ҚАЛАМЫ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ
18.01.2024
509
0

 Қазақтың көрнекті лирик ақындарының бірі, жыр жампозы, Бақайдың баурайынан өрбіген, таланты күн нұры мен тау өзендерінің тамшысынан құралған Рахымжан Тілеуімбетұлы Өтегенов тірі болса 2024 жылғы 10 қаңтарда 75 жасқа толар еді. Алла Тағала оған ұзақ жасты нәсіп етпепті. Ол небәрі 44 жасында дүние салды. Мерейтойлық датасына байланысты ақынның селт еткізер сезім сәттерін аспандатқан шырайлы шығармашылығын арқау етіп арнайы мақала жазғанды жөн көрдік.

Рахымжан Тілеуімбетұлы 1949 жылы 10-қаңтарда Қытай Халық Республикасының аумағында дүниеге келді. Тағдыр тәлкегімен өткен ғасырдың отызыншы жылдары қуғын-сүргін салдарынан шетел асуға мәжбүр болған ата-анасы араға отыз жылдай уақыт салып атамекенге қайтып оралғанда, ұрпақ қамын, ұрпақ келешегін бірінші орынға қойған еді. Рахымжан әкесі Тілеуімбет пен анасы Өмисаның сондай алақанында өсті. Кішкентайынан арман құмар болды, үнемі бала қиялының жетегінде жүретін.
Алтыншы сыныпқа көшкен жылы жазда түсінде ақын Жұмағали Саин оған «өлең жаз» деп блокнот сыйлайды. Кітапханадан кітаптарын алып, өлеңдерін оқығаны болмаса өңінде көрген адамы емес. Кейін білгенінде ақын Жұмағали бұл түс көрерден бір-екі ай ілкіде соғыста алған жарасынан қайтыс болып кеткен екен. Бұл 1961 жылдың жазы болатын. Осы түстен кейін ол шынымен де өлең жаза бастады.
Бала кезім,
Бір өзгеше түс көрдім,
Елжіреймін
еске қайта түскен күн.
Сол-ақ екен өлең жаза бастадым,
Өлең жазып
туды дейсің іштен кім?
Өлең десе,
Қалай тыныш жатамыз.
«Жыр жазасың,
Мынау берген батамыз»
Деді дағы тілдей қағаз ұсынды,
Қасыма кеп Жұмағали атамыз.
Сол бір шақты Рахымжан осылай деп жырлады. Майдангер, даңқты партизан, ақын Жұмағали Саинның аруағы жебеді ме шабыт толқыны аспандап, «арқасы ұстап» шумақтарды төгілдіртіп тастайтын. Оңаша қалып, блокнотымен сырласқанды тәуір көретін. Талантын жетілдіріп, өмірінің соңына дейін жыр шумақтарын төгілтумен болды.
Рахымжан екеуміздің өміріміз бала кезден қатар өріліп жатты. Біздің Малыбай ауылындағы мектептің қазақ сыныптары оқушы балалар санының аздығынан жетінші сыныптан соң жабылып, амал жоқ аудан орталығы Шелек селосындағы Киров атындағы орта мектепте оқуға мәжбүр болдым. Келесі 1964 жылы оқуды жаңадан салынған Абай атындағы мектепте жалғастырдық. Мектеп жанында интернат бар. Қаратұрықтағы сегізжылдық мектеп-интернатынан келген Рахымжан екеуміз бір сыныпта оқып, бір бөлмеде тоқайластық. Тоғызыншы сыныптың өзі тоғыз екен. Біздің сынып 9 «ж» аталды. Мектепті қатар бітірдік. Соңғы партада шұқшиып, бірдеме жазып отыратын. Сөйтсек жетінші, сегізінші сыныптан өлең жазады екен. Ақындық шабыт еріксіз қолына қалам алдыртатын сияқты.
Мен оқыған кітаптарымның әсерімен төртінші сыныптан жазушы болуды армандайтынмын. Естіген балалар күлкі етеді деп, арманымды жария етуден қашқақтаушы ем. Бірақ қабырға газетінде, аудандық «Еңбек туы» газетінде менің мақалаларым мен Рахымжанның өлеңдері алма-кезек жарияланып жататын. Екеуміздің момындық, ұяңдық мінездеріміз ұқсас болатын. Сонда да шығармашылық туралы пікірлескен тұстарымызда өз көзқарастарымызды табандылықпен қорғайтынбыз. Ұмытпасам, біз тоғызыншы сыныпқа барған жылы күзде Қадыр Мырзалиевтің «Ой орманы» дейтін шағын жинағы қолымызға тиді. Ондағы:
Махаббаттың тұңғыш жыры –
тіл қатпау,
Тіл қата алмай
қыз соңында бұлғақтау;
Келесі жыр – сіңіп қалған иіс су
Қос бұрымды сипай беру, сүйісу, – деген сияқты жыр жолдарын Рахымжан үнемі жатқа айтып отыратын. Оның ақындық шығармашылығындағы лирикалық бағыт, ғашықтық, сүйіс­пеншілік тақырыптары сол кезден қаланса керек. Өзінің ақындық жүрек-сезімін:
Кеудемде менің бір бұлбұл,
Үнемі сайрап тұрады.
Өзгеше бұлбұл құрбым – бұл,
Өзгеше және жыр-әні, –
деп ақтарылатыны да сол кез болатын. Мінезі жібектей жұмсақ, ар жағы арамдықтан аулақ, ақкөңіл жан еді. Жүгіріп қырға шығып бала болатын, тырмысып шыңға шығып дана болатын. Әзілқұмарлығы тағы бар.
Біздің бала кезден басталған достығымыз өмірдің үлкен жолында ары қарай жалғасты. Екеуміз Алматы облыстық «Жетісу» газетінде оншақты жыл қатар қызмет еттік. Рахымжан кейін «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, Қазақ радиосында шығармашылығын жалғастырды.
«Поэты рано расплачиваются за свои скромные судьбы, а награждаются потом, потом» деп орыс ақыны Григорий Поженян айтпақшы, Рахымжан да қарапайым тағдырын қамшылап баққанымен атақ, абыройға ұмтылмады. Өзінің жыр жұлдызы түбінде бір жанатынына сенді. Тағдырын жырмен байланыстырды. Кейбір жыр жолдары өзі туралы айтып тұрған сияқты көрінеді. Кейде ғұмырының қысқа болатынын сезгендей тебіреніп кетеді. Мысалы:
Қысқа ғұмыр – үлкен жыр,
ұзақ арман,
Жанды жылытып
елесің жүр ағарған…
Кейбіреуден еншіңді кеш алсаң да,
Кеш қалмапсың бәрі бір
сыбағаңнан! –
десе, енді бірде:
Болсыншы аман сол сенім,
Қазірше мейлі қалайын.
Жырларым айтып өлшемін,
Озармын, басып талайын, –
деп толғанады.
Рахымжанның ақындық тағдырына айырықша әсер еткен көрнекті ақын – Тұманбай Молдағалиев. Оның пікірі, айтқан сөзі біз үшін заң сияқты қабылданатын. Әсіресе Рахымжан оны өзіне ақындық ұстаз санады. Бізде оны солай қабылдадық. Рахымжанның көп өлеңдері Тұмағаңның өлеңдерімен үндес шығып жататын.
Тұмағаң бізді өзінің туған інілеріндей көретін. Мектепте бірге оқыған Рахымжан, мен және Мәлік деген досымыз бар, үшеуміз үйіне жиі баратын­быз. Бармайын десек үнемі түлкіқұрсақпыз. Сабаудай үш жігіт кіріп келгенде, Күлтай тәтеміз ешқашан қабақ шытып көрген емес. Үнемі дастарханын жайып, барын алдымызға тосатын. Алматының қазіргі Абылай хан көшесі мен Жамбыл көшелерінің қиылысында кезінде жапон тұтқындары салған екі қабат­ты тұрғын үйлер тұратын. Тұмағаңның пәтері сондай үйлердің бірінде екінші қабатта жайғасқан. Ол үйдегі Күлтай жеңешеміздің шешесі, Тұмағаңның енесі, кезінде Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Насиха апамыз да бізді өз балаларындай жақсы көретін. Мұндай кеңдікті қазір көрмейсің-ау көрмейсің.
Тұмағаң бірде ерте тұрып қараса, балконда айқыш-ұйқыш ұйықтап жатқан бізді көріпті. Көріпті де қолына қаламын алып, «Үш досқа» деген өлең жазыпты. Таңертең шай ішіп отырғанымызда сол өлеңді оқып берді. Бұл өлеңді біз жаттап алдық. Соңғы шумақтары былай болып келетін:
Жұп жазбайтын үшеуіңді көргенде
Бір мұңлық құс оянады кеудемде.
Біз ұқсатып сендерді де бөледі-ау,
Жеке түндік жеке төрін бергенде.
Оған дейін жұптарыңды
бөлмеңдер,
Өмір атты баспалдақпен
өрлеңдер.
Бірің көкте, бірің жерде
қалсаңдар,
Өтінемін, бір-біріңнен көрмеңдер.
Қазақтың мүйізі қарағайдай көрнекті ақынының үшеу­мізге өлең арнауы бізді ғажап қанаттандырды. Жүрегімізге ізгілік нұрын сеуіп мақтаныш сезімін оятты. Рахымжан түрлі «вешірлерде», жастардың кездесулерінде жиі жатқа оқитын. Сол өлең біздің өмірлік кредомызға айналды.
Рахымжан үлкен ақындарға еліктей жүріп, үйрене жүріп, өлең өлкесінен өз жолын табуға тырысты. Шумақтары да шып -шымыр, тосын ой түйіндерімен таңғалдыратын болды. Сөйтіп жүріп, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Дәуітәлі Стамбеков, Тынышбай Рахимов сияқты ақындар шоғырынан өз орнын тапты. Өлеңге тек дәстүрлік тұрғыдан келе бермей оған өзіндік қолтаңбасын қалдыруға ұмтылды. Қараңызшы:
«Әжемнің бара жатты
қыстай киген
Кебісі қар суында қайық болып»,
«Кісінегені – жылағаны шығар-ау,
Өз енесін іздеп сыртта
құлын жүр»,
«Асқақтап биік барады ән,
Көтеріп көкке өркеш-қыр.
Тұяғы аттың – барабан,
Құстардың үні – оркестр.
Қандай жылы да жарасымды образдар. Рахымжанның өзіндік алтын қазынаға айналған жырларынан осындай ойлы орамдар, тосын теңеулер жиі ұшырасады. Поэзия ең алдымен шымыр ұйқас, көркем тіл, ойлы образбен ерекшеленетін болса Рахымжанда осының бәрі бар. Ол шығармашылығында интонациялық, инверсиялық әдістерді де жиі қолданады. Мына шумаққа қарайықшы:
Әлдилеші, жанымды, дос, әніңмен,
Қанаттанып кетейін әсеріңмен.
Айта бергін, басқасын,
Өтінемін!
Ана жайлы ән салма масаң үнмен!
Инверсияда екпіндік ерекшелікпен қоса моральдық талап та тұр ғой. «Ана жайлы ән салма масаң үнмен!». Бұл жалғыз тіркесте бүкіл адамзатқа ескерту тұр емес пе?! Рахымжанның бүкіл ақындық өлшемі осындай адамгершілік ұстанымдарға негізделген.
…1976 жылғы наурыз айы­ның соңы. Рахымжан екеуміз Кеңсайда Мұқағали Мақатаевтың жерлеу рәсіміне қатысып, топырақ салып қайтқан бетіміз. Редакциялар үйінің жанында жылап тұрмыз. Иә, кәдімгідей еңкілдеп жылап тұрмыз. Осының алдында ғана Жазушылар одағында Мұқағалидың сүйегін шығарып бара жатқанда анасы Нағиман әпкеміздің жоқтаған дауысы құлағымызда әлі де жаңғырып тұрған. «Мұқағалиға адал болайықшы!» деді Рахымжан көзін орамалымен сүртіп жатып. «Иә, Мұқаңды ешқашан ұмытпаймыз!» дедім мен де оны құшақтап. Мұқаңның қазасынан кейін біздің өмірге құштарлығымыз еселене түскен тәрізді. Өз басым Рахаңның «Мұқағалиға адал болайықшы!» деген пейілін «поэзияға адал болайықшы» деп түсіндім. Рахымжан соңғы деміне дейін шынымен де поэзияға адалдығын сақтады.
Рахымжан кейде философиялық тұжырымдарға да бой ұрып жатады. Әдетте біз бақыт туралы көп айтамыз. Оны басымызға қонатын әлдебір құс сияқты елестетеміз. Рахаң болса оған өзіндік өң береді, өзіндік түр береді, өзіндік тұжырым жасайды. Әрі бұл тұжырыммен ешкім дауласа алмайды.
Бақыт деген біздерге
бұйырған ба?
«Бақыттымыз» дейміз-ау жиылғанда.
Бақыт деген шөл үшін
тамшы су ма,
Бақыт деген аш үшін түйір
нан ба!
Оңайлықпен ол бізге білінбейді,
Сезінбесең
Қолыңа ілінбейді.
Сол бақытты көздерден
аңғарамын
Бақытты жан әрқашан
күлімдейді.
Ақынның ақиқатына күмәнсіз сенесің. Оны қолдайсың, құрметтейсің. Бақыт пен махаббат – қатар жүретін ұғымдар. Рахаңның шығармашылығында махаббат лирикасы басым орында.
Жүректің жиі соғып
Маздағаны-ай,
Жырым да көп екен ғой
жазбаған-ай.
Дөңдегі көрінеді жалғыз ағаш,
Қыз жолын тосып тұрған
бозбаладай, –
дегеніне қараңызшы. Қандай керемет образ. Көз алдыңа шынымен де ғашығын күтіп тұрған бозбала елестейді. Енді мына шумаққа қарайықшы:
Күлкің қандай сүйкімді,
Күлкің қандай,
Әсерімен жүрегім бұлқынғандай.
Қиын болды-ау қоштасу дүниеде
Көңілімнің парағы
жыртылғандай.
Сөзбен салынған шынайы сурет. Оның ақындық қолтаңбасы осы жерден айқын көрініп тұр. Бір шумақ, үш сөзден тұратын тіркес. Шынайы сәт сендіреді. Өзің де ұқсас күй кешесің.
Рахымжан туған жер, отаншылдық тақырыптарға да жиі қалам тербейтін. Қыр жолын қалай суреттейді десеңізші:
Ерігіп, ұшқан құспен жарысады,
Далақтап, оны көрсе шаң ұшады.
Ақындар сөзін жазып үлгермеген,
Жол деген – кең даланың
таныс әні.
Автордың отаншылдық тақырыптағы өлеңдері көбіне әскер өміріне, Отан қорғауға, патриотизмге бағытталып жатты. Семей полигонына, Ертіс ормандарына, Жетісудың табиғатына арнаған өлеңдері отаншылдықпен қоса өріліп тұратын. Табиғат лирикасы да тың бояуларымен ерекшеленеді. Тек оқып қана емес, естіп те отырасың.
Ән тыңдадым құрақтан:
Сыбдыр-сыбдыр,
Ән тыңдадым бұлақтан:
Сылдыр-сылдыр.
Ару күлкі жаныма нұр құяды,
Аспанымнан естіліп:
Сыңғыр-сыңғыр.
Бұл Рахымжанның ақындық болмысындағы өзіндік биігін көрсетеді.
Рахымжан жай әуесқой ақын емес, шынайы талантты ақын болды. Қазақ поэзиясына өзіндік үлесін қосты. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ақындық өмірінің сәтті тұстарына асқақтамады, сүрінген сәттеріне налымады. Өмір атты миссиясында адам деген ардақты атты жоғары ұстады.
Дала жырын толқимын
тыңдап тұрып,
Жыр жазумен жүремін
күн батырып.
Мен әйтеуір өлеңмен болса-дағы
Жасамақпын халқыма
бір жақсылық!
Ол осылай тебіренуші еді. Алдына осындай мақсаттар қоюшы еді. Шығармашылық өмірі осының бәрін ақтап шықты. Талантты ақын Рахымжан Өтегенов халқына ойлы орамдармен өрілген шапағат­ты шумақтарға толы осындай қымбат жыр қазынасын сыйлап кетті. Сондықтан да оның есімі жыр сүйер қауымның жадынан өшпейді. 

 

Марат ТОҚАШБАЕВ,
­жазушы-публицист,
Қазақстан
Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі,
профессор 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір