ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫС АРНАЛАРЫ
11.11.2024
131
0

Сәкен Сейфуллин – ұлт­тық поэзияны мазмұндық, көркемдік және шеберлік жағынан дамытуға зор үлес қосқан суреткер. Әрине, Сәкен прозалық шығарамалар да жазды. Драмалық туындыларымен де танылды. Алайда Сәкен поэзияда жарқырай көрінді, шеберлігі де осы жанрда байқалды.

Сол себепті біз де Сәкеннің ақындық ізденістерінің бірі ретінде оның басқа ағым-бағыт өкілдерімен шығармашылық байланысын, өзара қарым-қатынасқа түсуін атай аламыз. Ғалым Т.Кәкішев «Өнерге жетіліп, ілгері басу, басқалармен тең болу, елдің отаршылдықтан көріп отырған қорлықтарын айту ағартушы- демократ­тардың бәріне тән еді», – дейді. «Өткен күндер» жинағы дәлел, Сәкеннің алғашқы өлеңдері, негізінен, ағартушылық бағыт­та жазылған, бұл тұста ол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармаларымен бағыт­тас-бағдарлас. Оның «Інішегіме»,«Оқымаған қазақ», «Жетімге»,« Қазақ сабағы» т.б. өлеңдерінің мазмұны, негізгі идеясы ағартушы-демократ ақындар шығармаларымен өзектес.

Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!
Жарқыратып,
ақ нұрменен көңілді аш.
Балалыққа жас миыңды алдатпа,
Ғылым үйрен,
нұрға толсын, кеудең жас.
Бұл шығармашылық байланыс, оның әсер-ықпалы ақындардың өзара рухани үндестік табуларына кең жол ашты.
Жалпы, шығармашылық байланыс арналары көп қырлы болып келеді. Сарындас әдеби ағымдар да бір-біріне ықпал етеді, әсерін тигізеді. Бұл – әдебиет­тің даму заңдылығы. Әрі әдебиет­тің өркендеуіне, поэтикалық формалардың жетіліп, дамуына, сөз өнері иелерінің тіл, стиль төңірегіндегі ізденістерін шыңдай түседі. Бұл – Сәкеннің көп өлеңдеріне ортақ сипат. «Сұлу терек»,«Міне, көл»,« Орман», «Қара жер» өлеңдерінде туған даланың көрінісін, байлығын көріп, шат­танған адамның сезім күйі сурет­теледі. Сәкен жастық, махаббат сезімдерін бейнелеу­ге де табиғат көріністерін молынан пайдаланады. Ақынның «Тау ішінде»,
«Біздің жақта»,«Жазғы түнде» өлеңдері осы сипат­та жазылған. Оларда сұлу өлкенің көрінісі жастар көңіл күйімен байланыстырылады. Табиғат аясындағы сезімнің сұлулығы мен тұрақтылығы, оны ардақтау, қадірлеу идеясы Сәкеннің көптеген өлеңдеріне тән. Ол табиғат­ты әрқашан оны мекендеген адамның көңіл күйімен байланыстыра жырлады. Лирикалық кейіпкердің еліне, халқына деген сүйіспеншілік сезімі табиғатқа деген іңкәрлік арқылы ашылады. «Қамаудан», «Сағындым» өлеңдері бұған нақты айғақ. «Далада», »Қырда» ат­ты өлеңдерінде ол қоғамдағы өзгерістерді дала желі арқылы таратып, табиғат­тың қуанышқа бөленген шат күйіне назар салады.
Есіп кеп, майда желдер таудан асып,
Құшақтап, аймалады амандасып.
Естіген, көрген-білген сырын маған,
Айтысты қуанысып, сыбырласып.
Күлімдеп гүл шашақтар басын иді,
Құшақтап майда ескек жел
бет­тен сүйді.
Қуаныш сырын айт­қан
ғашығымдай,
Ескектің көкірегіме лебі тиді.
Ұлы даладағы қуаныш жел бейнесі арқылы өлеңде елес береді. Даланы кезген жел қуанышты хабарды таратып, халықтың тіршілігіне қозғау салып бара жатқандай әсер етеді. Өлеңде жел хабары мен көктемнің сәнді көркі де үйлесімді жырланады. Ақынның адамның жан дүниесіндегі қуа­нышты тұрақты түрде бейнелеп жеткізетін ұғымы – жел. Өлеңінің бүкіл өн бойын көктей өтіп, үнемі қайталанып отыратын жел – символикалық бейне. Бұл рет­те Мағжан еріксіз еске түседі. Демек, Сәкен мен Мағжанның өлеңдеріндегі символдық өрнектердің сырын олардың шығармашылық тұлғасының ерекше сырынан, ойлану-ойлау дағдысынан, көркем сана типінен іздеген жөн шығар.
ХХ ғасырдың басында Ресей қоғамындағы саяси-әлеумет­тік жағдай, осыған орай туындаған ұлт­тық проблемалар империя­ның құрамындағы қазақ, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ т.б. түрік халықтарының этникалық, тілдік және рухани жағынан жақындаса түсуіне ықпал ет­ті. Мұның бәрі түрік халықтарының саяси-идеялық тұрғыдан өсіп жетілуін жылдамдат­ты және ұлт­тық рухының оянуы мен нығаюына әсерін тигізді. Түрікшілдік концепциясын насихат­тауда сол тұста жарық көрген әдеби-публицистикалық және көркем туындылар айрықша орын иеленді. Әсіресе баспасөз бет­терінде жарияланған мақалаларда түрік халықтарының ұлт­тық құндылықтары жөнінен мол мағлұмат­тар беріліп, түркіге ортақ көрнекті тұлғалардың өмірі мен ерлік істері жайында көп мәлімет­тер жазылып жат­ты. Жалпы, түрікшілдік идеясының көздегені қамауға түсіп, езіліп, жаншылған халықтардың ұлт­тық санасын ояту, олардың береке, бірлігіне, басшылық жасау еді. Сәкен де бұл идеяны іле көтеріп әкетіп, «Түркиенің жайы» деген мақаласында Мұстафа Кемалдың ерлігін басқаларға үлгі ете сөйлейді. Мағжанның атақты «Түркістан» өлеңіндегі көп жайт­тарды еске түсіреді. Көк түріктердің Азияға, Африкаға, Еуропаға, яғни жарты әлемге әмірін жүргізгенін мақтаныш сезімімен жазады. Сәкентанудың үлкен білгірі Т.Кәкішев Сәкеннің «Азия» өлеңі Мағжанның
«Пайғамбар»,«Күншығыс» өлеңдеріндегі ой-идеялармен үндесетінін айтады.
Сәкен:
Тыңдамасаң бұл жалынған сөзімді,
Түсінбесең, паң ғып ұстап өзіңді,
Күшпен үйрет мынаны деп
жұмсармын,
Моңғолымды –
қиғаш садақ көзімді десе, –
Мағжан:
Қисық көзді Күншығыс,
Болсын соңғы бұл жүріс.
Күнбатысқа жүрелік,
Желкілдеген туменен.
Жер күңіренткен қолменен,
Қаласына кірелік, –
деп идея бірлігі ортақ, мазмұны ұқсас өлеңдер жазған. Уақыт туындатқан мүдде ортақтығы, мақсат бірлігі екі ақынды да түрікшілдік концепциясын жырлауға итермеледі. Сол себепті олар тарихи сананы жаңғыртып, түрікшілдікті насихат­тады. Бұл қазіргі уақыт­та түбі бір түркі халықтарына ортақ идея ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, зорлық-зомбылыққа қарсы үн қату, оған қарсы әрекет­тердің туындауы заңдылық. Осы орайда халықтың өткеніне үңіліп, одан үлгі боларлық өнеге іздеуі, өз құндылықтарын әспет­теуі, сөйтіп, тәуелсіздікті талап етуі сөзсіз бой көрсетеді. Бұл рет­те ұлт әдебиетіндегі зар заман ағымын айтуға болады. Зар заман поэзиясын зерт­теген ғалым Бауыржан Омаров былай дейді: «Зар заман өлеңдерінде азат­тықты аңсаған қазақтың рухы сақталды. Бұл шығармалардың өзегінде ұлт­ты езгіден құтқару идеясының негізі қаланды». Бұл құбылыс Дулат, Шортан­бай т.б. ақындардың шығармашылығынан жақсы байқалды. Бұлар өздерінен ке­йінгі әдебиет­те айтарлықтай із қалдырды. Себебі түрлі әдеби ағым өкілдерін бір идея төңірегіне топтастыруға ұлт­тық мүдде итермелейді, мәжбүр етеді. Сөйтіп, ұлт мұқтажын өтеу жолында бұлар бір идея төңірегіне ұйысады.
Патшадан әділдік жоқ еді,
Ұлықтар парақор тоқ еді,
Бұқара халықты кем тұтқан.
Жек көрген, итімен тең тұтқан,
Қоспаған санына адамдық,
Айламен ұстаған надан ғып.
Сәкеннің бұл өлеңінен Дулат, Шортанбайлардың рухани болмысы мен мақсат-тілегі айқын байқалды. Сонымен қатар бұл өлең ұлт қамын жеген, ел ертеңін ойлаған Алаш арыстары Ахмет, Міржақыптардың «Маса»,
«Оян, қазақ» өлеңдер жинағындағы мақсат-мұрат­тарымен де астасып жатыр. Бұл ұқсастықтың негізгі белгілері, біріншіден, осы ақындардың бір мезгілде өмір сүрулері, яғни уақыт тынысы мен замана ахуалының әсері десек, екіншіден, ұлт­тық сананың да ықпалы болғаны даусыз. Осы тұста зар заман ақындары Дулат, Шортанбайлармен, сондай-ақ патша саясатын әшкерелеген, ұлт азат­тығын аңсаған, қоғамдағы басқа да келеңсіздіктер жөнінде ой қозғаған Ахмет, Міржақыптар мен Сәкеннің шығармашылық тұрғыдан үндестік, сәйкестік табуын межелеген жөн. Сонымен қатар аласапыранға толы тарихи кезең көрінісі көркем шығармаларда қаншалықты дәрежеде байқалғанын анықтау үшін, сол кез­де әдеби үрдіске араласқан ақындардың өзара шығармашылық байланыстарының ерекшеліктеріне назар аударған дұрыс. Нәтижесінде, шығармашылық байланыстардың рухани болмысқа әсері, ұлт­тық ой-сана өрісінің дамуына ықпалы айқындалады.
Бүгінгі уақыт өткен дәуір әдебиетінің кейбір тұстарын қайта екшеуге, рухани мұраларымызды тереңдей, жан-жақты, әр қырынан әділ бағалай түсуге мүмкіндік беріп отыр. Осыған орай Сәкен шығармаларын, әсіресе оның « Көкшетау», «Аққудың айырылуы»,«Ақсақ киік», сонымен қоса маркстік-лениндік ілімнен ада «Өткен күндер» өлеңдер жинағын қайта бір қарастырып, рухани игі­лігімізге жарату – ендігі міндетіміз.

Мейіржан Тапашев,
филология ғылымының
кандидаты, доцент

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір