қасиетті қара шаңырақ іспетті. Кино, театр, музыка, сурет саласындағы көптеген азаматтар осы шаңырақтан түлеп ұшқан. 1993 жылы осы шаңырақта кинотанушылар даярлайтын қазақ бөлімі ашылған.
Одан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Кино саласын терең танып, талдауды үйренетін мамандыққа қабылданған 11 баланың бірі Назира Мұқышева еді. Назира режиссерлердің экранға шыққан жұмысын жан-жақты саралап, талдап баспасөз бетінде көптеген мақалалар жариялаған. Тек ел ішіндегі кинофестивальдер ғана емес, Назира көрші мемлекеттерде өткізілетін түрлі кинофестивальдерге қатысып, ондағы кино өнімдер туралы талдау мақалалар жазып жүр. 1997-2002 жылдардың аралығында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Киногер», «Ақсарай» атты авторлық бағдарламаларын жүргізді. 2010 жылды белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор Б.Р. Нөгербектің жетекшілігімен өнер теориясы мен тарихы мамандығы бойынша «Қазақстанның деректі киносындағы әлеуметтік уақыттың көрінісі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Жуырда осы академияда кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Мұқышеваның «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал – Уақыт. Кино. Тұлға. Кино – өмір айнасы атты үш бөлімнен тұратын кітапқа әр жылдары жазылған зерттеулер, мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар басылған. «Фолиант» баспасынан басылған кітаптың таралымы 1000 дана. Бұған дейін автордың Қазақстан деректі киносының іргетасын қалап, дамуына орасан үлес қосқан, белгілі деректі кино режиссері, қазақ киносының ардагері Ораз Әбішевтің шығармашылығы туралы зерттелген «Кинорежиссер Ораз Әбішев» деген кітабы жарық көрген болатын.