Болашақ – «ТЫҢДАЛАТЫН» КІТАПТА
Автобуста адам аз екен. Есікке таяу орындықтың бірінде құлағына құлаққап тыққан бір жас жігіт терезеге қараған күйі отыр. Егделеу кісі соның қасына барып:
– Інішек, орын бересің бе? – деді. Жігіт естімеді. Әлгі кісі нұқып қалды, «орын бересің бе» дегенді қаттырақ, ызалана айтты. Жігіт ұйқыдан оянғандай селк ете түсті де сөзге келмей түрегеліп, орын босатты.
– Қазіргі жастар қызық, үлкенді сыйлауды қойды. Құлақтарын тас қып бітеп алып, музыка тыңдайды…
Орынын иеленсе де егде кісі бұрқылдауын қоймады. Оған тағы бір-екі әйел қосылды. Елдің назары өзіне ауғанына қызарақтаған жігіт телефонынан құлаққабын суырып, дыбыстық режимге қоя қойғаны. Жігіт музыка емес, аудиокітап тыңдап бара жатыр екен. Қоңыр дауысты диктор үні автобус ішін кернеп кетті. Енді әлгі ескерту айтқыш егде кісілер қызарақтады.
* * *
Жазу мәдениеті пайда болғалы кітап ұғымы талай трансформациядан өтіп, заманмен бірге дамып-жетілді. Бүгінде адамзат кәдімгі қағаз кітаппен қоса, электронды кітаптар, аудиокітаптардың игілігін көре бастады. Бұлар – бір-бірімен бәсекелес емес, бірін-бірі дамытушы құрал. Автор үшін жазған дүниесі кітапхана сөресінде тұрғаны қандай маңызды болса, ғаламтор желісінде айналымда жүргені, дыбысталып, түрлі палатформаларда таралғаны да сондай маңызды. Содан болар, бүгінде кітап саудасы дамыған елдер кітаптың біз атаған үш түрін қатар шығарады. Қағаз кітаппен бірге оның электронды вариантының сатылымына, аудионұсқасының таралуына мән береді, яғни шығарған өнімнің қалайда тұтынушыға жетуіне жағдай жасайды. Сол арқылы ақша да табады, оқырман сұранысын да қанағаттандырады. Осы күні әр тілдегі электронды кітапханалар, аудиокітаптар қоры жүктелген қосымшалар жетерлік. Алысқа бармай-ақ орыс тіліндегі әдебиеттің аудионұсқаларын іздеп көріңіз. Классикасынан бастап бүгінгі бульварлық романдарына дейін дыбыстап тастаған. Бірі – тегін, бірі – ақылы…
«Ал бізде қалай» деген заңды сұрақ туындайды. Кітапханалар өздеріндегі әдебиетті электронды нұсқаға көшіріп, ғаламторға жүктеп жатыр. Қазірге дейін кітап қорының қанша пайызы көшірілгенін кім білсін, әйтеуір, іздеген дүниемізді көбіне-көп тауып аламыз. Сол қуантады. Бірақ аудиокітап саласына келгенде ауыз толтырып сөйлей алмай, саусағымызды бүгіп санамалап қаламыз. «Kitap.kz» жобасының «Аудиокітап» қосымшасы бар, «Әдебиет порталы» біраз еңбекті ғаламторға жүктеді, «Шалқар» радиосы әдеби шығармаларды дикторға оқытып, эфир арқылы елге насихаттап келеді. Талдықорғандағы «Жетісу радиосы» да «Аудиокітап» бағдарламасы арқылы жетісулық қаламгерлердің еңбегін жарыққа шығарды. Бір жылдары «Қазақконтент» АҚ-қа қарасты «Тыңда» деген аудиокітаптар қосымшасы ашылған секілді еді, қазір бар-жоғын білмедік. Бұлар – біз байқаған дүниелер, біз білмейтін өзге де платформалардың болуы әбден мүмкін.
Жоғарыда біз атаған платформалардың барлығы «ырғағын жоғалтпай, қарқынды жұмыс істеп жатыр» деп тағы айта алмаймыз. Бірі – жақсы басталып, бүгінде бәсеңсіп, екіншісі – ептеп-ептеп ілгерілеп келеді. Әйтеуір, жоқ емес, бар, соның өзіне рахмет!
Аудиокітап дегенде Youtube желісін айналып өте алмаймыз. Бір қуанарлығы, бұл платформаның «қазаны» бұрқ-сарқ қайнап жатады. Бір автордың аты-жөнін теріп, іздеу тетігін баса қалыңыз, бір әңгімесінің бірнеше нұсқасы алдыңыздан атойлап шығады. Сәйкесінше, әртүрлі адамдардың оқуында, әртүрлі сапада… Көбіне-көп әуесқой дикторлар оқыған. Сондықтан да оларға дыбыс үндестігі, дауыс әуездігі, монтаж сапасы деген талаптарды қоя алмаспыз. Оларды айыптап-сынаудан бұрын жоқтан бар жасап, әлеуметтік желідегі қазақ контентін толтырып жатқанына рахмет айтқың келеді. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды.
Youtube жүйесіндегі аудиокітап әлемінің өз жұлдыздары бар, сол жұлдыздың бірі де бірегейі – Қуат Ахметжанов. Қуат 2013 жылдың 6 қазанында өзінің арнасын ашқан екен, қазір оның подкасында 480 000 жазылушы бар. 2019 жылдан бастап әдеби-көркем шығармалар оқи бастаған. Бүгінге дейін түрлі жанрдағы, үлкенді-кішілі 1375 шығарманы мәнерлеп оқыған. Ол дүниелердің 4-5 жылдағы жалпы қаралымы 88 948 521-ге жетіпті. Қуаттың айтуынша, аудиокітап жұмысына түнгі он-он бірлерде кіріседі. Балалары жатып, үй тынышталғанда көркем шығарманы оқып, желіге жүктейді. Видеолардың премьерасын таңғы 08.00-ге қояды екен. Демек, ел-жұрт жұмысқа бара жатқан уақытта, көлікте тыңдайды. Тұрақты тыңдармандар күніге таңғы сағат сегізде Қуаттың арнасын ашып, жаңа әңгіме күтіп отыратын көрінеді. Ол тыңдармандар арасында Еуропа елдерінде Кореяда, Жапонияда, Моңғолияда, Өзбекстанда, Қарақалпақстанда, Қырғызстанда тұратындары да баршылық.
Жақында жазушы Есболат Айдабосын әлеуметтік желіде «Қуат Ахметжанов «Сүлікқара» мен «Қоңыр боти» деген әңгімемді оқыпты. Бір күнде 17 000 адам тыңдапты» деген жазбасын жариялады. Оның жазбасының астына Қуат: «Ендігі 20 мыңнан асып кетті», – деп көрілім көрсеткішінің скриншотын салды. Бір аптада сол әңгімелердің әрбірінің қаралымы 45 000-нан асты, 200-ге тақау пікір жазылыпты. Сол пікірлерге қарасаң, көбі бұл шығармамен алғаш танысып отырғаны аңғарылады. Ал автордың аталған әңгімелері 2014-2015 жылдары жазылған. Бертінде «Сүлікқара» деген кітабына енген. Бірақ сол кітаптың көпшілікке жетпегенін байқаймыз, әдебиетқұмар жұрттың бір парасына аудиокітаптың арқасында, Қуат Ахметжановтың дауысымен жетіп отыр. Міне, сізге көрсеткіш, міне, аудиокітаптың құдіреті!
Бүгінде Youtube платформасында Қуатқа бәсекелес болатын адам әзірге жоқтың қасы. Өзі: «Қазақ радиосының» дикторы Нәзір Сүлеймен деген жігіт жақсы келе жатыр», – деп бағалады. Нәзір өз арнасын екі жыл бұрын ашыпты, 17 мыңнан аса жазылушысы бар. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш», Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романдары секілді көлемді еңбектерді оқыған. Бүгінге дейін 305 видео жүктеген. Олардың жалпы қаралымы 2 058 300 болып тұр.
Жақында белгілі журналист, радио дикторы Риза Тұрдақынқызы «Көркем» деген подкаст канал ашқанын жариялады. Ол да көркем әдебиетті мәнерлеп оқып, өзінің арнасында жариялап тұрмақ. Ризаның дауыс мәнері жағымды, дикциясы қойылған. Оның бір ерекшелігі – екі платформада қатар жұмыс істемек. Бірі – Қуат пен Нәзір секілді Youtube желісінде, екіншісі – apple.com қосымшасында.
Риза да алғашқы кезекте Есболат Айдабосынның «Азап пен Мазақ» шығармасын дыбыстады. Автордың айтуынша, тыңдарман жақсы қабылдап жатқанға ұқсайды. Болашақта осы бағытта біраз еңбектенуді мақсат қылып отыр.
Қарап отырсақ, қазақ әдебиетінде аудиокітап нарығы әзірге бос. Әр платформада бірді-екілі «мұзжарғыш кемелер» бар. Олар салған соқпақ даңғылға айналарына сенеміз.
Қуат ӘБІЛ-ҰЛЫ
ПІКІРЛЕР21