Хорезмшахтың үрейлі түсі
21.05.2024
2308
4

(«Жошы хан» тарихи романынан үзінді)

Жошы хан сұлтанның сол қанатына
өзі бас болып, тұтқиыл шабуыл жасады.
Қирата жеңіп, бей-берекет,
тым-тырақай қашуға мәжбүр қылды.
Нәсауи

Әлқисса, күйек айының соңына де­йін темір құрсау жасақпен Шығыс Дәшті-Қыпшақ даласында, Ертіс бойын­да жазды өткізген Жошы ханзада мен Сүбітай қолы Ұлытау етегіне жет­ті. Жебе ноянмен әлденеше кезек хабар алмасып, қаған ордасының күйеуі Тоқұшар мерген арқылы бар жайға қаныққан Жошы оның үш мыңдығын қайта өзіне қосып алған. Ендігі бағыты – Ырғыз бойында тұрақтап қалған меркіт­тің қалдық күшін жойып, Ұлұғ Ордаға қайту. Күзгі ырғын сәт­тің рахат­ты шуағына бөккен Ұлытау маңы ғажайып түске енген. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін, оты-суы мол, Қаракеңгір өзенінен нәр алған айнала төңірек «Бақырлық» деп аталады. Аласа таулар қоршаған алқапты жазық, топырағы тығыз, қалың қолдың жүрісіне кедергі аз. Қыр басында, кезең-кезеңдерде балбалдар шоқиып, топырақ басқан көне тұрақтар мен ұстаханалардың орны қарайып көрінеді.
Соқтау айы орталаса да, күн жылы, күзгі жаңбырға бөккен қыр бөктері ана-күн мейірімен бусанып, өзгеше бір күйге еліткендей. Мал тұяғы тимеген бел-белесте жусан иісін әкелген күз желі кеңсірікті қытықтайды. Екі-үш күндік қонақта байқағаны – мұнда түнгі аспан тап-таза екен. Онан даласындай емес, жұлдыз біткен тым жақыннан көрініп, төрт төңірек қарашығыңа түгел сыйып кетердей. Бақсы Мұқу-шерен аспан ноқатына үңіліп, күн қабағын болжап еді. «Қазан жұбының маңдайы жап-жарық екен. Демек, алдымыз ашық. Ай – қиыс, үлкен аю – паң. Қолымыз да, ат-көлігіміз де Онанға аман жетер. Тек, алда қат­ты суық бар», – деді.
Арғанатыны қиыстай, ат жайылтып аяңдаған олар Торғай даласына жеткенше қараша айы да орталаған. Ырғыз деп аталатын үлкен өзеннің бойына жеткен соң бір күн тынығып, шартарапқа кезік жіберді. Күн қат­ты суыта бастаған. Кеш алдында тасырлата шауып жеткен кезіктер бір қолат­та меркіт­тердің үстінен оқыс түсіп қалғанын, үдере босқан елдің мінген ат­тары жүк артқан өгіздері арық болған соң, қуып жете алмағанын баян ет­ті. Кәрі-жасын қосқанда, үш мың қаралы жасақ қана шығара алатын босқын жұрт­тың бұл шақтағы жайы мүшкіл, күші бошалаң-тұғын.
Қос түмен қол шұғыл шайқасқа дайын еді. Соңдарынан жеткен қуғыншыны сезіп қалып, арбаларын айналдыра тізіп, күрен жасапты. Одан ары қашуға құлқы да жоқ сияқты. Таң ата меркіт­терге жақындап келіп, қасына Бұқа мен Мүңгуір ноянды, Қашы мергенді төрт мың жасақпен ерткен Сүбітай баһадүр күренді айнала қоршап алған. Ұрыс ұзаққа созылған жоқ. Меркіт­тің жанкешті мыңдығы қақ маңдайға келіп тартқан мергендер жебесінен түгел опат кет­ті. Кәрі-құртаң мен жеткіншек балалардан құралған қалған екі мыңдықтың әлсіз қарсылығы да демде талқан болған.
Тек, аса қайрат көрсеткен Тоқта бектің жаужүрек төрт ұлы алдымен жеткен Қашы мерген мыңдығының алдын қырқай жапырып, жүз жасағымен арбаларға тасалана, жебе тартқан төрт батыр ет асым уақыт алдырмады. Төрт мергеннің екпініне шыдау қиын еді. Биік дөңесінде шайқас жайын қарап тұрған Жошы ханзада Құнан ноянды шақырып:
– Қалқаншыларды бастап апар. Анау төртеуін қалайда тірі ұстаңдар! Мұндай мергендерді өмірімде сирек көргенмін. Сосын, бейкүнә жұрт­ты беталды өлтірмей, бәрін айдап алып келіңдер! – деп бұйырды.
Жүз қалқаншыны іріктеп алып, Сүбітайға жеткенше олар меркіт­тің арбалы тосқауылын бұзып өтіп, ойран-топырын шығарған екен. Жаралы Құду жанын тіге сайысқанымен оны Сүбітай шауып тастады. Ғал батыр Мүңгуірдің жебесінен жайрап, Шылағұн мен Қолтуған тірідей қолды болған еді. Шулаған елді қылышқа шалып, найзаға түйреп жүрген жасақтарды тоқтатқан Құнан ноян, аман қалған мың қаралы тұтқынды айдап Жошы ханзаданың алдына әкелді. Қатарлай тізерлеп, кіріптар халде, тым аянышты кейіпте отырған меркіт­терді түгел аралап шықты. Емшектегі сәбиін бауырына баса, тұншыға жылаған әр түрлі жастағы ене-қатындар, ап­пақ қудай, бір тұтам самай шашы үрпиіп, белі бүкіс тартқан қарт­тар, әжімді жүзін жас жуып, күңірене жоқтау айт­қан қарт әже-екелер…
Әсіресе ханзаданың назарын өзіне тартқаны кәріліктен әбден қаусаған, селдіреген бес өрім бұрымын түгел тарқатып, кеудесін аша, кәрі інгендей суалып, салбыраған қос омырауын сауа, Жошының алдына еңбектей жеткен кейуана болатын. Қарт­тық еңсесін бүгіп, түбіне жетсе де, суалған жылғадай жас шықпаған көзінің оты әлі сөнбеген кейуана еңірей отырып, ханзадаға бүй деді:
– Тәңірі өзі жаратқан меркіт­тің басынан бақ-жұлдызы ұшып кет­ті. Оны ұшырса, Тәңірі ұшырды. Қылышың қанға шөлдеп тұрса, мені шап! Екі омырауымның қақ ортасын қақырата шап! Сендер ішіп өскен Селенгі мен Толы суындай қос емшегімді аштым, міне! Қылышың тойса, қалған қанымды өзің іш! Шауып көр, омырауымнан бәлкім қан емес, сүт ағар! Сүт болмаса, Селенгінің суы ағар! Мені шауып, шөліңді бас та, жібер, мына зар-еңіреген қатын мен баланы! Меркіт­тен де жер бетінде бір уыс тұқым, төгілмеген тостақ қан қалсын!
Мына ащы зарға, өңменіңмен өтіп, жүрегіңді қырық паршалап, іші-бауырыңды аш қасқырша жұлмалайтын уыт­ты сөзге, көз көріп шыдамайтын мына көрініске бұдан ары төзе алмады. Кері бұрылып кет­ті. Сүбітай мен нояндарын түгел шақырып:
– Мына соры қайнаған жұрт­тың соңғы тамшысына еш жәбір, қорлық жасамаңдар! Бәрін тірі қалдырыңдар! Аш-арық қатын бала мен қаусаған кәрілеріне кеңшілік қылып, қосын азығынан тамақ беріңдер. Бастарына қос тігіп, ат-көлік беріп, еркіндікте ұстаңдар. Кімде-кім қарсы шықса, «Ұлы Жасақ заңымен» басы шабылады! – деп бұйырған.
Омырауын аша, ханзадаға зарын төккен кемпір – Есугейдің кіші ханымы, Бектер-Бөрі мен Белүтайдың шешесі, кезінде бала Темужінге кектеніп, Тарғытай қырылдақ жағына шыққан, соңыра меркіт Қағатай балуанның қосағы болған Сөчигіл еді. Қайран, Сөчигіл!.. Өгей болса да, түрік жосыны бойынша, немере мен әже-еке санатындағы екеуі бір-бірін таныған жоқ.
Күн кешкіріп қалған. Шабынды жұрт­тан алыстап, қырқа бойын қуалай, аман қалған меркіт­тің тамтық жұртын ортаға ала, қоралай қос тіккен қалың жасақ тынығуға кірісті. Самаладай жанған әр ошақта қағанат жасағының жорық асы – сүрборсы қайнап, төңіректі сүрі ет иісі алып кет­ті. Көшпенділер даласының ең жұпар, ең тәт­ті, ең сағынышты иісі – бұл!
Таң ата дабыл қақтырған ханзада қолын оятып, ас-ауқат ішуге бұйырды. Күн көтеріліп, қолдың алды қозғалып жатқан сәт­те Жошы ханзада кезінде дүркіреткен меркіт ұлысының соңғы батырлары, ағайынды Шылағұн мен Қолтуғанды алдына келтіріп, байлауын шештірді. Көрген көз тоярдай, екеуі де келіскен жігіт­тер екен. Қызыл көрген бүркіт­тей жанарлары от шашып, еңсегей тұлғасын еңкейтпей, есіктей кеудесін тік ұстап, ханзадаға тіке қарайды.
– Сендер төрт жорықта да қирай жеңілдіңдер. Бірақ жеңіліске мойынсал болған емессіңдер, – деді Жошы. – Қаған әкем сендерді қаншама рет қуып жіберсе де, Селенгіге неге келе бересіңдер? Көңілінде болсаңдар да, көзінде жүрмей, сол жау шақырғыш Барғұжын-Тоқымды, Селенгі айдынын айналып, кетпей қойдыңдар. Енді міне, бектерің өліп, белдерің кет­ті. Селенгі суы көздеріңнен мәңгі ұшты… – деді.
Шылағұн міз бақпады. Тумысынан қызуқанды, үйірсек Қолтуған:
– Селенгі – үш меркіт­тің анасы! Біздің мейірімді әже-екеміз. Арманымыз – сол топырақты қорғап, сол топырақта өлу! Бізде басқа мұрат болған емес. Меркіт­тер ана бауырынан алысқа ойнап кеткен кішкентай сәби сияқты. Анасын өрт шалса да, қасқыр жеп, жау талап жатса да, ене құшағына қайта ұмтылатын сәбиміз – біз. Тірі жүріп, Селенгіні тастай алмаймыз. Қоя берсең, түбі қайта ораламыз!
Ханзаданы зілмауыр ой құрсады. Аңтарылып тұрған қолға «Ат­таныңдар!» дегендей ым қаққан. Қорғаушы мыңдығын алып, Құнан ноян Жошының қасында қалды. Аз-кем әңгімеден соң ханзада қосардағы жорық атын Қолтуғанға беріп, Шылағұн мерген Құнан ноянның қосарына қонжиды. Қатарласа әңгімелескен екі көшпенді – арғы түбі бір түріктен бүршіктейтін, Есугей батыр тұсында, оқият­тан басталған «Жесір дауынан» тұтанған өрт­тен бітіспес жауға айналған елдің екі батыры ептеп татуласып қалған. Түріктік, көшпенділік өр қан, дала дағдысы сіңірген сезімтал көңіл табыстырған екеуі бір-біріне сенген еді.
Жошы Ханзада:
– Сені атақты мерген деп естимін. Жойқын жақкер екеніңді кеше көрдім де. Садақ тартшы, кірбең тартқан көңілді ашайық, – деп Қолтуғанға қанжығасынан сала құлаш арыс жақты шешіп берді. Өзі күтпеген сенімге, өзіне деген риясыз көңілге жүрегі «шым» еткен Қолтуған қылшанды жақты ала, атын тебініп жіберіп, сонадайға шауып барып тоқтады. Алдымен арқар мүйіз құрама жақты олай-былай толғап алды да, адырнаға жебе қондырды. Зау көкке құлашын кере тартып жіберіп, көз ере алмас жылдамдықпен екінші жебені суырған. Сонау аспан төсін жара, суылдап ұшқан ағаш оқ көз көрмеске жетіп кері қайта бере, екінші жебені тартып қалған. Бірінші ұшқан оққа тиіп, масағын қақ айыра ханзаданың алдына келіп түсті. Қалт еткен сәт­те, ойын жинап үлгергенше көз алдынан өткен мына сұлу шеберлікке таңдай қаққан ханзада Қолтуғанды алқай, айырықша ықылас білдірді. Қолтуған кере құлаш жақты қайыра ұсынған.
– Ер екенсің! Арысы – Сегіз-Мүрен, берісі – тоғыз татарға атағың бекер жайыл­мапты. Сендей батыр аман қалуы керек. Қаған әкемнен ағайынды екеуіңнің басыңды сауғаға сұраймын. Менің жасағыма өтіңдер. Басқа тұрақ қалған жоқ, мына жер үстінде…
Жошы ханзаданың мәрт­тігіне сүйін­ген Шылағұн да біртіндеп жадырай, әңгімеге араласқан еді. Екі ортаға ымыра мен татулық жүгіргендей. Қалың қолдың соңынан жетіп алған олар кеш түсе быдырмақ адыр арасына келіп қонды. Ханзада байлаудағы өзге меркіт­терді де босат­тырып, жаралыларын Мұқу-шеренге қарат­ты. Суықтан мазасы қашып жылаған балалар мен шабынды жұрт­тан еріп алған ит­тердің ұлығаны жаныңа шаншудай қадалады. Сөчигіл меркіт­тердің түнгі күбір-сыбырынан қол бастап жүрген мейірімді батырдың Темужіннің үлкен ұлы Жошы ханзада екенін білген. Өзекке шоқ болып түсіп, жүрегін қос қапталдан қарыған өкініш оны ой шүңетіне батыра берді. Әлі есінде ғой, Бөрте-бикенің құрсағы Жошыға ауырлаған кез­де Темулүн екеуі айналып-толғанып жүретін. «Аман-есен тусаң, Өгеліннен сұрап, өзім бауырыма салып аламын. Бектер Бөрім өлді, Белгүтайымның артынан ерген қара жоқ…», – дейтін. Ол кез­де қуғын-сүргінде, аш-жалаңаш жүрсе де бақыт­ты екен.
Таң ағара от жағып, тамақтанған қосын атқа қонып жатыр еді, артқы шарлауда қалған кезіктердің ат дүбірі мен айқайы бәрін елең еткізген. Бұл айқай байтақ қағанат пен алып Хорезм арасындағы ең алғашқы жорық ұраны іспет­ті еді…
– Артымыздан қалың қол қуып келеді. Өте көп жасақ! Аты да, адамдары да, көтерген туы да мүлде басқа. Біз көрмеген жұмбақ адамдар. Тебіні өте күшті!
Тізгін-шылбырын шұғыл жинаған Жошы ханзада айнала шеп құрып, соғысқа дайындалуға бұйырды. Жай күнде күзет міндетінде, жорықта майданға түсетін Құнан мыңдығы сымдай тартылып, садақтарын сайлады. Көз ұшындағы алыс қырдан төңкерілген бейтаныс қалың қолдың қарасы да көрінген. Тым көп, жүрістері екпінді. Бұған де­йін Тоғайлыда, таңғұт пен шүршіт майданында не бір қияпат шайқас сындарынан өткен нояндар да, жасақтар да еш сасқан жоқ. Ат айылын бекем тартып, жарағын сайлап, берік шеп құрған қағанат қолы Жошының бұйрығымен шұғыл майданға сайланды. Екі шет жандауыл қосынға кілең садақшыларды, жасауыл шепке жеңіл ат­ты қолды қойып, Сүбітай батырды қасына шақырды.
Әлқисса, Тәңірі қиюын келтірсе, күншығыс пен күнбатыс бір ноқат­та табыспай ма? Бұл келген Сартауыл сұлтаны Мұхаммедтің өзі еді. Жыл сайынғы дағдымен Хорезмнің түстігіндегі Қаңлы-Қыпшақ даласын аралап, күшейген руларды, жасағы молайған тайпаларды үнемі шауып, олжа жинап қайтатын. Сейхұндария бойын түгелдей сүзіп, алты түмен жасағының қылышын мұндағы жазықсыз көшпенділердің қанымен суа­рып, ауыр шапқын жасап келе жатқан беті. Өзі тегі түрік болса да, соғдылардың ықпалымен жартылай сарт­танған, ислам атын бүркеніп, қит етсе «Дінсіздерді жазалау» деген желеумен айналасын ойсырата шабатын. Ерте түскен суықта беті қатқан Сейхұннан өтіп, Торғай даласының біраз жерін қандаған. Кеше меркіт­тердің шабылған жұртының үстінен түскен еді. Жансар жатқан біреуімен сөйлесіп, Жошы ханзада қолының шабындысына түскенін, олардың ұзай қоймағанын білген. Сонымен түнделете қуып, таң ата жеткен беті осы-тын.
Қара бұлт­тай түйіле, батыс тараптан жеткен қалың қол ханзада шебіне төне келіп тоқтады. Айлакер Жошы жау келгенше жасақтарын ұзына тегіс дөңеске, шеп жүзін батысқа бұра, өте оңтайлы орналастырған екен. Күздің күні қат­ты өткір болмаса да, күн жүзіне бағыт алып соғысу жау үшін тиімсіз. Аяқ асты пайда болған белгісіз көп жаумен сөйлесуге ақылшы Кете ноян кет­ті. Жау шебінің ортасындағы биік дөңде алтын сәлделі тәж киген, еңгезердей сақалды біреу қазмо­йын арғымақ мініп, қаруы сықырлаған көп батырын екі жағына ала, маңғаз қарайды. Зайыры патшасы немесе бас қолбасшысы осы болса керек. Ту көтерген біреу шауып келіп:
– Сендер Ұлы Хорезм сұлтаны Ала-ад-Дин Мұхаммедтің алдында тұрсыңдар. Иелігіміздегі жерге баса-көктеп келіп, қару көтеріп жүрген кімсіңдер? – деп ақырды.
– Біз – Шыңғыс қаған құрған Ұлұғ Ұлыстың жасағымыз. Мұнда сендермен соғысу үшін емес, өз ата жауымызды қуып келгенбіз. Оларды талқандап, ұлысқа қайтып барамыз.
– Іштеріңде Шыңғыс қаған деген татар бар ма? Сұлтанымыз сонымен ғана сөйлесемін дейді.
Кете ноян қапталындағы жасақты Жошы ханзадаға жұмсады. Сыдырта желіп, алға шыққан ханзада:
– Мен – Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошы ханзадамын. Сартауылға соғыс іздеп келгеніміз жоқ. Қаған әкем маған: «Хорезм қолымен кез­десіп қалсаң, ешқашан соғыспа», – деген. Сұлтаныңа айта бар. Меркіт­тен тартып алған олжаның бәрін соған қалдырайық. Бізді жөнімізге қоя берсін!
Ат басын бұрып, кері қайт­қан жасауыл дөң үстінде маңғазданып тұрған сұлтанның алдына барып, әлденелерді сөйлесті де, қайыра шауып келді.
– Шыңғыс хан дегендерің бізбен соғысуды бұйырмаса да, сендер сияқты дінсіз жабайыларды жазалауға Алла мені жіберген. Горхан деген де, Күшілік деген де – сендермен ұялас бір мәжусилер. Қазір менің қаһарлы қолымның сыбағасын алыңдар! Шыңғыс деген мәжусилер патшасы менің күшімді бір көрсін!
Қаншама тырысып, шайқассыз шегінетін жол іздесе де, мыналардан соғыспай құтылмасын анық сезген ханзада, түмендеріне жанын сала қырғын жасауды бұйырды. Бар жайды бағып, үнсіз тұрған намысқой жасақ соғысқа белсене, қиқулап кет­ті. Жау саны өздерінен үш есе көп, алты түмен сайланған жасауыл.
Жошы шебінің екі бетінен суырыла шыққан сегіз мыңдық жасақ екі қанатқа айнала садақ сайлады. Бұлар ағайынды Түңке мен Қашы мергеннің ең айтулы жақкерлері-тұғын. Әр жасақта үштен арыс садақ, төрт қорамсақтан. Әр қорамсақта жан алғыш отыз жебеден. Одан ке­йін айбалтасын көлденең ұстаған Бұқа мен Күй-Темір ноянға ере екі мыңдық жеңіл жасақ Сартауылдың орталық шебіне қарай сымдай тартылды. Сүбітайдың құрыш арбалы мыңдығына Байқы ноянды бас етіп, оған руы қаушын, Борағұл ноянның немере інісі Құштай мыңдығын тіркеп, өз ыңғайы­на алған ханзада жаудың сол қанатына қадалмақ. Сүбітай атақты батыры Құтан ноянмен бес мыңдық алып, оң қанатқа тіке шап­пақ. Қасына Тоқұшар ноянды шақырған ханзада оған: «Сен Кет-Бұқамен бірге жасағыңды екіге бөліп, қырқа-қырат арасымен көрінбей бар да екі бүйірден қырғидай ти, сұңқарша соқ!» – деді.
Биік дөңесте атынан түсіп, кілем жайдырып, алдында дәмді құзыр алдырған Мұхаммед сұлтан дінсіз жабайылардың қалай қырылғанын тамашаламақ болды. Қасына үлкен ұлы Жәлел ад-Динді, хан-бектерін, ишан-хазіретләрін алып, дұға оқуға бұйырды. Көп күтпей шайқас басталды.
Хорезм шебінің екі қанатынан суырыла шыққан бір түмен Жошы шебіне тап берді. Қалғаны қозғалған да жоқ. Түстіктен терістікке екі қатар болып тізілген Қашы мен Түңке жақкерлері жау топаны «әй» дейтін тұсқа келгенде кере тартып, суылдаған ажал оғының астына алды. Сегіз мың арыс жақтан үздіксіз тартылған жебеден жау түмендерінің қатары мүлде селдіреп қалған. Сасқалақтай бастаған жау шебінің оң қанатына оқша атылған Сүбітай қолы қақ жарып өтіп, алапат майдан ашты. Бес мыңдығымен қақ ортаға оқыс тиген Құнан ноянның екпіні тым сұрапыл еді. Төпелеген жебеден ұйқы-тұйқысы шыққан жаудың сол қанатын екі рет жарып өткен Жошы тобы аралас ұрыста басымдыққа жет­ті. Түс ауғанша сапырылысып, бірде оңға, бірде солға аунаған көшпенділер қолы арасын бытырай шауып, жайпап өтеді де, қайта ұйысып, әлсірей бастаған тобына жетіп үлгіреді. Ат­тылардың соғыс тәсілі мүлде бөлек еді. Ширақ, тым әбжіл. Ойламаған жерден тапап өтіп, кері қайтады да алыстан садақ атып, жақыннан сүңгі қадайды. Атқан оғы да оқыс. Үш жебесінің екеуін өлер тұстан қадайды. Сілтеген сүңгісі құр кетіп, шапқан қылышы турамай қалмайды. Ат­тары ентіккен, айылы босаған, қылшаны құр қалған жасақты артқа өткізеді де, тың күші кезек алады. Жасақ қаруын күзеткен жүздіктерге келіп, майданға мінер қосарларын ауыстырады, қылшанын оққа толтырып, майырылған қылышын тастап, жаңасын алады.
Екі бүйірден кезек қысқан Тоқұшар ноян жасағы екі қанат­ты талқандайды да қайта шегінеді. Қашып барып, неше бөлікке бөлінеді де, хорезм қолын ыдыратады. Сосын, қайта ұйысып, лезде тап беріп жайпап тастап, әуелгі әрекетіне көшеді. Оң мен сол және алдыңғы бет­те қиқу салған көшпенділер қолының мақсатын түсіну мүмкін емес. Сәт сайын өзгеріп, сәт сайын шашылады. Сосын қайта бірігіп, қара бұлт­тай түйіледі де, тиген жерін тапап өтеді. Шах жасағы тым астам еді, сондықтан ұрыс жоспарын дұрыс қоймай, көп адамы шығынға ұшырап кет­ті.
Түс ауған шақта Хорезм қолының алдыңғы тобы берекесі қашып, қатары селдірей бастаған. Тура сол сәт­ті аңдыған Жошы ханзада Байқы мен Құштай мыңғандарды Сүбітайдың құрыш арбалы қолымен қоса алып, тура сұлтан отырған төбеге тап берді. Айқаса жол тосқан қарсы жақтың бес қабат тосқауылын бұзып өтіп, құрыш арбалы топты алдыға оздырған еді. Айнала атылған жау жебелері жасақтың ішінен берен киген қос қабат тері сауытынан, ат­тардың шашасына де­йін құрсаған кежімінен өте алмай, табан астына сауылдап түсіп жат­ты. Күз күнінде әбден жараған жорық ат­тары ауыздығын шайнай алға атылады. Майдан өтінде сұлтан күзетін қарайтын бес мың ат­ты жасағын қирата соққан құрыш арбалардың соққысынан жан-жаққа тозып кеткен. Шауып келе жатқан ханзаданың ат үстінен тартқан аса қарпымды жебесі сұлтанға тақау ту ұстап тұрған жасауылдың жанын қиып түсті. Сонда барып есін жиған Мұхаммед сұлтан арғымағына міне, қасындағы ишан-хазіретләрін тастай қашқан еді. Осы жасына де­йін не бір майданды көрген оның үрейі ұшып, жаны бойынан қырық кез көтеріліп кеткен-тұғын. Көлденеңнен киліккен Хорезм батыры Темір-мәлік болмағанда сұлтан басымен Жошы ханзадаға қолды болар еді.
Қалың қол да сұлтанға ере дүркірей қашты. Құрыш арбадағы жебеден қорамсағын толтырған мергендер тобы қуалай атып, бір шет­тен сыпыра бастағанда, қашқан жау қайта тап берген. Қаумалай ұмтылған қалың нөпірдің арасында айналасы екі мың жасағымен қалып қойған ханзаданы көрген Бұқа ноян айбалтасын қырқай сермеп, бір шетінен бұзып өт­ті. Жошының құрсау арбадағы ұзын сүңгілі жасағына жеткен ханзада мен Бұқа ноян қаумалаған екі қатарды ат екпінімен сөгіп, Сүбітай жасағына жеткен еді. Дөңес-дөңесте, сай-жылғада топырлай өлген жау жасағының топаны тым көп-ақ. Күн батып, көз байланар шаққа де­йін жалғасқан ұрыста, Жошы ханзада қолы үстем шықты. Сайыса шегінген жау қолын біраз жерге тықсыра қуып барған Бұқа ноян қараңғы түсе қайт­қан. Екі жақ та қансырап, әбден қалжырады. Ат­тар болдырып, майдан өтінде ыңырсыған жаралы жасақтардың дауысынан қай жақтікі екенін айыруға әбден болады. Шеп құрған жеріне жиналып, нояндарын санап, қолын түгендеп еді. Байқы мен Құштай ноян жараланып, жүз қаралы жасағы Тәңір алдына кетіпті…
Бір шырға ойлаған ханзада түнде өздері қонып шыққан жерге лаулата от жаққызды. Бәрі тамақтанып болған соң, Бұқа ноянды бас етіп, өз жасақтарының жаралы қалғандарын іздетіп, өлген қолдың мәйітін түгел жинатып алды. Оған қоса майдан даласынан мол қару-жарақ олжалады. Сосын қолды түгелдей атқа қондырды да, от­ты өшірмеген қалпы суыт шегінді. Меркіт­терді алып, түнімен суыт тартқан қол алты күн дегенде Арғанатыға ілінді. Артқы шарлауда қалып, үш күннен ке­йін келген кезіктердің айтуынша, сұлтан қолы да сол түні шегінген бойы Қойлы өзеніне бірақ тоқтаған екен. Олардың да түнгі шарлаушылары Жошы шебінде лаулай жанған от­тарды көріп, келуге батпаған еді. Ертесі таң атқанда барып, аса қанқұйлы, жылдам, шегіншектеуді білмейтін ат­ты жаудың алысқа кеткенін білген.
Биік дөңесте Жошының қолына тірі түсе жаздаған Хорезмшах сол күннен бастап белгісіз сырқатқа шалдыққандай, буын-буыны қалтырап, өнбойы сал тартып, жата бергенді шығарған. Отырарға зорға жетіп, он күн тыныстап, Самарқандқа барған соң ай бойы сыртқа шықпады. Ұйықтаса болды, қып-қызыл қан теңізіне мың сан жебесін малып, өзін атқылап жатқан тері сауыт­ты, құрыш арбалы ат­ты жасақты көреді.
Жаратқанның өз ісі тек өзіне аян-дүр. Өзін «Ұлы Хорезмнің шахы, Мұхаммед Ала-ад-Дин сұлтан, күллі мұсылманның қорғаны» деп санайтын шах шындығында, Жошы ханзадамен кезіккен сәт­тегі бірінші сәтсіздігінен соң-ақ, рухани тұрғыдан да Жошы қолынан жеңілген болатын. Айналасына «Өмірімде осындай жылдам, осындай ержүрек жасақ көрмеген екенмін», – деп қайталай беріпті. Бұл сәтсіз соғыста бойын дендеген рухани жарақат – жеңіліс үрейі ендігіде оны қаһарлы шах айбарынан айырған…* (Сұлтан кез­дескен жасақ бар-жоғы мұхит­тың бір тамшысы, ұлыстың бір бөлшегі, шаштың бір өрімі ғана. Мұндай болғанда, сонау жұрт­тың күш-қарымы, қуаты өзінен қаншалықты артық екенін көзімен көрді және түсінді. Жүрегін үрей, көңілін күмән, ойын сенімсіздік жайлап, қат­ты шошынды. Жубәйни. «Тарих-и жаһангушай»)
Жошы ханзада хорезм қолымен бет­тескен сәт­те олардың төрт жүз қырық тоғыз керуеншіні жазықсыз өлтіргенін мүлде естімеген. Соңғы келген елшінің басын шауып, қасындағы екеудің сақалын өртеп, ауыр қорлыққа салғанын да білмейтін. «Сахараға қолымды қайтарып, ордалы ошағымда, шешем мен әже-екемнің қасында қалған өмірімді тыныш өткіземін. Онан мен Селенгінің ортасында жылқы бақтырып, аң қуып, ендігі соғысқа араласпаймын», – дейтін. Қайдам, оның алдында қытай жорығынан бетер сұрапыл майдан, Жұңду қорғанынан бір кем емес берік қамалдар күтіп тұрғанын ақкөңіл батыр қайдан білсін?..
Арғанатының тусыған қойнауларында қолын үш күн тынықтырып, сайыста өлгендерді жыралардан жәм қаздырып, жерлет­ті.* (Ұлы Жасақ заңында: Майдан даласында өлген жасақтың бәрі жерленеді. «Қастерлі шежіре».) Шығысқа
бет алған Жошы қолы Балқаш-Көкшетеңізді бойлай, Жебе ноянға келіп қосылды. Ұлұғ Ордадан хабар алған екен, «Жебе ноян түмендерімен сонда қалсын!» деген жарлық түсіпті. Ат-көлік ауыстырып, жарағын сайлап, үздіксіз тартқан ханзада қағанатқа қайтар жолын басқа бағытқа бұрған еді. Терістік Алтай қалың қар астында қалар мезгіл болған соң, Жібек жолы бойын сонарлап, шығыс Тәңір тауындағы Боғда шыңының баурайына келгенде күн қат­ты суып кеткен еді. Айдаудағы меркіт­тердің қарт­тары мен жас балалары қат­ты жүріске көндікпей, бір-бірлеп өле бастады. Кеудесінде қу жаны қалған Сөчигіл кемпірдің де жағдайы қиын-тұғын. Жошы ханзада ол жайлы мың сан қатпарлы құпия сырдың бірін де білмеген күйі кет­ті… Нояндарымен кеңескен ханзада тұтқындардың бәрін осында қалдыру бекіміне келген еді…
– Сендерді айдап, шөл даланы кесіп, қарлы тау асып жүрген соң, түмен қолымның жүрісі өнер емес. Ордаға апарсам, бәріңнің жаныңа сауға сұрап алу да қиын. Қаған әкем кешірмесе, осындағы меркіт атаулының обалына қаламын. Сүбітаймен ақылдаса келе, сендерді осында қалдырмақпын.. Бұл таудың баурайы құт, құшағы кең деп естимін. Осында қалып, жан сақтаңдар. Тек, енді қаған әкемнің көзіне ешқашан түсуші болмаңдар! Шылағұн мен Қолтуған менімен бірге ордаға барады. Мұхаммед сұлтан жасағымен соғыстағы жеңісім үшін болса да, жандарын қиып, маған нөкер болуына келісер.
Осыны айт­ты да, жасақ қорынан қысқа қажет­ті дүниенің бәрін бергізді…

 

Ұларбек ДӘЛЕЙ

ПІКІРЛЕР4
Қонақ 27.05.2024 | 15:44

Кейбір жері шұбалаң, үзінді бергенде түзетілмеген, кей тұсы ширақ тәп-тәуір.

Қонақ 29.06.2024 | 18:05

Ұрыс Жем өзені (мұран) бойында болғаны «жазушының» қаперінде жоқ сияқты. Ырғызды,Айрақтыны Ұлытауды жазсам болды дейтін сияқты. Жошы өмірі ақырында батыста Каспий даласында қайтады. Бұл жағы «Жошы хан көшпенді тайпаның ұлы» романында жақсы суреттелген.

Қонақ 29.06.2024 | 18:14

Мен соңғы қонақтың айтқан кітабын оқыған едім. Айтқандай батыстағы теңіз, қыпшақ (қазақ) даласының жер астынан шығып жатқан мұнай бұлағы туралы жақсы жазыпты және кісі аттары да біреудің жазғанын көшіріп қайталаудан гөрі, қазақ халқының эпостық, мифтік есімдеріне жақын, ұлттық фолклорінен алынған есімдер болып келеді.Маған бұл екінші роман үзіндісі еш ұнамады.

Қонақ 13.09.2024 | 12:26

Романды екі қайтара оқып шықтым. Тарихқа жаңа көзқараспен, мүлде басөаша стилбмен жазған. Оқырман уақытын үнемдеуді ойлады ма, кей оқиғаларды шолақ қайыр салатын жерлері бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір