Аппақ әлем, әлде бұл – періштенің түсі ме?
05.03.2024
340
3

Сәулеш ШӘТЕНОВА

ДОСТАР
Жақын дегенімнің көбі жатқа айналды,
Жақындасам жатырқайтұғын сескеніп.
Оңашалықтың отауында қалып қойғанмын,
Жалғыздықпенен дос болып.

Құлазыған сол отаудың керегесінен жел үреді,
Туырлығын желп-желп желпітіп.
Жылап отыр алаңғасарлау жүрегім,
Құлай салған, құшағын жайып көлк етіп.

Жұбатар мені мейірімді созып қолдарын,
Доссыз-ақ келем өмір дейтұғын жолда әлі.
Бәлкім, оларға нұрымды сыйлай алмадым?
Бәлкім, оларға қажетім менің болмады?

Бәлкім, тарлау көңілдің қысастығы ма, ей,
Жарты жолда мені кеткені жөн-ді тастамай.
Достық деген– жүректің ұқсастығы ғой,
Бәлкім, олардың жүректерінің түсі басқалау.

БІР САРЫН
Қараңғыда адастырмайтын шырағым болды,
Шығармадым уысымнан.
Есер құлақ ұқпайтын бір әнімді оңды,
Жұлдызды көкке ұшырам.

Жаңылдырмайтын жарығым болды,
Боталай алмайды тұмса мұң.
Сәулесін шашып жаныма қонды,
Түнектен жеткен бір сарын.

Қайың бесікке сап әлдиледі.
Басыма жусанды байлады.
Жын менен пері тимеді,
Иісініп тұр Ай да, әне.

Бөрі болып жортсам да,
Жетім тайлақтай маңсам да.
Сол сарын мені жолға сап,
Айылымды тартады талсам да.

Көріктің үніндей күмбірі,
Темірдейін балқытты.
Жүректің түбінен тамған сырлы үні,
Теңіздейін шалқытты.

Қабыланның терісімен тысталған,
Даңғырамды қағайын.
Қараңғыны қақ айыра сүрлеуімді нұсқаған,
Шырағымды қолыма алайын.

Ол барда мені жау алмайды,
Ол барда мен жоғалмаймын,
Ол барда мен өлмеймін.

«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз».
(М.Мақатаев)

Бәз біреуге мәнді-әнді гүл-шырын,
Керенау күн өте шықты…Қырсығын!
Көзіне ілмей шымшық екеш шымшық та,
Ұшып кетті көкке қадап тұмсығын.

Үңілуге қабілетсіз сырына,
Ойын-тойдан жалықпайтын мыңы да.
Күллі әлем көзге ілмейтін жүрегі,
Күллі әлемнің ауырады мұңына.

Күллі әлемнің оныменен ісі не?
Оянады жұмақ кіріп түсіне.
Қарны тойып, билегенде мас қауым,
Түнереді той-топырдың ішінде.
Көзіне кеп үңіледі Ай ғана,
Көзге ілмейді той мен топыр айнала.
Бір бұрышта біреу отыр елеусіз,
Ащы судан ұрттап қойып жай ғана.

Есалаң той сәлден кейін тарқамақ,
Мұң балталап, жүрегін ой жаңқалап.
Елеусіздеу кетіп бара жатады,
Күллі әлемнің күллі мұңын арқалап.

Күллі әлемнің мұңы жетіп түбіне,
Өлерінде айналады іріге.
Елеусіздеу біреу көрдім бұрыштан –
Е, Мұқаң айтқан көп жалғыздың бірі де…

Әлдекімдер мені тіпті жаңқа құрлы көрмеді,
Әлдекімдер құрақ ұшып орнын берді төрдегі.
Әлдекімдер садақ атты сыртымнан,
Ал мен бірақ өлмедім.
Қайратымды қара тасқа жаныдым,
Шақпақ болды, от шықты.
Ақиқатты ақ бөз мата тәрізді,
Ішімдегі Тәңірім деп таныдым.
Көгімдегі ал Тәңірім қолдаса,
Талай жерге жетер әлі жарығым.
Тоңғандарды келді сосын жылытқым,
Сынығымен сәулемнің.
Тоздырдым да жылдарымды үгіттім,
Уақыт бірақ мені мүжи алмады.
Бүтіндемек болдым барша сынықты,
Құралмады ол әлі.
Шындықты іздеп шемен болды жүрегім,
Қорқақ болды ал тілім.
Көзім батыр, құр бозарды реңім,
Терең мені батырды, тек көбігін қалқыдым.
Жер қайысқан түменім жоқ, түменім,
Жалғызбын да жалқымын.
Ақиқатым өлмесе екен тек қана,
Қойдай халқым желге ығып барады.
Жүрек от-ты, қалғаны одан шоқ қана,
Үрлегендер тек жандыра алады.
Ақиқатымды өлең қылып тасқа жазып кетемін,
Кейінгілер тауып алса жарады.
…деген шығар Күлтегін.

АППАҚ ӘЛЕМ
Жазбақ болдым бір өлең
аппақ-аппақ қар жайлы,
Аппақ әлем ішінде бір алалық болмайды.
Адамдығын ұмытқан адамдардан жоғалған,
Бәлкім, қардай тазалық және аппақ ар жайлы.
Аппақ әлем, әлде бұл періштенің түсі ме,
Ұшып кеткен ақ нұрдан көлеңкесін түсіре?
Аппақ әлі жүрегін кір шалмаған баладай,
Еніп кетсем алаңсыз ақ шымылдық ішіне.
Аппақ әлем – аңызым балалығым ап кеткен,
Аппақ түсі бірақ та жүрегімде қап кеткен.
Жұлдыздарды уатып, уыстап ап шашады,
Қар ханшайым тағында сона-а-у
жеті қат көктен.
Қалғып кеткен ақ дала…
Бұта кенет селт етті,
Сүңгі – көздің жасындай
(қатып қалған) мөлт етті.
Жылда бізге табиғат ертегі оқып береді,
Тыңдайтұғын жүрек аз, әттең,
мынау ертекті.
Ал ертегі, ертегі қарап тұрсам бекер-ау,
Ақ торғыны желбіреп дәл жанымнан
өтеді-ау.
Алақанда еріген мына аппақ қар-сынды,
Аппақ әлем ғайып боп ертең еріп кетеді-ау…

* * *
Мен тауларға қарадым:
Одан да шыңдай биік сені көрдім.
Ойларымды ормандай тарадым,
Ойыма да қосылып өріле бердің.

Мен теңізге үңілдім:
Тереңінен тағы да телегей сені таптым.
Сенің әрбір сөздеріңдей құбылды,
Маржандары сұп-сұлу әрі қатты.

Мен аспанға көз тіктім:
Өзің тектес баратты қыран ұшып.
Сені елестетті жел тіпті,
Құшағына алатын құрақ ұшып.

Мен түнге де қарап ем:
Сенің қара шашыңдай желбіреді.
Жұлдыздарды санап ем:
Сенің қара көзіңдей мөлдіреді.

Мен қай жаққа қарасам да,
Сенің бейнеңнен құтыла алмадым.
Сені ойлауменен бал ашам да,
Көкжиекке жұтылады әр Күн.

Мен осылай уақытты өткердім,
Шығарып сап жаз, қыс, көктемді.
Ар жағынан қылкөпірдей өткелдің,
Өте алмай-ақ кеткем-ді.

…Мен күзге де жеттім
жапырағының тұрған жаны әрең,
Сезім өлді ме ақыры, бәлкім, көз ілді?
Бұрылып алтын түстес Күн көзіне қарап ем,
Сені емес, көрдім өзімді.
* * *
Соңғы кезде болмай жүр бір дерегің,
Хәлім қиын: сағынам, сенделемін.
Жазу үшін жанымның жарақатын,
Сірә, құшынашты іздеп емделемін.
Соңғы кезде бір сәуле нұры жарық,
Бір қырқаның басына шығып алып.
Күннен қуат алмай, көрер едің,
Отырғанын жабырқап, жүзі налып.
Соңғы кезде тізе алмай жырын ақық,
Зіл-батпандай иыққа мұңы батып.
Өзің айтқан өлеңін жаза алмай жүр,
Көрікті ойлар оралмай ойына түк.
Соңғы кезде өмірдің қуанышы,
Құшағына алмайды құрақ ұшып.
Ал уақыт іліп ап қанатымен,
Үйіреді өмірдің ұлы ағысы.
Соңғы кезде өткені – арман бүгін,
Естеліктерді талшық қып алданды мың.
Білесің бе, қалтырап жел өтінде?
Сені күткен бір үміт қалғандығын.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 14.10.2024 | 16:34

Тамаша!

Аноним 21.10.2024 | 12:59

Мықты екен поэзия.

Аноним 19.11.2024 | 10:27

Керемет жыр екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір