Кореяда қазақ тілі оқытылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шетелдегі серіктестерінің
бірі – Корея Республикасы және оның жоғары оқу орындары. ҚазҰУ-дың студенттерге арналған бағдарламасы аясында Алина Анар шетелдік мамандардан сабақ алып, ой-өрісін кеңейтіп, мамандығы бойынша алған білімін өзге елде шыңдап қана қоймай, іс жүзінде қолдана алатындай мүмкіндікке ие болды. Ол Корея Республикасының астанасы – Сеул қаласындағы Хангук Шет тілдер университетіне барып, «таң самалы елінде» алты ай білім алды.
Анар болашақта шығыс елдерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын, тілін зерттейтін маман болатындықтан, университеттің корей тілі курстарына тіркеліп, мамандығына сай келетін сабақтарды таңдады. Сонымен қоса сабақтан тыс уақыттарда, Корея университетінің қоғамдық өміріне де белсене атсалысып, жан-жақты іс-шараларға қатысты: Хангук Шет тілдер университетінің Орта Азия елдерін зерттеу кафедрасында қазақ тілі оқытылады. Сөйтіп, корей халқы Қазақстанға деген үлкен қызығушылығын білдіріп, жоғары оқу орындарында біздің елімізге қатысты көптеген ғылыми жобалар ұсынады. Хангук Шет тілдер университеті де «Opinion Mining» атты өз жобасына болашақ жас мамандарды тарту арқылы Анар Корея ғалымдарымен бірлесіп, ізденіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Корей тілі орталығының ұйымдастыруымен өткен «ЕХPO-2017» атты мерекелік іс-шарада қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен шетелдегі имиджін көтеру мақсатындағы музыкалық қойылымда өз өнерін көрсетті. Бұл іс-шара университеттегі оқитын алуан түрлі мемлекет өкілдерінің, өзге ұлттардың алдында елін таныстырып, Отаны – Қазақ-стан жайлы шетелдіктерге ақпарат берді. Шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығы өте зор. Біздің ұлттық музыка әуені барлық тыңдарманды таң қалдырып, жиналған қауым қазақ қыздарымен бірге биледі. Хангук Шет тілдер университетінде корей тілі бойынша шешендік өнер жарысы өткізілді. Анар бұл бәйгеге де қатысып, көрермендер алдында Ұлы Отан соғысының ардагері, Брест қамалының қорғаушысы, соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, тарих, археология және этнология факультетінің құрметті ұстазы Ғаббас Жұматов жайлы корей тілінде тағылымды жиын өткізді.
Анар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық мобильділік жобасы арқылы шетелді, соның ішінде кореялық білім сапасын да кеңінен зерделеп, оларға қазақтың ұлттық тілін, салт-дәстүрін, өнерін дәріптеуге барынша үлес қосуда.
Ажар Ахметжанова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.