Жалғыздықтың түрі мен түсі
Өз-өзімізбен оңаша қалуға мүмкіндік бермейтін өзімшіл уақыт пен мазасы қашқан тірліктен бас сауғалап, су жағасындағы серуенге арналған жолда терең тыныс алар таза ауа іздеп келемін. Айналаны қараңғылық торлап, кешқұрым сәтті тұнық түн құшағын аша қарсы алып тұр. Қара көрсеткен адам аяғы аз. Сәл алыста қол ұстасқан екеу кетіп барады. Қарсы бетте орыс әйел күшігімен жүр. Әнеубір жерде қалпақты кісі су бетінен көз алмай, орындыққа өзі ғана жайғасыпты. Бұл көрініс көз алдыма адамзатқа ортақ картинаны елестеткендей: біреу досын, біреу итін, енді біреу жалғыздығын серік еткен.Осы оқиғадан кейін санамның саңылауын түрткен қаңғыбас ойлар маза бермеді. Шын мәнінде біз бәріміз бір-бір жалғыз емеспіз бе? Жалғыздық деген шынайы сөзден неге қорқамыз? Неге мойындағымыз һәм естігіміз де, ауызға алғымыз да келмейді? «Адамның жан сезімінің барометрі» ақындар, «инженері» болып саналатын жазушылар қауымы жалғыздық тақырыбын қаншалықты, қалай қаузап жүр? Ескі сүрлеуді тастап, жаңа бағытта жол тауып кеткен қаламгерлер бар ма? Кейіпкерлер жалғыздығынан өз жалғыздығымызды іздейтін немесе кезіктіретін сәттер жиі ұшыраса ма? Қолыма қалам алдым…
І. Алғысөз орнына
Шар тәріздес екенін әлдеқашан ғалымдар дәлелдеп кетсе де, өз көзімізбен көріп, куә болмаған, осы күнге дейін «расымен домалақ па?» деген таңданысымызды жасыра алмайтын Жер-Ананың саясында қаншама мың-миллиард адам өмір сүріп жатқаны кімге болса да қызық. Күллі жаратылыс ішінде ақыл мен сананы меншіктеп, оны өлшеулі күндері һәм санаулы сағаттарының пайдасына жұмсаған адамдардың әрқайсысының жолы – бөлек, тағдыры – түрлі. Сол алуан түрлі тағдырға құрылған өмір сахнасының кейіпкерлері (біздер) қаншалықты көп болғанымен белгілі бір дәрежеде жалғыздыққа ие. Габриэль Гарсия Маркесше айтсақ «кез келген жан өз-өзін белгілі бір деңгейде жалғыз сезінеді».
Жер бетіне алғаш рет адам аяғы тиген уақыттан бастап жалғыздық ұғымы да көлеңке елесіндей ілесіп келеді. Оның өлшемін ешкім бағамдап, шегіне жеткен емес. Және бұл келер уақыттың еншісі деп те айта алмаймыз. Мұның сырын «адамзат баласына ортақ мәңгілік сөз» деген қағиданың аясынан іздегеніміз ләзім. Жалғыздықты адам дүниетанымынан бөліп немесе кей адамдарға ғана тән құбылыс ретінде санауымыз әлемдік һәм адамзаттық мәселе (проблема), әрі қателік болар еді. Бүгінгі жаһанданған заманның өмір сүрушілері жалғыздық ұғымының кеңістігін тарылтып тастағандай. Әркім өз жалғыздығын әлеуметтік проблемасымен шатастырып жүр. Жетімдік пен жалғызбастылық, дос-жарансыз өткен сәт пен қарт адамның күйі, әрине, жалғыздық тақырыбымен мазмұндас. Бірақ аталған дүниелер мәңгілік емес, уақытша. Ал бір-екі күндік жалғыздық біз қозғап отырған адамзат жалғыздығының өлшеміне сыймайды, шегіне жетпейді.
Ғалымдардың «жалпы адамзат баласының когнитивтік санасында әрдайым түпкілікті орын тепкен психикалық қалып-құбылыстың бірі – жалғыздық» деген пайымына сүйенсек, оның тал бесіктен жер бесікке дейінгі жанымызбен бірге жасайтын бейнесіз ақиқат екенін біле түсеміз. Бірақ бұл пікірді адамзат, соның ішінде жекелеген адамдардың саналы түрде ұстанбайтыны байқалады. Неге? Жалғыздықтың түрі, яки түсі жоқ. Және оны жақсы не жаманға жатқызып, көрген жерде қашуға, сезген кезде қорқуға болмайды. Белгісіз тылсым күштің (Құдайдың) бұйрығымен болатын өлімді қалай қабылдасақ, жалғыздық ұғымына да нақ сол өреде салқынқандылықпен қарағанымыз жөн. Осы тұста күллі адам атаулыға бағытталар сөз: адамзатқа қатысты мәселеге (Өлім мен Өмір, Жалғыздық) үйдегі терезенің жақтауынан қарамай, үкімі жүрмейтін түсініктерге өзінше шешім шығаратын пенделіктің тұсауынан арылып, адами көзқарасқа ие болсақ, сүрер өміріміз сәл де болса жеңілдер ме еді…
Қоғамдағы адамдардың жалғыздық хақындағы ойы бір жерден шықпауынан болар, оны біреу дос тұтса, біреу қас көреді. Американдық зерттеушілердің «жалғыздық адамның шығармашылық қабілетін арттырып, ойлау қабілетін жақсартады» деген қорытындысына қарап, адасқан жалғыздығымызды іздеп кетердей күйге түсеміз. Анығында жалғыздық ешкімге өзін іздеткізбейтін шындық. Ол тек сезіну мен мойындауды ғана қажет етпек. Ал бұл әрекеттерді орындай алмаған жағдайда жанымыздағы жалғыздығымыздың бетін шаң басады. Ақырындап адамдық кейпімізден алыстай бастаймыз. Түсінігіміз түрленіп, ақиқатында адамға ұқсамайтын адам болып шыға келеміз. Осы мазмұнда өмір сүруге де болады. Жалғыздықтың формуласын шеше алмау – жарық дүниедегі бақытты күндерді соңына жақындатпақ емес. Тек адам ретінде адамзаттық тәмсілді тарқата алмағанымыз, қала берді түсінуге ұмтылмағанымыз өкінішті болмаса.
Адамның адамдығының бір белгісі – жалығу. Уақыттың қоңырауы соққанда күнделікті шаруа мен ұйқыдан, ешқашан жетпейтін ақшадан, түбі жоқ жазудан, дос пен туыстан, әйел мен баладан, қала берді өмір сүруден жалығатын сәттер болады. Өмірдің осындай өліара шағында адамның күйбең тіршіліктен қашып, медет тұтар мекені – жалғыздығы.
Альбер Камюдың осы турасындағы айтқан ойы («Адам о бастан жалғыз, ол өзінің ойы мен сезімдерін өзі ғана түсіне алады, жалғыздықтың бастауы – адамның өзінде») тоғыз рет толғанып жазған сөзімізге тұздық бола алатындай. Десек те, бір нәрсені ұмытқан сияқтымыз: адамзатқа ортақ кез келген ұғым баршаға бірдей түпкі мағынасында жетпейтіні хақ. Әр халық өз ұлттық менталитеттеріне сүйене отырып қабылдамақ. Бұл халықтық қасиет жалғыздық тақырыбында да роль ойнайды. Мәселен, «жалғыздық – тек Құдайға ғана жарасқан» дейтін діни наным-сеніммен астасқан қазақы таным-түсінік біз шертіп отырған «күйдің» маңына жуықтайтын да мағына бермейді. Аталған нақыл қазақ қоғамында тәрбиелік мәнге ие болып, адамзат жалғыздығымен мазмұндас, әйтсе де үндес емес.
Адам жалғыздығын мойындап, оңаша қалған кезде «ішкі менімен» тілдеседі. Жүректің дүрсілі ғана естілер тыныштықта екеуі ғана. Неше жылғы жиналып қалған жауапсыз сұрақтар мен адамдар шешімін таппаған рухани мәселелер ортаға салынады. Ой қазаны бұрқ-бұрқ қайнап жатыр. Қожайыны мен оның «ішкі менінің» қайсысына қандай ой берерін білмей дал. Небір данышпанның аузына түспеген сөздер айтылады. Бір-бірінің сұрағын, яки жауабын түсінбей қалу, қайталап айту деген жоқ. Дауыс көтеріп, жаға жыртысып та әуре болмақ емес. Арада үнсіздіктің баяу симфониясымен сүйемелденген ізгілікті диалог орнайды.
ІІІ. Әлем һәм қазақ әдебиетіндегі жалғыздық сарыны
Адамға жалғыздық серік: кейіпкер де жалғыз. Өн бойымыз нендей күй кешіп, түрлі адами құбылысқа немесе рухани аштыққа тап келіп жатса да ол әдеби шығармада көркем сөздің қалыбына құйылып, орамды ойдың өлшемінде өрілмек. Мұның жалғыз, айнымас себебі: әдебиеттің арқауы – адам. Қоғам сауаттану кезеңіне жақындап, әдебиеттің алғашқы парақтары ашылған сәттен бастап жалғыздық түсінігі хатқа түсе бастаған болатын. Зерттеушілердің пікірлеріне жүгінсек, мынандай ой түйеміз: адамзат жалғыздығының сырына үңіліп, мұңын іздеген жалғыз қауым болса, олар – ақын-жазушылар. Өз жалғыздығын «шығармашылығым» деп санайтын қалам ұстаушылар көп жағдайда өмір сүріп отырған ортасынан жырақ жүргенді құп көретіндей. Философиялық тұрғыдан зерделер болсақ, К.Маркс «отчуждение» деген терминге «адамның әлеуметтік топтан бөлектенуі» деп анықтама береді. Бұл біздің тілімізде жатсыну мағынасында қолданылып жүр және шындықтан да алыс емес. Неге десеңіз, өмірде ұлы адамдардың өзі жалғызсырап, өмір сүрген қоғамын жатсынып өткен. Айталық, Абай да, Шоқан Уәлиханов та, Шыңғыс Айтматов та, Достоевский де, Лермонтов та, Пушкин де жалғыздыққа куә болғандарын еңбектерінде сипаттайды. Мәселен, жастайынан ағайынның босағасында қиыншылық көріп өскен, жетімдіктің зарын тартқан жас бала, болашақ жырау Ақтамберді былай деп толғайды:
…Атадан алтау туғанның
Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар.
Атадан жалғыз туғанның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық, сені қайтейін!..
Шығармашылық адамына жиі кездесетін жалғыздық пен оқшау күйдің халық мойындаған қаламгер бойынан табылуы – барша талант иелеріне тән ортақ қасиет пе дейміз. Қалың елдің ортасында отырып-ақ «моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шынымдағы» хакім Абайдың басындағы жалғыздық та осының дәлелсіз ақиқаты болса керек. Орыстың Пушкині де ақын боп жаралған соң жалғыздықтың қамытынан қашып құтыла алмапты. («Поэт, ты – царь. Живи один…»). Жалғыздық концептісі – Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Әбіш Кекілбайұлының алғашқы әңгімелерінің бірі – «Аш бөрі» мен «Аңыздың ақыры» романы және өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары әдебиетке араласқан буынның көбіне тән құбылыс десек, расқа айналардай.
Әлем әдебиетінде жалғыздық тақырыбына басқа халықтармен салыстарғанда әлдеқайда жоғары деңгейде баға берген және оны кейіпкерлер бойынан түрлі тәжірибелерге барып, тәсілі мен әдісін құбылтып көрсеткен – жапон әдебиетінің өкілдері. Юкио Мисиманың «Алтын ғибадатханасынан» бастау алар Рюноскэ Акутагаваның, Ясунари Кавабатаның кейіпкерлері жалғыздық образының шығармадағы ролін шеберлікпен орындап шығады. Жалғыздық тақырыбына мақсатты түрде емес, еріксіз баратын авторлар да бар. Бұл көбіне қаламгерлердің шынайы өмірімен тікелей байланысты болып жатады. Анасының жынданып өлгеніне куә болып, ғұмырының соңына дейін сол қорқынышпен өмір сүрген Оноре де Бальзак сөзіміздің айқын дәлелі. Жапон әдебиетінің біршама жазушылары да осы санатта және жазғандарын оқып отырып шығармашылыққа өмірден өш алу үшін келген бе дейсіз.
ІІ. Диалог.
Адам:
– Адам баласына тіл қатуға зауқым жоқ.
«Ішкі мен»:
– Жалғызсың.
– Қашаннан бері?
– Әлімсақтан солай болатын.
– Саған сенейін бе?
– Басқа амалың бар ма?
– Жоқ… сен кімсің?
– «ішкі меніңмін».
– Сонда өзімсің бе?
– Жалғыздығыңмын десем де болады.
– Сезінбеппін…
– Нені?
– Сені.
– Еркің жібермеді.
– «жалғыз» деген сөзді өзіме телігім келмеді…
– Сенің қалауыңды кім сұрады?
– Ешкім…
– Адам боп жаралдың, демек жалғызсың!
– Бала-шағам ше?
– Жалғыздық екі адамға ортақ емес.
– Мүмкін емес…
– Мүмкін емес, бірақ ақиқат.
– Даусыңды неге қазір ғана естіп тұрмын?
– Сенімен тілдескім келмеді.
– Неге?
– Жалған өміріңде мені іздеуге уақытың болмады.
– Қу тіршілік…
– Бос сылтау.
– Иә…
– Мойындағаның ләзім.
– Сенімен мен ғана кешігіп кездесіп отырмын ба?
– Сенің қатарың көп. Бірақ…
– Бірақ не?
– Мен туралы көп ойлайтындар да бар.
– Қызық… кімдер болды екен?
– Жазушылар.
– Қиялилар ғана десейші…
– Сеніңше солай, меніңше сендермен салыстырғанда сау адамдар.
– А-а-а…
– Қаш!
– Қайда?
– Жалғыздығыңа.
Жоғарыда айтылған ой толғамдар, образдар жүйесі XX ғасырда дүниеге келген экзистенциализм атты әдеби, әрі философиялық ағыммен сарындас. Мән-мағынасына тоқталсақ, экзистенциализм (лат. «экзистенция» – «өмір ағыны») философиялық, әдеби тұжырым ретінде 1941-1945 жылдардан кейін қалыптасты. Оның негізгі өкілдері – М.Хайдеггер, К.Ясперс, Жан Поль Сартр, Г.Марсель және А.Камю, т.б. Рухани ағым ретінде қалыптасуы М.Унамуно және Ф.М.Достоевский шығармаларынан бастау алады. Экзистенциалистер жүйесіз қалыптағы адамдар тағдырын дүние деп біледі. Ал адамдар бір-бірімен бірігуі мүмкін емес, әркім Өлім алдында жеке. Экзистенциализмнің бірінші сапында тұрған Хайдеггер: …«Адам – қоршаған дүниенің жалғандығын, жалаң иллюзияға толы баянсыздығын түсінгеннен кейін ғана, өз өмірінің шынайы мағынасын ашады; сол кезде ол өмір дегеннің өзегі үзілмес, бітпес-таусылмас «бақилық қорқыныш», «мазасыздық» және үрейден құралатын мағынасыз тіршілік екендігін түсінеді…» деген концепцияны ұстан-ған.
Жалғыздық әдебиеттің де мәңгілік тақырыбы. Бүгінгі уақытқа дейінгі қазақ әдебиетіндегі жалғыздықты ту еткен шығармалардың бәріне бірдей деңгейде баға бере алмаймыз. Кез келген қаламгердің ой өресі, жазу стилі мен қалам алысы өзгеге ұқсамауы мүмкін. Мысалы, қазіргі прозада жалғыздық тақырыбы он автордың онында да кездеседі. Бұл, бәлкім, заман қысымы мен қоғамның бет-бейнесінен болар. Десек те, он қаламгердің жалғыздық деп жазғаны әлеуметтік проблеманың маңайынан аса алмай жататыны бар.Мұндайда «дауыл алдындағы тыныштық болса екен» дегенді жұбаныш көреміз.
Уақыттың қоңырауы соққанда күнделікті шаруа мен ұйқыдан, ешқашан жетпейтін ақшадан, түбі жоқ жазудан, дос пен туыстан, әйел мен баладан, қала берді өмір сүруден жалығатын сәттер болады.
Өмірдің осындай өліара шағында адамның күйбең тіршіліктен қашып, медет тұтар мекені – жалғыздығы.
Қазір қазақ прозасында жалғыздық идеясымен жазылған бірнеше шығармаларды іріктеп, қолға алып көрдік. Нұрғали Ораздың «Түнгі жалғыздық» атты шағын әңгімесі көзіме түсті. Шығарманы оқығаннан кейінгі айтар сөзіміз мынау болды:
«Түнгі жалғыздық»…
Бұл әңгіменің негізгі кейіпкері адам емес. Жануар да емес: Жалғыздық.
Басқа шығармалардағы кейіпкерлер сықылды жүреді, жүгіреді, күледі, қамығады, бастысы сезіне алады. Нұрғали Ораздың аталған әңгімесінен адам кейпіндегі жалғыздықтың бүгінгі қоғамға, қала тұрғындарына деген көзқарасын байқадық. Әлқисса…
«Түнмен бірге ере келген Тыныштықтың жетегінде Жалғыздық бар еді». Тыныштық пен Жалғыздыққа жан бітіріп, адамзаттың сезімдік құбылысына арналған әңгіме осылай басталады. А.Чеховтың қысқалық концепциясына келетін шығармадан ұзын-сонар баяндау мен түсініксіз оқиғаларды кездестірмедік. Әңгіме мазмұны кейіптеу арқылы жасалған екеу (Тыныштық пен Жалғыздық) мен тірі кейіпкерлер: әнші келіншек, мас адам және қарт кісі арасында өрбиді. Шығармашылық аудиториясы – қала. Жазушының «бала-жалғыздығы» портретсіз емес: «Ол өзі бір қол-аяғы шидей, басы қазандай, бадырақ көз, арық балаға ұқсайтын-ды». Осы тектес түс мотиві мен әңгіме ішіндегі әңгіме тәсілдері маңызды роль ойнамаса да түрлі-түстілік өң беріп тұрғандай.
Автордың өз стилі бар: оқиғаның қашан бітерін немесе қалай жалғасын табарын болжап біле алмайсыз. Кез келген тұстан бұрылып кетіп, яки тоқтай қалады да, қайта сол оқиғаға ың-шыңсыз оралмақ. Осыдан кейін құрылысы күрделі жанрдың әдіс-тәсілін еркін меңгергенімен қоса қысқалыққа, дәлдікке апарар жолды жақсы біледі-ау деп ойладық.
Адамзатқа қатысты мәселеге (Өлім мен Өмір, Жалғыздық) үйдегі терезенің жақтауынан қарамай, үкімі жүрмейтін түсініктерге өзінше шешім шығаратын пенделіктің тұсауынан арылып, адами көзқарасқа ие болсақ, сүрер өміріміз сәл де болса жеңілдер ме еді…
Әсірелеу, сарказм, гипербола секілді көркемдік компоненттерді көп қолданбаса да, кейіптеу мен диалогты сәтті ойнатқан. Әнші келіншектің терезеден көз салып тұрған Жалғыздыққа айтқан сөздері жалғыз жанның ішкі мұң мен зарынан хабар беріп тұрғандай:
– Мүмкін, сен сол кездің өзінде-ақ мені торуылдап жүрген боларсың?!
Автор жалғыздықты адам қылып жүргізгенімен, сөйлетпейді: ым-ишарамен ғана шектеген. («Жалғыздық болса, қайта-қайта басын шайқады»). Жалғыздыққа тиесілі сөздерді өз атынан баяндап, шығарманың басты тетігін өзі ұстап отыр. Бәлкім, бұл авторлық ұстанымға саятын шығар. Бірақ оқырманға әсерлі болуы үшін диалог үстінде Жалғыздыққа адамзаттың айыбын айтқызуға болар еді… Әйтпесе, Жалғыздық шығармаға үнсіз кіріп, үнсіз кеткендей күй кешіп тұр. Кейіпкерлерге есім қоюда да айтарлықтай философиялық астар таба алмадық.
Автордың сөз қолданысында кейіптеудің жұрнақтары жиі байқалады. Қимылсыз терекке адамдық бейне салып тұруы сөзімізге дәлел. («Тротуардың жиегіндегі қара ағаштардың бірде-бір жапырағы жоқ, сидиған-сидиған бұтақтарын көкке қарап жайып, Алла Тағаладан медет тілеп, жалбарынып тұрған сияқты…»). Оқиғалар тізбегін баяу бере отырып, әңгіменің идеясы мен автор сөзін мазмұннан тыс қалдырмайды. Мәселен, «Бірақ олар Жалғыздықтың не екенін біле ме екен…» деген сауалдың күллі әлем жұртшылығына бағытталған автордың жанайқайы екенін Сіз сездіңіз бе, оқырман? Ал шығарманың нүктесін қойған «Көше кезіп, әркімнің жүзіне бір жаутаңдап қарап жүрген Жалғыздықты ол да танымады…» сөйлемінен жалғыздықтың қазіргі адам танымындағы маңызы һәм ролін нәзік иіріммен астарлап жеткізіп тұрғанын ше?
Әлемдік деңгейдегі рухани мәселені қаузаған туынды мазмұнындағы автор жұмбағын шешуге ұмтылуымыз қалыпты әдеби үдеріс секілді. Яғни әңгіме психологиялық параллелизмнің ерекше көрінісіне ие. Біз мұны үштік тұлғасында былай тарқаттық: орта жастар шамасындағы ән айтқан келіншектің жалғыздығы – әлеуметтік жалғыздық, көше бойындағы мас адамның жалғыздығы – рухани жалғыздық, ал қарт кісінің жалғыздығы – саналы түрде болатын жалғыздық.
Түйін:
Жалпылық мәндегі жалғыздықтың ғұмыры тым ұзақ.
Ол – қылқалам ұстаған суретшінің салынбаған суреті, ақынның айтар мәңгілік жыры мен жазушының жазар мәңгілік сөзі. Жалғыздық концепциясын тануға және оны халыққа насихаттауда психологтар мен философтардың ғана емес, «ардың ісімен» айналысып жүрген қаламгерлердің де үлесі бар. Тіпті, сіз ойламаған дәрежедегі адамзат руханиятына арналған өлшеусіз еңбек болуы да мүмкін. Шығармашылықта ұлтқа бөлінбейтін және адамзаттық мәселеге қозғау салар әдебиетіміз болса, жер бетіндегі ең бақытты халық біз болар едік…
Маржан ӘБІШ.