Тұғырлы тұлға (Қаз-қалпында)
Академик Евней Бөкетов есімі әлемге әйгілі. Ол Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе химия-металлургия саласына тыңнан түрен салды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты бар ғұмырын білімге жұмсап, 210 ғылыми еңбектің, 90-ға тарта тың жаңалықтың, 9 монографияның авторы атанды.
Заманымыздың заңғар тұлғасы 61 кандидат пен 24 ғылым докторын дайындап шығарды. Ұлағатты ұстаз Қарағанды Мемлекеттік университетінің (1972) тұңғыш ректоры болып, Қазақстанда жаңа кадрлардың қалыптасуына баса көңіл бөлді. Өзінің таңдап алған өмірлік мамандығы химик бола тұра, әдебиетімізді ерекше жақсы көрді. Көп жылдар бойы көркем шығармалармен айналысып, әлемге танымал атақты ақын- жазушылардың классикалық еңбектерін ана тілімізге аударды.
Аңыз ағамен кездесу
Евней Бөкетовпен алғаш рет жүзбе- жүз кездесуім 1972 жылдың 27 мамыр күні болды. Сол күні түс ауа университет ректоры студенттердің тұрмыс жағдайымен жете танысу үшін, қасына нөкерлерін ертіп, Бұқар жырау мен Желтоқсан көшесіндегі №35-үйде орналасқан жатақхананы аралап шықты.
– Жігіттер, ректор осында жүр! Сендердің бөлмелеріңе де кіріп қалуы мүмкін. Сондықтан бәрін реттеп, дайын отырыңдар! – деді жатақхана кеңесінің төрағасы, студент Сағат Төлеуов. Ол бұл қызметке жақында ғана тағайындалған болатын. Оның айтқаны біз үшін заң.
Мәртебелі қонақтардың келуін асыға тосып, абдырап қалдық. Ол кезде №420 бөлмеде қазіргі ұлағатты ұстаздар: ақтоғайлық Самат Жақыпов пен жетісайлық Таңсық Тіленшиев үшеуіміз тұратын едік. Дереу Сағаттың «сценариі» бойынша кешкі тамаққа дайындап жатқан дастарқанымызды жинастырып, бөлмемізді реттеп, үстел үстіндегі кітаптарымызды қолға алдық. Әне-міне дегенше 3-4 адам кіріп келді. Орнымыздан атып тұрып, сәлем бердік.
– Бұлар бірінші курстың студенттері, филфактың қазақ бөлімінде оқиды, – деп біздерді таныстырды Сағат.
– О-о-о… жігіттер, сабаққа дайындалып жатыр екен ғой! Молодец! – деді Евней Арыстанұлы. Қалғандары да қал -жағдайымызды сұрап, жан-жағына көз жүгіртті.
– Тамақты қайдан ішіп жүрсіңдер? – деді орта бойлы толықша келген кісі. Біз осында ішетінімізді, керек кезінде кезектесіп ас әзірлейтінімізді айттық. Қасындағылар: «дұрыс екен», «жақсы екен», «бөлмелері таза екен» деп жатыр. Оған іштей риза болдық.
– Отырып, бізбен бірге шай ішіңіздер? – дедім қонақтарға. Менің бұл ұсынысымды жатақхана бастығы Сағат қабағын түйіп, ұнатпай қалды.
– Зеке, «қуыс үйден құр шықпа!», – деген атам қазақ. Жастардың көңілін қалдырмайық, оның үстіне біз де студенттік өмірді еске түсіріп, бір кесе шай ішейік, – деді ректор. Мәртебелі мейман бірден келісімін берді. Тездетіп, ыдыс — аяқтарды үстел үстіне әкеле бастадық. Әрине, олардың алдына қоятын қазы-қартамыз бен жал-жаямыз жоқ. Дегенмен дастарқан жайып, шамалы студенттік мәзірімізді ұсындық.
Бір кезде Саматты шақырып, құлағына сыбырладым: «Алып кел!» – деп. Таңсық болса көрші бөлмедегі қыздарға кетті, ыдыс іздеп. Қонақтар өзара әңгімелесіп отырғанда, Самат буын бұрқыратып «бір таба» картопты есіктен алып кірді. Әрқайсына салып беретін тарелкамыз жоқ, сондықтан әлгі ыстық табаның қақпағын ашып, ортаға қоя салдым. Мұны көрген олар риза болып қалды.
– Алыңыздар, жеңіздер! – деп жатырмыз. Евекең өзі бастап, піскен картоптан дәм татты да, жақсылап бір күліп, баяғыда басынан өткен қызықты оқиғаны есіне түсірді. Қалғандары ас іше отырып, әңгімені рақаттана тыңдады.
Осы кезде коридордан «біздің тамағымызды біреулер ұрлап кетіпті, кім алғанын көрдіңдер ме?!» деген сөздер құлағыма еміс-еміс естіле бастады. Ішім «қылп» ете қалды. Қасымда тұрған Саматқа дереу ымдадым, аналар «бізге келіп қалмасын!» деп. Ол кезде жатақханада тұратын студенттер тамақты жалпыға ортақ арнайы бөлмеде пісіретін. Жасыратыны жоқ, кейде қарны ашқан жігіттер қыздардың дайын «тамағына» тұтқиылдан шабуыл жасаушы еді… Бүгін біз де «қадырлы қонақтар» үшін, ұят та болса осындай қадамға бардық. Бір кезде академик Евней Бөкетов ағамыз:
– «Әдебиет теориясының негіздері» деген оқулықтың авторын білесіңдер ме? – деді, бізге қарап.
– Иә, білеміз! Бұл кітаптың авторы ғалым әрі жазушы – Зейнолла Қабдолов. Қазір университетте осы пәннен ұстазымыз, филология ғылымының кандидаты, доцент Қаби Лекеров сабақ беріп жүр, – деді Таңсық Тіленшиев.
– Сол жазушының тағы қандай шығармасы бар? – деді.
Таңсық екеуміз жарыса сөйлеп, «Ұшқын» және «Жалын» деген романдарын атадық. «Бұлар жеке кітап болып шыққан. Оқығанбыз!» – дедік. Осы кезде «Өлетін бала көрге қарай жүгіреді» дегендей, қасымызда тұрған жатақханамыздың басшысы Сағат Төлеуов:
– Жақында «Жалын» романын біздің группамыздың студенттері жан-жақты талдап, талқылап, арнайы диспут өткізді. Жазушының көтерген тақырыбы керемет жақсы екен! Автор кейіпкерлерін тамаша сомдапты! – демесі барма.
– Онда, кәне айта қойшы, қандай кейіпкерлерін білесің? – деді Евней Бөкетов. Қазақша шыққан әлгі романды «қазақшасы шамалы», филология факультетінің орыс тобында оқитын Сағат қайдан білсін?! Аяқ астынан өтірік айтып, кейіпкерлерін білмей, біраз… қолымен басын сипап тұрып қалды. Сағаттың орнына, курстасым Таңсық:
– Мұнайлы өлкеден жазылған романның басты кейіпкерлері: Қабен, Тайман, Жанар, – деп жауап берді.
– Евеке, бұл жігітті ұялтпаңыз, есіне түспей қалған шығар! – деді төрде отырған қонақ.
– Сағат-ау! Сен мақтаған сол жазушы Зейнолла Қабдолов деген ағаларың мына кісі болады! – деді.
Иә, біз осылайша күтпеген жерден Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірті, оқулық авторы, академик Зейнолла Қабдоловпен Евекең арқылы алғаш рет жатақханада таныстық. Сол жолы Қабдолов Қарағанды мемлекеттік университеттің филология факультетін бітіргелі отырған соңғы курс студенттерінің мемлекеттік емтиханына төраға болып келген екен. Көп кешікпей З.Қабдоловтың «Қазақ әдебиеті» газетіне рухани һәм өмірлік досы Е.Бөкетов туралы «Селен мен өлең» деген бір бет материалы жарық көрді. Аталмыш мақалада былай деп жазылыпты:
«…Біздің алдымызда күмістей жалтыраған алты қырлы көк сұр кристалл жатыр. Бұл – Селен деп аталатын мыс тозаңынан ажыратылған жаңа металл, яғни Бөкетовтің металлургия ғылымында ашқан «Америкасы». Евнейді – Евней еткен көркем әдебиет. Ол физика мен лириканы ешқашан бөле қараған емес. Селен мен өлеңнің бірлігін, осы арадан іздеген жөн» ( Е.Бөкетов, «Атан қомында туған адам». – «Жазушы» 1975. 6-бет.).
Атақ-даңқы аңызға айналған көрнекті ғалым қазақ әдебиетінің дамуына да аянбай атсалысты. Әсіресе аударма саласына мол тер төгіп, атақты ақын- жазушылардың шығармаларын қазақшалады. Сындарлы сыншы ретінде мерзімді баспасөз беттерінде әдебиетке қатысты орамды ой-пікірлері оқтын-оқтын жарық көріп тұрды. Ара-тұра қолына қалам алып, мәдениет пен білім, өндіріс пен өнер жайында өндіре жазды. Әсіресе есімдері елге таныс ғұлама ғалымдар мен көрнекті тұлғалар: М.Әуезов, Қ. Сәтбаев, И.Қарақұлов, Ә.Бектұров туралы жазған публицистикалық естеліктері оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды.
Ақынның ақ тілегі
16 мамыр, 1974 жыл. Бұл – қазіргі Евней Бөкетов атындағы университет үшін тарихи күн. Өйткені сол күні қасиетті қара шаңырақтың іргетасы қаланып, Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс елді мекенінде құрылыс жұмысы алғаш басталды. Аталмыш шараға байланысты арнайы митингі өтті. Аумағы ат шаптырым жердегі мидай далаға жиналған студенттер мен ұстаздардың көңіл күйлері көтеріңкі еді. Өзіміз сол бір қуанышты сәттің белортасында жүрдік.
Алқалы жиынды, алдымен, кеншілер қаласының басшысы Нариман Төлепов ашып, сөз кезегін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (бүгінгі үрдіспен айтқанда облыс әкімі), Василий Акулинцев пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Сұлтан Досмағанбетовке берді. Олар уиверситет ұжымын шын жүректен құттықтап, білім ордасының негізі берік, абыройы асқақ болуына сәт сапар тіледі.
Бұдан кейін, Алматыдан келген Қазақстанның халық ақыны, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбділда Тәжібаев ақжарма лебізін білдірді. Ол жайында студенттік өмірден жазып жүрген күнделігім былайша сыр шертеді:
«Қымбатты, достар! Менің жасым 65-те! Мен бүгін нағыз бақыттымын! Өйткені еліміздегі екінші университет құрылысының іргетасын қалауға қатысып отырмын! Сендер көп кешікпей қолдарыңа диплом алып, өмір айдынына қанаттанып шығасыңдар! Евекеңдей ғұлама ғалым басшылық жасаған бұл білім ордасының болашағы зор! Ертең- ақ оны әлем таниды! Армандарың орындала берсін, жастар!» –деп ақ батасын берді. Бұдан кейін басқа да азаматтар ізгі тілегін айтты. Соңынан ҚарМУ қалашығының қадасы қағылған кезде, салтанатты шараға жиналғандар қуаныштан қол соқты».
(«Күнделік дәптер», 20-бет.1974).
Жылдар өте келе абыз ақынның айтқаны айдай келді. Бұл күндері республикамыздың ең үздік білім ордасына айналған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің есімі дүниежүзіне белгілі.
Келесі күні университте қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы Әбділда Тәжібаевпен кездесу болды. Жиналғандар алдында өлеңдерін оқып, әдебиет жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Студенттердің қойған әр алуан сұрақтарына жауап беріп, жас ақын Тортай Сәдуақасов пен менің балауса жырларымды тыңдады. Осынау тағлымы мол, әдеби кештің соңында университет басшысы Евней Арыстанұлы мәртебелі мейманға жастар атынан ақ алғысын айтып, иығына шапан жапты.
Жарты сағаттан кейін, ұлағатты ұстазымыз Мұрат Смағұлов бізді ректордың қабылдау бөлмесіне ертіп барды. Сол жерде Евней Бөкетов:
– Әбеке, мына екі ақынымызға жақсылап қолтаңба жазып беріңіз, әдемі естелік болсын. Әлгінде өзіңізге арнаған өлеңдерін естідіңіз ғой. Түбі жаман ақын болмайды. Бұл жігіттер – «Балауса» әдеби бірлестігінің белсенді мүшелері, оқу озаты! – деп біздің мерейімізді бір көтеріп тастады.
Көрнекті сөз зергері де ризалық сезіммен Тортайға арнап, «Көне қоңырау» атты кітабына: «Торы тайым өсіп ат болсын, жамандықтан жат болсын!» – деп екі жол өлең жазды. Осы кезде Евней ағамыз әдемі әзіл айтып:
– Әбеке, Сәбит Мұқанов сияқты «печать» жасатып алсаңызшы. Ақ тілегіңізге арналған қолтаңба «мөріңізді» кез келген уақытта кітапқа басып бере саласыз, – деді.
– Е-е, Сәбең сияқты біз классик емеспіз! – деп күлді де, менің кітабыма: «Балам Әли, әлі талай кездесеміз. Жаман емес, тәуір екен өлеңіңіз! Әбділда.15.04.74» деп қол қойып берді.
Иә, әдебиетіміздің екі бірдей дарынды тұлғасымен дидарласқан сол тарихи сәтке де 51 жыл болыпты. Өтіп жатқан өмір-ай!
Евекең емделіп жүр екен
1 қыркүйек күні университетте сабақ басталды. Сол күні (1976) филология факультетінің деканы, ғалым Задан Жұмағалиевтің жұмыс орнына барған едім. Алдымен қабылдау бөлмесіне бас сұғып, хатшы қызға:
– Кешіріңіз, мен бастықтың шақыруымен келдім, – деп аты-жөнімді айттым. Ол алдындағы телефон нөмерін теріп, әлдебіреумен сөйлесті. Шамасы деканмен болса керек. Содан соң:
– Кіріңіз! – деп есік жақты нұсқады. Ішке енсем, Задан Тасқалиұлы екі кісімен сөйлесіп отыр екен. Міне, қызық, алдымда қазақтың атақты ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев! Өз көзіме өзім сенер емеспін. Бірақ дәл өзі! Жанында қарағандылық жазушы Жайық Бектұров. Амандық-саулықтан соң, Задан ұстазымыз Евней Арыстанұлының біраздан бері денсаулық жағдайына байланысты емделіп жүргенін, екі күн бұрын аруханаға жатып қалғанын айтты. Сондай-ақ жақында ғана аяқталған, тамыз айындағы абитуренттер науқаны ұлы тұлғаның жүрегіне көп салмақ түсіргенін жасырмады.
– Қалай да, Евекеңе барып, сәлем беруім керек! – деді Алматылық қонақ орнынан тұрып жатып. Қоштасар кезде Зәкең:
– Әли, Тұмағаң қайтқанша қасында жүрерсің! Сол үшін сені шақыртқан едім, – деп маған қарады.
– Енді сен, менің жеке «адъютантым» боласың! – деді ақын ағам жымиып.
Біз сүт пісірім уақыттан кейін, облыстық кардиология ауруханасына келдік. Жол үстінде «Жалын» журналының бас редакторы, жастардың сүйікті ақыны, Тұманбай Молдағалиевтің Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен Қарағанды облысына 4-5 күнге арнайы іссапармен келгенін естіп білдік. Өкінішке қарай, дәрігерлер Тұмағаңды ректор жатқан палатаға жібермеді. Оның оңтайлы жолын жанымызда тұрған облысымыздың Құрметті азаматы, елге сыйлы жазушы Жайық Бектұров тапты. Жәкең аурухананың бас дәрігері Елубай Абжановты жақсы біледі екен. Сол мезетте оған телефон соғып, қонақты өзімен бірге ерте кетті.
–Евекең шаршап қалыпты! – деді, Тұманбай ағамыз басын шайқап, палатадан шыққан соң. – Сіздің хал-жағдайыңызды білейін деп, Алматыдан арнайы келдім, – деген кезде бала сияқты қуанып қалды. Әңгіме арасында академик Қаныш Сәтбаев туралы жазып жатқан деректі романның жағдайын сұрап-білдім. Бірінші кітапты аяқтапты, Қаныш әлі 15 жаста көрінеді. Алда екі кітапқа арқау болатын өмірбаяндық материал жеткілікті екен. Оған емделіп шыққан соң, кірісемін деп отыр. Мен «бірінші кітапты «Жалын» журналына баса берейік, жастар оқи берсін, Евеке!» – деп өтініш айтып едім, келісе қоймады. «Тағы бір рет ой сүзгісінен өткізгенім абзал!» – дейді.
Шіркін, денсаулыққа не жетсін! Осындайда заңғар тұлғаның «Қаламға да қамшылайтын қуат керек!» деген қанатты сөзі еріксіз есіме түсті.

Ізгілік иірімдері
Академик Әлкей Марғұлан айтқандай: «Ғалымның ғибратты ғұмыры – ол бір мектеп». Ендеше тұғырлы тұлғаның соңында өз мектебі қалыптасты. Евекең өмірде өте қарапайым еді. Мен ректормын, академикпін демейтін! Уақытының тығыздығына қарамастан, ара-тұра унверситеттегі жастардың «Балауса» әдеби бірлестігінің жұмысына қатысатын. Сол басқосуларда жас ақындар: А.Бөкенов, Ж.Қоғабаев, Т.Сәдуақасов, Ж.Смағұлов,Т.Тіленшиев, Н.Ибрайым, С.Смағұлова, Т.Майбас сияқты талапкерлердің туындыларын талқылаған кезде өз пікірін іркіп қалмай, алған әсерімен бөлісіп, арасында ақыл-кеңесін беріп отыратын. «Кешегі жазғаның бүгін өзіңе ұнап отырса, ол – сенің өспегендігің!» деуші еді. Тіпті арамызда жүрген ақын Базар Мамыровтың: «Студенттердің дастарқаны шағын болғанмен, пейілі кең!» деп келетін өлеңін өзгелерге үлгі ететін. Евекеңнің батасын алған жоғарыдағы жастар – қазір республикамызға танымал ақын-жазушылар.
Аталмыш үйірменің «Балауса» деп аталатын қабырға газетін екі ай сайын шығаратынбыз. Көлемі бес метрден кем болмайтын үнпараққа ақын-жазушылардың шығармалары мен суреттері Кеңес отырысының шешімінен соң жарияланады. Дайын материалдарды жазуы маржандай студент қызымыз Асылтас Тасыбаева қағаз бетіне көз майын тауысып отырып түсіретін. Өйткені ол уақытта қазіргідей ақ параққа бастырып шығара қоятын компьютер жоқ. Унверситет бойынша жалғыз қазақ машинкасы тек ректорда болатын еді. Орыс тіліндегі жазу машинкасы бар, бірақ оған «қазақ әріптері» енгізілмеген. 1973 жылғы үйірменің кезекті басқосуында осы қиындықтан Евней Арыстанұлы құтқарды.
– Бұдан былай газет материалдарын түгелдей менің машинсткам Гүлбану Артықбаева апайларың басып береді! – дегенде бәріміз қуанып кеттік.
Айта кету керек, ұлағатты ұстаз әдебиетке өте жақын болғандықтан, біз оқыған 1972–1976 жылдар аралығында ҚарМУ-ге қазақтың көрнекті ақын-жазушыларын жиі шақырды. Атап айтқанда: М.Әлімбаев, А.Сейдімбеков, Ә.Әбішев, Ж.Өмірбеков, С.Мәуленов, Е.Ибраһим студенттермен кездесіп, рухани жан дүниемізді байытты. Сол жолғы шығармашылық кештерде аты аталған қаламгерлер жайлы Евекеңнің көсіліп сөйлегені әлі есімде.
Заманымыздың заңғар тұлғасы, университет ректоры бола жүріп, филология факультетін бітірген біраз жігіттің дипломдық жұмысына жетекші болды. Олардың арасында қазір Екібастұз қаласында тұратын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабаевтың «Сырбай Мәуленовтің сырлы өлеңдері», бүгінде есімі Түркі еліне жақсы таныс тілші-ғалым, академик Ерден Қажыбековтің «Олжас Сүлейменов творчествосы», қарағандылық этнограф жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Төрехан Майбастың «Оралхан Бөкейдің прозалық шығармалары» және Шардара қаласында тұратын Білім беру саласының үздігі, белгілі ақын Нұрғали Ибрайымның «Ақын Кәкімбек Салықовтың табиғат лирикалары» деп аталатын ғылыми еңбектеріне басшылық жасады.
Сегіз қырлы, бір сырлы ғұлама ғалым қайтыс боларынан бір жыл бұрын Қарағанды телеарнасының «Жас қанат» хабарына қатысқан еді. Сол жолы маған берген сұхбатында: «Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім!» деген жүрек жарды сөзі, әлі құлағымнан кетпейді.
Е.Бөкетов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Ол әлемге әйгілі ақын-жазушылардың шығармаларын ана тілімізге аударумен айналысты. Атап айтқанда, Александр Пушкиннің өлеңдерін, Эмиль Золяның бір топ әңгімесін, Иван Вазовтың «Бұғауда» романын, Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэмасын және Владимир Маяковскийдің «Қандала» пьесасы мен «Жақсы» деген поэмасын қазақшалады.
Айтқандай, 1976 жылдың 7-тамыз күні Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық ұйымының төрағасы Жайық Бектұровтың жұмыс кабинетінде жас ақын-жазушылармен кездесу болды. Алқалы жиынды суретке түсіру үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің тапсырмасы бойынша фотограф Рахымбай Ханалиев (бертінде марқұм болды) Алматыдан келіпті. Бұл басқосуға университет ректоры да қатысты.
Сол жердегі әңгіме-сұхбат барысында «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, жазушы Қанат Жойқынбеков Евекеңнен В.Маяковскийдің «Жақсы» поэмасын қалай аударғаны жайлы сұрап білді. Көрнекті ғалым шығарманың кейбір тұстарын аса қиындықпен аударғанын жасырмады. Әсіресе поэмадағы басты кейіпкерлердің бірі, толық денелі, кеуде төсі керемет үлкен, орыс келіншегінің сырт бейнесін былайша қазақшалаған көрінеді:
«Қыз емес қой, бұл – бір құт.
Қос емшегі екі пұт».
Осы екі жол өлеңнің аудармасына екі күн уақыты кеткенін, нәтижесінде, әйел образы сәтті шыққанына өзі риза болып, көтеріңкі көңіл күймен айтып берді. Бұл ғаламат шеберлік еді. Сол жолы ақын- жазушылар Еркеш Ибраһим, Жайық Бектұров, Қанат Жойқынбеков, Серік Жүсіпов, Ерден Қажыбеков және осы жолдардың авторы академикті ортаға алып, естелікке суретке түстік. Ол сурет көп кешікпей «Қазақ әдебиеті» газетінің 1976 жылғы 20 қыркүйек күнгі санында жарық көрді.
Евекеңдей тұғырлы тұлғаның шығармашылыққа деген шынайы махаббаты мен ұдайы ізденісі, студент- жастарға деген ізгілік иірімдері мен ұстаздық мейірімі осындай еді.
Ұлы тұлғаның ұлағатты сөздері
Кезінде Платон деген философ: «Атақты адамдар артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» деген екен. Сол айтқандай, Евекеңнің артында қалдырған адамзатқа азық болатын орамды ойлары мен қанатты сөздерінің өзі бір төбе. Мысалы, «…Шын мәдениетті адам болудың бірден-бір жолы өзіңнен бұрынғы буыннан дұрыс тәрбие алу, дұрыс үлгі көру», «Ана тіліміз ғылыми ойшылдық пен ғұламалықтың шыңына жеткен халықтың тіліне айналуда», «Әдебиет пен көркем өнердің ұлы туындылары біздің жан-тәнімізге, қанымызға, бойымызға сездірмей сіңеді де, біздің рухани адамгершілік бейнемізді қалыптастыру ісіне асқан белсенділікпен қатынасады». («Ақылдың кені», 25,48,171-бет.–Алматы: «Қазақстан» 1991).
«Жаны адал, жүрегі ақ, сезімі нәзік адамдар ең әуелі өз құрбысына қатаң талап қойып, өзін-өзі алдамайды». «Бойдағы аз кемшіліктің өзін жою үшін де күресе білу керек, өйткені жамандық, кемшілік деген итжанды келеді, бойға ұялампаз», «Сыртқы сымбат ішкі тереңдікке сай болуы керек… Сырт сымбатымен көзге түсу мақсатынан аулақ болған абзал», «Адам есейіңкіреген кезде өзіне-өзі тәрбиеші бола білуге тиіс. Бұл үшін жастарға қамқорлық пен қайрат қажет», «Өмірдегі ең үлкен жетістік – адам болып қалу» ( Е.Букетов. «На земле и небесах», 310–311-бет. –Қарағанды. 2015.).
Бұдан бөлек ұлы тұлғаның көптеген ұлағатты сөздерін өз аузынан талай рет естігенбіз. 1973 жылдың 29 қазан күні ҚарМУ-дің акт залында студенттердің алқалы жиыны өтті. Ол кезде Кеңес одағының жастары бұл күнді Ленин комсомолының төл мерекесі ретінде тойлайтын. Басқосуда Евней Арыстанұлы студенттерге білім мен ғылымды терең меңгеру қажеттігіне баса көңіл бөлді. Алда жаһандану ғасыры жақындап келе жатқанын естеріне салды.
Сол жолы: «Ғылым – адамзат өркениетінің ең асыл мұрасы», «Ғылыми ізденіс дегеніміз – творчестволық процестің барып тұрған биігі, шыңы», «Жастар – болашақтың айнасы, соларға қарап елдің ертеңін болжай аламыз», «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық!» деген аталы сөздер айтты. Өресі биік өр тұлғаның осындай ұлағатты сөздері өзінің өміршеңдік қасиетін әсте жоғалтқан емес.
Иә, екі тілде еркін сөйлейтін тума талант, аса дарынды ғалым, жазушы һәм аудармашы, академик Евней Арыстанұлы ерен еңбегінің арқасында ұлтымыздың ұлы тұлғасына айналды. Ол жарық жұлдыздай жарқ етіп, бар болғаны 58 жыл өмір сүрді. Әттең, күншілдіктің құрбанына айналып, сұм ажалдың семсеріне ерте ілікті!
Әли Тойжігітов,
Қазақстанның
Құрметті журналисі,
Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері