ТҰТҚЫННЫҢ ТҮСІ
03.05.2023
331
0

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қол жеткізгелі бері ұлт­тық тарихымыздың беймәлім бет­тері қайта қарастырылып, жан-жақты зерт­теліп жатыр. Солардың бірі – Түркістан өлкесінің ағарту саласына зор үлес қосқан көрнекті қайраткер, бүкіл өмірін жарқын болашаққа арнаған, өскен өңірінің асыл азаматы, ұлтжанды ұстаз, ұлағат­ты мұғалім Әбубәкір Сандыбаев.

Ә. Сандыбаев отбасымен

Жалпы өңіріміздегі мұрағат қорларында ол кісі жайлы дерек мардымсыз. Тек Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының архиві қорындағы құжат­тарда оның бертінде өз қолымен жазылған өмірбаяны ғана сақталыпты. Онда саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған саурандық ұстаз өз өмірі, өскен ортасы жайлы былай дейді:
«Мен Сандыбаев Әбубәкір 1887 жылы туылғам. Әкем Сандыбай өлген соң 4 айдан кейін туған екенмін. 9 жасымда шешем өлді. Содан кейін әркімнің есігінде жүрдім. 1900 жылдан 1903 жылға дейін бұрынғы Жаңақорған болысының 4-ауылындағы Байымбетов Ахмет деген кісінің малын бақтым да, 1903 жылдан 1907 жылға дейін қара жұмыс істедім. Төменарықтағы темір жолда, 1907-1908 жылға дейін Жүлік болысының 8-ауылында оқып хат таныдым. 1909-1913 жылдар аралығында Жаңақорған болысында Байниязов Батырбек деген байдың малын бағып, 1913 жылдан 1918 жылға дейін Түркістан уезінің Ақтөбе болысында диқаншылық ет­тім. Ал 1919 жылдан 1925 жылға дейін Сауран Советінде мектеп мұғалімі болып істедім. 1925-1926 жылдары Шағатай болысы исполкомына заместитель, 1926-1928 жылдары Түркістан уезінде председатель болдым».
Қарап отырсаңыз, 1934-1938 Балтакөл ауылында ауылдық кеңесті басқарып, 1938 жылдан 1940 жылға дейін қамауда болған, ақталып шыққан соң өскен өңірінде түрлі қызмет­терді атқарған, туған жерден табан аудармай, туған елден қол үзбей тер төккен Әбубәкір Сандыбайұлының да көрген азабы, тартқан тауқыметі аз емес. Рас, түркістандық жерлестері Әбубәкір Сандыбайұлының атын ұлықтауда, оның есімін ұрпақ жадында қайта жаңғыртуда бірқатар игі істерге мұрындық болып-ақ жатыр. Өзі ұзақ жыл қызмет істеген Балтакөл ауылындағы мектепте Ә.Сандыбаевтың атында мұражай ашыған, ауылдың көрнекті көшелерінің біріне есімі берілген. Одан бөлек, кезінде қала әкімі Өмірзақ Әметұлының шешімімен қаладағы А.Макаренко көшесіне де Ә.Сандыбайұлының аты беріліп, ілкімді істер жалғасын тапты. Расында да ол – мұндай құрметке әбден лайық азамат еді. Атамыз қазақ та «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп тәмсілдейді емес пе? Бүгінде Әбубәкір әулетінен шыққан ұрпақ та бір қауым елге айналып, оның кіндігінен тараған Ерғали, Мырзағали, Нүрбибі, Сапарғали, Сұлтанғали, Батырғали, Зияда, Жұмағали, Сағынғалилар түрлі салада қызмет етіп, абырой биігінен көрінді.
Әбубәкір ұрпақтары ішінде Сағын­ғали Әубәкіров туралы сөз бөлек. Ол 1948 жылы 7 ақпанда Түркістан ауданының «Жалаңтөс» ауылында туып, 1973 жылы Шымкент мемлекет­тік педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітірген. Жоғары оқу орындарда табысты қызмет еткен. 2002 жылы «Алтын діңгек» ат­ты еңбегін жарыққа шығарып, тың тақырыпқа түрен салады. Өйткені Ә.Сандыбаев турасында қалам тартқандар сол тұста некен-саяқ болатын. Қазір де саурандық мұғалімнің рухани мұрасы терең зерт­теліп жатыр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Дегенмен мұрағат қорларында ол жайлы мәлімет­тер баршылық.
Шыны керек, кәмпеске кезіндегі асыра сілтеу, жергілікті шала сауат­ты шолақ белсенділердің жүгенсіз әрекеті халықтың ашу-ызасын туғызғаны белгілі. 1930 жылдың ақпан айында науқаншылдықты ту етіп, туған халқына тізесін батырған, салықты артығымен жинап, жоғарыға жарамсақтанып қалуды қолай көрген «қайраткерлердің» жосықсыз әрекеті де біздіңше Созақ көтерілісінің бұрқ ете қалуына алып келді. Тіпті мұрағат­тағы құжат­тарда осы ауданның 16-ауылынан 11 пұт мал тұяқтары, сүйектер, мүйіздер, 1 пұт құс қауырсыны, 2 пұт жылқының жалы мен құйрығы, 21 дана ит терісі, 22 дана мысық терісі, 210 дана уақ мал терісі, 47 пұт ескі киіз, 215 пұт шойын мен темір» жиналғаны тайға таңба басқандай анық жазылған. Алайда ақиқат­тан ат­тамаған да дұрыс. Белсенді атаулы бесатарын қоқаңдатып, бет­тің арын белге түйіп, бас көтергеннің бәрін «бандыға» жатқызып, түгелдей елді зар еңірет­ті десек, артық айтқанымыз емес. Сол кезде аудандық деңгейде басшылық қызмет атқарған Әбубәкір Сандыбайұлы көтеріліс басшыларымен астыртын байланыс жасап, халықты босқа арандап қалудан сақтандырып, үкімет әскеріне құр қолмен, айыр-күрекпен қарсы тұрудың құрдымға жетелейтін жол екендігін ұғындыруға қаншама тырысқанымен, шыдамы шегіне жетіп ашынған халық құлақ аса қоймайды. Жазалаушы отрядтың көтеріліске қатысушыларды, яғни «бандыларды» аяусыз қырып-жойып, абақтыға жауып, жер аудартып, елдің бас көтерерлерінің бәрін тып-типыл еткені баршаға белгілі. Біздіңше, Әбубәкірдің осы тұстағы қоғамдық қызметі де жете зерделенгені жөн. Өйткені «банды» ұғымының өзіне байыппен қарап, тиісті тұжырым жасайтын кез келді.
С.Сандыбаев қуғынға ұшырап, сүргінге айдалған әкесі Әбубәкірден амалын тауып, суыртпақтап сұрап білген дүниесін «Алтын діңгек» кітабында былай жазады.
«…ГУЛАГ-тың Сібірдегі лагерьлерінің бірінде мыңдаған саяси тұтқындар ағаш дайындайды. Күн суық, киім жұқа, жұмыс ауыр. Кешке шаршап-шалдығып келгенде беретіні жарты бөлке нан. Еңбек нормаңды орындамасаң ол да жоқ. Арамызда неше түрлі адамдар бар, ешқайсының да жағдайы мәз емес. Қыстың ұзақ түндерінің бірінде қат­ты ұйықтап жатып түс көріппін. Орман ішінде бір терең құдыққа түсіп кетіп, содан қалай шығарымды, не істерімді білмей айғайлап, қат­ты қиналып жатқанда өзім пір тұтатын Қожа Ахмет Ясауи келіп: «Ей, момын пендем, қат­ты қиналдың ғой, ұста мына асатаяқтан!» – дегенде, қос қолыммен шап беріп ұстай алған екенмін. Құдірет­ті күш лып еткізіп жер бетіне алып шығыпты. Содан аруақ, Құдайға жалбарынып, дұғамды бағыштап, түсімді жақсылыққа жорыдым.
Бір күні орман ішінде ат шанамен келе жатсам, әудем жерде үкі қонақтап отыр екен. Жолдан кетсін деп қолымдағы таяқты лақтырып едім, жанды жеріне тиіп, әлгі үкі өліп қалды. Содан үкіні баракқа алып келдім. Саяси тұтқындар арасында Николай Иванов деген биология профессоры бар екен, сол қоярда-қоймай үкіні сұрап алып, одан әдемілеп тұлып жасап, барактың бір бұрышына қондырып қойды. Тұтқындардың барлығы оны қызықтап, тамашаладық. Сол күні лагерьдің бастығы барактарды аралап жүріп, біздің үкіге көзі түсіп, қат­ты қызықты. Ол маған: «Менің қызымның бүгін туған күні еді. Сыйлыққа осы үкіні алып барсам, ол қат­ты қуанар еді», – деді. Мен оған: «Алыңыз, менің атымнан сыйлық деп түсініңіз», – дедім. Ертесіне ол келіп, маған отбасының атынан рақмет айтып, мені асханадағы нан турайтын жұмысқа ауыстырды. Саяси тұтқындар көп болғандықтан, турайтын нанның қоқымы кешке дейін бір дорбадай болып қалатын. Кешке баракқа жиналған соң нанның қоқымдарын уыс-уыс қылып, қасымдағы серіктеріме бөліп беретінмін. Аш құрсаққа бұның өзі әжептәуір күш еді…
1940 жылдың жазына таман түн ортасында мені жасақшылар оятып, тез киініп, сыртқа шығуға бұйырды. Мен асығыс киініп жатып, «орманға апарып атып тастайтын болды-ау» деп қасымдағылармен қоштаса бастадым. Сыртқа шыққан соң жабық машинаға мінгізіп, станцияға әкеліп, саяси тұтқындар мінетін вагонға қамады. Жиырма күндей пойыз тек түнде жүріп, бір станцияға келген соң, мені басқа тұтқындармен бірге сыртқа шығарып, жерге жүрелетіп отырғызды. Абайлап, жан-жағыма қарасам, көз алдымда Шымкентімнің вокзалы тұр, қуанғанымнан жүрегім жарыла жаздады. Көзімнен ыстық жас парлап қоя берді. Содан соң Шымкент қаласындағы абақтыда алты ай бойы тергеуде болып, біржолата ақталып шықтым. Сол баяғы көрген түсімнің орындалғанына көзім жет­ті…».
Сағынғали әке естелігін әсірелемей баяндап, әкесі Әубәкірдің елге оралған соң да сарсаңға түсіп, жоғары орындарға өзінің кінәсіздігін дәлелдегісі келіп, қайта-қайта арыз жазғанын айта келіп, әкесінің Оңтүстік Қазақ­стан облыстық партия комитетіне жолдаған арызын да сөзбе-сөз келтіреді.
«Мен осы арызбен сізге өтініш білдіремін. Коммунист большевик партиясының 1927 жылдан бері мүшесі болып міндетімді атқарып келдім. Партия қатарына кіргелі ешқандай сөгіс, ескерту алған емеспін. Мені Түркістан аудандық НКВД-да істейтін қызметкерлер тұтқынға алды. «Халық жауысың» деп, «кінәңді мойында» деп зіркілдейді. Түрлі істемегенді істедің, ойламағанды ойладың деген айып тағылып, сот­талып кет­тім. Лагерьде жатып жоғарғы орындарға айыпсыз екенімді білдіріп, шағым-арыз берген едім. Сол арызым бойынша маған берген үкімді бұзып, «мені айыпсыз» деп тауып, 1940 жылдың 23 сентябрінде босат­ты. Сондықтан сіздерге мәлім етіп өтінемін, мені бұрынғы стажым бойынша қайтадан коммунистік партияның қатарына анық мүше етіп қабыл етсеңіз деп өтінемін. Партияға кірген уақытым 1927 жылғы 24 март, партбилетімнің нөмері – 1588264. Өзімнің туған жылым 1887 жыл, ұлтым қазақ, тұрмысым кедей. Бұрын да кедей болып келгенмін. Әкем де өте кедей болған. Осы жақтағы адресім – Фрунзе ауданында, «Балтакөл» колхозда тұрамын. Әбубәкір Сандыбаев. 22 октябрь, 1940 жыл».
Әбубәкір Сандыбаевтың нақты атқарған қызметіне тоқалар болсақ; 1925 жылдан 1937 жылға дейін ол Сырдария губерниясы Түркістан қалалық уездік Қосшы одағының төрағасы, аудандық кеңес атқару комитетінің нұсқаушысы, мал өнімдері шикізатын дайындайтын аудандық мекеме басқармасының мүшесі, аудандық жер бөлімі мал шаруашылығы секторының меңгерушісі, Балтакөл селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Буденный атындағы колхоздың төрағасы, Түркістан аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, аудандық жабдықтау конторасының төрағасы қызмет­терінде болған. Одан тыс Түркістан ауданы Шаға болысының аумағында халық шаруашылығын индустриаландыруға арнап шығарылған мемлекет­тік заемды тарату жөнінде үгіт жүргізу, астық дайындау, 1906 жылы туғандарды әскерге шақыру, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің (КазОАК) ірі байлардың дүние-мүлкін кәмпескелеу жөніндегі қаулысын түсіндіру және қоғамдық-семьялық қор жасау, тағы басқа түрлі ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, 1920 жылдардың бедерінде көптеген ауыл мектептерін ашуға, оларға арнап оқу ғимарат­тарын салдыруға мұрындық болған. Қайраткердің айдаудан босағасын да өз аймағына зор еңбек сіңіріп, қыруар жұмыстар атқарғандығын көзін көргендер айтатын.
Әбубәкір Сандыбаев мұраларының мән-маңызына үңілу, оны жас іздену­шілерге тақырып ретінде ұсыну, т.б. жедел қолға алынуы тиіс шаралар кешеуілдемеуі керек. Ал бұл мақала – Сандыбаев жайындағы айтылар сөздің бастауы ғана.

Г. Шардарбекова,
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекет­тік архив басшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір