«ҚАДАМЫ ҚҰТТЫ, ҚАЛАМЫ РУХТЫ»
26 желтоқсан күні ҚР Ұлттық кітапханасында Тәуелсіздік жылдарында шет елдерден атажұртқа ат басын бұрған көштің бастау алғанына 30 жыл толуына орай және осы көшті бастап келген ақын, жазушы, халықаралық «Алаш, халықаралық «Жамбыл» сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлының 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған кешті белгілі ғалым, академик Ұлықпан Сыдықов жүргізді. Жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Нұржан Қуантайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын табыстады. Қаламгерге «Қазақстанның құрметті жазушысы» төсбелгісін табыстады.
Шарада белгілі сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Армиябек Сағындықұлы, тарихшы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Тұрсынхан Зәкенұлы ақын Ғалым Қалибекұлының өмірі мен шығармашылығы және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастау алған көш жайында баяндама жасады. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д., академик Кенжехан Матыжанов, көрнекті сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, әдебиеттанушы, ғалым Әмірхан Меңдеке, көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек және т.б. ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.
Жиында қаламгердің 60 жылдық мерейтойы мен көштің 30 жылдығы туралы жазылған естеліктер мен мақалалар жинақталып, жарыққа шыққан «Қадамы құтты, қаламы рухты» және «Шеген» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.