«СЕЗІМНІҢ СЫРТҚА ШЫҚПАС ТҮСІ БАР МА?..»
11.07.2023
457
0

Адамның жаны қандай күрделі болса, сол күрделі әлемнің сырын қымтап ұстай білетін мінез сауыты да осал емес. Оңайлықпен ашыл­майды. Аштырмайды. Сыртқы түр, сыртқы көрініс кейде алдамшы болуы мүмкін. Бір қарағанда мін тағуға келмейтін, сынық мінезді, сыпайы жанның ішкі ниеті, түпкі ойы басқаша болуы да ғажап емес. Өйткені, адам баласы өзінің шын ниетін қымтап ұстауға да кәдімгідей шебер. Сондай жандардың ішкі сырын таныту, бүктеулісін жазып, бүркеу­лісін ашу – жазушының бір мұраты болса керек. Біз мұны қаламгер шеберлігіне сын мұрат дер едік.

Осы рет­те ойымызға Әбіш Кекілбаевтың «Міне, керемет» әңгімесі түседі. Бұл – психологиялық талдауға құрылған әңгіме. Мұндағы авторлық негізгі ой – «сырты бүтін, іші түтін» жандардың, сырт­тай жылтырап, іштей қалтырағандардың шын кескінін таныту. Әңгімедегі характерлер шындығын танытудың ең басты құралы – ішкі монолог. Сондықтан да «Міне, керемет­те» керемет дерліктей оқиға жоқ, оның есесіне кереметіне таңғалдыратын мінез, қасиет, әңгіме кейіпкерлерінің ішкі сыры бар.
Қарама-қарсы бағыт­тағы жүрдек пойыздардың тоқайласқан станциясындағы жайма базарда көптен кез­деспеген екі жолдас араға біраз жылдар салып, ойда жоқта қауышады. Айқасқан құшақтар. Қуанышты үндер. Кез­десудің алып-ұшқан әсері басылғаннан кейінгі жөн сұрасулар. Аялдау уақыты біткен пойыз өз бағытымен бет түземек. Тағы да жылы лебізді қоштасулар. Әңгімедегі түйінді ой да осы қоштасқаннан кейінгі бөлімде өрбіп, негізгі кейіпкерлердің ішкі монологы арқылы өріледі. «Өзі баяғысындай емес, тым сырбаз боп кеткен екен», – дейді іштей екі еркектің екеуі де кенет үнсіз ойға шомып.
«…Осы неме баяғыда сауда техникумында оқитын қызбен жүрмейтін бе еді», «… Әйелі де бір керік. Төркіні де осал болмас. Шапшаң сөйлеп, шапшаң қимылдайтын ұрыншақ неме орта жолда шаң шығарып алмай, мұнша өскеніне қарағанда, қолтығында бір тегеурінді алақан жүрсе керек», – деп кесіп-пішеді астанадағы араластықтың жөніне жетік орынбасар жігіт.
«Баяғыда, студент кезінде, қызымның әке-шешесі белгілі адамдар, анау-мынау жерлерге жібермейді деп, отырмақтарға ылғи соқа басы сорайып жалғыз келуші еді. Мұны өрге сүйреп жүрген көк өгіз сол дуалы ауыз қайын жұрты болды ғой. Әйтпесе, асып бара жатқан ештеңесі жоқ көп құба төбелдің бірі емес пе еді?» – деп топшылайды ауылдағы араластықтың жөніне жетік аудан азаматы. Міне, осылайша әлгінде ғана құшақтасып көрісіп, қол сілкісіп қоштасқан екі жолдас былай шыға бір-бірімен бақ-дәреже шендестіріп, әрі-беріден соң әйелдерін, тіпті балаларын салыстырып, бақастықтың батпақ ойына шомып кетеді.
«Апама жездем сай» дегендей, олардың әйелдерінің де ішкі пікірі осы төркіндес болып шығады. «…Институтқа сабақ берсе, әлгі замандасымыз сауын сиырдың өзі боп шықты ғой. Арақ ішіп барып, топалаң асып, экзаменді әке-көкелеп жүріп қайта тапсыратын студент­тердің өздері-ақ аузыңды май қылатын көрінеді ғой», – деп кесіп-пішеді аудандағы «көріпкел». «Ауылдық жердегі дәрігер дегенің өкімет­тің қалтасын теспей сорады. Өтірік-шынды екі-үш ставкамен істейді. Олар табыс жағынан анау-мынау доцент-профессорларды шаңына ертпей кетеді», – деп кесіп-пішеді қаланың «көріпкелі». Сөйтіп, жазушы әлгінде ғана бір-бірімен айқара құшақтасып, сағыныса қауышқан екі жолаушыны ішек қырындысына дейін ақтара көрсетеді. Әңгіменің осы екі отбасындағы екі бала жігіт­тің ойы­мен аяқталуы да көңілге қонымды.
«Зымырап қалып жатқан құба далаға қарап отырған екі бала ләм-мим ештеңе деген жоқ. Екеуінің де сөрелерде теңкиіп-теңкиіп жатқан әлгі бір тәт­ті қауыннан, ең болмаса ауыз тимегендеріне іштері удай ашып келеді.
Керемет! Керемет! Несі керемет! Құшақтасты, сүйісті, қол алысты. Жымиысты, жылтырасты. Сонда тұрған не керемет бар?».
Бала жігіт­тер әкелерінің мінездеріндегі жасандылық пен көлгірлікке тіксіне қарайды, мұндай бояма мінездің неге қажет екенін ұға алмай дал болады. Көңілдері кіршіксіз таза екі бала жігіт әлгінде ғана әкелері жауып тастаған радиодан құлақтарына ілініп қалған «Қайдасыңдар, достарым» әнінің әуенін қайталайды.
Шағын әңгіме. Кейіпкер болмысы психологиялық тереңдікпен ашылған ойлы шығарма. Сонысымен ұнайды. Ә.Кекілбаев – кейіпкерлерінің ішкі ойын ақтаруға шебер жазушы.
Жоғарыда талданып отырған әңгімеде оқиға бар ма? Болса, оны бір-ақ ауыз сөзбен жеткізуге болар еді. Көптен кез­деспеген екі жолдас отбасымен жолаушылап келе жатып, пойыздары аялдаған жерде бір теміржол бекетінде кез­десті. Көп ұзамай қоштасып, өз бағыт­тарымен кете барды. Бар болғаны – осы. Алайда психологиялық талдау өнеріне төселген жазушы шағын әңгімеге үлкен әлеумет­тік жүк артқан.
Егер жазушы «Міне, керемет» әңгімесінде кейіпкерлерінің ішкі ойларын ақтару арқылы адам бойындағы тоғышарлық психологияны әшкерелесе, «Тасбақаның шөбі», «Автомобиль», «Көлденең көк ат­ты» әңгімелеріндегі ішкі монолог көзге елеусіз қарапа­йым жандардың адамдық қасиет­терін, адалдығын, көңілдерінің дарқандығын таныту құралы ретінде қызмет етеді. «Автомобильдегі» – Жақан, «Тасбақаның шөбіндегі» – Қарабала, «Көлденең көк ат­тыдағы» – Самат өздерінің ішкі әлемінің ажарлылығымен, кіршіксіз тазалығымен кім-кімнің де жанына жақын тұлғалар. Қарапайым да кесек бейнелер.
Егер Ә.Кекілбаев шығармашылығына тән психологиялық талдау сипаты туралы айтар болсақ, талассыз бір нәрсе бар. Ол – жазушының адам жанының ішкі иірімдерін, құпия қойнауларындағы сырды ішкі монолог арқылы ашуға бейімдігі. Бұл – сөз жоқ, жазушының психологиялық талдау өнеріндегі негізгі ұстанған әдісі. Мәселен, «Аңыздың ақыры» хикаяты бастан-аяқ кейіпкерлерінің ішкі ой-толғамына құрылған туынды.
Жоқ, жазушы тек осы әдіспен шектеліп қалды десек, қателесер едік. Адамның сезім сырларын ішкі ой-толғаныстары арқылы жарыққа шығаруға ден қоятын қаламгер характердің ішкі күйін сыртқы қалпы арқылы танытудың ұтымды сәт­терін де қапы жібермейді. Шебер жазушы, кәнігі психолог үшін өз кейіпкерлерінің әр сөзі мен әрекетін ғана емес, бет-жүзіндегі болмашы құбылыстарға дейін аңдай отырып, сол арқылы олардың ішкі сезімдерін хат­тай оқудың мүмкіндігі қаншама. Характердің ішкі әлеміндегі алуан түрлі құбылыстардың сыртқы суретін кейіпкердің портреті, психологиялық портрет арқылы танытудың мол мүмкіндігі туралы ой – Ә.Кекілбаевтың «Керек адам» әңгімесін оқығаннан кейін көңілге беки түседі. Жазушы үшін қашаннан ең бастысы – сюжет емес, характер. Сол характерлер арқылы танылатын ой түйіні. Ә.Кекілбаевтың барша шығармаларында ұстанатын осы қағидасы бұл әңгімеде де сақталған. Әңгіме оқиғасы – астаналық қаладағы көңілі жақын екі отбасы мүшелерінің дастарқан басындағы отырысын сурет­теуге құрылады. Осы дастарқанда бұрын көп болмаған жаңа адам – қонақ жігіт Сәрсенов. Осы екі отбасы арасындағы қарым-қатынастан, дастарқан басындағы қонақжайлық ілтипат­тан сырт көз ешқандай мін таба алмас еді. Бәрі де ұнасымды, бәрі де жарастықты дер еді. Шындығында да дастарқан толы дәм дейсің бе, сыпайы, жарасымды мезірет деймісің, ықыласты ілтипат, сыйластығы мол көңіл деймісің, бәрі бар сияқты. Жоқ, бұл-сыртқы әсерден, асығыс, үстірт жасалған қорытынды екен. Дәл осы сырт­тай сыйласымды, тіпті ешқандай мін тағуға болмайтын қарым-қатынастың астарында көп сыр жатыр екен. Біз мұның бәрі қолдан жасалған сыйластық, бір-біріне күні түсетін адамдардың арасындағы көлгір мезірет екендігіне әңгімені оқи отырып көзіміз жетеді. Жазушы екі отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастың шын бет-бейнесін қонақ жігіт Сәрсеновтің көзімен қарап отырып ашады.
Дастарқан басындағы бұл адамдарды жақындастырып отырған көңіл мен тілек бірлігі еместігіне, түптеп келгенде, олар бір-біріне тек «керек адамдар» ретінде қарайтынына Сәрсеновтің көзі жетіп болады. Мәселен, Ержановқа Әлекеңнің лауазымы, жұмыс орны бәрінен де қадірлі: ертеңгі күні бұл сияқты дуалы ауыз, ірі бедел оның қызмет сатысымен өрлеуіне септігін тигізбей ме? Ал Әлекең үшін Ержановтың өз басы сыйлы емес, Ержановтың қылықты келіншегі қымбат. Осындай ұсақ есептен туған жалған қарым-қатынастың астарында, мінеки, қандай жұмбақ жатыр десеңізші. Осы дастарқанның құрмет­ті қонақтарының бірі – маңғаз әйел Жәмила ханым болса, өз жолдасы Әлекеңнің өтірік қошеметіне мәз.
Адам характерін ашудағы психологиялық портрет­тің мол мүмкіндігін пайдалануда Ержановтың отбасылық альбомы үлкен рөл атқарып тұр. Сез­гір көңілді, зерделі жігіт Сәрсенов осы альбомды зер сала қарай отырып, мұндағы адамдардың сурет­терінен, олардың кескін-құбылыстарынан аңғарылатын ішкі дүниесін пайымдайды. Тап осы альбомдағы сурет­тер арқылы дастарқан басында отырған екі отбасының қарым-қатынас сырын ашу – психолог-жазушы шеберлігінің бір қыры. Альбомдағы сурет­терге ой көзімен қарай отырып, қонақ жігіт Сәрсеновтің бір аңғарғаны үй иелерінің – Ержанов пен оның зайыбы ақ борық келіншек Алманың ішкі әлеміндегі жылдар көшімен бірге енген өзгеріс. Олардың жан дүниесінің рухани жүдеушілікке ұшырауы, құлдырауы. Осының бәрін жазушы альбомдағы сурет­тер арқылы, сол сурет­тердегі адамдардың психологиялық портрет­тері арқылы танытады.

«Міне, бір жерден сып етіп Ержанов та шыға келді. Кең маңдай, дөң мұрын, қара мұрт, қалқан құлақ жігіт­тің көзінде ішіңдегіні ішпей-жемей біліп тұрған қуақы ұшқын ойнайды. Иығына басын сүйеп, үзіле қалған дөңгелек жүзді бойжеткеннің иә сөзінен, иә мінезінен ерсі бірдеңе аңғарып қалғандай міней күлімсірейді. Осы бір сынай қарайтын сырбаз адамдарға тән жымысқы күлкі оның жүзінен көпке дейін арылмапты. Сөйтіп жүргенде дөңгелек жүзді бойжеткен өне бойы жұп-жұмыр сұлу келіншекке айналыпты. Сұлу келіншектің күлкісі баяғы дөңгелек жүзді бойжеткеннің күлкісінен гөрі өзгерек. Оның шарасы мол нәркес көздерінде лып еткен қуаныш ұшқынының орнын төңірегіне сынай қарайтын сырбаз нұр жайлапты. Бірте-бірте әлгі қалқан құлақ жігіт­тің көзіндегі қуақы жылт келіншектің көзіне көшіп қонғандай. Ал бір кез­дегі қалақтай қараша жігіт­тің бет сүйегіндегі барша ояң етке толып, қалқан құлағы кішірейіп кеткен. Жылдан жылға көшкен құмақтай жайыла түскен ет жігіт­тің көзін де бірте-бірте көме түсіпті. Сол біржола көміліп қалуға айналған сығырық көздерден бір кез­дегі міней қарайтын жымысқы күлкі мүлдем жоғалыпты. Оның орнын әуелі мәз-мейрам күлкі иемденіпті, енді ол да өшіп, төңірегімен де, кең дүниемен де шаруасы жоқ бір марғау күлкі орнығыпты…».
Үй иелерінің (Ержанов пен оның зайыбының ) психологиясындағы жылдар тізбегімен келген өзгерістерді біз олардың сезгір көңілмен, аңғарымпаздықпен жасалған портрет­тері арқылы пайымдаймыз.
Сәрсеновпен бірге оқырман да мына фотосурет­терге қарап, іштей ой түйеді. Алғаш танысқан кез­дегі, қыз-жігіт боп біліскен кез­дегі Ержанов пен кейінгі Ержанов екітүрлі. Бірінші Ержанов әйеліне сынай да, міней де қарайтын, өзіне-өзі сенімді, өктем жігіт. Кейі­нгі Ержанов ондай емес. Керісінше, әйелі оған сынай-міней қарайды. Сынап-мінеп қана қоймайды, оны кем тұтады. Бұл күнде бір кез­дегі «ішіңдегіні ішпей-жемей біліп тұратын» сұңғыла жігіт күнделікті күнкөріс, тіршілік қамының күйкі-күйбеңінен өзгені ойламайтын тоқмейіл, марғау жанға айналған. Ержановтың альбомдағы бейнелері бізге осыны айтады. «Оның бет әлпетіндегі осы бір өзгерісті аңғарып қойғандай қасындағы дөңгелек жүзді ақ борық келіншек жымиып күліп тұр.
Сурет­тегі сұлу келіншек былайғы дүниемен шаруасы жоқ, қасындағы өз-өзінен қомпия қалған далаңбай еркекті іштей табалап тұрғандай…».
Ал келесі жолдар бұл отбасының қиюы қашқан келеңсіз тірлігінен хабар береді. Осы екі отбасының арасындағы «достықтың» құпия сырына кез­дейсоқ куә болған Сәрсенов те, көңілі зерек оқырман да мұны іштей бағамдайды. Жазушы бұл туралы ұзыннан ұзақ әңгіме сабақтамайды, мұның бәрін отбасылық альбомдағы фотосурет­тер арқылы ишаралайды. Қалай ишаралайды? Сәл ұзақтау болса да, әңгіменің осы тұсынан үзінді келтірейік:
«Сәрсенов келесі бет­ті ашты. Енді бұл альбомға іліккен адамдардың аяқ-қолы ауырлай түскендей. Алдыңғы жақтағы ақсия күлетін жас жігіт­тер мен қыз-келіншектердің орнын салихалы ағайлар мен жеңгейлер иемденіпті. Олардың кейбіреуі бір-ақ көрініп, ілезде жоғалып жатса, кейбіреулері қайта-қайта ұшырасып, біржола орын теуіпті. Солардың бірі – жаңағы Әлекең екен. Әуелі Әлекеңнің үйі болса керек, бір сурет­те өңшең бір инабат­ты адамдар самсай қалыпты. Солардың ту сыртында, артқы қатарда өздерінен гөрі жасырақ жігіт-желең арасында, Ержанов пен ақ борық келіншек жылтыңдайды. Біразға дейін олар сол артқы қатардың арасында жүріпті. Ендігі сурет­терде әлгі ығы-жығы адам бірте-бірте азая бастапты. Адам азайған сайын бұлар алдыңғы қатарға жылжи бастапты. Ең алдыңғы қатарға ең алдымен ақ борық келіншек ілігіпті. Ол әуелі Әлекеңнің оң жағындағы Жәмила ханымның оң қапталын именшектей иемденіпті де, көп ұзамай Әлекеңнің сол қапталынан бір-ақ шығыпты. Ал Ержанов болса, ылғи екінші қатарда ақсия күліп тұратын Алтын көзілдіріктің қасынан біржола орын тепкен түрі бар».
Бұл фотосурет­терден Ержанов пен оның әйелі «ақ борық келіншектің» енді бір ат­таса, академик болғалы тұрған бүгінгі аса құрмет­ті қонағы Әлекеңнің отбасымен араласу, жақындасу сатылары тайға таңба басқандай көрінеді. Әуелі бұлар осы отбасымен аралас-құралас көп адамның ішінде «жылтыңдайды», бірте-бірте «алдыңғы қатарға жылжи бастайды», сонан соң «ең алдыңғы қатарға ең алдымен ақ борық келіншек ілігеді», мұнан әрі ақ борық келіншек Әлекеңнің зайыбы Жәмила ханымның оң қапталын «именшектей» иемденеді, сонан соң «көп ұзамай Әлекеңнің «сол қапталынан бір-ақ шығады».
Ал келесі сурет­те Сәрсенов бұларды табиғат аясынан көреді. Бұлар – бесеу. Әлекең, Жәмила ханым. Жәмила ханымның інісі Алтын көзілдірік және Ержанов пен оның әйелі «ақ борық келіншек». Бәрі мәз боп тұр. Сәрсеновтің түйсініп, қабылдауы арқылы берілетін көріністі жазушы: «Бәрі бір нәрсеге күліп тұрғанмен, бесеуінің күлкісі бес ыңғай» деп сурет­тейді .
«Әлекең мен ақ борық келіншектің жүздеріне бір жылт-жылт еткен ойнақы ұшқын ұялапты. Ал еркек жал қараша әйел Жәмила ханым мен кең маңдай, дөң мұрын, қара мұрт Ержанов мынау мәз-мейрам дархан тіршіліктің буына елтігендей бейқам күлімдейді. Жиегіне алтын шайған әдемі альбом осы араға кеп таусылды».
Альбомдағы Әлекең мен ақ борық келіншектің «жүздеріне ойнақы ұшқын ұялауы» тегін болмай шығады. Альбомның соңғы бетін жауып, карта қызығымен бар дүниені ұмытқан ойын­шылар отырған бөлмеден шығып, ас үйге барып су ішпек болған Сәрсенов ойламаған жерден тосын жайға куә болады. Әлекең мен ақ борық келіншектің қаракөлеңке тар бөлмеде «ұрланып кез­десуінің» үстінен түседі.
Сөйтіп, тілеулес бауыр, жақын дос сияқты тонның ішкі бауындай араласып жүрген екі отбасының сыры белгілі болады. Бұлардың арасындағы қарым-қатынастың бауырмалдыққа, достыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды екен. Сыйластығының бәрі жалған екен. Мұның бәрі-көлгір, екіжүзді жандардың бір-бірімен күні үшін араласып, арам пиғылмен жалғасуы екен. Әйелінің көзіне шөп салып жүргенінен хабарсыз Ержановтың да «жалбақпайлығына» қарап түңілесің.
Шен-шекпенділерге жалбақтап, азамат басын қор етіп жүрген жанның психологиясын – жазушы оның іс әрекеті арқылы да, характердің ішкі табиғатын дәл бедерлейтін тапқыр детальдар арқылы да ашады.
«Ержановтардың есігінен түтеп шыққан Әлекең әр саты төмендеген сайын сабасына түсіп, аяғын нығыздай басты. Ол нығыздана түскен сайын Ержанов байғұстың етжеңді денесі ұршықтай үйіріліп, аяқ-қолы жеңілейіп сала берді. Біресе алға түсіп, біресе артқа қалып, құрақ ұшып жүр. Бұлар сыртқа шыға бергенде, подъезд аузында темекі тартып тұрған бес-алты жігіт ұшырасты. Бұларды көріп жым бола қалды. Манағы дуылдасып жатқан астыңғы үйдің қонақтары болса керек, ығысып жол берді. Бұлар өтіп кеткен соң біреуі: «Мынау Дәулетов қой!» – деді. Сол-ақ екен, Ержанов алда кетіп бара жатқан Әлекеңді қуып жетіп қатарласты. Ауладан шыққанша, маңғазданып бара жат­ты да, бұрыштан айналған соң қайтадан мәймеңдеп алға түсті».
Сөз жоқ, бұл – кейіпкер психологиясын, характер сырын ашатын іс-әрекет. Сайып келгенде, жазушы бұл шығармасында адам бойындағы екіжүзділік, жағымпаздық, тоғышарлық қасиет­терді – өз кейіпкерлерінің психологиялық күйін, ішкі сырын зерт­теу арқылы әшкерелеген. Осылайша, шағын әңгімеге үлкен жүк арта білген.
Біздің әдебиетіміз қазіргі күнде жақсылық пен жамандықты бөрікпен ұрып алатын жерден іздемейді. Адамның күрделі жан дүниесін зерт­теу, сыр ұштығын сыртқа шығара бермейтін жамандықтың бытқыл қойнауын ақтара ашу – жазушының азамат­тық биік парызы.
Ә.Кекілбаев шығармалары да осы жазушылық-азамат­тық парызды түсінуден туған адам бойындағы теріс мінез-құлықтардың сырын психологиялық талдау арқылы ақтара ашып көрсететін туындылар екеніне ден қоямыз.
«Сезімнің сыртқа шықпас
түсі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу – күй, біреу – пішін,
біреу – сөзбен,
Көрсетпейтін жүректің
іші бар ма?» –
демеуші ме еді Сұлтанмахмұт Торайғыров. Шынында да, оқырман үшін ең қызықтысы – кейіпкердің жүрек жұмбағы ғой. Осы айтқандай, жүрек жұмбағын моншақтай тізіп, адам жанының сырт көзге шалына бермейтін қалтарыстағы қат-қабат құпияларын тереңнен ақтаратын Әбіш Кекілбаев шеберлігі – әлі де көп зерт­теп-зерделеуді қажет етер тұңғиық терең қазына.

Мақсат Дүйісмағамбет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір