Ұлтшыл тұлға
Кешегі қарт КазГУ-дің…
Бүгінгі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің босағасын аттаған сайын бойымды әлдебір діріл кезіп, алпыс екі тамырымды толқу сезімі билейді. Қас-қағым сәт ішінде осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы бозбала күніме қайта оралғандай күй кешемін… Әр келген сайын осындай ахуал үстінде боламын…
Шамасы, осынау сезім мен осынау ахуалды оятқан тебіреніс төркінінде өткенді аңсау ғана емес, бүгінге деген құрмет пен ертеңге деген сенімнің де қоса жатқаны анық…
Аңсау құлын-тайдай тебісіп қатар өскен құрбы-құрдастарыңды, ұстаздарыңды көз алдыңа қайыра бір елестетіп, сағыныш әлеміне жетелесе, құрмет төркінінде білім мен ғылымның, әдебиет пен өнердің сырлы, сұлу кеңістігіне алғаш алып шығып, қабырғамызды қатайтқан, ойымызды орнықтырған «альмаматрға» деген ықыластың жатқаны шүбәсіз. Ал сенім төркінінде өткен мен бүгіннен бастау алар ұлт ертеңі мен ел болашағына деген арман-ойлардың жатқаны күмәнсіз…
Бір кездері өзім қабырғасында жүріп, тәлім-тәрбие алған, білім мен ғылымның тұнығынан сусындаған КазГУ туралы ойлаған сайын осынау оқу орнына қатыс-
тары бар он-сан замандастарымның арасынан Университеттің қазіргі ректоры, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ғылым докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың есімі алғашқылардың бірі болып тіл ұшына оралады.
Өйткені…
Ғалымқайыр Мұтанұлы Университет тізгінін қолына алған жеті жыл ішінде ару Алматының осы бір сұлу төріне жайғасқан жоғары оқу орны адам танығысыздай өзгеріп, жасарып, жаңғырып, замана талабына сай жұмыс істейтін білім ордасына айналуы үшін орасан күш жұмсады. Ол өзіне дейінгі қазақтың қазыналы азаматтары мен парасатты тұлғалары басқарған білім төріне «мазмұнына көркі сай» игілікті дәстүрлер мен жаңалықтарды көптеп енгізген «новатор басшы», «тынымсыз ректор» атанды. Оңтүстік астананың бренді іспетті Алматы шаһарының оңтүстігіндегі «КазГУ қалашығында» осы бір қысқа мерзім ішінде алуан түрлі сұлу ғимараттар бой көтерді. Университет замана сұранысына жауап берер соны технологиялық үлгідегі қосалқы оқу лабораторияларымен, оқу кабинеттерімен, кітапхана залдарымен толықты…
Міне…
«Сырт көз – сыншы» дейтін халқымыздың ежелден келе жатқан есті сөзіне ден қойсақ, алып қалашықты ерінбей-жалықпай аралауға кемінде жарты күнін арнаған әрбір жақсыны бағалап, жаңаны көре білер жанкүйер жанның сезінер, аңғарар университет жаңалықтары ұшан-теңіз.
Өз басым, осы оқу орнының ана ғасырда қалып бара жатқан айлары мен жылдарының көзіндей болған «ақ самайлы» түлектерінің бірі болғандықтан, КазГУ өміріндегі әрбір өзгерісті қадағалап жүремін. Маған негізін академик Өмірбек Арсанұлы Жолдасбеков қалаған осынау алып қалашық (өзім аудиторияларында дәріс алмасам да) ерекше ыстық… Әрине, әр жылдарда басшылық жасаған әр ректордың Университет қабырғасына қалдырған өз қолтаңбасы, өз өрнегі, өз ізі бар… Ғалымқайыр Мұтанұлы – сол өрісті тұлғалардың өркенді жалғасы. Бұл – менің ғана ойымды қозғап, көңіліме қанат бітірген жеке адамның пікірі емес, берісі білім беру саласына саналы ғұмырларын арнап келе жатқан беделді, білікті маман иелерінің, әрісі қазақ қоғамына кең танылған тұғырлы тұлғалардың аузымен айтылып келе жатқан баға.
Иә…
Мұндай үлкен бағаға жету табандылықты, алғырлықты, адалдықты, парасаттылық пен білімдарлықты, үлкен ұйымдастырушылық қабілетті керек етері хақ. Бұл айтылып отырған қасиеттердің біразы тектен дарып, сүйекпен бітсе, біразы өмір ұсынған «соқтықпалы, соқпақты жолдарды» игере жүріп, адам бойына «асықпай жүріп, анық басудың» арқасында даритын уақыт еншісіндегі шаруалар.
Басшы болу – кісілік пен кішілікті шебер үйлестіру, ел көкірегін мазалаған сұрақ-сауалдардың жауабын табу, сол жауапты өз ойыңмен өріп, өз сөзіңмен жеткізу, адамтану мен қоғамтануда жаңылмау, асығыстыққа бармау, уақыт үрдісі мен замана үлгісіне сай болу деген сөз. Мен білетін Мұтанов – осы критерийлерге лайық, Тәуелсіздік дәуірі қанатын қатайтып, ойы мен санасын шыңдаған білім саласындағы жаңа тұрпатты басшылардың бірі, бірегейі. Ол – адамшылықты басшылықпен, ғалымдықты қайраткерлікпен бойына қатар үйлестірген кең жүректі азамат.
Бұл сөзді бірер мысалмен бекіткім келеді.
Мен Ғалым ініммен осыдан 16-17 жылдай бұрын Петропавл қаласында ол Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып жүргенде таныстым. Танысуыма себеп болған шара – қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы. Дайындық жұмыстары біраз «кедергілерді» өткеріп барып, үлкен жолға «көп қиындықпен» шыққан ұлы Сәбеңнің ЮНЕСКО деңгейінде өткен мерейтойының әр сәті, әр күні жадымда. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші басшысы ретінде Астана – Алматы – Париж – Петропавловск арасында жүріп жатқан келіссөздердің қою ортасынан табылуыма тура келді. Мемлекет тарапынан Әбіш Кекілбаев басшылық жасаған сол комиссия жұмысына марқұм Мәриям Мұқанова анамыз бен бүгінде арамызда жоқ Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың, сол кездегі облыс басшысы Қажымұрат Нағмановтардың қызу араласқаны есімізде. Сәбең жаратылысынан халықшыл, мемлекетшіл, қоғамшыл адам еді ғой. Қайсыбір «кедергі» жасағысы келгендердің әрекеттерінен түк шықпай, ақыры алғашқы қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен мерейтой ЮНЕСКО деңгейінде өткені ел есінде. Сол Сәбеңнің жүзжылдық шараларының атқарылуына қызу араласқан ел азаматтарының бірі – көзінде от, жүзінде нұр ойнаған, қырықтың қырқасына жаңа көтерілген Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің жас ректоры осы Ғалымқайыр Мұтанов болатын.
Кезінде алаштың арыстары мен алыптарының тұсауын кесіп, ұлт руханиятының солтүстік аймақтағы бесігі болған осынау «қайыңдар елінің», Кеңестер Одағы тұсында тіліміз бен дінімізді жоғалта жаздағаны жасырып бүгер сыр емес. Алаш жұртына арып-ашып, азып-тозып жүріп жеткен қасиетіңен айналайын Азаттықты Мағжан мен Сәбиттің, Ғабит пен Сафуанның кіндік қандары тамған топырақ осындай халде қарсы алған еді… Топырақ дегеннен шығады… Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Погодин атындағы облыстық драма театрында менің тұңғыш пьесам «Шырақ жанған түн» қойылғанда, сол өңірдің білікті перзенттерінің бірі, белгілі қоғам қайраткері, танымал ақын, жүйрік журналист, марқұм Ербол Шәймерденовтің премьерадан шығып келе жатып: «Нұрлан аға, орыс актрисасына «ғ» дыбысына тілін сындыртып, «Сағын» деген сөзді үйреткеніңіз үшін рахмет!», – деп әзіл айтқаны есімде.
Ақын ініміз әзілге жыққанымен, қабырғасы қайысып айтқан сол өткен өмір ақиқатын ойлаған сайын Елбасы өзі баяндама жасап, шынайы халықтық тойға айналған Қызылжар өңіріндегі Сәбит Мұқановтың дүркіреп өткен жүзжылдық мерекесі есіме түседі. Қазаққа ән мен сөздің сандаған саңлағын сыйлаған өлке со бір күндерде әдебиеттің ғана емес, Тәуелсіздіктің де тойын тойлап жатқандай болып еді…
Ұлы суреткер тойының бір тұсында Университет шарасын бастан-аяқ қазақша жүргізген жас ректорға бәріміз де риза болып, дуылдата қол соққан едік… Бірінен соң бірі өткен сан сапалақ шаралар арасынан жүрек төріне жол тапқан Университеттегі әсерлі кездесу, алқалы жиын көпке дейін менің есімнен кетпеді. Қасымда отырған Мәриям Мұқанова апайдың да ерекше ықылас таныта: «Мына баланың (Мұтановты көрсетіп) қазақшасы қалай таза» дегені есімде. Мен де өз ризашылығымды жеткізіп:
– Ғалеке, қазақшаң мүлтіксіз екен… – дедім.
Мұтанов та мүдірмей, жауабын тез қайтарып:
– Мағжанның елінің ректорымыз ғой, ағасы… Қазақпыз ғой, қазақша сөйлеу, қазақша ойлау – парызымыз… – деп жылы жымиғаны жадымда.
Ғалым Мұтанұлының өзі айтқандай, Мағжан елінің тілегі қолдады ма, әлде ұлы Сәбеңнің әруағы қолдады ма, әйтеуір сол тойдан соң көп ұзамай, ол Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары болып Астанаға ауысты. Бір жылдан астам үкімет құрамында жауапты лауазым қызметінде болды…
Менің Ғалымқайыр Мұтановпен екінші мәрте кездескенім, әрі жиі-жиі хабарласып, таныс-біліс болған кезеңім – оның өзі туған Шығыс өңіріне ат басын бұрып, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне ректор болып барған кезі.
Жаңашыл ректордың аты мен «жар құлағы жастыққа тимей» шапқылап жүріп атқарған істері Алтай бөктерінен қанатын жайып ұшып, жер-жерге тарап жатты. Мұнда да Ғалымқайыр бауырымыздың ұлт рухын көтерер, алаш рухын аспандатар әрекет-қимылы, айтқан сөздері ел аузына ілігіп, Өскемен, Семей жұртшылығына қанат бітіргендей болды. Бір жолы адам баласы туралы сүйсініп сөз айтқанымен, таңырқауы, таңдануы сирек Алтайдың ұлы кескіні мен суретін айна-қатесіз сөзбен өрген, қазақ көркемсөзінің хас шебері Қалихан Ысқақов: «Әй, күйеу бала, сен осы Ғалым Мұтанов деген жігітті білесің бе?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Ағамыз сұрақты қоюын қойғанымен жауабын күтпей, сөзін жедел-қабыл жалғап әкетті. «Білмесең, біле жүр… Шығыстағы ұлт рухын қызғыштай қорып жүрген санаулылардың бірі. Сөзі мен ісі қатар жүретін жігіттердің сортынан секілді. Әттең! Алматы мен Астананың бірінде алшаң басып жүретін-ақ азамат!.. Біздің елдің жаратылысын өзің де білесің. Суықпыз… Бірімізді біріміз сирек іздейміз. Турасын айтқанда, ағайынгершілігіміз аз. Әркім өзімен-өзі, саяқ жүреді… Бір Алтайдың ауасын қатар жұтып, бір ауылдың өзен, суын қатар ішіп, қатар кешкен Оралхан марқұм екеуміз бірімізді біріміз сирек іздеуші едік қой… Ол өзінше келді… Мен өзімше келдім… Әдебиетке… Жә! Ғалымды сұрап отырғанымның себебі… Айттым ғой, Өскемен басындағылардың бәрі мақтайды… Ұлтжанды, әдебиет пен өнерге жақын дейді. Мені іздепті… Университетінде кездесу өткізгісі келетін көрінеді… Соған екеуміз бірге барып қайтсек қайтеді… Бастықтығыңды бір жолға ұмыт… Барып қайтайық…» дегені бүгін қаз-қалпы жадымда жаңғырып отыр.
Бұл өмірде бітпеген іс пен орындалмай қалған өтініштің өкінішінен қиын нәрсе жоқ. Қалағаң марқұмның әлгі өтінішін, міне, араға жылдар салып, еске алып отырмын. Шыным, өкініп отырмын. Бәлкім, уақыт тауып, бармай жатқан Өскемен емес, ағамызды алдыға салып, бір барып қайтқанда… Шірке-ен, кейінгіге айта жүрер бір естелік қалар еді-ау, деймін іштей…
Ғалымқайыр туралы көп әңгіме айтуға болады.
Әсіресе…
Ректордың қалың шаралар мен қым-қуыт шаруалар арасынан уақыт тауып, университет аясында өтетін әдеби, мәдени, рухани оқиғаларға қойын-қолтық араласып отыратынына өз басым ризамын. Сөздің реті келген соң, айту парыз. Ғалымқайыр Мұтанұлының тікелей басшылығымен университет қабырғасында өткен Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің
80 жылдығы туралы жылы пікірлер легі әлі күнге сейілер емес. Ресейден, Түркиядан, Қырғызстаннан, Қытайдан, Әзірбайжаннан, Тәжікстаннан, Беларусьтен, Татарстаннан, Башқортстаннан келіп, сол шараға қатысқан қаламгер-әріптестеріміз 2014 жылдың қарашасын жиі-жиі еске алып, алғысын жаудырып жатады… Дәстүрге айналған түлектер жиынының жүректерді толқытпай өткені жоқ. Тұлғалармен кездесу… Алуан түрлі ән-жыр кештері… Қай-қайсының да төрінен жаңалыққа жаны құмар, айналасына нұры мен шуағын шашуға ұмтылатын Мұтановты көреміз. Халықаралық деңгейдегі ұлан-асыр конференциялар, жиындар…Тәуелсіздік тағылымын жан-жақты насихаттайтын беделді кездесулер…
Айта берсе… Әңгіме көп…
Ғалымқайыр Мұтановтың әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетіне келгеніне үстіміздегі жылы жеті жыл толады… Өзі де ара-тұра жүрек төрін қозғап, жыр жазатын ақын азаматтың, технар ғалымның рухани кеңістікке деген көзқарасының көл-көсірлігіне сан мәрте тәнті болғанымды ел алдында айтқанмын, соны тағы да қайталағым келеді.
Иә…
Ғалымқайыр Мұтанов – жаны жұмсақ, жүрегі кең азамат. Ол бозбала күнінде өзі бес жыл оқыған, студенттік кездің балдай тәтті қайталанбас сәттерін жүрегінің тұсына тұмар қып түйіп, Рудныйдың индустриялық институтынан бір-ақ шыққан, еңбек жолын сол институт қабырғасында ассистент болып бастап, араға есею мен толысудың, азамат болып, мінез бекітудің, қайраткер болып, қабырғалы жұртқа сөз айтудың, басшы болып, ұжым тізгінін ұстаудың 31 жылын салып, Алатау бөктеріне, Алматы төріне абыройдың ақ бозына қонып, жүрек жалынын лаулатып қайта оралды.
Ақын жүректі, азамат бітімді тұлғаның Ұлттық университетке басшы болған жеті жылы өзіне де, өзі басқарып отырған Республикадағы жоғары оқу орындарының көшбасы саналар қарт КазГУ-ге де олжаны аз салмағаны аян.
Мен өзіміз білім алып, қабырғамызды қатайтқан, қалам дейтін қасиетті ұғымға тағдырымызды біржола байлауымызға жол ашқан, өмір, қоғам, заман, дәуір, кеңістікті жүрекпен сезініп, оймен таразылауымызға мол мүмкіндік берген, ұлтты бағалауға, сүюге үйреткен қарт КазГУ-ымыздың басында осындай нағыз ғалым, қағілез ойлы басшы, ұлтжанды тұлға, үлкен жүректі азаматтың отырғанына қуанамын.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Алматы, 04.03.2017 ж.