ШОШҚА БАСТЫ КЕЙУАНА (әңгіме)
05.04.2023
3129
0

Газетіміздің өткен нөмірінде жарияланған бұл әңгіме купеге келіп жайғасқан қарияның бір түнде басынан кешкен сұмдық оқиғадан басталады. Ол алыс бір туысының үйіне қона жатып, сол үйден шошқабасты кейуананы көргенін, әлгі кейуана өзіне жақын адам болғанын сапарласына баяндап береді.
Бұл – жазушы Ертай Айғалиұлының кезекті әңгімесі.
Ертай Айғалиұлы (1953 ж.т.) – «Қара жапырақтар», «Жер бетінен жоғалған ауыл», «Мен сені сағындым, әпке» кітаптарының авторы. 

Арса-арса Алтай тауларын, қырат­тарын бірқыдыру аралап, Семейге келгенде жазыққа түсіп, пойыз-тұлпар бауырын жазып, жолды біраз өндіріп алады. Қалбатауды жанамалай өтіп, жел өтінде орналасқан бекетке тұмсық тіреп, терең тыныстап, пысқырып, кісінеп келіп ентіге тоқтайды. Бұл бекеттің атын ұмыттым. Бір-екі мәрте мені осы жерден таныс жігіттер мінгізіп жіберген. Бұл бекетте қысы-жазы үнемі жынды жел құтырына соғып тұрады. Бар болғаны он-ақ минут аялдаған пойызға жолау­шылар асығыс-үсігіс мініп, үлгеруге тырысады. Біздің вагонымызға, мен отырған купеге мексика шляпісі қау­қиған, қолында әсем таяғы бар шал келіп кіреді. Ауа-райын қарға-сілей кірген ақсақал дөңгелекті сөмкісін қабырғаға сүйей салды да, шляпісін бірден сыпыра шешіп, төсекке алып ұрды.
– Атаңа нәлет құтырған жел! Шляпімді қақшып алып, әудем жерге алып кетіп, пойызға әзер үлгердім, – деді ол қырылдай сөйлеп.
– Ассалаумағалейкум, ақсақал! Бұл бекеттің желінің жындылығының күштілігі сондай, кейде адамның өзін дедектетіп алып кетеді. Осында аман-есен кіргеніңізге тәубе етіңіз, – дедім іле-шала әзілдей үн қатып. Маған ол бұрылып қарамады да. Ол үндемеді. Төсектің көмірін шұқшия іздеп, үңіле қарады.
– Сіздің билет орныңыз он жеті болса, тура таптыңыз, – дедім мен ол кісіге көмектескім келіп.
– Ә-ә, патшағар! Онда дөп түсіппін. Бұл жерді мен жынның мекені дер едім. Себебі шашқа бағып, содан ажалы содан болған адам елінен, дінінен, туған ауылынан безген күйде осында мәңгілік ұйқыда жатыр. Әй-й, сен білесің бе? Жо-жоқ білмейсің сен. Кей-кейде түн ортасында шошқа басты адамның аруағы көшені кезіп жүреді екен. Адамдар үрейден түнде есіктерін тарс жауып, оның шыңғырған, жылаған дауысына қарамай үйлеріне кіргізбейтінін білесің бе? Сен оны білмейсің бала! – шоқша сақалы селтеңдеп, көзі ежірейіп маған сұқ саусағын кезеді. Әп-сәтте шошып кетіп, жайбарақат денемді үрей кейлеу жөнелді.
– Апырмай-я!– деген сөз ытырына шыққанын өзім де сезбей қалдым. Содан соң шал түк болмағандай атып ұрған шляпісін бипаздай көтеріп, киім ілгішке ілді. Сөмкесінің ысырмасын ашып, ішінен асықпай отырып керек-жарағын алды. Сүйретпестен төменге таяр еткізе тастап, әп-сәтте үстіне көнетоздау спорт­тық киімін киіп алды. Селдір көкшулақ шашы үрпі-түрпі. Бұрын бұйрабас болуы әбден мүмкін. Бет-аузын шоқша сақалдан бастап түк басқан. Көптен бері қырынбағаны көрініп тұр. Шаршаңқы жүзді жолаушы қарттың бойы сырықтай ұзын екен. Жоғарғы нар төсекке басы тиіп, бүгжиіп отыр.
– Немене құрбақа сияқты бағжиып қарайсың? Мендей шал көрмеп пе едің, бәтшағар? – Шал мені ұмытып кеткен шығар деп ойлағанмын. Бәрін байқап, сезіп отыр екен.
– Мен… мен… әлгі шошқа басты адам ба, аруақ па, есімнен шықпай..
– Ха-ха-ха! – деп аяқ астынан ол шалқия тырқылдап күліп берсін. Тағы да сасып қалдым.
– Қорқақ неме! Мен өтірік айтып отырған жоқпын, – деп шал күлкісін тыйып, – Оны өз көзіммен көрдім. Құй ен, құй сен бе? Өмірде олай қорықпаған шығармын. Шошқа басты адам. Адамша жылайды, шошқаша шыңғырады. Ол сатқын болса да менің туысым болатын. Әкем өлерінде аманат еткен. Амал жоқ іздеп бардым. Келмеуім керек еді. Әттең, аманат. Мұндай сұмдықты көрем деп ойладым ба?
– Шынында ол өмірде болған адам ба? – сұрауды қоярын қойсам да өзім іштей ыңғайсызданып қалдым. «Немене мен өтірікшіге ұқсаймын ба?» деп айта ма деп қауіптендім Оның қорқынышты әңгімесі екеуара купеде үрей туғызып, терезеден шошқа басты адам маған қарап тұрғандай болды. Шал қауіп еткенімдей маған жалт қарады.
– Әй, пәтшағар бала! Ант етемін. Әлі де сенбей отырсың ба? Сәл шыда! Мен қазір саған бәрін айтып беремін. Арақ деген пәлені қойып кетіп едім. Кешегі қорқынышты оқиғадан кейін бір бөтелкесін сатып алдым. Қазір.. қазір.. Айтпақшы, менің атым Зейнолла. Ішетін болсаң жақында үстелге. Күрішкеңді шығар.
Зейнолла сөмкесінен жалт еткізіп бөтелкені суырып алды да, тарс еткізіп үстелге қойды. Селт ете қалған мен бәрібір әуелгі ойымнан арыла алмай, кезекті сауалды ірікпей айтып салдым.
– Өліп қалған адам қайта тірілгені ме сонда?
– Тү-үу, ақымақ бала екенсің өзің. Ол тірілген жоқ! Әруақ қой, әруақ! Ау, киноларды көріп жүрген жоқсың ба? Кейбір адамдар өлгеннен соң күналарына қарай ма, әлде біреулер зорлық-зомбылық жасағандықтан ба, әруақтары аспанға ұшып кетпей көшіп жүреді. Оларды менімше құдай қабылдамайды. Жаны, рухы шырқырап ауырып, жер дүниеге сыймайды. Ал мені іздеп келген адамның күнәсі өте ауыр. Руластары, туысқандары, тіптен әке-шешесі оны ауылдан аластап, қуып шыққан. Өз дінінен безген пендесін құдай да жақсы көрмейді ғой.
Бұл жолы үндемедім. Бірақ көкейімде «ол кім?» деген сауал тұрды көлбеңдеп. Ал шал күйбеңдеп, үстел үстіне тамақтарын шығарған соң шаппасаң алып, асығыс-үсігіс ашты да бөтелкенің «шәпкісін» әп-сәтте қағып тастады. Күрішкесіне арақты сылқ-сылқ еткізе толтыра құйды. Ауаға арақтың жағымсыз иісі жайылды. Мен мұрнымды тыржиттым.
– Сенің ыдысың қайда? – деді ол бөтелкені күректей қолдарымен ауада қалықтата ұстап. Мен басымды шайқадым.
– Мен ішпеймін. Намаз оқимын. – Ол бөтелкені сылқ еткізе үстелге қоя салды. Маған бақырая бір қарап алды да, үндемеді. Күрішкесін құлағынан ұстап, сәл кідірді де, «сүф-ф!» деп демін сыртқа шығарды. Сол-ақ екен көз ілеспес жылдамдықпен күрішкесін аузына апарып, көзін тарс жұмып, зәрлі арақты сылқ-сылқ етіп жұта бастады. Жүзінен қиналғаны көрініп тұр. Мен де оны аяп, тыжырына қинала қарап отырмын.
– У-у-ф-ф! Не деген ащы еді оңбаған арақ! – қиярдың үлкен кесегін тез-тез ауызына салып, шал қарш-қарш шайнай бастады. Бет-аузының тыржиған-быржиғаны басылып, өлімсіреген жанары тіріліп, жан-жағына оқшырая қарады, Жүзіндегі әжімдеріне күлкі жүгірді.
– Ішек-ішегіне от жылан жүгіріп өткендей болды, – деді ол күбірлей сөйлеп.
– Ішпеуіңіз керек еді, аға. Енді жеңешем ұрсатын болар, – деп мен әзілдегенсідім. Ол мырс етіп күліп жіберді.
– Дұрыс айтасың, бауырым. Бұл пәлені қойғаныма оншақты жылдың белеңі болып еді. Көрдің бе, мына шошқабас әйел жан дүниемді қозғап жіберді. Мұндай сұмдықты өмірімде көрмеппін. – Арақ ішкеннен соң ба, даусының қырылы сәл-пәл басылыпты. Ол ойланып отырды да:
– Сен білем, осы тосын әңгімені тыңдауға құштар болып отырсың. Мен бұл әңгімені әкем марқұмнан естідім. Ендеше, тыңда бала!
– Бұндай оқиға тым ертеде болыпты. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында сұрапыл соғыс бітіп, ел есін жинай бастаған шақ. Соғыстың алдында білесің. Тұран даласында орасан ашаршылық болып, қазақ халқының тең жартысы қырылды. Миллиондаған қазақ шетелдерге босқын болып кетті. Ұлттың қаймағы болып есептелетін зиялы қауым, алаш орыстарын, бас көтерерлерімізді де мың-мыңдап атып тастады. Бұл трагедия соғыс кезінде де жалғасты. Осылай қуғын-сүргін жалғаса берер ме еді, Хрущевтің жылымығы басталмағанда. Тақыр бас Никита біздің қазақ халқына, жеріне шабуылды басқаша сипаттай, жаңаша әдіспен жасады. Мәселен, тың тыңайған жерлерді игереміз деп, славян халқының ұры-қарыларын біздің жерімізге қаптатты. Сондай-ақ осы әдіспен орыстандыру саясаты басталып, тек тілімізді тұншықтырған жоқ, салт-дәстүрлерімізді, дінімізді жоюға сұрқиялықпен қатты кірісті. Мына айтайын деп отырған оқиғамыз соның бір көрінісі.
Шошқа нағыз харам жануар. Оның етін жеуге мұсылмандарға тыйым салған. Қасиетті де киелі жерімізге шошқаны ата-бабаларымыз жолатпаған. Орыстар әу баста әулие-әмбиелер аруағының өзіндік күш-қуаты барын жақсы білген. Қазақ халқы аруақтарды құрметтеген. Ата-баба аруағы халқымызға рух берген, шапағатын тигізген. Хрущев және басқалар Қазақстанда шошқа шаруашылығын өркендетуге зор көңіл бөлді. Әсіресе қазағы мол өңірлерде бұл шаруашылықты өркендеткендерге шошқа бағушыларға көп қаржы бөлініп, оларды көтермелеуге барлық жағдай жасалды.
Міне, өкілдер ауылға келіп жиналыс жасап, осы мәселені түсіндіреді. Қазақы ауылдағылар мұны қолдамайды. Кенеттен бір қазақ қызы қол көтеріп:
– Мен бағамын шошқаны, – дейді шімірікпестен. Адамдар оған жалт-жалт қарап, бірден жақтырмайды.
– Ау, не дейіт? Масқара!
– Тоқтат, бұл пәлеңді!
– Шошқа бағу кәпірлердің ісі. Оныңды қой, қызым!

Абыр-дабыр халық шулап, абыржып, ол қыздың бастамасына наразылығын білдіреді. Қыздың әрекетін тоқтату жөнінде кесімді пікірлерін айтады. Бірақ бетпақ қыз ойынан қайтпай, осы іске бетін бекем буып бекінгенін айтады. Орыс уәкелдері:
– Дұрыс шешім қабылдадың, Несіпхан. Оларды тыңдама! Сен енді байи­сың. Сені жоғары марапат­тарға ұсынамыз. Сені Москваға жиналыстарға шақыратын болады. Біз сені қорғаймыз! – десіп қызға күш-қуат бере сөйлейді. Бұл кезде ауыл адамдары қыздікі әзіл болар деп ұққанмен іс насырға шауып, арнаулы адамдар келіп талпақ танауларға қора соға бастайды. Сол сәт­те ғана барып қарт­тар «аһ!» ұрып, жағаларын ұстап, қыздың үйіне келеді.
Қыздың әке-шешесі – Амангелді мен Шұғыла олар келгенде ыңғайсызданып, жерге кіріп кете жаздады. Ақсақалдардың жүздері қатулы, сөздері қаһарлы болды.
– Бұл – біздің сүйегімізге қара таңба!
– Ата-бабамыздың ашуына ұшырайтын боламыз. Тоқтатсын бұл әрекетін!
– Біздің салт-дәстүрлеріміз ақшаға сатылмайды. Тезірек есін жисын, ақымақ қыз!
Егерде тоқтатпаса, онда бізден жақсылық күтпесін. Біз оны талпақ танауларымен бірге өртеп, күлге айналдырамыз! Біт­ті әңгіме, бәтуа осы!
Кешке ауданнан оралған Несіпхан өте көңілді еді. Басшылар көп ақша беріпті. Әке-шешесіне қуанып, бір бума ақшаны ортаға тастайды. Әкесі таяғымен көздің жауын алған бума ақшаны бір переді. Анасы да әлгі ақшадан шошып, кейін ысырып тастайды.
– Егер де бұл әрекетіңді тоқтатпасаң бұл үйден кет! Я талпақ танаумен, я бізбен бірге боласың.
– Егер де салт-дәстүрімізді бұзып, кәпірдің ісін істесең, біз саған әке-шеше болудан бас тартамыз. Бауырларың да саған ешқашан жоламай, сені тәрк етеді.
Ауыл ақсақалдарының да, біздің де үкіміміз – осы. Ойлануға бір күн береміз!
Қыздың тасыған көңілі су сепкендей баылды. Әке-шешесінің, бауырларының ақшаға қызықпағанына таңғалып, олардың өзін түсінбегеніне қат­ты назаланды. Түнімен дөңбекшіп, көз ілмеді десе де болады. Есіне бас уәкіл орыс бастықтың: «Біз сені қорғаймыз! Сен ешкімнен, ештеңеден қорықпа!» дегені есіне түсіп қуанып кет­ті. Ертең таң атпай тұрып соларға барады. Олар бұған жалынышты. «Болмаса шошқа бақпаймын!» дейді. Біт­ті. Сонсоң мына оңбаған ақсақалдардың ауыздарын жабады. Ызақор, ақшақұмар қыз осылай өзіне-өзі риза болып, масат­танып ұйқыға кеткенін сезбей қалды…
…Қорс-қорс еткен шошқалар ортасында жүр. Қорс-қорс еткен сайын олардың ауыздарынан алтын теңгелер сау-сау етіп төгіледі. Сау-сау етіп төгілген сайын Несіпхан мәз болады. Теңге салынған көп қаптар қораның ішінде тізіліп тұр. Қыз мәз. Өзінен өзі күле береді. Шелек-шелек теңгелерді жинап апарып, әлгі қапқа құя береді, құя береді. Шаршамайды. Қораның сыртында ауыл ақсақалдары, адамдары бұған қолдарын жайып, «Қызым, бізге де теңге берші» деп жалынады. «Кетіңдер, қайыршылар! Кезінде мені бәрің жабылып қуғансыңдар. Енді қарай гөр!» Кенет әлгі мейірімді, мәрт шошқалар жел айдағандай күмпиіп өсе бастайды. Ауыздары да үлкейіп, тістері ақсиып бұған жан-жақтан тап-тап берді. Көздері қып-қызыл. «Кетіңдер, кетіңдер. Сендерді мен Москваға айтамын» деді қыз бұрышқа тығыла дір-дір етіп. Оның бұл дөң айбатына қаһарлы шошқалар пысқыратын емес. Бірте-бірте жақындап келеді. Жаны мұрнының ұшына келгенде сырт­та қоршап тұрған әке-шешесі, бауырлары, ауылдастарынан көмек сұрады. «Көмектесіңдерші! Мені құтқарсаңдар сендерге көп ақша, алтын беремін. Құтқарыңдаршы!» деген оның жан дауысына олар қарқ-қарқ күлкімен жауап берді. «Талпақ танауларыңмен өзің бірге бол! Арам ақшаң бізге керек емес.» дейді жамырап. Ал талпақ танаулар тіптен жақындады. Бұл талпақ танау сияқты шыңғырып жіберді. Сол сәт­те талпақ танаулар қалт тоқтады. «Қараңдар! Қараңдар! Несіпхан шошқаға айналып кет­ті» деген ауылдастарының таңғалған дауыстары естілді. Беті-басын сыйпап еді, шынында да басы – шошқаның басы! Ол шошқаша қайта шыңғырды…
Қат­ты ұйықтап жатыр екен. Түсі болып шықты. Жалма-жан басын, бетін сипады. Жо-жоқ, бәрі орнында. Көзі, мұрны, шашы… Таңғалды. Не деген қорқынышты түс еді! Несіпхан тез жиналды да, жолға шықты. Тағы да түсін ойлап келеді. Бұл – құдайдың ескертуі ме? Әлде бұл ісін тоқтатса ма? Шошқа деген мақұлықты ешқашан көрмепті. Түсіндегідей бұған тап-тап берсе ше? Шошып кет­ті. Астындағы аты да әлденеден шошынды. Тізгінін әзер тартып, жолға қайта түсірді. Неше қилы сауалдардың ортасында, әйтеуір аудан орталығына да жет­ті-ау. Орыс бастық оны емен-жарқын қарсы алды. Несіпхан мән-жайды баяндап, түндегі ойларын жеткізген кезде оның көкшіл көздері ежірейіп, беті қып-қызыл болып, мұрты тікірейіп кет­ті. Қыз «не бүлдіріп қойдым?» деп қат­ты ыңғайсызданып, оның үстіне орыс бастықтың жан шошырлық болып өзгерген әлем-тапырық жүзіне қарай алмай тіптен қорқып кет­ті.
– Мен оларға покажу. Сени ким деп отыр? Сен, сен! – деп ол қақалып-шашалып бұған саусағын бірнеше рет безеді.
Сенин ким екенин олар билмейди. Покажу оларға. Оларди поселкесін ортеймин. Бәрин, бәрин ортеймин! Сени Никита Сергеевич Хрущев жолдас назарында ұстаған. Мен оларға солдат апарам. Олар бәрин умытипти. Олар – враг народа! Биз сени коргаймиз. Корыкпа!
Несіпханға мына сөздері ұнады. «Ауылыңды өртеймін!» дегенде ғана қат­ты шошынды.
– Битали аға, менің ауылымды өртемеңізші, – деп ол шыр ете түсті. Битали ағасы күліп жіберді.
Жарайт, сен учин ортемейім. Давай, кет­тик. Саша, машина приготов! – деп айқайлап, ол еңсеріле орнынан тұрды.
Шынында да Битали қамқоршысы бір жерден барып бірнеше солдат алды. Олар автомат­тарын қыса ұстап безірейіп отыр. Несіпханның көңілі тағы да судай тасыды. «Иә, ақымақ шалдар көрсін. Несіпханның кім екенін!» деп іштей лепіре ойлады.
Ауыл кеңсесінің алдына екпіндей тоқтаған «Уазик» машинасынан бірнеше солдат және орыс бастық, Несіпхан қыз түскен кезде төраға Қуаныш жүгіріп сыртқа шықты. Шәпкісі бір жағына қисайып, жіпсік көздері одан сайын жұмылып, аузы ақсиып, қарны қампиып есіктің алдында сәл кідірді. Содан соң орыс бастыққа екпіндей жүгіріп келіп қос қолын ұсына:
– Здрәсти, бастық жолдас! Здрәсти, – деді ол жіңішке қыз дауыспен. Быт­тиған беті-аузын тер басып, өзі әбіржіп кетіпті.
– Здрәсти, здрәсти! Поселка ақсақалдарын жина! Быстро, очень быстро! Уақыт жоқ, уақыт! – деп орыс бастық бірден бұйрығын берді.
Қазір, қазір, басеке жолдас! Орынтай, Орынтай! – деп төраға бүкіл ауылды басына көтерді. Кеңседен дәу сары жігіт шықты. Бұл жігіт – ауылдың шабарманы. Кілең барып кел, шауып келмен жүреді. Бастығының бұйрығын ести сала аяқтарын аннан-мыннан басып, шабарман әп-сәт­те көзден таса болды.
Сәлден соң бірі ақсаңдап, енді біреулері еңкейе ілби басып дегендей шашырап жатқан ауылдың әр-әр жерінен адамдар көрініс берді. Бәрі бір-біріне қарап, «Не болды? Не болды?» деп сұрап жатыр. Далада автомат ұстап тұрған солдат­тарға қорқыныш, үреймен қарап қояды. «Халық жауы» деген атпен талайлар қамауға алынып, айдалып олар әбден зәрезеп болған. Осы ауылдан да бірнеше адам ұсталып, итжеккенге айдалды. Олардан ұшты-күйлі хабар жоқ. Ал халық жауының отбасын да оңдырмады. Әйелін сұрақ-жауапқа тартып, қамап, бала-шағасын үркітіп, қорқытып, ешқандай жұмысқа, оқуға алмай әбден қорлайтын. Сталин өлген соң аздап жылымық орнап, баяғы халық жауының отбасыларына қуғынды, қорлауды азайтқан. Айтпақшы, «халық жауы» деген ат­ты жамылып он бес жылға сот­талған палуан Сақып қайтып келген. Еңсегей бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, бет-аузы нарт­тай Сақыпты ел танымай қалды. Арық, аруақ сияқты, имиген денесі шөжіп кетіпті. Бет-аузы әжім-әжім. Бұрынғы жолбарыс мінезі, арқыраған дауысы өшкен. Жалтақ, үркек. Біреу айқайлап сөйлесе, селк ете қалады. Әне жұрт­тың соңынан отардан қалған ақсақ қойдай таяғына сүйеніп ол да келді. Сақып палуанды күтіп тұрғандай кеңсенің есігі сарт-сұрт ашылып, алдымен төраға шықты домаланып. Одан соң іле-шала көзі ежірейіп орыс бастық шықты. Оның соңын ала бүкіл ауылды ала тайдай бүлдіріп жүрген Несіпхан қыз бұлаңдап шығып, «не істейсіңдер маған» дегендей шайқалаңдап тұрды. Ақсақалдар ызалана қарасты.
Орыс бастық оң қолын көтере сөйлей бастады.
– Жолдастар! Біздің Совет Одағы халқының алдында бір-ақ мақсат. Отанымызды жанымыздай сүйіп, оны бай елге айналдыру. Бай елге айналсақ біздің де тұрмысымыз жөнделеді. Өздеріңіз білесіздер, ол жарқын мақсатқа көнбегендерді халық жауы деп сотқа тарт­тық, абақтыға жаптық, ат­тық, астық. Москва, Кремль өте кешірімді. Кейбір мойынұсынғандарды кінәсін кешіріп бостандыққа шығарды. Әне, анау Сақып жазасын өтеп келді, ақталды. Енді біз халық жауының бәрі таусылды деп отырсақ әлі бар екен. Олар – мына, ақсақалдар, сіздерсіздер. Бұған сонда не дейміз? – деп ол ауыл адамдарына сұқ саусағын безеп, ежірейе сызданып олардың жауа­бын күт­ті. Саусақ ұшындағы Сақып балуан одан сайын жерге кіріп кетердей еңкіштеніп, мүсәпір халге түсті. Адамдар кінәлі сияқты жерге қарай тұқшиды. Талайларды ұстап беріп, обалына қалған сауысқан Төкен атағы бар ұзынтұра шал ғана былай деп жауап берді.
– Дұрыс, бастық жолдас! Мен бұларға айт­тым, қызға көмектесейік деп. Тыңдады ма, тыңдамады. Енді бұларды Мәскеудің бұйрығына қарсы келгені үшін сот­тау керек! Әйтпесе несі бар, жұмыс істеймін, ел байлығын еселеймін деп құлшынған жас қызда. Бұлар бар ғой, бәрі арт­та қалған. Жаңашылдықтан жұрдай адамдар! – деп сауысқан Төкен бастырмалатып келе жатыр еді, орыс бастық оның сөзін ортасынан бір-ақ кесті.
– Вот, дұрыс айтады мына кісі. Біз жұмыс істегісі келген адамға қарсы келмеуіміз керек. Совет өкіметі өте кешірімді. Бір жолға сот­тамаймыз. Ал екінші рет кімде-кім мына қызға қарсы келсе, тиіссе оны «Халық жауы» деп бағалап, өзім апарып сотқа беремін. Түсінікті ме, жолдастар!
Халық келіскендей үндемеп еді, әлгі сауысқан Төкен жағымпазданып, бәрінің орнына өзі жауап берді.
– Бастық жолдас, егер Несіпхан қызға бірдеңе болса сізге өзім жеткіземін, – деді барқылдай үн қатып.
– Келісімге келдік. Енді тараңдар! – деді төраға да қосамжарласып…
Көп ұзамай ауылда бұрын-соңды болмаған жаңалық та жет­ті. Машинамен жиырма шақты талпақ танаулар әкелініп, ауыл сыртындағы әсем қораға келіп жайғасты. Олармен бірге орыс келіншек келіп, шошқаны қалай бағудың қыры-сырын Несіпханға үйрете бастады. Шошқалар сасық әрі жиіркенішті көрінді алғашқыда. Олар өз боғына шыланып жата береді екен. Содан соң тамақсау. Кез келген нәрсені қылғытып жұта береді. Ауданнан машине-машине жем, тағы да басқалар әкелініп, оларға қажет­ті неше түрлі тамақтармен қамтамасыз етілді. Тамақ болғанда асханалардан қалған қалдықтарды талпақ танаулар таласа-тармаса жеді. Көмекке бір орыс жігітін берді. Аты Костя. Өзі әзілкеш болып шықты. Бұны Надя деп атады. Келе сала шаруаның бәрін ол өз қолына алды да, Несіпхан әрі-бері шапқылаудан қолы босамады.
Ауыл әлгі жиналыстан кейін де Несіпханға жібімеді. Кім болса да мейлі ол келе жатса, теріс бұрылып кетеді. «Шоқынды, кәпір» деп ат қойып алыпты өздері. Онысын бетпе-бет айтпайды, өзара сыбырласып айтады. Анау орыс бастықтан қорқады. Ауыл түгілі Несіпханның әке-шешесі де, бауырлары да теріс айналды. «Бізбен тамақ ішпейсің. Мүмкін болса үйден кет! Несіпхан деген қызым өлген!» деді әкесі қатал түрде. Ал анасы әкесінің айтқанынан шыға алмайды. Бұл суық қарым-қатынас Несіпханның жанына, жүрегіне қат­ты бат­ты. Оңаша қалғанда жылап та алатын. Енді мұның ең жақындары – талпақ танаулар мен Костя ғана еді. Басқа ешкімі жоқ!
Бірақ Несіпхан-Надя зор байлыққа және жоғары атаққа кенелді. Оны тікелей Москва, яғни КСРО-ның бас хатшысы Хрущевтің өзі қамқорлығына алды. Оған көп ұзамай қызыл державадағы ең жоғары атақ – Социалистік Еңбек Ері атағы мен Ленин ордені берілді. Бұл байлық, бұл жоғары атақ пен даңқ ауыл мен әке-шешесі арасындағы байланысты түзей алған жоқ. Арадағы мұз ерімеді. Несіпханды жұрт өз атымен емес, Надя деп атайтын болды. Көп ұзамай Костя екеуі бас қосып, отбасын құрды.
Енді міне ауыл сыртындағы ең ғажайып үй бос қалды. Ол туған жерінен жырақта Костяның Шығыстағы қонысына көшті. Әлбет­те талпақ танау­лары да өздерімен бірге. Надя шошқа мақұлығын қанша жақсы көргенімен оның ең қатігез жандар екенін мойындады. Себебі олар басқа-басқа бір шош­қадан қан шықса, бірден сол шошқаға тап беріп, парша-паршасын шығарып, жеп тастайды. Сондай-ақ қарны ашса өз ішінен шыққан торайларды да аямай азық етеді. Ең жаман әдет­терінің бірі олар қызғаныш деген қасиет­тен мақұрым. Ең лас, ең сасық мақұлық, нағыз мешкей де. Тынбай жей береді. Май басып, қат­ты семірсе орнынан тұра алмай қалады екен. Надя жас кезінде осы жиіркенішті жануардың бұл жаман әдет­теріне онша көңіл бөлмейтін. Тіптен ауылында жүргенде нәпсісін тыйып, шошқаның етін де жемейтін. Енді міне Костяның ауылына келген соң амал жоқ жей бастады. Жас келген сайын ол талпақ танаулардан денесі тітіркеніп, жолағысы келмей барады. Кеңес өкіметі кезіндегідей емес, тәуелсіздік алғалы мұның атақ-даңқын адамдар елемейтінді шығарды. Оның үстіне жалғыз қалды. Костя бес-алты жыл бұрын төрт баласының бірінен соң бірі қатарынан қайтқан қайғысына шыдамай дүниеден өт­ті. Өзі де жүрек талмасынан бірнеше рет құлап, әзер тірі қалды. Әйтеуір ілби басып жүр. Өткен өміріндегі жіберген қателіктеріне өкінеді. Өкінгенмен не пайда? Бәрі де өт­ті, кет­ті. Кіндік қаны тамған туған жеріне осы ауылға келгелі бері бір ат ізін алған жоқ. Қай бетімен барады? Сағынады. Әке-шешесі, бауырлары еске түскенде ішкі жан дүниесі елжіреп, көзінің жасын бұлайды. Қаңырап қалған төрт-бес бөлмелі үйін басына көтеріп, торайша шыңғырып аңырап отырғаны сол. Көп жылай берген соң көзден жас та шықпайды екен. Жаны ашып көз жасын сүртетін, жұбататын да ешкімі жоқ кейуананың бір мысығы, өз сияқты қартайған иті бар. Иті бұрын үретін. Қазір үруге де шамасы келмейді. Айтпақшы көп талпақ танаулардан екі шошқа мен бірнеше торайы ғана қалған. Ол мешкейлерге де аста төк беретін тамағы жоқ болған соң күніне екі мәрте азықтандырады. Екі мегежін де ызалы. Кеше барса торайларының сүйегі де қалмапты. Бірден түсінді.
– «Оңбағандар! Қатігездер! Өздеріңнің балаларыңды жеуге қалай дәт­терің барды-ә? Сендер үшін мен бар жақын адамдарымнан айрылғанымды білесіңдер ме? Білмейсіңдер! Санасызсыңдар! Құдайдың қарғысына ұшыраған салпаңқұлақ жын-шайтансыңдар сендер. Мен де сендер сияқты дүниеқоңыз болдым. Атаққұмарлығымды оңбаған орыстар өз саясатына пайдаланды. Қажетім болмаған кезде мені ешкімге қажетсіз зат­тай лақтырып жіберді. Сендер, сендер мені осы халге жеткізген. Алдымен шошқа болдым, енді жападан-жалғыз қалған жалмауыз кемпірге айналдым. Иә, мен енді кімге керекпін? Өлсем көмусіз қалам ба деп қорқамын. Тамырынан айрылған қаңбақ та бір, мен де бір.
Кейуана тағы да бар дауысымен шыңғырып жылады. Біразға дейін басылмады. Қора ішіндегі бұрышта марқұм Костя істеген скамейкада біраз отырды, өзін-өзі басты. Қос дәу мегежін бұған ызалы көзбен қарағандай сезінді. Бұл қатігездерден бәрін күтуге болады. Жан тәт­ті ғой, орнынан шұғыл тұрып, есікті апыл-ғұпыл ашып сыртқа шықты. Арқасынан төрт қызылкөз инедей сұғын қадап тұрғанын сезді. Бүкіл денесі тітіркеніп, есікті тез-тез жауып, екі мегежін қуып келе жатқандай үйіне асыға аяңдады.
Түнде көпке дейін елегізіп ұйқтай алмады. Бұрын ештеңені елең қылмай тез ұйықтап қалушы еді. Сонау балалық шағы есіне түстіме-ау. Мектепте оқып жүргенде бір кластасының ғашықтық хат жазғаны, ал бұл болса ол бозбаланы ұнатқанымен әлдеқандай болып жауап бермегені есіне түскенде күліп жіберді. Әкесі қатаң кісі болғанымен қызын басқалардан ерекше жақсы көретін. Әт­тең, мына шошқа малғұндар болмағанда бәрі басқаша болар еді-ау. Анасы бар жылы-жұмсағын, тәт­ті-пәт­тісін «қызым жеп ал» деп жасырып беретін. Әй, шіркін-ай, десейші! Өмірді қайта бастаса…
Түнде өткендегі түсін сол қаз-қалпында көрді. Шошып оянған. Беті, басын сипады, жалма-жан. Бәрі орнында. Неге екені белгісіз екі мегежіні есіне түсті. Ертең үш мезгіл тамақ беріп, оларды риза қылуды ойлады. Осы ауылда Тоня деген досы бар. Анда-санда болса да сол келеді. Бұл да барып тұратын. Содан барып жем сұраған дұрыс-ау. Өте бақыт­ты әрі бай әйел. Балалары, немерелері шу-шу етіп, үйі үнемі базар болып жатады. Қызығады, қызғанады. Ерте кетіп қалған балалары есіне түсіп, тұнжырап, көзіне тағы да жас алды. Әке-шешесінің қарғысы ма екен, әлде.. әлде.. әлде.. Иә, иә, ол мегежіндерді қоңдандырып, сатуды ойлады. Ақшасын банкке салады. Ертең өле қалса да ақша қажет қой. Қыркүйек айы биыл жылы болып тұр. Дегенмен тура терезе алдындағы Костя еккен ақ қайыңның жапырақтары өзінен өзі сарғайып, саудырап ерте түсіп қалды. Неге өйт­ті екен? Таңғалды. Бүгін аспанды қорғасын бұлт­тар торлап, жаңбыр жауатындай сыңай танытып тұр. Аяғы қақсап, жанын көзіне көрсеткеніне қарағанда сірә күзгі ақ жауын басталып кетпесе не қылсын? Ойбай-ау, бүгін туған күні екен ғой. Қалай ғана ұмыт­ты? Тоняға өткенде айтқан. Ол: «Келемін. Сыйлығыңды әкелемін» деп еді ғой. Басын жұдырығымен тарс-тұрс ұрды. Қара басып ұмытып кете жаздапты. Орнынан тез тұрды. Кеше базардан әкелген көкөністерден бірнеше салат істеді. Тәт­ті-пәт­тісін шығарды жайнатып. Әдемілеп палау істеуге ұйғарды. «Сенің пісірген палауың ерекше, Надяжан. Жей бергің келеді» деп еді Тоня өткенде бір бас қосқанда. Ескі тоңазытқышынан ет алып, турап, шыжғырды. Су құйып, ақ күрішін салды. Қазір сәлден соң әбден піскенде орап тастайды. Бұл – өзіндік әдісі. Сағатқа қарады. Он екіге тақапты. Тоня досы бірге таман келеді. «Оған дейін киінейін. Әдемі киімдерімді киіп, досымды жарқырап қарсы алайын» деп күбірлей сөйлеп киім ілінген шкафқа келді. «Пай, пай, өмір-ай десеңші!» Гүлді көйлегін киіп, айнаға қарағанда әппақ шашы қобыраған, беті әжім-әжім сиықсыз кемпірді көргенде осылай деді тарғыл-тарғыл дауыспен үйді басына көтеріп. Нағыз жезтырнақты жалмауыз кемпірге ұқсап қалыпты. Күлерін де, жыларын да білмеді. Көңілі жабырқап қалды. Дегенмен сексенге келсе бәрі де осындай пұшайман күйге түседі емес пе? Түседі. Ендеше неге мұның көңілі түсуі керек? Надя қайта бойын жинады. Шашын тарады. Көкшіл орамалын тарт­ты. Орден, медальдары кеудесінде самсаған костюмін киіп еді, жайнап кет­ті. Әне, алтын жұлдызы жарқырап тұр. Жанында қос Ленин ордені. Тағы да басқа ордендері жетеді. Қалай болғанда да осы костюмін кигенде бір көңілі көтеріліп қалады. Бірақ бұл темір-терсектің қазір түкке де қажеті болмай қалды. Тек алтын жұлдызды сатса біраз ақша түсетін болар. Сатып жіберген дұрыс-ау. Надя ащы жымиды да сыртқа бет­теді.
Үйінің алдына алып алма ағашы бар. Соның түбінен Костясы әдемі етіп сәкі жасап қойған. Әрі-бері қойқаңдап жүрген соң Надя сол сәкіге барып отырды. Ойында ештеңе жоқ. Бар ойы досын салтанатпен қарсы алу. Айтпақшы көптен бері сары майдай сақтап жүрген қызыл шарабы бар. Градусы жоғары, шетелдікі. Соны шығарып қойды. Көңілі көтеріңкі кейуана сәкіде отырып, көзін жұмып тағы да ойға шома бергені сол еді, қорсылдаған таныс үнді естіді. Көзін ашып алды. Тура қарама қарсысында қос мегежін төніп келіп қалыпты. Түрлері әлем-тапырық, көздері шоқтай жайнайды. Ызалы. Ақсиған тістер. Сол тістерін шықыр-шықыр еткізеді. Кемпірдің жүрегі тас төбесіне шықты.
– Бұлар қалай шығып кеткен? Кет, кет, малғұн! – деп ол жанұшыра үн қатып үлгерді. Сасық иіс. Соңғы рет мұрнын жарып жіберді. Одан кейін… Одан кейін… Қорс-қорс… Ырс-ырс… Қарш-қарш… Соңғы рет кейуана торайша шыңғырды да, біржола үні өшті…
Тоня үйдің алдындағы алқызыл гүлдерден букет жасады. Сондай әдемі шықты. Өзі қызығып қарап, құшырлана иіскеді. Үйде маржан моншақтар болған. Соны да әспет­теп сөмкесіне салды. Қуансыншы байғұс. Ешкімі жоқ. Оның үйі онша алыс емес. Қазір-ақ барады. Алтын сағатына бір көз салды. Бірге он минут қалыпты. Әне-еу, үй. Бұрын еңселі үй екені көрініп тұр. Бірақ қазір ескі, тозыңқы. Сыртқы қоршауларының кейбір жерлері сынған, құлаған. Неге екені белгісіз сыртқы есігі айқара ашық тұр. Жерден қан дақтарын көрді. Тіксініп қалды. О несі-ай? Бұл не қан? Негізінен Надя досы бұл келе жатқанда өзі қарсы алатын. Неге шықпаған? Ойына күдік оралды. Неде болса да ішке тезірек кіргені дұрыс. «Ұрылар келген жоқ па екен?» деген ой да қылаң берді де, тез басылды. Ішке, есік алдына апаратын жалғыз аяқ жолдың бәрі шашыраған қан дақтары. Үйдің алдына барғанда сұмдық көрініске тап болды. Бәрі айра-жайра. Барлық жер қан-қан! Әр-әр жерде адамның қолы, аяғы, ішек-қарны шашылып жатыр! Киімдер түте-түте. Кімдер, қандай қарау күш жасаған?! Тоня қат­ты шошынды. Есінен танғаны соншама не істерін білмей ескерткіштей қатып қалды. Айғайлағысы келді, үні шықпады. Әзер есін жиды. Аяқтары өз-өзіне бағынбаса да сыртқа ұмтылды. Мына сұмдық, қанды қасап жерден тезірек кетпесе болмайтыны санасында жылтылдайды. Көз алдында қызылды-жасылды сәулелер. Жүрегі кеудесіне сыймай барады. Ішінен бір пәле лоқылдап көтерілді. Құсық екен. Отыра қалды. Бойы жеңілдеп қалғандай. Гүлдері, сөмкесі қайда? Иә, иә, қып-қызыл гүлдері қан дақтарымен араласып шашылып жатыр екен. Ал сөмкесі қайда?
Сөмкесін іздеп, жан-жағына көз салған Тоня алдымен жыртылып дал-дұлы шыққан костюмді көрді. Оның қан-қан өңірінде орден, медальдар самсап тұр. Олардың ішінде алтын жұлдыз күн сәулесімен шағылысып ерекше жарқырайды. Қайран еңбегі-ай еш кеткен! Надя бұл костюмін салтанат­ты кештерде, кездесулерде киетін. Бүгін байғұс туған күнінде арнайы киген ғой. Сөмкесі жолдың жиегінде жатыр екен. Есі шығып кеткен кемпір оны әзер көтеріп алды да, аяқтарын әптер-тәптер басқан күйі үйден ұзай берді. Бет-аузын жас жуған ол өзінше бірдеңе-бірдеңе деп күбірлеп барады…
Зейнолла ақсақал әңгімесінің түйі­ніне жақындағанда бөтелкедегі арақ та бітуге таяды. Бет­тері қызарып, тілі де сүріншектей берді.
– Надя апамның үйінде болдым. Оңтүстіктен бір отбасы келіп орналасыпты. Анда-санда түнде шошқабас Надя келіп мазалайды екен. Есікті, терезені тықылдатады. Қорс-қорс етіп жылайды. Содан соң кетіп қалады. Соңғы кездері бұл үйдегілер намаз оқуды бастаған соң ба келмей кетіпті. Алғашқыда қорқып, шошынған. Кейін үйреніп кетіпті. Тоня досы бүкіл ауылды көтеріп, Надя марқұмның шашылып қалған дене мүшелерін жинап көміпті. Қысқасы қор болып өлген. Әлгі зұлым мегежіндер аш болған соң шабуыл жасаған ғой. Орден, медалдарын аудан орталығындағы мұражайға тапсырған. Мен келіп қонған күні ол келді. Қат­ты қорықтым. Қорс-қорс жылаған қорқынышты дауысы әлі де құлағымда пәтшағар! Бала, міне, бар болғаны осы әңгіме, – деп Зейнолла қарт күрішкесіне қалған арақты сарқа құйды да, тартып жіберді. Содан кейін ол кісі өз денесін билей алмай қалды. Төсегіне киімшең күйде гүрс етіп құлады. Жата сала қорылдай бастады. Ара-арасында қорсылдай ма әйтеуір бір дыбыс шығарады. «Қап, үйіне барған соң ағама жеңешем ұрсатын болды-ау» деп мен тағы да іштей уайымдадым…
Өмір-пойыз дөңгелектері тарсылдап, анда-санда өкіріп қойып, алға жүйіткіп барады. Көпке дейін шошқабасты кейуана есімнен кетпей, ұйықтай алмадым. Бұл дүниеде өз әлеміңнен, салт-дәстүріңнен, жақын-жұрағатыңнан тамырыңды үзбей өмір сүргенге ештеңе жетпейді екен-ау!

Ертай
АЙҒАЛИҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір