ИГІЛІК және ІЛТИПАТСЫЗДЫҚ
11.05.2023
259
0

Қаламдас ағаларыммен телефон арқылы анда-санда сәлемдесіп, әңгімелесіп, әзілдесіп тұратын, сәті келгенде жүздесіп жүретін дағдыммен осы айдың 17-күні Ғаб-ағаңның, Ғаббас Қабышұлының үйіне қоңырау жіберіп едім, телефон тұтқасынан: «Әссәләумәғалейкүм, бұл кім, атам керек пе?» – деп шұбырта сөйлеген бала дауысы естілді.

  Қылығын қызықтағым келе қалып: «Сен кімсің?» – дегенгімше болмады, ол: «Ата, саған, мә, сөйлес» деді. Оған: «Ай, азаматым, жүз жаса!» деп мейірленген Ғабаң маған: «Шөберемше айтқанда, бұл кім?» деді. Дауысымен «араздасып жүргеніне» төрт ай болды-ау деймін, үні әлі де пәс екен, жарықшақтанып шықты. Сәлем беріп: «Дауыс шіркініңізбен қашан татуласасыз?» деп едім: «Ә, оны қоя тұр да, уақытың болса, телефоныңды тулатпа, кел, өсекті араластыра әңгіменің иін қандырайық», деп әзілдеді.
Сонымен, аға шақырғанда іні аялдар ма, жеттім. Есікті Зада жеңгеміз ашты. Есен-саушылық білісіп, Ғабаңның «жұмыс кабинеті» – бөлмесіне ендім. Диванда жантайып жатыр екен, басын көтеріп, қолын ұсынып: «Ә, кел, төрлет! Қолыма түстің-ау!» – деп жымыңдап, тұруға ыңғайланды. Көмектестім.
– Бағана мені тексерген балақай қайда? – дедім.
– Шөбереміз ғой. Үлкен ұлымыздың немересі. Талғарда тұрады. Бірінші сыныптың шәкірті. Кіші атасымен келіп, қояр «концертін» қойып, жаңа үйлеріне қайтты. Тәтті неме! Ал, жарайды, жеңгеңнің шайын ішіп, әңгіме соғып, екі шаруаны бір-ақ бітірелік, – деді…
Шайдың шаруасын тындырып, кабинетіне оралдық. Ғабаң маған: «Шайыңды шайқамай, бар, диванға отыр» деді. Өзі жазу үстелінің сол жағындағы кітап сөресінің орта тұсынан аппақ мұқабалы үш кітапты алып келіп жайғасты да: «Бұл кітаптар саған», деп ұсынды. Қуана алдым: «ХАЛҚЫНЫҢ ОРАЛХАНЫ», Оралхан Бөкей туралы. «ДАРХАН ДАРЫН», Асқар Егеубай туралы. «МАРҚАСҚА», Марат Қабанбай туралы. Мұқабаларында фото-портреттері бар.
– Ағасы, бұныңыз ғажап сыйлық болды, рақмет!
– Биыл ойы өрісті, тілі көркем болған Ораштың – Оралханның туғанына 80 жыл әділеттілікті қаламымен қорғаушы болған Мараттың туғанына 75 жыл ғой… алдын ала арнап шығардым… Асқардың ақындығына да, ғалымдығына тәнті едім… қолымнан келгені осы… тағдыр тарынғанда дүниенің кеңдігі жайына қалады.
– Ағасы, жазмыш қой, босамаңыз, – дедім, дауысының да, өңінің де өзгерісін байқап.
– Үшеуінен де тым ерте айрылып қалғанымыз өкінішті, өте өкінішті… аруақтарына бір уақ қызмет етіп, жұбандым.
– Әдемі болып шыққан екен. Бүкіл қазаққа қажет кітаптар, тиражын көбейтіп берген болар?
– Кім?
– Шығартқан министрлік.
– «Министрлік»… Мені «ерекше жақсы көрген» билік, – деп мырс етті, – кітабы шығарылмайтындардың тізіміне 1997-жылы іліктіріп қойғанын білдім де, «құдай сендерге күнімді салмасын!» деп, жекеменшік баспалармен келісіп, 15-20 данадан өз ақшама шығарып жүрмін. Андағыларды да 15 данадан шығарып, 10 данасын отбастарына сыйладым, қалғаны, міне, өзіңдей інілеріме бұйырады.
– Түһ, ағеке, ақшаңызды қайда қоярыңызды білмей жүр екенсіз ғой?!
Екеуіміз де көңілдене күлдік.
– Анау көкешілдердей жекеменшіктеп алған завод-фабрикам жоқ, зейнетақым бар, жетеді.
– Сізге жеткенмен, көпшілікке жетпейді, мәселе сонда.
– Ол рас.
– Мына кітаптарыңыз менің құрдас жолдасым Талғат Айтпайұлының баспасынан шығыпты.
– Иә, ақырында «менің баспагерім» Талғат інім болды. 2016 жылы «Оңды ойды бүкпелік» деп аталған кітабымды шығарды. Сын мақалалар жинағым. 454 бет. 2018-жылы шыққан сын мақалар жинағым «Қаламым – қаруым» деп аталды. 565 бет. Онда да назарбаевтық биліктің санасаң сан жетпестей қитұрқылығы дерек бойынша сыналды.
– Олар да көпшілікке жетпеді, әдебиет сыншыларының көзіне түспеді, ә? Ол – өкініштің көкесі…
– Қолжазбаны Талғат өзі оқиды. Менің екі қолжазбамды оқығанда: «Мемлекеттік баспадан шықса ғой», деп қалды. Ол жолмен шыққан кітаптың таралымы бір мыңнан кем болмайтыны белгілі. Талғат екеуімізге де ортақ «қол жетпес арманды» мегзеді. Осымен байланысты «ерекше қызық» үш жайтты қысқаша айтайын, білгенің артық болмас. Біріншісі. Жасым алпысқа толардан бір жыл бұрын Мәдениет және ақпарат министріне, аты-жөні есімде жоқ, иә, бұл министрлік аты өзгергіш, министрі ауысқыш «тәжірибе мекемесі» болды ғой, сол кезекті министрге хат жазып, мерейтойыма Әзиз Несиннің әзіл-сықақ әңгімелерінің өзім қазақ тіліне аударған жинағын шығарып беруді өтіндім. Үш апта өткенде бір қызметкері жолдаған жауап келді: «Сұраған кітабыңызды биыл шығаруға мүмкіндік жоқ, келесі жылдың ақпан айында шығаруды ұйғардық» депті. Қуанып қалдым. Маған керегі сол тұс қой!.. Сөйтіп, туған күніме бір апта қалғанда: «Министрлік сіздің сұраған кітабыңызды тендрдің құптамағанын хабарлайды», деген қосымша жауаптары келді.
– Өй, ұятсыздар! Өздеріңде ес жоқ екен ғой?! – дедім, шыдай алмай.
– Тоқта, екіншісін тыңда. Жасым жетпіске толарда үндемедім. Жазушылар одағымыз да, басқалар да үндемеді. Ал жасым жетпіс беске толарда бір қулық ойлап: «Қайтер екен?!» деп, жаңа министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Одағымыздың басшысы Нұрлан Оразалинге хат жазып, әзіл-сықақ әңгімелерімнің екітомдығын шығаруға көмектесулерін өтіндім. Бір ай өтті, жауап жоқ. Бір күні Одақтағы бір жиынға барып, залда Нұрланды кездестіріп: «Министр екеуіңе хат жазып еді, алдың ба?» дедім. «Алдым, алдым, Министрмен сөйлесем, резерві бар болар, шығырады ғой, шығарар» деді. «Резервтері» рәзеңкеге айналып тынды. Нұрланның Одақтың басшылығына келуіне себепші болып еді, соны «ескерген» де.
– Ағасы-ау, бұларға дауа жоқ екен!
Бір күні телефоным қоңыраулады. Бейтаныс жігіт сәлем беріп, аты-жөнін, «Қазақпарат» баспасының директоры екенін айтып: «Аға, әзіл-сықақ әңгімелеріңіздің екітомдығының қолжазбасы бар екен, соны бізге беріңіз, шығарайық», – дегені. Еріксіз таңданып, қолжазбамды министрліктің тендр деген мықтысы қабылдамағанын айттым. «Білем, Астанадан кеше келдім», деді. Сонымен, екітомдығым шықты. Ілтипатты, тәуекелшіл баспагер ініме әбден риза болдым. Содан соң «дәндеп» мен мазаламадым, жоғарыдағы «жартықұдайлардан алғыс алғаны» сөзсіз ол інім де, аты-жөнін есіме түсіре алмай отырмын, ештеңе демеді.
– «Жартықұдайлар» дедіңіз бе?
– Енді үшінші жайтты тыңда. Алдыңғы жыл туа Мәдениет және спорт министрлігінің жаңа шешімі де туды. Қолжазбаларды Республикалық кітап палатасының комиссиясы сұрыптайтын болғаны туралы. Үш қолжазбам дайын еді, үшеуін де тапсырдым. Төрт ай өтті, ол жақ жым-жырт. Хат арқылы сұрау салдым. Бір қызметкері телефон шалып, қолжазбаларымның министрлікке өткізілгенін хабарлады. Енді бес ай өтті. Министрлікке де хат арқылы сұрау салдым. Айтып-айтпай не керек, сол үш қолжазбамның қайда екенін біле алмадым. Білгенім – сонау тізімнің әлі бар екені, одан өшпейтінім.
– Ғаба, үш жәйітіңіз бірінен-бірі өткен сорақы екен…
– Жә, – деді ағамыз, қолсағатына қарап алып: – Ал, басеке, иә, сен бастықсың ғой, осы тойғаныңмен барғын, – деп жымиды да: – дәрі-дәрумендерімді түгендеп, дем алатын уақытым болып қалыпты, жантаяйын. Келгеніңе, кәуласқаныңа рахмет! – деді.
– Сізге рахмет! Ауырмаңыз, аман-есен болыңыз!..

Сұхбаттасқан
Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір