Тұңғыш проза фестивалі
22.04.2025
72
0

«Қарағанды көктемі» – қаламгерлердің басын Қарағандыда қосатын дәстүрлі фестиваль бұл. Аталған алқалы басқосуға прозашылар Арқа жеріне ат байлады.

Фестивальдың салтанат­ты ашылу рәсімі Қарағанды зерт­теу университетінің филология факультетінде өт­ті. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Геральдикалық зерт­теу орталығы басшысының міндетін атқарушы, ақын Шерхан Талап министр Аида Балаеваның фестивальға жолдаған құт­тықтау хатын оқып беріп, сәт­ті өтуіне тілектестігін білдірді. Ашылу салтанатынан соң жазушы қауым топ-топқа бөлініп, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжіне, Н.Гоголь атындағы Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына, «Өлкетану» кітапханасына, «Қасым» баспа үйіне, Е.Бөкетов университетіне барып, оқырмандарымен емен-жарқын қауышты. Фестивальдың келесі күнінде жазушылар Долинка кентіндегі қасірет­ті ҚарЛаг
саяси-тұтқындар лагерінің мұражайына барып, мұнда жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым жасады.
Фестиваль соңы Қасым кітапханасында қорытындыланды. Ұйымдастырушылар басқосу барысында жабық бәйге жариялаған болатын. Жазушы Қанат Әбілқайырдың прозасы үздік деп танылып, жеңімпазға «Қасым» баспасынан шыққан Мұхтар Мағауиннің 26 томдығы табыс етілді. Мұнымен қоса, Ақтоғай, Нұра, Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары бес жазушыға сыйлық тағайындады. Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық Дидар Амантайға; Кәмел Жүніс атындағы сыйлық Думан Рамазан мен Мадина Омароваға; Бүркіт Ысқақұлы атындағы сыйлықты Әлия Бөпежановаға; Ғабиден Мұстафин атындағы сыйлық Асқар Алтайға; Ғабдиман Игенсартов атындағы сыйлық Айгүл Кемелбаеваға берілді. «Фестивальды алғаш өткізген жылдан бері 100-ден аса қаламгер келіп-кет­ті. Әр өңірден. Бұл жолы прозашыларды жинадық. Бүгінгі әдебиет­ті, прозаны талқылады. Қатысушылар фестивальды өздерінің өңірлерінде де өткізуді қолға аламыз деп кет­ті», – дейді Жазушылар одағының өңірдегі өкілі Жанат Жаңқашұлы.
Қасымхан ҒАЛЫМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір