Деректі прозаның теориялық мәселелері
2022 жылдың көкек айында әдеби жыл қорытындысы өткені мәлім. Жазушылар одағының тапсырмасы бойынша сол жиында деректі проза жанры бойынша баяндама жасау маған жүктелген болатын. Баяндамаға әзірлік барысында деректі прозаға қатысты бірнеше теориялық мәселелерге тап болғаным бар. Деректі прозаның бүгінгі таңдағы басты айырмашылығы неде? Бұрынғы ұстанымдар бұл күнге неге жарамай қалды? Бұл мәселеге шет елдердегі ұстаным қандай? Қазақ әдебиеті бұл жанрдың ауқымын қалай кеңейте алады? Тақырып қызықтыра түсіп, ақыры деректі прозаның теориялық мәселелері бойынша мақала жазуды жөн көрдім. Деректі прозаның теориялық мәселелері
Адам баласы өзінің тұрмысы, өмірі, ой-қиялы, армандары, ішкі сезімдік арпалыстары туралы үнемі біреуге айтуға, жеткізуге мұқтаж. Содан біртіндеп, уақыт пен тәжірибе, жөн-жосық пен өткен өмір жолдары баяндаудың тәсілдерін ұштап, жетілдіре түсті. Сөйтіп, әдеби жанр пайда болды. Адам өмір сүрген орта, әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани үскіріктер мен аптаптар әдеби жанрларды толықтырды.
Біздің ұғымымыздағы деректі проза – әдебиеттің айрықша жанры, онда сюжеттік желі аздаған көркемдік қосылған шынайы оқиғалар негізінде өрбиді. Бұған әлдебір қасиеттерімен немесе ерекше тағдырымен ерекшеленген тағдыр-талайлы тұлғалардың өмірбаянын, әлдебір оқиғалардың тарихы, жолсапар жазбалары, атышулы қылмыстық оқиғаларды зерттеу дүниелер мысал бола алады. Деректі проза – сол әдеби жанрлардың айрықша бір түрі, онда ойдан шығарылған көркемдік элементтері болғанымен, сюжеттік желілер негізінен ақиқат нәрселерді арқау етеді. Мұндай шығармаларда шынайы оқиғалар басты өзекке айналады.
«Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығында («Аруна» баспасы, Алматы, 2005 ж, 157-158-бб) деректі прозаға қатысты: «Деректі әдебиет – танымдық-бағалау мәнерінде жазылған, мазмұны шынайы өмірде болған жеке тұлға, құбылыс, оқиғаны қамтитын очерк, басқа да жанрларда жазылған шығармалар» деген анықтама беріліпті.
Өмірімізге интернет дендеп енген заманда бәрін білгіш Уикипедия бұл жанр туралы: «Деректі жанр – өмірде болған нақтылы жайларды анық мәлімет, айқын деректерге сүйеніп бейнелеу тәсілі қолданылатын көркем туындылар. Деректі жанрға өмірбаяндық (автобиографиялық), естелік түріндегі (мемуарлық), публицистикалық шығармалар, көркем очеркті жатқызуға болады» дейді.
ХХ ғасырда әдебиеттің теориялық мәселелерін сыншылардың әділ сыншысы атанған америкалық Рене Уэллек пен Остин Уоррен деген ғалымдар мұқият зерттеген. Екеуі сөз өнерінің деңгейін жоғары бағалап, биікке көтерді.
Олардың 1949 жылы жариялаған «Әдебиет теориясы» деген аса құнды зерттеуі орыс тіліне 1978 жылы ғана тәржімаланды. Қазақ тіліне әлі аударылған емес. Орыс әдебиеттану ғылымында Борис Томашевскийдің 1925 жылы жарық көрген «Теория литературы» деген зерттеуі мен Леонид Тимофеевтің 1976 жылы жарық көрген «Основы теории литературы» еңбектерінде деректі прозаға қатысты пікірлер үстірттеу ғана. Ал қазақ топырағындағы әдебиет теориясы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тікелей байланысты. Оның алғаш 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқышы» осы саладағы іргелі ғылыми еңбек болып табылады. Өкінішке қарай, кеңестік идеология қазақ әдебиетінің теориясына қатысты бұл құнды мұраны ұзақ жылдар тасада қалдырып келді.
Кеңестік кезеңде Қажым Жұмалиев («Әдебиет теориясы» – 1938), Есмағамбет Ысмайылов («Әдебиет теориясының мәселелері» – 1940), Зейнолла Қабдолов («Әдебиет теориясының негіздері» – 1970) сияқты ғалымдар бұл саланы едәуір ілгері жылжытты. Бұл еңбектер де әдебиет теориясының даму сапасына қарай үнемі өзгеріп отыратынын айтады. Алайда әдебиет теориясына қатысты зерттеулерде көбіне көп деректі прозаға мән берілмейді. Әдетте деректі проза әдеби жанрлар қатарында аталғанымен көбіне көп тоқалдан туғандай зерттеулерден қағыс қалып жатады. «Деректі проза ма, е-е, ол «документальная повесть» қой. Онда не проблема бар дейсің?» деген көзқарас ұзақ жылдардан бері орнығып алған.
Бірақ өмір қазір мүлде жаңа кезеңді, жаңа құбылыстарды алға тартуда. Екінші жаһан соғысынан кейін көркем әдебиетті постмодернистік бағыт иектесе, деректі проза оқырманға бұрынғыдан жақын бола түсті. Бір қызығы деректі прозаның «Документальная прозаға» қарағанда мазмұндық жағынан да, тақырыптық жағынан да ауқымы кең. Қазақтың деректі прозасы іс жүзінде өте бай деп айтар едім. Айталық, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары», Сәуірбек Бақбергеновтің «Ақ боз атты ару», Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин», Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері», Медеу Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев», Қасым Қайсеновтың «Жау тылында» сияқты шығармалары нақты тұлғаларды, деректі оқиғаларды арқау етеді.
Бұл шығармалардан басты байқайтынымыз деректі проза көбіне көзкөргендердің естеліктеріне, құжаттарға арқа сүйейді. Сондай-ақ автордың өзінің естеліктері де пайдаланылады. Мұндайда әдетте материалдарды іріктеу мен құрылымдық желі қалыптастыруда, оқиғаларға баға беруде автордың көзқарасы мен ұстанымы шешуші рөл атқарады. Көркем әдебиетте әдетте ойдан шығарылған оқиғалар мен ойдан шығарылған кейіпкерлер әрекет етіп жатса, деректі проза ойдан шығарылатын көркем шығарма түрлерінен басқа жазба әдебиеттің барша түрін қамтиды.
Деректі прозаның репортаж, суреттеме, очерк сияқты журналистік жанрлардан басты айырмашылығы – ол сөз етілетін құбылыстың не оқиғаның ауқымды кезеңін қамтиды. Әрі көлемі үлкен болады. Ғылыми немесе тарихи зерттеулерге қарағанда деректі прозада оқиғалардың жанды суреті, адамдардың психологиялық бейнесі қатар өріледі.
Эммануил Кант атындағы Балтық федеральдық университетінің аға ғылыми қызметкері Андрей Тесля деректі прозаның табиғаты мен сипаты, оның көркем әдебиетпен ара-қатынасы туралы біршама зерттеген. Ол: «Деректі проза жанрларының эволюциясы неғұрлым негізгі әрі өзіне тән сипатымен қоса автореференция мәселесімен байланыста дамиды» дейді. Мұндағы автореференция деп тұрғаны автордың шығармаға өзін-өзі қатысты ету құбылысы.
«Жанрлар диалектикалық тұрғыдан дамиды, – дейді әдебиеттанушы, жазушы Лидия Яковлевна Гинзбург, – деректі проза көркем прозада сол тұста қолдануға болмайтын түрлі форма мен тақырыптарға жол ашады». Бұл да қолдауға болатын дұрыс пікір. Шынымен де саяси немесе әлеуметтік жағдайларға байланысты көркем проза кідірістеп қалатын кездер көп. Мысалы, қазақ жастарының 1986 жылғы көтерілісі туралы қырық жылға жуық уақыт өтсе де сүйекті эпикалық көркем туынды дүниеге келген емес. Ал, керісінше, жарық көрген деректі шығармалар өте көп. Басқасын айтпағанда жазушы Талғат Айтбайұлының оқиға куәгерлерінен жинақтап жасаған «Желтоқсан 1986» көптомдығы (16 том) неге тұрады?!
Деректі прозада көбіне публицистік стиль басым болады. Көзкөргендердің естеліктері келтіріледі, автордың өзінің жадында қалған сәттер қиюластырылады. Онда материалды іріктеу мен құрылымдық жүйе қалыптастыруда және оқиғаларға баға беруде авторлық ұстаным айқын көрініп тұрады. Түйіндей келсек, оқырман назарына оқиғалардың тиянақталған желісі, көбіне көп бұрынғы ұстанымдарды жетілдіретін немесе тұтастай терістеп тастайтын жаңа нұсқалар ұсынылады.
Күні бүгінге дейін қазақ әдебиеті де, қазақ әдебиетінің теориясы да орыс әдебиетінің ықпалымен қалыптасып, дамып келді.
1731 жылдан 1991 жылға дейінгі 260 жылға созылған отаршылық кезеңде ол әбден дендеп сіңді. Әсіресе жазба әдебиетіміздің қалыптасу тұсында бұл қатты байқалды. Абай, Шәкәрім, Ыбырай шығармаларынан бұл ықпалдың игілікті рөл атқарғанын байқаймыз. Қазан төңкерісінен кейінгі жылдарда пайда болған кеңестік социалистік реализм әдісі таптық ұстанымдарымен қазақ әдебиетін билеп-төстеп алды. Бұл қазақ әдебиет теориясын да қамтыды. Ішінара белгілі бір дәрежеде ілгерілеу байқалғанымен, ұлттық әдебиет теориясы мен деректі проза үшін әлгі ұстанымдар айтарлықтай көнерді. Кешегі орыс әдебиеті бүгінгі қазақ әдебиетіне, оның теориясына нұсқа бола алмайды!
«Таң атпаймын дегенмен, күн қоймайды» демекші, үш ғасырға жуық уақытқа созылған бодандық кезеңде елімізде 400-ден астам отаршылдық езгіге қарсы көтеріліс орын алыпты. Сол күрестің, ата-бабаларымыздың төгілген қанының арқасында тәуелсіздікке қол жеткізгенде құндылықтар алмасатын кезең туды. Өкінішке қарай, кеңестік тұста қалыптасқан құлдық психология әлі жойыла қойған жоқ. Сондықтан өзгерістер баяу жүріп жатыр. Бұл әдеби құбылыстарға да, әдеби теорияның дамуына да белгілі бір деңгейде тұсау салып келді. Бірақ кежегеміз кері тартып, кеңестік батпақта қала беруге тағы болмайды. Өйткені өмір алға жылжып бара жатыр.
Көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісмақова өз зерттеулерінде әлемдік әдебиеттану ғылымы нео-риторика, нарраталогия, интертекст теориясы сияқты үш бағытта қанат жайып бара жатқанын айта отырып, әлемдегі прагматикалық даму ілгерілеп, эстетикалық шығармашылық кейін қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. «Қазіргі әлем әдебиетінде шынайы көркем мәтіндерден гөрі шапшаңдықпен жеңіске жеткен кейіпкердің әрекеттері сұранысқа ие болып келеді. Бұл ретте көркемдік мәселесі екінші кезекке шығып отыр» дейді ғалым. Бұл пікірмен толық келісуге болады. Автор бұл жерде мотивациялық кітаптар туралы айтып отырғаны байқалады. Соңғы жылдарда мұндай кітаптар қазақ тілінде де жарық көре бастады.
Айталық, Қуаныш Шонбайдың жеңіске жетудің қазақша жолын баяндайтын «Екінші болма», журналист Бақытжан Бұқарбайдың «Күнкөрістен кет, байлыққа жет!», Ұлдана Ерқасымның «Қоқыстан табылған миллионер қыз», психолог Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», ақын, жазушы, мотиватор Назила Слямқызының «Қош бол, қиындық!», Жәмила Бақтиярқызының «Бәйшешек» сияқты кітаптарын атауға болар еді. Басты ерекшелігі – бұл кітаптардың барлығы өмірде бар нақты жандардың қиындықтарды жеңуін, жетістіктерге жетуін баяндайды. Яғни бұл шығармалар толықтай деректі әдебиетке жатады деген сөз.
Көркем әдебиеттің толассыз дамитыны сияқты деректі проза да үнемі жетілу үстінде. Деректі проза жанрына қатысты өзгерістер баршылық. Соңғы оншақты жылда әлемдік әдебиетке нон фикшн деген ұғым кірді. Ағылшын тіліндегі нон-фикшн (ағылшынша – non-fiction), төтесінен айтқанда «ойдан шығарылмаған» ұғымын қамтитын «деректі прозаны» білдіреді. Ол көркем проза мен поэзиядан, драматургиядан, сын мен фантастикадан өзге әдебиеттің барша түрінің басын қосады. Отаршылық кезеңдегі әдебиетіміз орыс әдебиетінің ықпалымен дамып, оның теориялық тұжырымдарын басшылыққа алса енді азаттық аясында Мәскеуге жалтақтамай, тәуелсіз танымдарымызға жол ашылды. Біз енді әдебиеттің әлемдік құбылыстарынан кенжелемей, соның қақ ортасынан табылғанымыз абзал. Осы тұрғыдан алғанда деректі проза қазақ әдебиетіндегі ең бай жанр болайын деп тұр.
Өтпелі кезеңдерде стилдік қасиеттердің бір-біріне сіңірілетін құбылысты – жанрлық диффузия деп атайды. Бұл құбылыс о баста баспасөзде пайда болған. Публицистік жанрдан ауысып, ол нон-фикшн категориясына да тез арада еніп үлгерді. Диффузиялық құбылыстардың арқасында деректі көркем проза қазақ әдебиетінің ажырамас үлкен бір саласына айналды. Алты Алашқа аты мәшһүр, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», «Шыңғыс хан» деректі тарихи шығармасы тап осыған мысал бола алады.
Рас, заманауи деректі-көркем прозадағы құжаттық бастаулардың функционалдық рөлі өте зор. Қазіргі романдық нон-фикшн жанрында көркем және деректі материалдардың ара-қатынасы өзіндік зерттеулерге жүк. Бүгінгі таңда деректі прозада құжаттық материалдар бұрынғыдай тек қосымша рөл атқармайды. Ол образды қалыптастырудың тікелей құралына айналып кетеді. Тіпті автордың түрлі мақсаты мен мүддесін жүзеге асыруға септесіп, эпикалық прозаның байыпты жанрлық трансформациясына бастайды. Біз осы өзгерістерді терең ұғып, кәдемізге жаратқанымыз абзал.
Нон-фикшн құбылысын қазіргі әдеби бойымызға шақтап көрсек, ол деректі прозаның артық-кемісін жасыратын жарқылдаған өлшемге айналып шыға келеді. Бұл әдебиетімізді байытады. Ауқымын барынша кеңейтеді.
Бүгінде қазақ әдебиетінде әлемдік үлгілерге сәйкес нон-фикшн (ойдан шығарылмаған) әдебиет категориясына мынандай әдебиет түрлерін жатқызуға болар еді:
1. Ғылыми-көпшілік әдебиет
2. Саяси әдебиет
3. Тарихи әдебиет
4. Публицистикалық әдебиет
5. Эссеистик әдебиет
6. Эпистолярлық әдебиет
7. Мотивациялық әдебиет
8. Детективтік әдебиет
9. Туристік жолжазбалар
10. Мемуар
11. Күнделік
12. Анықтамалық
13. Ұжымдық әдебиет
Бұл тізімге мен өз тарапымнан мотивациялық әдебиет пен ұжымдық әдебиетті қосып отырмын. Ол ұлттық нон-фикшн жанрын толықтыра түседі деп ойлаймын. Нон-фикшн категориясына кіретін осы деректі проза жанрларының әрқайсысы туралы тәптіштеп, кеңірек жазуыма болар еді. Өкінішке қарай, оны мақала көлемі көтермейді.
Алдымызда әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан ұлттық әдебиет теориясының, оның ішінде деректі прозаның тезаурусын (арнайы терминологиясын) жасау міндеті тұр.
Алдағы уақытта Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен
М.Әуезов атындағы әдебиет институты, әл-Фараби атындағы Ұлттық университет, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті және басқа да мүдделі ғылыми мекемелердің, мүдделі ғалымдардың қатысуымен ұлттық деректі проза жанрының теориялық мәселелеріне қатысты конференция, дөңгелек үстел өткізіп, өзгерістерді ғылыми тұрғыдан бекітіп алған жөн сияқты.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Деректі проза кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Педагогикалық Ғылым
Академиясының академигі, профессор