ҚАЗАҚ КИНОСЫ ӘЛЕМДІ АРАЛАП ЖҮР
27.09.2022
273
0

Өзбекстан астанасы Ташкентте XIV «Жібек жолының інжу-маржаны» халықаралық кинофестивалі өз жұмысын аяқтады. 13-18 қыркүйек аралығында өткен ауқымды кинофорумға әлемнің ондаған елінен 500-ден астам кинематографистер қатысып, перспективалық жобалар таныстырылып, бірлескен киноөндіріс туралы келісімшарттарға қол қойылды. Фестиваль аясында ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің кино күндері, соның ішінде Қазақстан киносының күндері де өтті.

Көрермендерге ҰКҚМО қолдауымен түсірілген «Паралимпиадашы» және «От» фильмдері көрсетілді. Картиналарды режиссер Алдияр Байракимов, актер Асқар Ілиясов («Паралимпиадашы») және актриса Мәншүк Айтмұхамбетова («От») таныстырды. Олар Ташкентке Қазақстан атынан жіберілген ірі делегациямен бірге келген болатын. Делегация құрамында ҰКҚМО бас продюсері Адай Әбелдинов, ҰКҚМО Халықаралық бөлімінің басшысы Әсел Ырыс, Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясының өкілі Ерлан Бұхарбаев, қазақстандық киножұлдыздар – Еркебұлан Дайыров, Тәуекел Мүсілім, Жандарбек Күнғожинов, Зарина Кармен, Ерден Телемісов, Дәулет Әбдіғап­паров және басқалар бар. Ташкент халықаралық кинофестиваліне атақты француз режиссеры Люк Бессон, Голливуд актеры Арманд Ассанте, поляк режиссеры Кшиштоф Занусси, жапон режиссеры Такеши Китано, түрік актеры Бурак Озчивит, қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов, басқа да өнер иелері қатысқан.
Сондай-ақ 15 қыркүйекте Мадридтің тарихи орталығында, «Көркем өнер орталығы» кинотеатрында да Испаниядағы Қазақстан киносының күндерінің ашылуы киносүйер қауымды қуанышқа кенелтті. Бұл салтанатты жиынға Испанияның Сыртқы істер министрлігі, Испаниядағы Еуропалық Одақ және ынтымақтастық, дипломатиялық корпус, қазақстандық диаспора өкілдері, испандық кино әуесқойлары мен біздің кинематографистер қонақ болды. Аталмыш шара барысында режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Алға» және режиссер Фархад Шариповтың «Схема» фильмдерінің еуропалық тұсаукесері өткен.
19-20 қыркүйек аралығында Германияның Берлин қаласында өткен Қазақстан киносының күндері де көптің көңілінен шықты. Неміс астанасының ең беделді кинотеатрларының экрандарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылған режиссер Алдияр Байракимовтің «Паралимпиадашы» фильмі көпшілік назарына ұсынылды. Кино күндерінің ашылуы, одан кейінгі көрсетілімдер жүздеген көрермендерді жинады, олардың ішінде кино сыншылары, дипломатиялық корпустың, бизнес топтардың өкілдері, Берлин тұрғындары мен қонақтары болды. Іс-шара Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған. Өзінің кіріспе сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов әлеуметтік маңызы бар тақырыпқа қатысты фильмдер шығарудың, оларды жария көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген режиссер Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі Қазақ­станның Оскар комитетінің шешімімен америкалық «Оскар» киноакадемиясының сыйлығына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына ұсынылғанын да оқырман қаперіне саламыз.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір