ДЕРЕКТІ ПРОЗА КӨКЖИЕГІ
27.04.2024
237
0

Қадірменді қаламгерлер!
Көркем әдебиеттің деректі проза жанры уақыт талабына сәйкес көп оқылатын салаға айналды. Ұлттық әдебиетімізде алдыңғы қатарға шығып, жауынгер жанр ретінде танылды. Қаламгер қиялы мен көркемдік топшылауынан гөрі деректі прозаның өзегі шындыққа құрылғандықтан оқырман сұранысына ие болып жатыр. Танымал тұлғалар – батырлар мен шешендер, ғұлама ойшылдар мен тарихи оқиғалар туралы жазылған деректі роман, повестер оқылмай қалмайды. Бұл кітаптарды жазушылар мен тарихшы ғалымдар көркемдік ой топшылауынан өткізіп, желіге құрып, оқырманға ұсынады. Өткенге ой жіберсек, классик жазушылардың әр жылы жарық көрген дерек пен шындыққа құрылған кітаптары әлі күнге құндылығын жойған жоқ. Деректі проза үздіксіз жетіліп, жаңаша сипатқа ие болып, әлемдік әдебиетте «ойдан шығарылмаған» ұғымын білдіретін нон-фикшн атауына ие болып, көркем проза мен поэзия, драматургия мен фантастика нышандарын бойына сіңірген жаңашыл сипатта дамып келеді. Отаршыл орыс әдебиетінің ықпалынан шығып, әлем әдебиетінің озық та, жаңашыл үлгілерін бойына сіңіре бастады. Әр дәуірдің кейіпкері мен оқырманы бар, кешегі жаңалық бүгін қызық емес. Бүгінгі жаңалықты ескіше жазуға тағы болмайды.
Жазушылар одағының деректі проза қоржынына 20 автор өткен жылы жарық көрген кітаптарын тапсырған. Олардың ішінде Жазушылар одағына мүше емес қаламгерлер де бар. Өзінің жеке басын дәріптейтін альбом-кітап шығарып, көпшілік оқырманға мән-мағынасы жоқ кітабын ұсынғандар да болды. Деректі прозаны қамтитын кітаптарының негізгісіне тоқталып, көркемдік сапасын саралап, жетістігі мен кемшілігін ықшамдап баяндауды жөн көрдік. «Сырт көз сыншы», орынды сын – сынап-мінеу емес, талқыға салу болып табылады.
Майдангер қаламгер, детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған «Кемел Тоқаев және ұлттық әдебиеттегі детектив жанры» ғылыми-теориялық конференция материалдарының басын құраған кітап қаламгер өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан жан-жақты талданды.
Өткен жылы «Әдебиет» баспа үйінен жарық көрген белгілі суретші, журналист, даңқты партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің жанында жүріп, жеке хатшысы болған Еркін Нұразханның «Қаһарман Қасым» атты деректі кітабы тарихи тұлғаның өмірдегі шынайы болмысын суреттеуімен ерекшеленеді. «Естелік жазу үшін жазатын адамыңа деген сағыныш пен сүйіспеншілік болу керек. Бұл тұлғаны барлық жағынан: жақсылығы мен кемшілігін көрсете отырып жаз, сонда ғана оқылады. Қасым ағамен бірге жүрген күндердің қадірін бүгін білмесең де, кейін сезінуге тиіссің. Өйткені ол – тегін адам емес, көптің бірі емес. Соны есіңе сақта!» – деп қаламгер жерлесі Дидахмет Әшімханұлы ескерткендей, Қасым ағасын сағынатын күнге жеткен, «Әй, қарғам, черныйым!» – деп еркелеткен Еркін Нұразхан қолына қалам алып, естелік кітап жазып шығарған екен. Бір жылдары Қасым Қайсеновтің денсаулығы төмендегенде Қалтай Мұхаметжанов, Дмитрий Снегин, Бәйкен Әшімовтер Елбасына хат жазып, батырға жеке хатшы тағайындап, қамқорлық жасау туралы шешім шыққанда Қасым Қайсеновтің таңдауымен Еркін Нұразхан хатшы болып, батыр ағасының қасынан табылды. Сол кезде Мәдениет министрлігі тарапынан батыр партизан туралы кітап жазу да тапсырылған екен. Өзінің өмірі мен партизандық жорықтары туралы Қасым Қайсенов толық қамтып жазғандықтан, бұл тақырыпқа оралмай, бірге өткізген жылдардан күнделік дәптеріне түскен жазбаларының басын құраған кітап арада ширек ғасыр салып оқырман қолына тиді. Партизан жазушымен бірге болған күндер мен түндерде айтылған әңгімелер, сапарлап шыққан кездері, танымал тұлғалармен қарым-қатынасы туралы деректер тартымды оқылады.
Тарих тақырыбына, саяси қуғын-сүргін құрбандары – Алаш ардақтыларының өмір мен қайраткерлік еңбегі туралы көптен қалам тербеп жүрген жазушы Бейбіт Қойшыбаев ағамыз бұл жолы көрнекті мемлекет және мәдениет қайраткері, қызыл террор құрбаны Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Әмірханқызының жазықсыз жапа шеккен ерінің ақталып, халқына қайта оралу жолында тынымсыз тер төгіп, ізденумен өткен жылдарын арқау еткен «Комиссар Жүргенов» романын деректі проза жанрының шоқтығы биік шығармасы деп бағалар едік. «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың» арнайы тапсырысымен жазылған Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туғанына 125 жыл толу құрметіне жарық көрген тарихи роман ел тәуелсіздігі үшін өмірін қиған Алаш ардақтысының өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге етіп ұсынуды мақсат еткен.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша жарық көрген жазушы-ғалым Мұхтар Қазыбектің «Ғалам таныған ғұлама» зерттеу кітабы атынан белгілі болып тұрғандай Мұхаммед Хайдар Дулатидің шығармашылығы тарихи-филологиялық, танымдық-философиялық тұрғыда жүйеленіп, зерттелген еңбек болып табылады. Ғұлама ғалымның мемлекет қайраткері, қолбасшы, жазушы мен суретші болмысын жан-жақты ашып көрсетуге талпыныс жасайды. Кітап авторы Мұхтар Қазыбек ғалымның 500 жылдығы қарсаңында Кашмир қаласынан зираты табылуына байланысты Үндістанға сапарлайтын делегация құрамында болып, Дулати зиратына туған жер топырағын қосып, ірі мұсылман елдері кітапханаларындағы қолжазба мұрасымен танысып, көне жазбаларының зерттелу барысын кітапта кең талдайды. Дулати мұрасын зерттеуде ғалымдар тарапынан айтылған жаңсақ пікірлер туралы да қамтылып, бабамыз өмір сүрген уақыт пен қазіргі кезең байланысын ғылыми негізде таратады.
Сондай-ақ, өткен жылы Мұхтар Қазыбектің құрастыруымен жарық көрген «Жауғаш батыр Қырбасұлы» атты зерттеу, тарихи-әдеби кітабы он сегізінші ғасырда жоңғар қалмақтарымен соғыста ерлік көрсеткен, шешендігімен көзге түскен ірі тарихи тұлға туралы жазылған. Абылайханмен бірге жорықтарға қатысып, Жеңіс туына ие болуы Жауғаш батырдың халқымыз үшін атқарған еңбегі зор екенін дәлелдейді. Ол Жеңіс туы батырдың қару-жарағымен бірге жетінші ұрпағының қолында сақтаулы тұр. Жауғаш батыр туралы жинаққа арнайы тапсырыспен жазылған материалдар да топтастырылған.
Жазушы, ғалым Мамытбек Қалдыбайұлының «Бекасыл әулие» деректі кітабы өткен ғасырда Оңтүстік өңірінде өмір сүріп, Төле биден кейін халық арасында әділет пен адамгершілік туын жоғары ұстаған, дала данышпаны атанған Бекасыл әулиенің ізгілікке толы өмір жолы рухани қалыптасып, ел ішінде абырой-беделге ие болуы туралы жан-жақты суреттеледі. Тәуелсіз елімізде Бекасыл әулиенің есімі ұлықталып, туған жерінде мектепке есімі беріліп, ескерткіші бой көтеріп, естелік кітаптар жазылып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуі тарихи тұлғаның әділетті орнын тапқанын дәлелдесе керек.
Жазушы, аудармашы, ғалым Бақытбек Бәмішұлының «Британияда болған бір жыл» атты көсемсөздік күнделік, мемуар-эссесі шынайы деректерге құрылып, жанрлық жағынан деректі прозаны қамтитын Англия елінде көрген-білгенін, көңілге түйгенін елеп-екшеп, ел жағдайымен салыстырып, бізден артық-кемі не деген сауалға жауап іздеп, оқырманға ой-түрткі беру мақсатын көздейді. Кітап ерекшелігі – заманауи технологияның, интернет дамуының екі ел санасына әсері туралы да сөз қозғайды.
Жазушы, журналист Қали Сәрсенбайдың «Арна» баспасынан жарық көрген «Корифей» новелла-эссесінде даңқты актер Асанәлі Әшімұлының күрделі өмір және өнер жолы туралы қызықты дерек-дәйектермен, көркем де кестелі тәсілмен шебер суреттеледі. Жоғары көркемдік деңгейде жазылу формасы да бөлекше кітап арнайы талдап, саралауды қажет етеді. Өйткені кітаптың дерекке бай болуы өз алдына, танымдық прозаның соңғы жылдағы үздік үлгісі деп бағалауға болады. Алдағы кезде бұл кітап әдебиет сыншылары назарына ілініп, тиісті бағасын алар деген ойдамыз. Қали Сәрсенбай – өнер тақырыбына көптен қалам тербеп жүрген талғамы жоғары аз ғана эстет қаламгердің бірі.
Этнограф жазушы, көсемсөзші Тынышбек Дайрабай ертеден жазып, баспасөз бетінде жарық көрген таңдаулы тарихи-танымдық мақалалары мен алуан тақырыпты қамтыған жазбаларын жинақтап «Дәйек пен дерек» атты тарихи тұлғалар туралы жинағын оқырманға ұсынған. Мұрағаттық деректер, библиографиялық көрсеткіштер, автор шығармашылығы туралы да пікірлер кітапқа енгізілген. «Киелілер мен кесек сөз иелері» деп аталатын алғашқы тарауында Сыр елінде өткен ғасырларда өмір сүрген Махмұт-Сейіт әулие, Құрбан және Қожжан Қожа, Марал ишан, Мүсірәлі және Әзіз сопы, басқа да танымал тұлғалардан бастап, дін қайраткерлері, оқымыстылар, «Бабалар мен сөз зергерлері», «Қоғамда орны бар азаматтар» деген тарауларында ел қорғаған батырлар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жыраулар, әр сала азаматтары өмірінен құнды деректер келтірілген. Сыр өңірінің батырлары мен би-болыстарын, ақын-жырау, танымал тұлғаларын кейінгі ұрпаққа өнеге, Сыр халқына тарту ретінде ұсынады.
Жазушы Жалғасқали Дүтмағанбетовтің «Мәңгілік Махамбет» атты деректі эсселер кітабы, атынан белгілі болғандай, дауылпаз ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толу қарсаңында жарық көрген. Бұл тарихи тақырыпқа бұрын да қалам тербеп, «Тұлпар және оның тұяқтары» деректі романы мен «Тағдырлар тоғысында» роман эссесі жарық көрсе, сол өлкенің перзенті, ұлы Махамбеттің қарындасы Алтын әжесінің әңгімелерін негізге ала отырып, шығарма желісін өмірлік деректермен көркемдік безбеніне салып, таратып жазады.
Махамбет есімі – ұлтазаттық көтерілістің дауылпаз ақыны, қазақ халқының еркіндігі жолында күрескен ұлы тұлға ретінде тарихта қалады. ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен халықаралық басқосуда Махамбет ақын өміріне қатысты жаңа деректер де қамтылады.
Жазушы Дәулет Сейсенұлының запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловпен бірлесіп жазған «Министр Қабылбаев» атты эссе, деректі хикаяттар мен естеліктердің басын құраған көлемді кітабы ұлт кадрларынан алғашқы Ішкі істер министрі болған Шырақбек Қабылбаевтың еңбек жолы мен қызметтік сатылары, Теміртау оқиғасындағы белсенділігі, ішкі істер саласында Алматы, Қарағанды және Қостанайда полиция мектебін ашудағы қайраткерлігі, өзге де өмір белестері туралы сыр шертеді.
Қызылордалық Ермахан Төреқожаұлының «Ғұмырдың тысы мен астары» атты ғұмырнамалық кітабында ауылда тұратын қарапайым еңбек адамының жоғары білім алып, жастарға ұстаздық еткен, мектеп директоры, партиялық қызметте елмен араласа жүріп, өмірден көрген-түйгенін оқырманға сыр етіп ұсынады. Зейнет жасында шығармашылықпен айналысып, бірнеше кітап жазған қаламгер: «Сексеннің сеңгіріне шыққанда ғұмырымды жақсы өткіздім бе, көп қатарлы қарадүрсін өмір кештім бе, ол жағы бір Аллаға аян. Осы кітапта жазылған жайттардан оқырман ой түйіп, сабақ алса, мақсатымның орындалғаны», – деп тұжырым жасайды.
Бұрын да ғылыми-танымдық шығармаларымен танылып жүрген қаламгер Жақсылық Сыдықбайұлының «Мәлім де, беймәлім Азия» атты тарихи-деректі кітабы зерттеу тақырыбының күрделілігімен ерекшеленеді. Түбі бір түркі халықтарының ежелден сан ғасырлық тарихын – қазақ халқының төл шежіресі ретінде негізге алып, ой түйеді. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына жаңашыл көзқараспен қарап, шындық жәйттердің ашылуына талпыныс жасайды. Кейбір ру-тайпа атауларының «қазақ» ұғымынан бұрын белгілі болуы – ұлттық тарихымыздың көкжиегі тым әріде жатқанын дәлелдейді. Евроцент­ристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да түркілердің арғы бабалары саналатын этностық топтар – ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлігі болғаны жөніндегі айғақтар келтіреді. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына жаңаша көзқараспен қарап, шындықты қалпына келтіруге талпыныс жасайды кітап авторы.
Танымал жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Күдірлі жол» атты ғұмырнамалық деректі хикаяты басынан өткен күрделі кезеңнің ауыртпашылығын суреттей отырып, қандастарымыздың кеңестік саясат құрбаны болғаны, күншығыс елінде бодандық қамытын киген ауыр жылдардан сыр шертеді. Алып державалар тартысынан ата-бабадан мирас болған қазақ жері Қытайға өтіп, өңірді жайлаған қалың қазақ өздерін атажұртта тұрмыз деп есептейді. Туып-өскен өлкеде тіршілік еткен халық өмірінен алынған оқиға желісі шынайы суреттеледі. Қытайдағы мәдени төңкерісінің зардабын тартқан қандастарымыздың азапты өмірі, кейіннен ақталып, атамекенге оралуы дерек-дәйектермен келтіріледі. Сол қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген кітап авторының көркемдік топшылауы мен оқиға желісі тартымды оқылады.
Жазушы Жұмабай Қайранбайдың «Ән естілді аққудың қанатынан» деректі хикаяты Кетпен тауының етегінде дүниеге келіп, Қытай жерінде індет құрбаны болған әнші-сазгер әрі ақын Садықожа Машанұлының күрделі өмір және өнер жолы тарихи деректер мен оқиғалар негізінде суреттеледі. Ел арасына кең тараған «Сарыбидай», «Еркем-ай!», «Ахау, айым!» – өзге де әндерімен танымал сазгер өміріне қатысты тың деректермен танысамыз. Кітап мазмұнына қарай халық арасынан шыққан талант иесінің балалық және жастық шағы, толысу кезеңі тарау мен бөлімге бөлініп, оқырманға тартымды оқылу жағы кем соғып жатқанын айтуға тиіспіз. Кітаптың алғашқы бетінен соңына дейін оқып шығу қиындық келтіреді.
Бұрыннан проза, поэзия мен көсемсөз жанрында қалам тербеп, кітаптары орыс, өзбек және қырғыз тіліне аударылған шымкенттік талантты жазушы Иса Омар бұл жолы «Пайым патшалығы» атты ой-толғамдарын оқырманға ұсыныпты. Қаламгер өмірден көрген, көкейге түйгенін қысқа да нұсқа етіп қағазға түсірген. Қым-қуыт тіршілікте кездескен оқиға, құбылысты ой таразысына салып, тұжырым жасайды. Қоғамдағы адам, заман, заң, тіршілік, бай мен кедей, билік туралы бөлек-бөлек тақырыпқа бөліп: «Оқыңыз, ойланыңыз, ой түйіңіз!» – деп оқырманды ой бөлісуге шақырады.
Жазушы Баян Болатханованың «Аққу қанат армандастар» кітабы бұдан 50 жыл бұрын Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген түлектердің сан-салалы мамандық түрін игеріп, ел дамуына қосқан үлесі туралы деректерді қамтиды.
Жазушы Назым Слямқызының «Армандар бізден алыста» өмірбаяндық хакаятында жүз жасаған Құлжа анамыздың басынан өткен саяси қуғын-сүргін мен соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпашылық туралы қамтылған. Басты кейіпкердің кіндік қаны тамған Қатонқарағайдың тарихы, Сақ ауылы мен Кемпіртау туралы аңыздар да шығармаға арқау болған. Кездейсоқ танысқан кейуананың өткен өмірі халық тарихымен сабақтасып, тіршілікте не тындырдым деген сауалды оқырман алдына тартады. Автор бұл кітабын басында хикаят, одан кейін роман деп атап, бір әулет ұрпағының өткен өмірі мен кейінгі жетістігі туралы жазылған шығарма роман жүгін көтермейтінін еске саламыз.
Осымен үшінші жыл деректі проза жанрына баяндама жасап, жыл сайын он-он бес қаламгердің баяндамасын тыңдап жүргендіктен, алдағы кезде әуелі жанрлық кеңесте кітаптар талқыланып, үздік деп танылғаны ғана әдеби жыл қортындысында аталып өткені тиімді болар еді деген ойды айтқым келеді.
Жоғарыда әңгіме арқауына айналған кітаптардың біразына тән кемшілік – редакторлық сұрыптау мен көркемдік сүзгіден өтпеуі, сөйлемдердің олпы-солпы құрылуы, мазмұны мен оқиға желісіне қарай бөлімге бөліп, жинақы берілмеуі, ой шашыраңқылығы байқалады.
Алдағы кезде жазар көбейсін деген тілекпен бүгінгі сөзімді аяқтаймын!

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір