Басты игілік – әдеби байланыс
Любовь ШАШКОВА,
Қазақстан Жазушылар одағындағы орыс әдебиеті Кеңесінің мүшесі, ақын, публицист
«Жібек жолы» баспасынан шыққан Мұрат Әуезовтің «Времен связующая нить» атты кітабы – әдебиеттегі үлкен жаңалық. 756 беттік тоқ томда автордың прозалық сыпаты басым күнделігі, мақалалары мен баяндамалары, сөйлеген сөздері топтастырылған. Мұрат Мұхтарұлының бұл еңбегін – «Книга Пути» демеске әддің жоқ. Қаламгер жолы – табу, ашылу, ойды іздеу, орта мен адамды зерттеу барысындағы тосын жайларға толы. Сондықтан да ойлы оқырман үшін – Жол Кітабы олжа. Қаламгер әрі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов шешен, ділмәр адам екені белгілі. Онымен сұхбат құрған кез келген кісі білімдарлығына, парасат-пайымына таңырқап, таң-тамаша қалатынына шүбә жоқ. Сол себепті, Виктор Бадиков айтқандай, «Әуезовтің күрделі ойларға толы күнделігі – сапалы да санаға салмақ салар интеллектуалды прозаға пара-пар» екені хақ. Және де кітапқа алғысөз жазған ақын әрі аудармашы Бақытжан Қанапиянов былай дейді: «Иә, оның қаламы жүйрік және жазуынан арғы – халық ауыз әдебиеті поэтикасын аңғару қиын емес…».
Поэзия жанрындағы былтырғы жылғы айтулы уақиға – Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан Жазушылар одағы мен Исламбек Салжанов басшылық ететін «Алтын қыран» Халықаралық қоры бірлесе шығарған «Мәңгілік елім менің» антологиясы («Ан-Арыс» баспасы). Оның ішіне енген елу автордың тең жартысынан көбі Одақ мүшесі. Аударма арқасында бір-бірімізді жақын танып-біліп, орыстілді он алты қаламгерді оқу арқылы-ақ Қазақ еліндегі орыс әдебиетінің деңгей-дәрежесі мен тәржіма сапасын байқауға мүмкіндік алдық.
2017 жылы орыс тіліне аударылған, «Энциклопедия» баспасынан жарық көрген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романын ерекше атап өтуге тиіспін. «Тар кезең» романының басты идеясы – Ресейдің отарлау саясатындағы озбырлығына деген халық қарсылығы. Романның орталық кейіпкері – Сырым Датұлы. Оның тарихи кезеңдегі орыс отаршылдығына қарсылық іс-әрекеттері әсерлі суреттелген. Романның көркемдік сипатын танытатын ерекшелігі – Сырымның қолбасшылық-батырлық қасиеттерін даралайтын болмысында. Жазушының осы туындысы – қазіргі қазақ прозасының көркемдік қазынасын байытқан құнды дүние. Бұған қоса, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, көшпенді халықтың тыныс-тіршілігін жетік білетін Георгий Пряхин де романды тамаша аударған.
Бүгінгі әдебиетте ерекше ескеретін нәрсе – оқырман мен шығармагердің деректі прозаға (мемуар, ғұмырнамалық кітап, шежіре) аңсары ауғаны таң қалдырады. Айталық, жазушы әрі ғалым-ұстаз Асылан Жақсылықовтың «Сын степей и гор Адий» кітабы қызығушылығымды оятты. Автор қаламгер, ғалым, қоғам қайраткері және Беларусь жеріндегі Партизандар қозғалысының мүшесі Әди Шәріпов өміріндегі қызықты жайттар мен деректерді сипаттай отыра оқырманды баурап алады.
Риддерлік Сергей Комовтың Өскеменде жарық көрген «Родня и земляки» («Отбасым мен отандас») кітабы – Отаны мен отбасына деген махаббаты, ата-тегін тануға деген құштарлығы туралы. Оның XX ғасырдағы қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген өз атасының өміртарихы мен Қазақ еліндегі тарихи жағдайларды білуге деген талпысыны қуантады. Автор балалық шағын еске алғанда Қара Ертіске қатысты түрлі аңыз-әфсаналар мен отбасына Тарих салған таңба жөніндегі әңгімелері басқа-басқа, бірақ өзіме қатты әсер етті.
Қостанайлық ақын, драматург, жазушы, көсемсөзші Ақылбек Шаяхмет шығармашылығы да сан қырлы. Бұны «Фолианттан» шыққан «Голос степи» кітабынан байқаймыз. Тағы, «Простор» жорналының тұрақты авторы Николай Зайцевтің «Курсив» баспасынан басылып шыққан «Тайны утреннего снега» кітабы да оқырман ой-санасына әсер етіп, қоғам мен әдеп турасындағы көзқарасының қалыптасуына ерекше ықпал ететін дүние дер ем. Сөздің реті келгенде айта өтейін, Асылан Жақсылықовтың «Сын степей и гор Адий» атты деректі повесі, Сергей Комовтың «Родня и земляки» мен Қажығали Мұхамбетқалиұлының «Тар кезеңі» өткен жылғы «Просторда» жарық көрген-тұғын. Біздің жорнал Қазақ еліндегі ең мықты делінген қаламгерлер шығармасын басуға әуес. Ұмытып барады екем, тігіндіні ақтара қалсаңыз өткен жылғы нөмірлерден Роллан Сейсембаевтың «Ночные голоса» романын, мәдениеттанушы, саясаттанушы һәм әдебиетші Рүстем Жанғожаның жазушының жетпіс жасы қарсаңында жазылған мерейтойлық мақаласын, Геннадий Доронинның «Долгое прощание со звездами» романын, Раушан Байғожаеваның «Аз-Тауке хан» тарихи повесі мен Надежда Чернованың «Кудыкины горы» атты повесін көретініңізге куәлік берем.
Былтырғы жылғы «Простор» антологиясынан керекулік Ольга Григорьева, қарағандылық Иосиф Брейдо, риддерлік Михаил Немцев, оралдық Тамара Шабаренина, алматылық Валерий Михайлов пен Надежда Чернова аудармасындағы Күләш Ахметова, Ғалым Жайлыбай («Тамакөшкен»), дұңған Залиха Құрбанова мен Татьяна Васильченконың күрд тілінен Гасан Қажысүлеймен (Хаджисулейман) өлеңдерін оқи аласыздар.
Өкінішке қарай, өткен жылы орыс әдебиеті Кеңесі ұсынған кітаптар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі беретін тендерден өтпей қалып, «Мемтапсырыспен» шығуға тиісті делінген баспа өнімдері жарық көрмеді. Валерий Михайловтың жетпіс жасы, Татьяна Васильченконың жетпіс, Константин Гайворон-
скийдың жетпіс бес жас қарсаңындағы жинақтарын да министрлік елеп-ескермеді.
«Простор» жорналынан бөлек, былтырғы жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин бастамасымен шығарылған «Қазақстан-Ресей» альманахы оқырманға жол тартқан-ды. 2016 жылы жарық көрген жинақтың екінші бөлігі қырқыншы жылғыларға арналған-ды. Олар жөнінде филология ғылымының докторы Вера Савельева былай дейді: «Дәл осы бір буын өткен мен бүгінгі ғасыр арасын жалғап жатқан алтын көпір іспеттес. Олар Тәуелсіз Қазақ елі әдебиетінің бағыт-бағдарын айқындап, әдеби-мәдени үрдісіне ықпал ете алды. Сондықтан бүгінгі ғана емес, өткенді де айту – парыз!..». Илья Одегов, Заир Асим, Михаил Земсков, Аделия Амраева, Юрий Серебрянский секілді прозашылар мен Айгерім Тәжі, Рена Жұманова, Қанат Омар, Наталия Карпова, Илья Аргентум сықылды ақындардың альманахқа енуі – жақсылықтың нышаны. Жыл сайын шығатын «Литературная Алма-Ата» альманахына 2016 жылы «Ашық әдеби мектептің» таланттары енген екен. Қазіргі жастардың жазуы ұнасын я ұнамасын, қалай болғанда да олар өздігінше жазып, оңаша ойлау арқылы Тәуелсіз Қазақ елі әдебиетіне араласып, шетелде, әсіресе Ресейде еліміздің атын шығаруда. Сондықтан биылғы жылғы «Простор» дарынды жастарды басып шығаруды алдына мақсат етіп қойды.
Қорыта келе айтарым мынау – таяуда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «XXI ғасырдағы Әлем әдебиетіндегі үрдіс» атты жаңа жинақ қолымызға тиді. Онда әдеби байланыстар, ағым, жанр, көптеген елдің жазушылары мен формалар жөніндегі танымдық мақалалар жинақталған. Институттың Сараптау және сыртқы байланыс бөлімінің қызметкерлері – Светлана Ананьева (бөлім меңгерушісі), Айнұр Машақова, Әлімхан Хамраев, Айнұр Қалиасқарова және де шетел әдебиеттанушылары – Алесь Карлюкевич, Ирма Ратиани, Бахтияр Койчуев, Вилюс Иванаускас, Дания Загидуллина, Гульчира Гариповалар Беларусь, Гүржістан, Қырғызстан, Литва, Татарстан, Өзбекстан, Шотландия, Иран, Финляндия, Қытайдағы СУАР (ұйғыр әдебиеті) турасында құнды дерек-мәліметтер берген. Осыған орай, әдебиет қай кезде өседі? Байланыс орнағанда! Әдеби байланыс үзілмеген жерде даму бар, өсу бар, түлеу бар да түрлену бар. Қазақ еліндегі орыс әдебиеті де Жаһан әдебиетінің бір бұтағы дегім келеді. Сол себепті, Құдайдан арадағы «алтын көпір» құламасын деп тілейік!..
Аударған Әлібек БАЙБОЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.