ОКСФОРДТА ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚЫТЫЛАДЫ
Базбіреулер мемлекеттік мәртебесі анықталған тілімізге теріс бағып, қарсылық танытып жүрсе, әлемге әйгілі Оксфорд университеті қазақ тілін жан-жақты білетін мамандарды дайындап шығармақ. Бұл туралы әлемге әйгілі оқу орнының ғалымдары арнайы ұсыныс жасаған. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына Narxoz University-нің ректоры Мирас Дәуленов пен University of Oxford Азия және Таяу Шығыс зерттеу факультетінің жетекшісі Лейла Наджафзада, University of Oxford докторанты Мартин Олдрик арнайы келіп, ғалымдармен кездесу өткізген. Осы жиында екіжақты мәселелер сөз болып, жоспарлар құрылған болатын.
«Қазақстанға және қазақ тіліне деген қызығушылығым зор болды. Өткен жылдың сәуір айында Тіл білімі институтының директорымен кездестім. Қазір біз осы ғылыми зерттеу орталығымен тығыз байланыс орнатып, қазақ тілін үйретудің әдістемелерін меңгеріп жатырмыз», – дейді Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры Лейла Наджафзада. Сондай-ақ Оксфорд Исламтану орталығының директоры Ахмад Низами: «Біздің орталық Қазақстанмен байланыс орнатуға мүдделі. Оксфорд жұртшылығы елдеріңіздің тарихынан бөлек тың ақпараттармен де танысқысы келеді. Сіздермен экономика, білім салаларындағы байланыстарды нығайтып, болашаққа бірге жоспар құру біз үшін өте өзекті», – деп, қазақ тілін үйрену арқылы қазақ елінің өткені мен бүгіні жайлы терең зерттегілері келетінін де білдірді.
Осы бастамаға Narxoz University-нің ректоры Мирас Дәуленовтің мұрындық болғанын айтқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Мадияр Қазыбек: «Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерттеу факультеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарын шақырып отыр. Аталған оқу орнына 2024 жылдың қаңтар айында баруды жоспарымызға енгізіп қойдық. Мақсатымыз – қазақ тілін үйренгісі келетіндерге курс ашу. Әзірге әлемнің белді оқу орнымен байланысты күшейтіп жатырмыз», – деп жалғастырды сөзін.
Дүниежүзіндегі ең көне әрі рейтингісі ең жоғары білім ордасына дүниежүзінің 140 мемлекетінен ең мықты деген талапкерлер келіп білім алады. Аталмыш оқу орнында қазақ тілімен қатар қазақ ғылымының да зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Қадірменді, оқырман! Тағы бір жағымды жаңалық айтуды жөн көрдім. Ағымдағы жылдың ақпан айында Narxoz университетінің делегациясы Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультетіне ресми іс-сапармен барып оқу орнының жұмыс барысын өз көздерімен көріп қайтқанын баршамыз білеміз.
Араға 4 ай салып, Оксфорд университетінің ғалымдарының Narxoz-ға іс-сапары басталып, тараптар іргелі ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру үшін бірқатар жобаларды қолға алған.
Осындай 2 жоғары оқу орнының байланыс орнатуының нәтижесінде күллі Түркі жұртына ортақ философ ғалым шейх Ахмед Құдайд Таразидің «Даналық ғылымы» («Фанун-әл белаға») қолжазбасының көшірмесі ресми түрде Нархоз университетіне сыйға берілді. Қолжазбаның түпнұсқасы Оксфорд қаласының Бодлеан кітапханасында сақталған.
Осы ретте Оксфорд, Нархоз және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасында бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізу мақсатында арнайы келісім жасалды.
Сонымен қатар үстіміздегі қыркүйек айында Оксфорд университетінен келген зерттеушілер нархоздық студенттерге түрлі пәндер бойынша зерттеулер, семинарлар және дәрістер жүргізді. Narxoz университеті алдағы уақытта шетелдік студенттер үшін қолайлы бірден-бір ЖОО болмақ. Өткен жылдың өзінде университеттегі шетелдік студенттердің саны 33%-ға өсті. Бұл, әрине, біздің еліміз үшін үлкен жетістік. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Бірлік пен талапты
еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден
өнеге алыңдар, –
деген сөзін ұстаным еткен Narxoz университетінің ұжымына талмас қанат, сарқылмас сәттілік тілеймін!» – деп жазған болатын. Біз де жарқын бастаманың ғұмыры ұзақ әрі нәтижелі болуын тілейміз!
Мөлдір Райымбекова