ЕЛШІЛ ТҰЛҒА
Көрнекті жазушы, тарих ғылымның кандидаты, айтулы алаштанушы Бейбіт Қойшыбаевтың жастар тақырыбындағы шығармашылығы туралы сөз
Қазақ әдебиетінде жасөспірімдер мен жастар тақырыбын тұрақты әрі сәтті дамытып келе жатқан авторлар аз емес. Сол қатардың алдыңғы шебінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың тұрғаны күмәнсіз. Оның туындылары бүгінгі жас буынға ғана емес, ата-анаға да, ұстазға да, жалпы қоғамға маңызды ой салады.
Өйткені ол бейнелейтін бала мен жасөспірім – белгілі бір кезеңнің ғана емес, ұлттық мінездің, қоғамның рухани болмысының айнасы. «Жастық шақ жырлары» – соның жарқын дәлелі (Жазушының 2015 жылы «Рух БГ» баспасынан 11 әңгіме, 5 хикаят және 2 романы қамтылған «Жастық шақ жырлары» деген 832 беттік көлемді кітабы шыққан). Бұл кітап – жас ұрпаққа арналған эстетикалық әрі тәрбиелік еңбек. Ол жас адамның өмірге сеніммен қарауына, өзін-өзі түсінуіне, шешім қабылдай білуіне, қиындыққа мойымауына себеп болатын көркем рухани құрал. Жазушының шығармалары уақыт озған сайын құндылығын жоғалтпай, қайта жаңа буын үшін рухани бағдарға айналып келеді. Бейбіт Қойшыбаевтың жасөспірімдерге арналған прозасы – қазақ әдебиетінің мәңгілік жасар рухани мөлдір бастауы. Қалыңдығы кірпіштей ауыр кітапты жата-жастана оқып шыққан соң, ойларымды көпшілікпен бөлісуді жөн санадым:
Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың шығармаларындағы жасөспірімдер әлемі – қазақ прозасында жалаң ұраннан, дидактикадан ада, өмірді өз арнасымен, өз шындығымен көрсететін көркем орта. Оның «Жастық шақ жырлары» жинағы – бір ғана автордың тәжірибесі емес, бүтін бір ұрпақтың рухани келбеті мен адамдық қалыптарын шежіре еткен көркем құбылыс. Уақыт пен кеңістік ауысқанмен, адам болмысының өзегі өзгермейді. Б.Қойшыбаев шығармаларында осы өзгермейтін өзек – ізгілік, адалдық, мейірім, адамгершілік – жас кейіпкерлердің ішкі эволюциясы арқылы бедерлі жеткізіледі.
Тегінде, Бейбіт Қойшыбаевтың прозасы ең алдымен адам табиғатына, балғын көңіл мен жас жүректің ішкі дауысын тыңдауға бейім. Оның шығармаларындағы жасөспірім образы – өмір сынын енді ғана сезіне бастаған, алайда адалдыққа, мейірімге, достыққа берік, жүрегінде сынбайтын бір жарық бар буынның жинақталған келбеті. Автор әсіресе жас шақтағы күмән мен сенімнің, қорқыныш пен үміттің, әлсіздік пен жігердің қақтығысын дәл, әсерлі бейнелей алады. Жасөспірімнің жан дүниесі – оның назарында ең маңызды кеңістік. Өйткені балаң көңілдің тазалығы, алғашқы сезімнің мөлдірлігі, өз жолын іздеу үстіндегі арпалыстар – кез келген оқырманды бейжай қалдырмайтын көркемдік арқау.
«Сенім» атты топтамаға енген әңгімелерден осы ерекшелік айқын аңғарылады. Мұнда жасөспірімдер мен жастар арасындағы достық пен махаббат, өз болмысын тану, өмірлік ұстаным қалыптастыру тәрізді тақырыптар кеңінен көрініс табады. Автор кейіпкерлердің мінезін сыртқы әрекет арқылы ғана емес, ішкі монолог, жан толғаныс, психологиялық детальдар арқылы ашады. Оқиғаның тартымдылығы да, шынайылығы да осы ішкі динамикадан бастау алады. Жас кейіпкер бірде қателеседі, бірде тығырыққа тіреледі, бірде жаңа жол тауып, өзінің адамдық әлеуетін сезінеді. Бұл – жазушының жас оқырманды тәрбиелеудегі басты тәсілі: үгітпен емес, көркем образ арқылы, өмірдің өзі сияқты кедергілер мен қуаныштар арқылы сөйлеу.
Жазушының тағы бір үлкен артықшылығы – өмірлік материалды көркемдік сүзгіден өткізе отырып, оны жалпы адами қасиеттермен ұштастыра білуі. «Жақсы көрем» тарауындағы әңгімелерде ол мектеп шағындағы достықтың беріктігі, ұстаздың ықпалы, жасөспірімнің алғашқы қадамдары, қоғамдағы өз орнын іздеу мәселесін нәзік юмормен, бақылағыштықпен, жылы сезіммен жеткізеді. Әрбір оқиға – адамдар арасындағы қарым-қатынас табиғатын түсінудің бір қыры. Қарапайым көрінетін бір сәт немесе бір әңгіме – жас адамның тағдырында тұтас бір беташар болып шығатынын автор нәзік шеберлікпен амалдайды.
Жазушының прозалық әлемі тек қысқа формадағы әңгімелермен шектелмейді. Жинаққа енген «Қарсаң» және «Киелі мұра» романдары – Бейбіт Қойшыбаевтың көркемдік деңгейін жаңа белеске көтеретін, күрделі композициялы, күпті ойға толы ірі шығармалар. Мұнда жас адамның өміріне әсер ететін қоғамдық-әлеуметтік факторлар, отбасы мен орта, ұлттық болмыс пен рухани мұра мәселесі кең қамтылады. Жасөспірімдер тағдыры арқылы жазушы қоғамның дамуын, оның құндылықтарын, жаңғыру мен күйреу арасындағы нәзік шекараны көрсетеді. Кейіпкерлер тағдыры күрделі, олардың әрбір шешімі – талқыға тұрарлық, әрбір әрекеті – жас оқырманға сабақ.
Б.Қойшыбаев шығармаларында қазақы тәрбие мен ұлттық құндылық табиғи түрде өріліп отырады. Оның кейіпкерлері – қазіргі заманның балалары мен жастары болғанымен, олардың түпкі сезімдері, өмірге деген көзқарасы, ар-ұят, намыс, адамгершілік секілді қасиеттері дәстүр мен болмысқа негізделген. Бұл ерекшелік жас оқырманға жаңа ғасырдың қарбалас әлемінде адаспай, адамдық қалпын сақтауға көмектеседі. Жазушы ешқашан жасанды пафосқа ұрынбайды, керісінше өмірдің өзін көркем тілмен түсіндіріп, қарапайым әрекеттер мен күнделікті жағдайлар арқылы терең ой айта біледі.
Бейбіт Қойшыбаевтың кітабының басты құндылығы – оның оқырманға сенім артуында. Ол жасөспірімдерге ақыл үйретпейді, оларды тәрбиелейтін үстем көзқарас ұсынбайды. Керісінше, оларды өмірдің шынайылығына, күрделігіне дайындап, дұрыс шешім қабылдау әркімнің өз қолында екенін көрсетеді. Бұл еркіндік пен жауапкершіліктің қос үйлесімі – жазушы прозасының этикалық іргетасы. Әсіресе жинақтағы көптеген оқиғалар жас кейіпкердің өз қателігін өзі мойындауына, өз жолын өзі табуына алып келеді. Автордың мақсаты – бағыттау, бірақ бағытты таңдау – кейіпкердің еркі.
Б.Қойшыбаев шығармаларының тілдік әлемі де жас оқырманға жақын. Оның тілі шұрайлы, қарапайым, табиғи, қажетті психологиялық және көркемдік реңктерді дәл беруге бейім. Әрбір сөйлем жастардың сөйлеу әуезін, көңіл күйін, мінезін танытады. Бұл – оның шығармаларын оқуға жеңіл, қабылдауға ыңғайлы, бірақ мазмұн жағынан салмақты етеді.
Жазушының әрбір әңгімесі немесе хикаяты өмірдің біртұтас айнасы іспетті. Мәселен, «Кемпірқосақ – көк аспан» топтамасындағы оқиғалар жас баланың дүниені тануы мен сезінуінен басталып, жас жігіттің күрделі таңдауына жалғасады. Автор осы бір табиғи өсу процесін баяндағанда асыра дәріптемейді, жасандылыққа бой ұрмайды, қайта өмірдің өзіне тән қарапайым әрі күрделі ырғағына сүйенеді. Дәл осы ырғақ – жас оқырманға жақын, жүрегіне жылы тиетін, кейіпкердің жан сырына еріксіз ортақтастыратын көркемдік шешім.
Негізінде, Б.Қойшыбаев шығармаларының құрылымы көбіне ситуациялық тартысқа негізделеді. Жас кейіпкер көбіне қақтығысқа сырттан емес, ішкі әлемінен бетпе-бет келеді. Қайшылықтың көзі – өз сенімі мен күдігі, өз арманы мен қорқынышы, жауапкершілік пен әлсіздік арасындағы күрес. Мұндай ішкі драманы көркем беруде жазушының психологиялық талдауы ерекше рөл атқарады. Әңгімелердегі әрбір ішкі монолог – жас адамның жалғыздығы мен жан арпалысының, сол арпалыстан күшейіп шығатын рухтың көрінісі. Бұл тәсіл шығармаларды құр оқиғалық желіге емес, адамдық тереңдікке сүйейді.
Жасөспірімдердің отбасымен, мектеппен, құрбы-құрдастарымен, үлкендермен қарым-қатынасы да осы психологиялық көркемдікке негізделген. Жазушы белгілі бір кейіпкерді тәрбиелік үлгі ретінде көрсетуді мақсат етпейді, қайта адам табиғатының күрделілігін көрсете отырып, оқырманға ой қалдыруды көздейді. Мәселен, тәртіп мәселелерінің, ұстаз бен шәкірт арасындағы түсінбеушілік, достықтағы шағын реніш, үй ішіндегі көңілсіздік – бәрі де жазушы шығармаларында өмірдің бір бөлшегі ретінде алынған. Бұл бөлшектер жинақталған кезде жас адамның өмір жолы, оның адамгершілік беталысы айқындалады.
«Қарсаң» романы – жазушының ең көлемді дүниелерінің бірі. Бұл шығармада жас адамның өз орнын табуға деген талпынысы кең әлеуметтік контексте өрбиді. Қоғамдық құбылыстар, дәуір тынысы, өмірдің беймәлім жолдары жас кейіпкерлер тағдырын қалыптастыратын күш ретінде суреттеледі. Әрбір тарау кейіпкердің жан әлемін ашатын жаңа белеске жетелейді. Бейбіт Қойшыбаев мұнда жасөспірім психологиясын ғана емес, оның әлеуметтік ортасын, үлкен өмірдің заңдылықтарын да шынайы береді.
Ал «Киелі мұра» романында жастар тақырыбы ұлттық рухани құндылықтармен сабақтасады. Дәстүр мен жаңашылдық, ата жолы мен жаңа заман арасындағы байланыс жас кейіпкердің өзін-өзі тануына алып келеді. Жазушының ұлттық рухты көркемдік шешімдермен ұштастыруы – қазақ прозасы үшін маңызды қадам. Ол бірде тарихқа үңілсе, бірде адам жүрегінің тереңіне бойлайды. Мұнда жас адам үшін өмірдің шынайылығы мен рухани жауапкершілік қатар жүреді.
Бейбіт Қойшыбаевтың шығармашылық миссиясы – жастардың жан дүниесін түсіндіру ғана емес, оларға адам болудың жауапкершілігін сезіндіру. Оның кейіпкерлері өмірде сүрініп кетсе де, қайта тұрып, өз жолын жалғастырудан жалықпайды. Бұл – жас буынға арналған басты үндеу. Жазушы жастарды сынамайды, олардың қателігін айыптамайды, қайта олардың ішкі асылдығын, өзгеруге деген қабілетін алға тартады. Әрбір оқиға, әрбір кейіпкер – жас адамның ішкі әлемін, адал ниетін, болашаққа деген үмітін танытатын көркем бейне.
Осы тұрғыдан алғанда, «Жастық шақ жырлары» – қазақ прозасындағы жасөспірімдер тақырыбының көркемдік биігін көрсететін жинақ. Ол жас буын үшін ғана емес, балаларын түсінгісі келетін ата-ана үшін де, жас ұрпақты тәрбиелеуді ойлайтын ұстаздар үшін де маңызды еңбек. Бұл кітап адам жанын тәрбиелеудің ең ізгі жолы – көркем сөз арқылы тәрбиелеудің үлгісін көрсетеді.
Бейбіт Қойшыбаевтың осы жинақтағы шығармалары – уақыт озған сайын жаңғырып, қазіргі жастардың да жан дүниесіне әсер ете алатын өміршең мұра. Оның туындыларын оқыған әрбір жас адам өз жүрегіндегі жарықты, өз күшін, өз мүмкіндігін тануға ұмтылатыны сөзсіз. Жазушының шығармалары – жасөспірімдер әдебиетіндегі терең ой мен шынайы сезімнің, көркемдік талғам мен адамдық қасиеттің тоғысқан әлемі.
Сонымен қатар, жазушының 2024 жылы шыққан «Ғажайып шақ» деген балалар мен жасөспірімдер өмірінен жазылған әңгімелер, заманауи және фантастикалық хикаяттар кітабы маған біздің жанрлық кеңесте арнайы талдауға лайық кітап тәрізді көрінеді. Мұндағы туындылар балалардың сабақ оқуда, мектептегі қоғамдық жұмыстарда қандай ізденістер жасап жүргенінен, достық қарым-қатынастары жайынан қилы қызық сыр шертеді. Ғылыми-техникалық революция заманындағы қиял-ғажайыпқа толы өмірінен тағылымды әңгімелер айтады. Кітап кейіпкерлерінің әлемді ересектерше тануға ұмтылулары, болашаққа байыпты жоспар құрулары қызықты етіп берілген.
Сөзімізді жинақтай айтсақ, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың шығармашылық әлемі – қазақ прозасындағы өзіндік бір арна, әсіресе жасөспірімдер мен жастарға арналған хикаяттары мен әңгімелері – ұлттық әдебиетіміздің тәрбиелік, адамгершілік, рухани-эстетикалық мазмұнын тереңдеткен елеулі туындылар. Жазушының түрлі жанрда жазған шығармаларының бәрі – бірнеше онжылдық бойғы шығармашылық еңбектің бір арнаға тоғысқан, жас буынның жан толғанысы мен рухани әлемін көркемдік биік деңгейде бейнелеген көркем дүниелер топтамасы. Кітапқа енген хикаят, әңгіме мен романдардың әрқайсысы қазақ жастарының мінезін, арманын, ізденісін, ел алдындағы жауапкершілігін, махаббатын, өмірге деген құштарлығын шынайы характерлер арқылы көрсетеді.
P.S.: Бейбіт Қойшыбаев – көркем әдебиет пен тарих, тұлғатану ғылымын бір кеңістікке тоғыстырған қаламгер. 20 қараша күні сексен жасқа толғалы отырған қаламгер-қайраткердің өмірлік жолы да, шығармашылық мұрасы да бірнеше буынға ортақ рухани олжа. Ол көркем әдебиетте де, тарихи зерттеулерде де, алаштану ғылымында да өнімді еңбек еткен, қаламына адалдық танытқан, ойы терең, тілі бай жазушы. М.Горбочевтің қайта құру жылдарында егемендікке тілек қосқан, ұлттық мемлекет ұстанымы мен ұлттық сана туралы қадау-қадау ой айтқан жазушы соңғы 35 жылдан бері қазақ хандары мен сұлтандары, батырлары және Алаш қозғалысының тарихын жаңаша пайымдап, оның қайраткерлерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, архивтік деректер арқылы қайта жаңғыртып, руханиятымызға өлшеусіз игі іс қылды. Шындығында, тарих ғылымының кандидаты деген әйдік дәрежесі бар Б.Қойшыбаевтың алаштану саласындағы еңбектері – тек тарихи дерекке сүйенген зерттеу емес, ұлттық жадты жаңғыртуға арналған рухани миссия. Оның мақалалары мен кітаптарында архивтік дәлдік пен азаматтық парасат, ғылыми саралау мен ұлттық ұстаным үйлесім табады. Тарихқа да, әдебиетке де адал қызмет еткен Бейбіт Қойшыбаевтың қаламгерлік болмысының тағы бір қыры – қоғамдық әділеттілікті қорғаудағы табандылығы. Ол қай кезеңде де ұлт мүддесін, тарихи шындықты, адамдық арды қорғауды шығармашылығының өзегі еткен елшіл тұлға. Ойлап қарасақ, сексен жылдық ғұмыр – бір адамның ғана емес, бүтін бір кезеңнің рухани айнасы. Бейбіт Қойшыбаев сол кезеңнің шындығын да, арманын да, күресін де, жеңісін де қаламымен өрген зерделі жазушы, ірі зерттеуші, ұлттық ой кеңістігіне айрықша үлес қосқан тұлға ретінде бағаланады. Жүрегіңізге, қаламыңызға күш-қуат берсін!
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы