Деректі проза дерексіздікке ұшырады
Деректі проза – бұл прозадағы бөлек жанр, ішінде ойдан құрастыру өте сирек кездесетін, кейіпкері нақты өмірде бар, сюжеті тек қана өмірде шын болған оқиғаға құрылған, публицистикалық стиль кең қолданылса да, оқиғаның тірі картинасы бар, адамдардың психологиялық келбетін көрсете білген әдебиет болу керек, деген түсінік тұжырымдалған. Деректі прозаның ғылыми-тарихи зерттеулерден айырмашылығы да осында.
Бүгінде көркем прозадан гөрі деректі прозаға ден қою талайдан басым. Өкінішке қарай, қазір деректі прозаның атын малданып, сюжетін ойдан құрап, болмаған кейіпкерлерді болдырып, толмағанын толтырып, оларға Алатауды айыртып, Қаратауды қайыртып қоятындар жетіп-артылады. Қазақ байыса, қалың кітап жаздыртатын заман туды. Жазармандар барымташыдан батыр жасап, телі мен тентектен текті тудырып әлек. Осылайша тапсырыспен тастай етіп кітап жазып, қаламақысына көлік мініп, қарымтасына пәтер алып жатқандар бар. Сондайлардың кесірінен деректі прозамыз демігіп, дерексіздік дейтін дертке ұшырады. Дерегің кәне, факт қайда десеңіз, ол дерек, ол факт мына менің руым дейді. «Дүниеден сондай бір батырдың өткенінің дәлелі – оның осы отырған көзі тірі ұрпақтары. Осындай тірі деректен артық саған қандай дәйек керек?» деген уәж айтады. Биыл Қазақстан Жазушылар одағына деректі прозадан 15 кітап тапсырылыпты. Осы туындыларды жоғарыда келтірген талап тұрғысынан саралап көруге тырыстық.
Былтыр деректанушы, жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты өте үлкен энци-
клопедиялық сипаттағы кесек кітабы жарық көрді. Бір институттың атқаратын жүгін бір өзі көтерген ақсақалдың еңбегін қалай бағаласақ та жарасады. Қисапсыз мол материалдар мен айғақ-деректер пайдаланып, оны философиялық, тарихи тұрғыда тамаша тұжырымдап берген. Семей қасіретін тұтас дәуір қасіретімен ұштастырып, әлемдік масштабта көтерген білімпаз қаламгердің бұл жанкешті еңбегі үлкен сыйлыққа лайық. Қаламгер Отыншы Көшбайұлының «Би Мәтжан» атты деректі романы ХIХ ғасырдың екінші, ХХ ғасырдың бастапқы ширегінде Маңғыстау өңірінде өмір кешкен – ұлы билердің ақыры Би Мәтжан Тілеумағамбетұлының ғұмырнамасына арналыпты. Ұлы би туралы жазған адамның өзінің де жазғаны бидің сөзінен кем болмауы керек. Автор диалогтар мен монологтар арқылы шешен тілдің үлгісін көрсетіп, ойлы сөз, оралымды тіркестермен бұл үдеден де шыға білген.Бір сөзбен айтқанда, қазақ деректі роман жанрына қосылған қомақты туынды. Белгілі жазушы-журналист Көлбай Адырбек «Тәуелсіздікке талпыныс» атты кітабында Желтоқсан оқиғасы жайлы ешбір боямасыз, егжей-тегжейлі нақты мәліметтер мен деректерге сүйене отырып баяндайды. Кезінде ату жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұловтың жан жары Қазынагүл Әбдіқұлованың қайсарлығы жан толқытады.
Жаңаөзен қаласында тұратын Ербақы Байбазардың «1989. Намысқа шапқан ерлерім!» атты публицисткалық кітабы – Тәуелсіздіктің ғайыптан түсе салмағанын айғақтауымен оқушыға керек кітап. «Әз Тәуке және Әлмерек» кітабы жарық көрген Ораз Қауғабайдың Әлмерек әлемін зерттеп келе жатқанына 30 жылдан асты. Жаңа тараулармен толықтырылған бұл кітаптың ішіндегі жаңалығы – Мұсылманбайдың 1758 жылы Хангелді батырмен бірге Қытайға елшілікке баруы. Осы салтанатты сәтті Қытай астанасында болған итальян суретшісі қаз-қалпында айнытпай салады. Суреттің түпнұсқасы Париждегі Лувр музейінде тұр. Ораз Қауғабай бұл суреттегі кісінің Мұсылманбай екеніне сенімді. Дерек жетіспеген жерде тылсымға жүгініп, жеке интуициясына сүйену де қаламгер үшін керек қасиет. Жазушы Жанат Ахмадидың «Тектілік тегеуріні» атты кітабындағы Билер ортасын суреттегендегі тіл өрнегі айшықты, тапқыр, бейнелі. Жазушылар одағының мүшесі Өскенбай Құлатайұлының «Елу жылда – ел жаңа» атты кітабы – осыдан 50 жыл бұрынғы Кентаудағы Ащысай түсті металдар комбинатындағы шырғалаң оқиғалар негізінде құрастырылыпты. Нақты дерекке құрылған бұл кітап бодандыққа бас ұрмаған қазақ инженерлерінің ерлігін паш етуімен бірге бүтін бір аймақтың өндірістік шежіресімен құнды. Белгілі қаламгер Жұмабек Кенжалиннің «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» атты монографиялық еңбегі қолға тиді.
Таяуда БАҚ құралдарынан АҚШ билігіндегілер Путин саясатын түсіну үшін алдымен Достоевскийді оқуға кеңес беріпті дегенді оқыдық. Ж.Кенжалин де елжандылық мәселесінде өз халқын сүюдегі орыс зиялыларының еңбектеріне еріксіз назар аудартады. Қолымызға тиген тағы бір шығарма – ақын, публицист Зәмза Қоңырованың «Туымы бөлек» атты кітабы. Бұл кітапқа қазақтың біртуар ұлы, ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов туралы оның 43 жыл бойғы оның өзімен, үй-ішімен достық қарым-қатынасы нәтижесінде ақынның адами болмысы, ата-анасы, өскен ортасы, отбасы жайында әр жылдары жазған мақалалары мен сұхбаттары енгізілген. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 1916 жылғы Қазақстандағы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналып, «Қарқара – 100» атты сериямен жеті кітап топтамасы «Ан-Арыс» баспасынан жарыққа шыққаны белгілі. Соның ішінде қолымызға «Қарқара құжаты» атты жинақ тиді. Мұрағат қорларында сақталған құжаттар орыс тілінде болғандықтан құжатты сол түпнұсқалық негізде беру жөн саналыпты. Болашақта ол құжаттардың бәрі қазақшаға аударылып басылады деген ойдамыз. Қолымызға тиген тағы бір кітап – ұзақ жылдар ішкі істер саласында жемісті еңбек еткен Ілияс Қындыбайұлы жайындағы «Арыма адалдығым серік болды» деп аталатын жинақ. Бұл жинақтағы автордың көзі тірісінде қағазға түсірілген дүниелерінің ішінен бір қызық дерекке тап болдық. 1985 жылы «Жазушы» баспасының үстінен арыз түсіп, арызда көрсетілген фактілерді тексерген осы полковник шеніндегі кісі екен. Әлгі қызық деректі сөзбе-сөз келтірсек, былай: «Сағи Жиенбаевтың тек «Жазушы» баспасынан шыққан екі кітабы үшін алған қаламақысы 45 000 сом болса, қалған баспалардан алған ақшасы 46 000 сом көлемінде болды, ал Қайрат Жұмағалиевтің барлық алған ақшасы 79 000 сомға жетті. Екеуінің де «Жазушы» мен «Жалын» баспаларынан шыққан кітаптарындағы өлеңдердің көбі бірін-бірі қайталаса да, олардың аттарын өзгертіп жаңа туынды ретінде кіргізіп, қаламақыны әр жолына 1 сом 75 тиыннан қойып отырған (ең жоғарысы 2 сомнан). Әрбір басылған кітаптарының таралым санын 7 мың данадан арнайы 10 мың данаға жеткізіп, әр жолына 3 сом 50 тиыннан қойып отырған». Сол кездегі тергеу фактілері осылай дейді. Тексеріс қорытындысы жоғары жаққа жетіп, баспа басшысы Әбілмәжін Жұмабаев пен аталған екі ақынды жұмыстан шығарыпты. Бұл күнде үшеуі де марқұм. Ал олардан үлкен жазушылардың, мемлекеттік сыйлықтың иегерлерінің алған қаламақысын тексеруге құзіретті органның да құдіреті жетпепті. Міне, сол кездегі жазушылардың беделі қандай болған! Әлеуметтік жағдайы онсыз да түсінікті. Бұл деректі жазғанына қаламақы тұрмақ қара бақыр да алмайтын бүгінгінің қаламгерлер үшін әдейі келтіріп отырмыз.Бұл жай әуестік үшін емес, қаламгерлер тарихы үшін де қажетті дерек. Сондықтан мұндай кітап та керек. 2016 жылы жарық көрген деректі шығармалар жайлы пікіріміз қысқаша осындай.
Төреғали ТӘШЕНОВ, ақын, публицист