Кісілігі мол кесек тұлға
15.03.2025
233
0

Біз белгілі ғалым, жарқын жүзінен ізгілік шуағы төгілген ер мінез азамат Кеңес Нұрпейісұлын ғылым жолына алғаш ат­таған аспирант кезімізден біледі екенбіз. Содан бері ғалым ағамыздың ақ қағаз бетінде ойнақтаған жүйрік қаламы бір суып көрген жоқ-ты. Өмірінің соңғы айларына де­йін тынымсыз еңбек етіп, қолынан қаламын түсірмеген әріптес ағаның бақиға ат­танғанына да 15 жылдан асыпты. Биыл мерейлі 90 жасқа толар еді. Осы бір нар тұлғалы, күлгенде көзінен шуақ шашқан ай маңдай, абзал Кеңес ағамыз туралы өткен шақта жазу біз үшін өте қиын. Оралдан сонау Алматыға қарай жол тартқанда, ең бірінші сәлем бере ат­тайтын киелі босағамыз да Кеңес аға мен Мариям жеңгеміздің үйі-тұғын. Қазір де кітапханасы, жазу үстелі, ұстаған дүние-мүлкі сол күйі тұрғанымен сол үйге ғана тән салтанат-сән жылылық Кеңес ағаның өзімен бірге өзге әлемге көшіп кеткендей, бәрі мұңға шөгіп, мүлгіп тұр. Қазақта, әдет­те, қосағы 70–80-ге қарай дүние салғанда, артыңда қалған жары сабыр сақтауға тырысады ғой. Сол сияқты Кеңес ағамызға өмір бойы серік болған, аяулы жары Мәриям жеңгей өзін ұстауға қанша тырысқанымен, бізді көргенде көз жасын тыя алмай: «Енді Кеңессіз өткізер өмірімде не сән бар?» – деп егілетін. Кейде ағамыздың кейбір мінезін айтып, балаша алданып кететін. Сөйткен алтын жеңгеміз де бақилық дүниеге ат­танды. Осының бәрін көріп отырып, жүрек тілім-тілім, бірге егілесің. Өмір не деген қатал, осындай ұлы азаматқа ең болмаса, тағы да бір он жас неге бермеді екен деп қиналасың. Бірақ көңілге медет тұтар жағдай, ағамыз Тәңірдің өлшеп берген жасын мәнді де сәнді өткізді. «Жұлдыз болып туған ұл, туған елдің бағына» деп осындай адамдарды айтатын шығар. Өзі қанша мықтыны мойындаса, өзін де соншама мықтыға мойындататындай ғұлама, ғалым деңгейге көтерілді. Қазақтың даласындай кең жүрегіне «аға» деп барған барлық қаракөз ұл-қыздарын сыйғызды.
Біз Кеңес ағамен танысқанда қырықтың қырқасына енді шыққан шағы еді. Қолында қария анасы бар. Біріміздің ғылыми жетекшіміз болғандықтан, бастапқы кез­де жұмыс бабымен барып жүріп, ке­йін ағалы-інілідей боп араласып кет­тік. Анасын қат­ты сыйлайтын. Апамыз марқұм өте би, алды қат­ты әділ адам болатын. Мариям жеңгей екеуі алақанына салып, аялап, балаша күтетін. Ана сыйлаудың жоғары үлгісін де осы Кеңес ағадан көрдік. Өз дастарқанында өзі патшадай болып отырып, біз сияқты шәкірт­терін төрге отырғызып құрмет­тей де білетін. Айта берсек, ағадан алған сабағымыз да, үлгілі өмірінен көргеніміз де көп-ақ. Ғалым ағаның қажыр-қайраты, ерік-жігері, адами тұлғасы, еңбекқорлығы кім-кімге де үлгі еді. Денсаулығы сыр беріп, науқасы қанша меңдеп жүрсе де, шаршадым дегенін естімеппіз. Бойындағы Жаратқан берген бар мүмкіндігін, бар қуатын сарқа пайдаланып, өмір бойы жазып өт­ті. Орасан мол монография мен мектеп оқушыларына арналған оқулықтары жарық көрген академик Кеңес Нұрпейісұлы – жалпы тарихнама мәселелерімен қатар, еліміздегі ұлт-азат­тық қозғалыстары тарихын, ұлт­тық мемлекет­тік құрылыс пен Қазақ­станның XX ғасырдағы саяси-қоғамдық өмірінің өзекті мәселелерін түбегейлі зерт­теген ғалым.
Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тигеннен бергі аз уақыт ішінде еліміздің өткен тарихын қайта зерделеу, ақтаңдақтардың ақиқатын айқындау мәселесі мемлекет­тік деңгейдегі маңызды шаруалардың алдыңғы қатарынан орын алып келеді. Бұл жаңа жағдай ғалымның ғылыми-шығармашылық қызметіне тың серпін беріп, оның қаламынан көптеген құнды туындылардың өмірге келуіне себепкер болды. Жалпы, ғылыми ізденістегі Кеңес Нұрпейісұлының айқындаған негізгі бағыт­тары: ұлт-азат­тық қозғалыс, 1917 жылғы қос төңкеріс, азамат соғысы тарихының мәселелері, сонымен қатар ғалым XX ғасырдағы Қазақ­станның аграрлық мәселелері және саяси қуғын-сүргін тарихын жан-жақты зерт­теуге көп көңіл бөлді. Қазақ­стан тарихының әртүрлі кезеңдегі қоғамдық-саяси өмірінің проблемалары да оның назарынан тыс қалған жоқ. Аталған мәселелер бойынша Кеңес Нұрпейісұлы 400-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер жазды, олардың қатарында 20-ның үстінде монография, оқулықтар және оқу құралдары бар.
Ғалым бестомдық «Қазақ ССР тарихын», бестомдық «Қазақ­стан тарихын» жазуға тікелей қатысып, осы академиялық басылымдардың редакция алқасының мүшесі болды. Осы еңбегі үшін Мемлекет­тік сыйлықтың иегері болды. Ғалымның өз тілімен айтсақ, Қазақ­стан тарихнамасының тәуелсіздікке де­йінгі кезеңін түгелдей маңызды ету әділет­тікке жатпас еді. Мәселен 70–80-жылдар аралығыңда жарық көрген «Қазақ ССР» тарихының бестомдығында еліміз тарихының көне дәуір мен ортағасырлық кезеңдері (кейбір деректік жұтаңдықтарына қарамастан), XVIІI–XIX ғасырлардағы ұлт-азат­тық қозғалыстары (Кенесары басқарған көтерілістен басқасы) жалпы алғанда, тарихи шыңдыққа сай бағасын алған.
Ғалым шығармашылығындағы айрықша атап көрсететін жайт, Алашорда тарихы – тарихшы ғалым зерт­теулерінің басты бағыт­тарының бірі. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен ке­йін Алаш­орда тарихындағы «актаңдақтарды» ашуға республикамызға белгілі ғалымдар араласа бастады. Мұны түсінуге де болады. Кезінде бұл тақырыпқа байланысты маркстік-лениндік кеңес тарихнамасының өкілдері тарихи шындықтан тым алшақ тұжырымдар жасады. Сөйтіп, монокоммунистік өктем идеологиялық нұсқа бұл мәселеге қатысты шынайы ғылыми ой-пікірдің қоғамдық санада орын алуына жол бермегені түсінікті.
Бостандық лебінің өсуі тарих ғылымында зерт­теуге «тыйым салынған» тарихи оқиғаларды жаңа деректерге сүйеніп, мазмұнын ашуға мүмкіндік туғызды. Алашорда және оның жекелеген мемлекет қайраткерлері турасындағы мәселені де қайтадан ой елегінен өткізуге серпін берді. Осындай авторлардың арасында белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісұлының Отан тарихында өзіндік айшықты қолтаңбасы қалды. Осылайша, ғалым ағамыз тәуелсіздік таңында төл тарихымыздағы ешкімнің тісі тие қоймаған соны алқабы – Алаш һәм Алашорда тарихын зерт­теуге бой ұрды. Қазақ­станның қоғамдық-саяси өміріндегі Алаш партиясының рөлі мен орнын тиянақты әрі байыпты саралауды алғаш қолға алғандардың бірі болды. Қазір қайтадан көбірек сөз болып жатқан Алаш қозғалысының саяси-тарихи астарларын саралау мен жүйелеуде сарабдалдық та, салиқалылық та таныта алды. Ғылымға қосқан үлесі үшін «Парасат» орденімен марапат­талды.
Кеңес Нұрпейісұлы – ірі ғалым болуымен қатар, ұлағат­ты ұстаз. Ол тарих ғылымының жоғары маманданған бірнеше буынын тәрбиелеуге ерен үлес қосты, ғылымның осы саласында өзінің тұтас бір мектебін қалыптастырды. Ғалымның жетекшілігімен 50-ден астам адам Отандық тарих бойынша докторлық және кандидат­тық диссертациялар қорғады. Оннан аса ғылым докторларына, қырықтан астам ғылым кандидат­тарына ғылыми жетекшілік жасап, ғылымның даңғыл жолына салды. Солардың үшеуі – осы мақаланың авторлары мен марқұм Бақтығұл Қабдырұлы Бірімжаров Батыс Қазақ­стан облысының ғалымдары. Шындығында, асылды тану оңай шаруа емес. Бағалай білмесең, қас жүйріктің бағы жанбайды. Ал аялай білсең, көзге қораш көрінген дүлдүлдің өзі тарлан болып шығары хақ. Ауыздығымен алысып, өрге шауып тұрған бұла талант­ты танып, жолын ашып беру – үлкен кісілік.
Ғалым ағамыз Қазақ­стан Республикасы ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында табан серіппестен тура жарты ғасыр еңбек етіп, осы өмір жолы қоғам мен ке­йінгі толқын жастарымыздың алдында таным мен дәріпке ие. «Шалқайғанға шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес, енкейгенге еңкей ол – әкеңнің құлы емес» дейтін ұлт­тық этносымыз қалыптастырған «үлкенге құрмет, кішіге ізет», жақсылығын көргенге жамандық ойламау, арзымсызға бола абырой төкпеуге тырысушылық. Кеңес Нұрпейісұлы кісілік болмысының арқауы еді. Сол мінезінен Кеңес aға ғұмыр бойы еш айныған емес. Бастысы, ел бола білумен соған лайықты бола білуді көздейтін адамдар үшін есте тұрар өнеге. Кеңес Нұрпейіс­ұлына Жаратушы білім мен парасат­ты, сабыр мен салмақты молынан беріп қана қоймай, оның бойшаң да кесек тұлғадан құйылып, отандық тарихшы әріптестерінің арқасында айшықталып тұруына жомарт­тық жасағандай.
Қысқасы, Кеңес аға ғұмыры – қос арналы. Бірі – құрмет пен ізгіліктің үлгісі болса, екіншісі – ғалымның терең иіріміне түсіреді. Ал енді осы екі құндылықтың құнарын жиған жанды ел-жұрты неге қадірлеп, қастер тұтпасын, халық қадірін білді. Қазақ­станның қай бөлігіне барсақ та, oл кісінің есімін ізетпен атап, жақсы лебізін аямай айт­қан жандарды жиі кез­дестіресің.
Өмірден адалдық пен еңбекті еншілеген Кеңес Нұрпейісұлының тұлғасы алыстаған сайын биіктей беретіні анық.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,
ҚР ҰҒА құрмет­ті мүшесі,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Баян ШЫНТЕМІРОВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір