Стендальдің қаламы һәм қазақтың әдеби қамалы
17.03.2017
2371
0

Жаңабек ШАҒАТАЙ, жазушы


Қадірлі қаламгерлер, қымбатты көсемсөз шеберлері!
ХІХ ғасырдың басында бүкіл Еуропаны біріктірмек оймен атқа қонған Наполеон Польшаға жетіп, Неман жағасына келгенде «Болды, Еуропаны біріктіруді аяқтадым» деп жорығын тоқтатып, аял жасағаны тарихта жазулы. Бірақ алда оны бұрынғыдан да ауыр ұрыстар, түбі жеңіліспен аяқталған соғыс күтіп тұрған болатын. Бір сөзбен айтқанда, алдына ұлы мақсат қойған Наполеонның жорығы өкінішті сәтсіздікпен аяқталып (200 жылдан соң Еуропаның толық біріккенін көзіміз көріп отыр), француз халқы жеңілістің ащы өкінішінен еңсесі езіліп, торыққан шақта жазушы Стендаль «Наполеонның қылышы жетпеген жерге менің қаламым жетеді» деп жылаулы, жабыққан жұртының алдында ант бергендей болған-ды. Ол айтқаны қалтқысыз орындалды да.


 

ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басындағы француз әдебиетінің барша жетістігі соның айқын дәлелі. «Уа, дүние-ай!» дер­сіз осындайда еріксіз төл әдебие­ті­міз – қазақ әдебиетінің қазіргі кез­дегі өлмеші, кембағал күйіне бармақ шайнап.
ХХ ғасырдың 30 жылдарында Максим Горький қазақ әдебиет­ші­леріне қаратып: «Сіздер алтын сандықтың үстінде отырсыздар» деген мәнзелде жақсы сөз арна­ға­ны жадымызда. Гуманист жазу­шы­­ның қазақ ауыз әдебиетін ас­қақтатқаны еді бұл…
Қазақстанның халық жазушы­сы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов ағамыз өткен жылы жарық көрген «Қыл­көпір» кітабын Абай айтқан «улы сия, ащы тілмен» жазып шыққан екен.
Айжарық атты кейіпкерінің аузына: «Осынау шетсіз-шексіз, дулы дүниеде кіндігіңнен байлан­ған өз елің, өз жерің, өз тауың бол­ған­ға не жетсін!» – деп арманды сөз салған автор «Бүкіл қазақ да­ласы – мұражай іспетті» екеніне күмәнданбайды.
Қалам қуатымен ел-жұртын құлдық санадан құтқаруға, бойы­мыз­дағы тоғышарлық, жағым­паз­дық, жайдақтық сияқты толып жатқан жаман қасиеттерден арыл­ту­ға күш салатын көрнекті қалам­гер: «Орыстар өз үстемдігінің кел­меске кеткеніне әлі де иланып болған жоқ. Мүмкін, алып империя ғайыптың ісімен қайтадан оралар. Оралмаған күнде де, іргелес елде біраз отандасыңның жүргені артық емес. Көзің. Құла­ғың. Мүлде сыпырылып кеткеннен гөрі сол елде бір іліктің қалға­ны жақсы. Кез келген уақытта шу шығарып, дау туғызуға да тиімді. Халқының біраз бөлігін сыртта ұстау, көрші елді бейбіт жолмен-ақ басып алу – адам саны мол, үл­­кен ұлттардың қашанғы әдеті», – деп толғанып, тың ой айтады. Бұл сөздердің шындық екеніне жан-жағымыздағы кейбір елдер­дегі жағдайға қарап-ақ көз жеткізе­міз.
Қабдеш ағамыздың бұл кіта­бына тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарын тақырып еткен таң­даулы шығармалары енген. Мың жылдықтар алмасқан, жаңа ғасыр сахнаға шыққан, қоғамдық қа­ты­настар күрт өзгерген өтпелі кезеңді жазушы нағыз «қылкөпірге» теңейді.
Романның алғашқы бетінен-ақ замана келбеті, уақыт тынысы, алуан-алуан адамдардың қилы тағдыры көз алдыңнан кинода­ғыдай көлбеңдеп өте бастайды.
…Шамасы, бір жылдай бұрын осы Жазушылар одағында Мем­ле­кет­тік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды талдау отырысы болды. Отырыс соңында жазушы құрдасым Асқар Алтай жаңа шық­қан кітабын біраз қаламгерге таратып берді. Сол кезде кейбір жазу­шының «сират» деген не нәр­се деп әркімнен сұрап тұрғанына таң қалып едім?! Сиратты біл­мей­тін бұл қандай жазушы деп.
Ал Асқар романының аты «Сират» еді…
«Сират» романы эпикалық са­рында жазылған сүйекті шығарма екен. Шығарма қиямет-қайымды бастан кешкен Шығыс Түркістан мен сол өңірге түрлі себептермен Қазақстаннан барған қазақтардың тағдырын толғайды. Романға «Алтай сагасы» деп қосымша атау бер­ген автор кейіпкерлері – әйгілі Алтай өңіріне тікелей қатысы бар аңызға айналған адамдар… Оспан батыр, генерал Дәлелқан Сүгір­баев, Шығыс Түркістанның Бас хатшысы Сәліс бек, Қалибек әкім сияқ­ты тарихтан белгілі тұл­ғалар.
Ал белгісіз деген адамдардың өзі Совет Одағы арнайы Алтай жеріне жіберген барлаушылар немесе кәмпескеге ұшырап, репрессиядан қашқан Алпысхан сияқты мырза, бай тұқымдары мен аш­тықтан ауып барған жұрт.
Міне, романда осындай әр ал­уан кейіпкерлер ұшырасады. Ал оларды ортақ арнаға тоғыстырып, халық жыр-дастанына айналдырып тұрған да осы Алтай жерінің аңыз-сагага айналған оқиғалары. Азаттық үшін қан кешкен қазақ аза­маттары мен әйел затының ер­лі­гі мен өрлігі, мұңы мен қай­ғы­сы…
Айдаладағы АҚШ азаматы, Бас консул Дуглас Маккернанның қазақ үшін қам жеп, Тибетте қаза табуы, оның мәйітін қазақтардың жартас жақпарына жасырып, көшпенділерше «таслақатпен» жауып кетуі таңғажайып оқиға дес­ек болады. Сондай-ақ, сәбиі қы­­тай қолында тұтқында қалма­сын деп, өз қолымен атып кететін ерлердің жүрек ауыртар сұмдық ісі бүгінгі біздің ойымызды ойран етері сөзсіз. Алатаудағы албанның атақты Тазабектей биінің тікелей ұрпағы – Құлашын да тағдыр айдауымен Алтайдан ауған жұртқа күйеу болып, қытаймен кескілес­кен соғыста жараланып, Тибет тө­сінде шейіт кетеді. Ал Үндіс­тан­­­ның Бомбей қаласынан кемемен кетіп бара жатып «кәусар Алтайын» ойлап, мұңға бататын Мұғаждар мен мұхит үстінде дәм-тұзы таусылып, сүйегі суға кететін Аспан қарт тағдырларын тебіре­ніс­сіз оқу мүмкін емес.
Реті келіп тұрған соң айта кетуге тиіспін, әрбір көркем шығар­ма­ның да өзіне тән мінезі болады. Ол мінез жазушының азаматтық позициясы, өмірлік ұстанымы, бойындағы дарыны мен жазу ма­шы­ғынан түзілетін болар, сірә. Бел­гілі жазушы Жүсіпбек Қор­-
ға­с­­бектің қаламынан туған туын­ды­лар­дың талайы шын мәнінде мінезді шығармалар екенін айтпай кетпеуге болмас. Жүсіпбек қа­ламының қалыптан тыс мінезі «Көкжалдар» роман-тәмсілінің алғашқы сөйлемдерінен-ақ анық аңғарылады: «Түн, басы құйрығын жұтып қойып өлетін қорқынышты, өзін-өзі жеп тауысуға тақаған құ­быжықтай», – деп жазады. Өзін-өзі жейтін құбыжық – Левиафан әлем әдебиетінде талай жазылған. Ал қараңғы түнді сол Левиафанға ұқ­сату тың көзқарас, тосын ой. Әсі­ре­се, таңғы қаладағы өзге­леріміз он­ша аңғара бермеген сұмдық жайт жазушының жанын түршік­тір­ген:
«Алғашында байқамапты, бір қараса бәрінің көздері тұңғиық-тұңғиық. Адамға да біртүрлі, алдарынан ештеңе көріп тұрмағандай мағынасыз меңірейіп қарайды» дей келіп: «Кенет бүкіл залды бір суық елес кезіп өткендей болды. Шынында да, мыналардың басқа жастарға ұқсамайтынын байқады. Жүздері сынық, көздерінде от жоқ, жансыз қуыршақтар сияқты. Күнге күймеген, желге тимеген беттері балауызбен қапталғандай мінсіз. Мойындары қылдай жіңіш­ке, денелері қалақтай жұқа» деп есірткі таблеткаларына басыбайлы құл болған жастардан жа­ныңды шошыта, денеңді тітір­кен­діріп жазады. Нағыз Левиафан, өзін-өзі жеп жүрген құбыжық­тар расымен осылар ғой.
Жазушының бойындағы ақын­­дық қуат туралы айтқанда өт­­кен жылы «Жұлдыз» журналы­ның 6-7 нөмірлерінде жарияланған Серік Байхоновтың «Алып пен қалып» эссе-элегиясын ойымызға алып отырмыз. Оны қызыға оқып шықтық. Қазақтың біртуар жазушысы, абыз ақсақалымыз Әбді-жәміл Нұрпейістің адами әрі
та­биғи қалпын, қара­ма-қай­шы­лық­қа толы жан дүниесі мен күр­делі психологиялық бет-бейнесін ашып көрсетудегі автордың ше­бер­лігін айтқан жөн.
«Неге? Иә, неге? Әдетте сөзді мағыналық немесе көркемдік жа­ғынан қажеттілік болғанда ғана қайталайтын Әбеңнің кітабында осы «неге?» деген сөздің елу алты рет қайталанатынын компьютер арқылы біліп алғанмын. Қанша ақылды дегенмен, компьютердің аты – компьютер, ал адам санасы­ның жөні бөлек қой. Оның үстіне сезімге салмақ салып, жүрекпен жазатын жазушының «тірліктен мән іздеген» шақта осы «негеден» аса алмайтын себебі «неде?». Иә, тылсым уақыттың тылсымына біршама бойлады-ау деп жүрген тоқсан жастағы алып абыздың өзі осы бір «Неге?» мен «Неде?» атты тығырыққа тіреліп жатса, бір қап­тан, бір саптан шыққандай біз се­кіл­ділерге не жорық? Сонда шыр етіп дүниеге келгеннен бас­тап, бүкіл ғұмыры тырбанумен өтетін адам пенденің тірлік-тір­шілі­гінің мән-мағынасы қайда? Қай­да? Егер мағынасы болмаса, осы да әділеттілікке жата ма? Неге?..
«Иә, бәсе, неге?..» деп ты­ғы­рық­қа тірелгендей болады қалам­гер. Адамзат жасаған барша әде­биет­тің түпкі қазығы, айналып ке­ліп шиырлайтын сүрлеуі сол: тірлік-тіршіліктің мән-мағына­сын іздеу. «Алып пен қалып» фор­ма­лық жаңалығымен, адамзаттық тұрғыдан жауап табуға тиіс сауалдармен санада жатталып қалады. Әдетте, жазушы Серік Байхонов «мен саяхатшымын, яки ел кез­бе­мін» деп мақтанады ылғи. Егер әрбір кезбе дәл осындай «Алып пен қалыпты» дүниеге әкелетін болса, қазақ қаламгерлеріне орын­дық пен креслодан тұрып, ке­зермен болып кету керек шығар, әсілі.
Тағы бір тұлғалы әрі сыршыл, адам жанын нәзік әуенге толтыра қалам сілтейтін талантты жазушымыз Нұрғали Ораздың «Менің де өмірім бір қызық» атты шығар­масы өткен жылы түрік тіліне аударылып, түрік тіліндегі «Қардеш-қаламгер» журналында жа­­рия­­­лан­ды және Нұрғалидың дарыны Махмұд Қашқари атын­дағы сыйлықпен марапатталды. Бәрімізге ортақ қуаныш болған соң, бұны елемей, назардан тыс қалдырып кете алмадым. Журнал дегеннен шығады, «бір тойым болатыны сөзсіз менің» дегендей, әдеби журналдарда да туған күн немесе туған жыл болады. Солар­дың бірі – көпшілікке аты жақсы мәлім «Үркер» журналы.
Өткен жылы «Арбаның алдың­ғы дөңгелегі» айдарымен жария­лан­ған Серік Асылбекұлы­ның «Сарықыз» әңгімесін көркем про­за­ның жетістігіне жатқызар едік. Майраның жандүниесі нәзік. Қаламгер «Сарықыздың» бейнесін мөлдіретіп ашып шыққан.
Соңғы жылдары өндіре жазып жүрген жазушылардың бірі Кө­сем­әлі Сәттібайұлының «Элизаға арналған пьеса» деп аталатын әң­гіме­сін 20 мың таралыммен шыға­тын Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінен оқыдым. Шығарма жас­өс­пірімдерге арналғанымен, жаса­мыстардың да кеуде тұсын шымырлатып жіберетін оқиғаға құ­рыл­ған. Арғы-бергі замандарда бұл тақырыпты қаузамаған қалам­гер жоқ шығар. Бірақ мәселе соны қалай жазуда емес пе? Әсіресе, қазіргі заманда. Мысалы, біздің ұрпақ майдан даласында оқ-дәрі исін иіскемек тұрмақ, соғыс деген атың өшкірді көрмей-ақ қартайып келе жатыр. Бұл, әрине, үлкен ба­қыт. Бірақ осыдан жетпіс екі жыл бұрын біткен соғыстың бітеу жарасы жүректерде әлі күнге дейін сыздап тұр…
Белгілі ғалым, дарынды жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Рақым­сыз көктем» кітабына кейінгі жыл­дары жазылған хикаяттары мен әңгімелері енген көрінеді. Жинаққа аты қойылған «Рақым­сыз көктем» хикаятының идеялық мақсаты – Кеңестік қызыл им­пе­рия­­ның қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығын көркем ойлар жүйесі арқылы көрсету. Автор өз мақсатын толық орындай ал­ған. Әсерлі сюжет ауыр ойға жетелей оты­рып, оқырманды бейжай қал­дыр­майды және жинаққа енген әр әңгіменің ұсынар тосын ойы, ұтым­ды тұстары жетерлік. Сон­дай-ақ, талай жұрт жақсы көретін Төрехан Майбастың «Аңсар» жина­ғына да бірқатар этнография­лық қысқа әңгімелері мен хикаяттар топтастырылған. Өзіндік жазу машығын қалып­тастырған қалам­гер кейіпкер­лерінің ішкі жан дүниесін ашуда ұлттық психоло­гия­лық иірімдерді шебер пайдалана біледі. Әрі ұлттық қанық бояумен суарылған әрбір шығар­ма­сы оқырмандардың жанында терең із қалдырарына күмән кел­тір­мейміз. Тіпті, оның шығар­ма­лары­ның атының өзі елең еткізеді: «Белгімал», «Қарға­қосбасар», «Қыз­құ­дық», «Тізгіқол», «Итбегі», «Көрлеуіт», «Мыңқыш». Бұрын­дары Қарағанды өңірінен шыққан қаламгерлер қазған көмірін, шах­тер­лардың азған өмірін жазатын сияқты көрінетін еді, ал Төрехан Майбас соны қиырларға сүрлеу салыпты. «Бәрекелді» дейміз біз оған.
Осы тұста Көлбай Адырбек­ұлы­ның «Жүрек жұтқан» жинағын айта кетсем деп тұрмын. Бұл жинақ­­тың шекесіне деректі повесть деп айшықтап таңба басыл­ғанмен, бұл жинақ деректіліктен гөрі биіктеп, біртұтас көркем туын­дыға айналып кеткен шытырман оқиғалар тізбегі. Жәй ғана тізбек емес, автордың жүрек қаны, саналы ойына суарылып шыққан көркем дүние.
Осы кітаптағы Зейнел-Ғабиден Темірғалиевтің бастан кешкен қилы-қилы тағдыры жан түршік­тіреді. Соғыста тұтқынға түсіп, Бухенвальд концлагерінде қинал­ғаны, одан соң «Отанын сатқан» деген айыппен 25 жылға сотталып, Колымада 10 жыл азапты бастан кешкені еріксіз жан түр­шік­тіреді. Соғыстан кейін сегіз жылдан соң Сталин өлмесе, осындай бейбақтар елге аман-есен ора­лар ма еді?! Жоқ! 25 жыл, тіптен одан да көп зарығары сөзсіз болатын.
Жазушы Әбдіғаным Көшеров­тың «Дүрбелең» трилогиясының екінші, «Мәделі» атты томы 2014 жылы жарық көрген екен. Бұл роман от ауызды, орақ тілді ақын, қай­сар батыр Мәделіқожаға ар­нал­ған. Зады, жақсы кітап еш­қа­шан қартаймайды ғой. Сондықтан оны да атап өткен жөн шығар деймін.
Қазақ тарихының күрделі ке­зеңінде ғұмыр кешкен Мәделі­нің тағдыры талайға рух беретін, кейінгіге үлгі тұтарлық соқталы ердің шежіресі.
Есқара Тоқтасынұлының «Бауы­рым-ай» романы қазақ әде­бие­тіндегі спорт тақырыбына арнал­ған тұңғыш роман деу ләзім. Әрине, осы тұста Бердібек Соқ­пақ­баевтың «Чемпионын», Сейдахмет Бердіқұловтың «Аспаннан шұға жауған күн», тағы басқа да шығармаларын ойға алуларыңыз мүмкін. Несіп Жүнісбаевтың ең­бек­терін де еске ала кету артықтық қылмайды, бірақ ол кесек туын­дылардың көбі повесть, қазіргіше айтсақ, қызықты хикаяттар еді. Осы романға Мархабат Байғұтов мырза: «Ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі бітіспес майданын өз туындыларына арқау еткен небір өнер иелерінің тындырған еңбегі аз емес. Біреу мойындап, екеу мойын­дамағанымен, адамды адам күйінде сақтауға септігін тигізіп ке­ле жатқан сол, сірә. «Бауырым-ай» романы шынайы шығармашы­ның қаны мен жанынан қайнап шыққан, жүрегінен жаратылған, көркемдік қуаты кемел деуге әбден лайық, татымды туынды. Жазушы Есқара Тоқтасынұлы қиын да қызықты өмірдің бел ортасында жүрген, талай-талай тартыстар додасын, қайшылықтар қақтығы­сын тікелей бастан кешіп, тайсалмай күресіп, суреткершіліктің аза­бын сезініп келе жатқан жазбагер», – деп әдемі айшықпен ал­ғысөз жазып, батасын берген екен.
Мың мәрте күшенсем де Мархабат ағадан асырып айта қой­мас­пын, өкінішке қарай. Ол кісінің талғамы мен талдауы тым биік екенін бәріңіз де білесіздер, мо­йындайсыздар. Сондықтан осы жерден бір тоқтап, Мархабат ағаның әлгі сөздері Азат Әкімнің «Кім екен, сол қәрия?!», Оңласын Әмірқұлдың «Жойқын жұт», Тынымбай Төлепбайұлының «Қана­ғат», Нұрлан Қамидың «Хан Мөде» кітаптарына да қаратып айтыл­ған­дай, оқырман қауымнан сүйін­ші сұрағандай болатынын біл­дір­гім келеді. Бұл кітаптарда кешегі және бүгінгі адамның тағдыр-талайы, махаббат-ғашықтығы нағыз жазушыға тән көркемдік қуатпен нақышталғаны анық аң­ға­рылып тұрады.
Шойбек Орынбайдың «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» тарихи-танымдық роман-дило­гия­сы кең тынысты, уақыт кеңіс­тігі тұрғысынан көп кезеңді – ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысын қамтитын ауқымды шығар­ма. Жазушы Шойбек Орынбай ойға алған ауыр тақырыптың үдесінен айнымай шығып, иығына, жұлын-жүйкесіне түскен зіл батпан жүкті қайыспай көтере білген екен. Бәрі дұрыс, бірақ қаламгер романның көп бетінің төменгі жағына «Келе – түйенің үйірі», «Пәни – жарық дүние, жалған өмір деген мағынада қол­данылады», «зіңгіттей – зор де­нелі, ірі», «тепсең – мал жайылатын жазық жер», «бәкене – келте бойлы» деп тағы басқа көптеген түсіндірме беруін қабылдай ал­мадық. Әрине, белгілі бір кезең­ге, өткен ғасырларға тән архаизм, историзм, тіпті, көпшілік оқыр­ман­ға тым түсініксіз говорларға тү­сіндірме беру жарасар, бірақ екінің бірі білетін, білуге тиіс сөз­дердің бәріне түсіндірме жазу міндет пе? Бүйте берсек, болашақ­та қарапайым оқырман қолына түскен шығарманы «Түсін­дірме сөздік» арқылы оқып жүрмесін.
Неге біз оқырмандарды түк біл­мейтін, ізденбейтін, көкірек кө­зі мүлдем бітеу көрмәдік деп қа­былдауға тиіспіз?!
Диалекті дейтін болсақ, қазақ тілінде диалекті жоқ екенін Мұх­тар Әуезов 30-40 жылдары айтып, жазғаны есімізде. Сол жылдары орыс тілінде жазылған кейбір мақалаларында сайрап тұр. Бірақ кейінірек тілші-ғалымдар­дың біразы жан-жақтан «диалект бар» деп шуылдай берген соң дауласуды қойған сынды. «Көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме?!» деп амалсыз бармағын тістеген болар, сірә?!
Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі бір газеттен «Келіншегімді төртінші рет ұзатқанда көрдім» деген тақырыпты оқып, ала көзім алақандай болғаны бар. Келін­ше­гін төрт рет ұзатса, ол келін емес… қалай десем екен, кебіс боп кеткен шығар деймін түсіне алмай. Әри­не, онша жетісіп тұрмаса да, ол сөйлемнің дұрысы «Келіншегім­ді ұзатқанда төртінші рет көрдім» болуы керек еді. Сондай-ақ, «Суға шешінген тайынбас» дегенді де оқығанбыз. «Суға шешінгеннің» не істейтінін өзі білер, бірақ қазіргі кезде қазақ тіліндегі тұрақты тіркес, мақал-мәтелдерді, қалып­тас­­қан ұғымдарды быт-шыт қы­лып, бей-берекет жазу, әдейілеп бұзу өршіп барады. Қазақ тілінің бар байлығын жете білетін, құна­рынан қанып ішкен, сөздік қоры ұшан-теңіз сұңғыла суреткер сөз ойнатып, жаңаша сөйлем құрып, эксперимент жасап көрсе мақұл-ақ, өкінішке қарай, сөздік қорла­рын­дағы байлығы бір мысқал, тілді шала-пұла білетіндер ермек қылып күйдіреді ғой.
Сөзге қашан да абай болуымыз керек, ағайын. Сөз біздің қаруы­мыз ғана емес, сөз халықтың тарихы, тағдыры, жаны. Сөз – ұлт­тың ұстайтын туы. Өткеннің бү­гінге жеткен аманаты. Ал ама­натқа қиянат жасау жараспайды.
Бұрынғы ғасырларда қазақ тілінің әуенділігі, әуезділігі, сұлу өрнектілігіне таңқалғандар және тіліміздің соншалық бай болуына еңбегі сіңген сұңғылалар мен сұлу сөз зергерлерінің аруағы бүгінгі сөзбұзарлар мен тіл шұбарларды кешіре қояр ма екен?!
«Әдебиет – ардың ісі». Зейнолла Қабдолов көкеміз солай пайым­да­ған. Азаматтық биіктерден бас­тау алатын шынайы әдебиет қашан да алаөкпе, тіптен, алашат тірлікте онша елене бермейтін, ол-ол ма, қадірлене қоймайтын, ман­сұқ етілетін ізгілік, жақсылық, тазалық, көркемдік деген қиялар­дан түспейтіні белгілі. Шынайы әдебиет қандай талаптарға сай болуға тиістігін қандай көркемдік-образдық эстетикалық таразыға сай болмағы ләзім екенін қаз­ба­лап, қанша жерден тіл безесек те, кез келген шығармаға қойылар ең басты талап – жақсы жазылуы. Ал қандай ағынның жетегінде жазыл­ғаны, қандай үлгінің талаптарына сай болмағы одан кейінгі мәселе­лер.
Жазушы Әбдінағым Көшердің «Үш батыр», Данияр Әлбозымның «Шыңғыс қаған» тарихи романдары, Амантай Ахетовтің «Жеңіс перзенттері», Өмірзақ Қажым­ға­лиев­тің «Кемел» романдарындағы бас­ты кейіпкерлердің жекелік бет-келбетінің, тұлғасының және жанама кейіпкерлердің топтық портреттерінің бейнеленулерінен нәсілдік-тектік негізді көркем ант­ропологиялық сипатты этно­ло­гиялық-этнографиялық ерек­шелікті аңғаруға болады.
Осы ретте бұл романдардың әрқайсысы жеке-жеке талдауға лайықты туындылар екенін айтуға тиіспін. Қысқа жиынның шолақ уақыты оны көтере алмайтынын өкінішпен еске саламын.
Иә, «әдебиет – ардың ісі». Сон­дықтан әр шығарманың құн­ды­лығы, көркемдігі оның Бұқар жы­­рау айтатын «өгіз терісі – талыстай қалың немесе бұзау терісі – шөнжіктей жұқа болуына» байланысты емес. Өмірзақ Қа­­жым­­­­ғалиев­тің «Кемер», Ақбөрі Қыдырдың «Айта салдым…», Құл-Керім Елеместің тәр­биенің тұнық бұлағы – ұлттық таным арқауын ту еткен «Шыра­ғым-ай», Тельман Бахыбайдың «Бекер сор», Несібелі Рахметтің нәзік иірімдерден өрілген «Тұн­жыр» жинағы, Ырысбек Дәбейдің «Мөлтілі», Өскенбай Құлатайұлы­ның «Тағдыр» жинағы қазақ әдебиетінің қоржынына түскен елеулі табыстар. Әрбірі туралы толымды ой, тұшымды пікір айтуға лайық шығармалар.
Ең басты қадап айтарымыз, аталған немесе мінәйі себептермен аталмай қалған шығар­малар­дың көбі қазақ әдебиетінің қа­ма­лына, оның қабырғасына қала­натын бір-бір кірпіш. Уақыт сынағына, кезеңнің тезіне төтеп бере алатын асылдың сынық­тары.
Қорыта айтқанда, өткен
2016 – мешін жылы қазақ әде­биетінің біршама табысты жылы болған екен. Қазақ әдебиеті әлі де кең ты­ныс алып, мынау шексіз дүние­нің сұлу сыры, көркем қалпы, нә­зік иірімдеріне таңдана әрі сүй­сіне қарап келеді екен. Біз солай деп қабылдадық.
Ал ақиқатын бір Алла ғана біледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір