НОН-ФИКШН: ДЕРЕКТІ ПРОЗАНЫҢ ДАМУ БАРЫСЫ
17.04.2023
1516
0

Құрметті әріптестер!
Әдеби жыл қорытындысына арналған бүгінгі бас қосуымыз жемісті болсын! Алланың ризашылығы үшін ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Маған бұйырған тақырып деректі шығармалар бойынша 2022 жылы жарық көрген кітаптарға шолу және лайықты бағасын беру екен. «Бісміллә!» деп іске кірісейін.
Жазушылар одағынан ұсынылған 2022 жылы жарық көрген деректі әдеби шығармалардан қолыма алғаш іліккені Софы Сматаевтың «Шахминам – мәңгілік махаббатым менің» кітабы болды. Әрине, қазақ әдебиеті махаббат тақырыбына арналған шығармаларға кенде емес қой. Софы ағамның «Алманар» баспасынан шыққан «Шахминам – мәңгілік махаббатым менің» атты кітабы – іс жүзінде таза, шынайы мәңгілік махаббатқа қойылған ескерткіш дер едім!             
«Ең алғашқы махаббат басталады партадан» деп Нәби Аймұрат айтатындай бірі түске дейін, бірі түс ауа оқитын ұл мен қыз бір партада отыратын болып шықты. Сол партаның кітап салатын қуысы екеуінің жүрек құпияларын бөлісетін пошта жәшігіне айналады. Балаң махаббат ұшқыны олардың жастық, студент кездерінде одан әрі лаулай түсті. Бірі Мәскеудің Болат қорыту институтын, бірі Алматыдағы Қыздар институтын бітіріп, өндіріске араласқан кездерінде барып, екеуі отау құрып, шаңырақ көтерді. 56 жыл бірге өмір сүрді. Шәкен – Шәмшия – Шахмина өмір бойы жан жарына ақылшы, тірек бола білді. Автор шығармада реа­листік өмірмен қатар романтикалық әрі сентименталдық әдістерді де шынайылықпен қолданады.
Эпикалық шығарма тек эпостық деңгеймен шектелмейді, әдебиет теориясында мұның роман, по­весть, әңгіме, ертегі, ғибрат түрінде де кездесетіні айтылады. Сол тұрғыдан алғанда проза мен поэзия үлгісі қыздың қос бұрымындай қатар өріліп жатқан «Шахминам – мәңгілік махаббатым менің» кітабын эпикалық сәтті шығарма деп атар едік. Кітаптан автордың ерекше мінез-құлқы мен биік образын да байқаймыз. Бұл – арманына жеткен ғашықтардың жарасымды өмірі. Рас, шығармада автордың толқыныстары, көреалмаушылық пен қызғаныштан тартқан жапасы, қоғамдық ортаға қатысты өкпе-реніштері байқалады. Адам үшін ең үлкен марапат өкіметтен алған атақ, абырой, орден емес, Алланың алдында екі дүниесінің бақытты болуы. Қалғанының бәрі кешірімді. Жан жары пандемия салдарынан дүние­ден өткенде Софы ағаға махаббатқа мәңгілік ескерткіш тұрғызу миссиясы құрметпен жүктелген тәрізді. Сол миссия сәтті орындалған дер едік.
Кезекті бір сүбелі шығармашылық жетістік жазушы Қайсар Әлімнің «Махаббат жыршысы» кітабына қатысты болып тұр. Кітап автордың Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен екеуінің отыз жылдай уақытқа созылған хат­тасулары негізінде дүниеге келген. Қоғамда алысқан хаттары арқылы дүмпу туғызған достар Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза екеуінен кейін эпистолярлық жанрда қоғам мен мемлекет туралы пікір алмасқан басқа тұлғалар есімізде жоқ. Ал бірі аға буын, бірі орта буын өкілі болып табылатын қос қаламгер жазысқан хаттарында қоғамдық өмірдің бастан кешіскен кезеңдері, әдебиет пен мәдениеттің өзекті тақырыптары сөз етіледі. Эпистолярлық жанр жазысқан хаттардан тұрады десек, сол хаттар арқылы әйгілі адамдардың ішкі жан дүниесін, болмыс-бітімін, оның нақты тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік туады. Қайсар мен Әзілхан ағаның жазысқан хаттарынан тап осындай қалтқысыз сырларды аңғарасыз.
Ары қарай Қасымхан Бегмановтың қоғамдық-саяси мәні зор «Экспедициядан кейінгі өмір» атты деректі кітабы туралы айта кетейін. Құрметті әріптестер, Қасымханның Алашорда қайраткері Мұстафа Шоқай туралы оның ізімен жүріп сегіз мемлекетті аралап «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық шығарғанын, осы аттас төрт сериялы тарихи деректі фильм жасағанын білесіздер. «Экспедициядан кейінгі өмір» кітабында Бегманов өскемендік орыстілді журналистер Мұстафа Шоқайды «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы», – деп қаралағаны үшін сотқа беріп, бірнеше жыл айтыс-тартыстан соң ақыры сот арқылы Мұстафа Шоқай есімін қалай ақтап алғаны баяндалады. Кейде шындықты дәлелдеу үшін де ұзақ уақыт кететіні бар. Шығармадан автордың табандылығы мен қайраткерлігіне риза боласың.
Бұдан кейін жазушы Жұмабай Қайранбайдың «Хантағы Қаратаудың құшағында» атты ғұмырнамалық хикаяты Созақ өңіріндегі большевиктік таптық күрес салдарынан Қаратау­дың терістігіндегі Төртшиден түстігіндегі Хантағы елді мекеніне ауа көшкен Дәрібайдың отбасы туралы, оның баласы Еркінбектің өмір жолы туралы баяндайды. Автор баспа саласында қырық жылдан астам жұмыс істеген, 15-20 кітабы жарық көрген тәжірибелі қаламгер болғандықтан, шығарманы үлкен ізденіспен жазған.
Хикаятта кейіпкердің мінез-құлқын ашу үшін диалог, монолог, мақал-мәтелдер сияқты әдіс-тәсілдер өте ұтқыр қолданылады. Деректі шығарманың идеясы – кітапта баяндалған оқиғалар мен құбылыстардың хронологиясы арқылы шынайы өмірді көрсету ғой. Бұл жағынан автор діттеген жеріне жеткен.
Ендігі кезекте жазушы Үміт Битенованың тәп-тәуір әсер қалдырған «Балабақшадан басталған» кітабы туралы бірер сөз. Өмірбаяндық мемуар бастапқыда сүреңсіз, тартымсыз сияқты көрінген. Алайда автор әдеби әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалану арқылы шұрайлы тілімен оны шынайы ғұмырнамалық шығармаға айналдырған. Іс жүзінде кітап – балалық шақтың шежіресі болып шыққан. Мұндай шығарма жазу үшін сөз жоқ, мықты жады, жіті байқампаздық, ұғымтал қабілет қажет.
Деректі шығармада композиция бола бермейді. Есесіне, мұның рөлін кітаптағы құрылымдық жүйе атқарады. Шығарманың архитектоникасы өте үйлесімді, тараулар тартымды жинақталған. Тақырыпшалар көбіне белгілі бір эпизодтарға байланысты болып келеді. Әрқайсысы бір-бір мини-әңгіме сияқты. Көз алдыңнан өзіміз бастан кешірген кәдімгі таныс ауыл тіршілігі өтіп жатады.
Деректі проза көбіне көзкөргендердің естеліктеріне, құжаттарға арқа сүйейді. Сондай-ақ автордың өзінің естеліктері де пайдаланылады. Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Жайнаған жасыл бағым» атты деректі повесі тап осы тұрғыдан жазылған. Бұрында детективті әрі деректі жанрдағы бірнеше шығарманың авторы атанған қаламгер бұл жолы өзінің жан жары, Құдай қосқан қосағы – Биғайша Молдақұлқызы Егінбаева жайлы қалам тербейді. «Адам қартайғанда жұбайын мақтайдының» кері емес, бұл шын мәнінде биік адамгершілік тұлғасымен әйгіленген сот судьясының өмір жолынан сыр шертетін хикая. Кітаптың лейтмотиві – өмірді қаз-қалпында көрсету.
«Таңғажайып Қонаев» – жазушы Ораз Қауғабаевтың 2008 жылы басылған кітабының тың тарауларымен толықтырылған жаңа нұсқасы екен. Шығарманың танымдық, тағылымдық тұрғыдан айтары мол. Ұтымдысы – шығарманың идеялық әлемі кешегі кеңестік кезеңді төбеге көтеруден аулақ. Түрлі қайшылықтар арқылы сол кезеңнің идеялық текетірестерін де ауық-ауық байқатып тұрады. Халықтың Қонаевты жақсы көруінің басты себебі – оның рухани әрі моральдық тұрғыдан тазалығы, дүниеқоңыздықтан жоғары тұратындығы, халыққа жанашырлығы. Қызметінен кеткеннен кейін оңтүстік өңірлерге сапары кезінде жұрт оған 40-тан астам ат мінгізген екен. Димекең соның бәріне ризашылық айтып, иелеріне қайтарып беріпті.
Алайда автор бірқатар тұстарда Дінмұхамед Қонаевты идеалдандырып жібереді. Оған әлдебір жұмбақ, тылсым қасиеттерді телиді. «Көзінің тірісінде халық Пайғамбар атаған» деп мадақтайды. Бұл әрине артық кетушілік. Қонаев пайғамбар емес, Алла Тағаланың пендесі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-тің үмбеті. Адам болған соң кейбір пендешіліктер оған да тән. Кітаптың келесі басылымдарында мұндай идеалдандырудың орын алмағаны жақсы.
Ерекше әсер еткен деректі прозаның бірі – Жәмила Бақтиярқызының мотивациялық «Бәйшешек» кітабы. «Бәйшешек» кітабы Күрес, Сенім және Жеңіс деген үш тараудан тұрады екен. 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін созылмалы дерттің күреске толы әр жылы қаршадай қыздың жадынан оқырманның жүрегіне құстай ұшып қонақтап жатады.
«Мен сөйлей алмаймын, ойымды не жанарыммен, не қара қаламның ұшымен білдіремін. Қолымда кішкентай жасыл блокнот болатын, анама: «Жақсы, мам. Тамақ іштім. Сіздер қалайсыздар?» деп жаздым» дейді автор. Ол аурудың жанына батқанын айтып анасына шағымданбайды. Анасының қасіретін тереңдеткісі келмейді. Ежелгі Рум философы Марк Аврелий: «Қиналу туралы: егер ол жан шыдатпас болса, ажал оған нүктесін қояды, егер созылмалы нәрсе болса, оған төзген жақсы» дейді ғой. Сол айтпақшы, Жәмила Жаратқанға жалбарына жүріп, төзімділік пен сабырды өзіне серік етеді. Сол арқылы ауруды жеңіп шығады. Қиын жағдайына, ауыр халіне қарамастан, аурумен арпалыса жүріп, мектепті, одан соң КазГУ-дің журфагін үздік бітіреді. Деректі шығарманың идеясы – кітапта баяндалған оқиғалар мен құбылыстардың хронологиясы арқылы шынайы өмірді көрсету болса, автор бұл тұрғыда көздегеніне жеткен. 21 жастағы қаламгердің бұл кітабы қазір бестселлерге айналып, әлемнің алты тіліне аударылды.

Журналист Есенәлі Ералының «Құрасбектің рухы сөйлейді» атты ғұмырнамалық сұхбат-сыр кітабы суретші, көркемсурет өнерінде ұлттық гобелен саласының іргетасын қалаған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрасбек Тыныбекұлының өмірі мен шығармашылығына, онымен ілесе өрілген бейнелеу өнерінің тарихына арналған. Небәрі 33 жыл өмір сүрсе де соның аттай он жылын қастерлі сурет өнеріне арнаған Құрасбек қазақтың гобелен өнерін қалыптастыруға, негізін қалап өркендетуге қосқан үлесі орасан. Автор суретшінің қазасынан кейін 40 жылдан соң қолға алған шығармасында кейіпкердің рухымен сырласу сияқты тосын жанр таңдай отырып, пәлсафалық толғамдарға жол береді. Бірін өзі айтады, бірін кейіпкерінің аузына салады. Қалай болғанда да Есенәлі Ералы досы көрнекті гобеленші Құрасбек туралы пәлсапалық ойларға толы ескерткіш жасай алған.

Баяндамашыны тәнті еткен шығармалардың бірі – Құлтөлеу Мұқаштың «Әуестік әлемі» кітабы. Abai baspasy-нан шыққан кітап қазақ топырағында әуестіктің пайда болуы, көрнек­ті тұлғалардың хоббиі туралы баяндайды. Мысалы, жетпіске жуық тіл біліп, ғылымның әртүрлі саласында 150-ге тарта трактат қалдырған әл-Фараби бабамыз өз қолымен қобыз, домбыра аспаптарын жасаған екен. Тіпті өзі жасаған қобызбен адам емдегені туралы да деректер бар.
Шоқан Уәлиханов болса музыка мен суретшілікке бейім болыпты. Небәрі отыз жыл ғана өмір сүрген ғалымның бес томдығын оқи отырғанда оның өсімдік дүниесін жетік білгеніне талай тамсанып, таңғалғанбыз. Абайдың ермегі – саятшылық пен дойбы екен. Ұлы Тұрағұлдың айтуынша, әсіресе қызығып ойнағаны – тоғыз­құмалақ көрінеді.
Автор әуесқойлық салаға ден қойып, зерттей бастағанда көбіне ғылыми тұрғыдан еңбек еткен. Мысалы, дауылпаз Махамбеттің тек күрескер ақын ғана емес, мықты күйші болғандығы туралы дерек те қызықты. Автордың Жүсіпбек Аймауытов туралы жазбалары да тап осындай зерттеулер нәтижесінде дүниеге келген. Жүсіпбектің он саусағынан өнер тамған – домбыраның неше түрлі шешендерін жасаған, көк салылап, саптамалы етік тігетін, күміспен, жезбен әшекейлеп ер-тұрман жасайтын образы көз алдыңа келе қалады. Кітапта талай-талай қызықты жайттар ұшырасады. Айталық, Сағат Әшімбаевтың кітапқұмарлығы, Тоқтар Әубәкіровтың ат құмарлығы, Қоғабай Сәрсекеевтің көлікқұмарлығы, Нұрғали Нүсіпжановтың бағбандығы, Несіпбек Айтөұлының бәйгеқұмарлығы, Құдайберген Сұлтанбаевтың суретшілігі, Исраил Сапарбайдың бильярдшылдығы тәнті етеді. Сұлтан Қалиев график-портретші, Свет Оразай –пешші, Қалихан Ысқақ – етікші, әрі тоқымашы өнерлерін серік етіпті.
Деректі прозаны өз басым үш «Т» арқылы бағалаймын. Ол – Танымдық, Тағылымдық және Тәрбиелік мәні. Осы тұрғыдан келгенде «Әуестік әлемін» – автордың тың тақырыптағы тұшымды жетістігі дер едік.
Көркем әдебиеттің толассыз дамитыны сияқты деректі проза да үнемі жетілу үстінде. Соңғы оншақты жылда әлемдік әдебиетке нон фикшн (осы сөзді ұмытпаңыздар – нон фикшн!) деген ұғым кірді. Ағылшын тіліндегі нон-фикшн, (ағылшынша – non-fiction), төтесінен айтқанда «ойдан шығарылмаған» ұғымын қамтитын «деректі прозаны» білдіреді. Ол көркем әдебиет пен поэзиядан, драматургиядан басқа әдебиеттің барша түрінің басын қосатын болып жүр. Бүгінде бүкіл әлемде нон-фикшн категориясына ғылыми-көпшілік әдебиет те, саяси әдебиет те, тарихи әдебиет те, публицистикалық әдебиет те, эссеистик әдебиет те, мем­у­ар, күнделік, анықтамалық, туристік жолжазбалар да кіретін болды. Оған өз тарапымнан ұжымдық жинақтарды да қосып отырмын.
Енді осы тұрғыдан баяндамашыға берілген тағы бірнеше кітаптарға қысқаша болса да шолу жасап өтейін. Ахмет Тоқтабайдың «Орта Азия қазақтарының киелі жерлері» атты ғылыми-көпшілік кітабы автордың соңғы бес жылда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспедицияға шығып, бұрын қазақ тарихы мен мәдениетіне белгісіз болып келген 130-ға жуық тапқан нысандарын қамтиды. Олардың ішінде Балқы Базар, Тұрмағамбет, Кенесары, Т.Алдабергеновке қатысты объектілер де бар. Әрбір нысанның артында қазақ халқының кешегі тарихы жатыр. Ықылым замандардан ата-бабаларымыз тәу етіп келген қасиетті жерлердің, би, батыр, бай-бағландардың бейіт-зираттарының бүгінде зерттеліп, тарихи-мәдени айналымға қосылуы үлкен жетістік.
Бұдан кейін Одақ қоржынынан маған ұсынылған нон-фикшн шығармалардың бірі – табиғи талант, әнші, музыкант Еркін Шүкіман ініміздің Абайдың музыкалық мұрасы туралы аса құнды «Көзімнің қарасы» кітабы туралы бірер ауыз сөз. Кітапқа ақын, ойшыл, композитор Абай Құнанбайұлының әндері мен күйлері жинақталып, нотаға түсіріліп берілген. Автор кітапта: «Абай – жеке стильдік ерекшелігі арқылы қазақ музыка тіліне жаңа бояу, тың түр, өзгеше өрнек, бөлек ырғақ қалыптастырған композитор» деп айшықты баға береді. Ғылыми тұрғыдан алғанда Абай мұрасын зерттеудің қолға алынғанына бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұл еңбектің ерекшелігі – ақынның сол жүз жылдан астам уақыттан бері жинақталып келген музыкалық мұраларының түпнұсқамен салыстырылып берілуі әрі мұрағаттағы материалдар негізінде кең ғылыми түсінік жасалуы. Еркін Шүкіман Абай музыкасы туралы зерттеулерінде бұдан бұрынғы зерттеушілердің еңбектерінде кеңестік кезеңнің идеологиясынан туындаған сыңаржақ тұжырымдарды айыптайды. Бұдан былай ақынның музыкалық мұраларын ұлттық таным тұрғысынан жаңаша көзқараспен зерттеу қажеттігін алға тартады. Мұндайда талантты әншіден алғыр зерттеуші шыққанына тек қол соғу қажет!
Әлемдік әдебиетке қатысты нон-фикшн теориясына өз тарапымнан ұжымдық әдебиеттерді де қосқанымды айттым. Бұл тұрғыда менің қолыма 2022 жылы шыққан төрт ұжымдық жинақ ілікті. Олар: Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу­ына орай мақалалар мен толғамдар топтастырылған «Ұлттың Ұлы ұстазы» атты ұжымдық жинақ. Екінші, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығына орай біртуар суреткердің асыл мұрасына арналған танымдық «Қазақ әдебиетінің кітапханасы» атты жаңа топтаманың алғашқы томы «Әуезов әлемі» ұжымдық жинағы. Үшінші, 1686 жылы туған, қара сөздің қасиетін қару еткен Қабан жырау туралы «Қабылиса. Қабан жырау. Тарақ таңбалы тарлан» атты ұжымдық жинақ. Төртінші, Қангелді немересі, Түкеұлы 1705 жылы туған Райымбек батыр туралы «Райымбек – киелі жолдың иесі» атты ұжымдық жинақ.
Төртеуінде де атынан ат үркетін ғалымдар мен қоғам қайраткерлері белсене атсалысып, тақырыпты тереңнен қозғайды. Бәріне отаншылдық, ұлт болып қалыптасудың жолдары, ұлтшылдық, патриотизм тақырыптары ортақ. Шетінен жаңа ой айтып, тың талпыныстарын білдіруге құштар. Пафостық көңіл күй менмұндалап тұр.
Деректі проза тақырыбына баяндама жасау еншіме жүктелген менің қап-қанарыма кездейсоқ басқа бақшаның өнімі – фантастика мен публицистика тақырыбындағы екі кітап түсіп кетіпті. Кері қайтаруға кеш. Бірі – жазушы-фантаст Жүсіп Сақұрпағының «Кеңістік көшпенділері» атты кітабы – ғылыми-болашақтық романдар сериясының 15-шісі екен. Автор роман деп атаған қиял-ғажайып жалғасымында бір топ қазақ ғарышкерінің Байқоңырдан көтеріліп, беймәлім ғаламшарға тап болғаны баяндалады. Оған қону барысында ғарыш кемесінің қатты зақымданып, қайта ұшуға жарамай қалғаны анықталады. Тапқыр ғарышкерлер ғаламшардың тау аңғарындағы бір үңгірді паналап, киіз үйде тіршілікке кіріседі. Ұшатын қанатты айдаһардың ұрпағын өсіріп, онымен кеңістікте қалған жұлдызаралық кемелеріне ұшып жетіп, Жер планетасына, Қазақ еліне қайтып оралады. Ғарышкерлер тап болған оқиғалар, қиын-қыстау жайттар, өзара адами қарым-қатынастар сондай бір үйлесіммен, жылылықпен баяндалады. Ғабиден Мұстафин: «Әдебиеттің түпкі мақсаты – адам жанын тәрбиелеу» дейді ғой. Сол айтпақшы, Жүсіптің фантастикалық шығармаларынан ертеңгі күнге деген сенім мен талпыныс қай жерде де шешуші рөл атқаратынына көзіңді жеткізе түседі.
Екінші кітапша жас қаламгер Назым Дүтбаеваның «Ізгілік тамшысы» атты тұңғыш жинағы екен. Тырнақтай жинаққа автордың шағын төрт әңгімесі мен төрт мақаласы, жеті сұхбаты енгізіліпті. Әңгімелері көркем әдебиет еншісі болса, қалғаны – публицистика. Әңгімелерінде күнделікті тіршіліктің күйбеңінен сыр аңдап, ізгілік иірімдерін көкейге ұялатқысы келеді. Ал мақалалары мен сұхбаттарында өміріміздің өзекті мәселелерін көтереді. Оралымды ойларын ортаға салады. Аристотель айтқан ғой: «Бақытты сырттан емес, жүрегіңнен таба біл» деп. Назым қарындасымыздың тырнақалды қадамына тек сәттіліктер ғана тілейміз!
Міне, баяндамашы ретінде менің құзырыма берілген деректі проза мен нон фикшн әдебиеттердің бағыт-бағдары, бой-бітімі, ой-түтіні, жетістігі мен кемістігі туралы қысқаша тұжырымдар осындай.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір