Дүние өзгерсе де өзгермеңдер…
Қазақ ертегі-әңгімелерінде мынандай бір көрініс көптеп айтылатын. Жер шетінде бір кейуана отырады. Жолаушы: «Шешей, не істеп отырсыз?», – деп сұрайды. Сонда әлгі кейуана: «Жердің жыртығын жамап отырмын», – дер еді. Қазақ әйелі, қазақ анасы, қазақ әжесінің ел мен жер үшін қылған басты қызметі де сол: жыртықты бүтіндеу, жоқтан бар құрау, ел мен ел арасын жақындату, көңілге сәуле түсіру…
Ұлтты тәрбиелеген де «жер жыртығын жамап отыратын» әжелер дәстүрі десек, қате емес. Ұлттың дәстүрін қалыптастырған қазақтың парасатты сөзі ғой. Үйде де, түзде де «Үлкенді сыйла», «Құдайдан қорық», «Ала жіпті аттама», «Адамның еңбегін жеме», «Жақсының көңілін қалдырма», «Шыншыл бол» деген сөздерді аналардың, әжелердің айтуымен санамызға құйып өстік.
Әсіресе, елге барғанда сондай аналар, әжелер жалғастығы әлі де үзілмей келе жатқанына көзің жетіп, көңілің беки түседі. Бұл әжелер, аналар жастайынан бейнет көрді, өткен заманның дәстүрін бүгінге жеткізді, бейбіт күнге қуанды, барға шүкір қылды, жоққа қанағат етті. Жастайынан өнерге ұмтылды, білімге құлшынды. Бауырмал болды. Адамды аяды, дәмді бөліп ішті, киімді де ауысып киді. Сөйте жүріп адал жар, аяулы ана, мейірбан әже қалпынан айныған жоқ.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әдепхан Төреханұлының жары Ырысжан Жарасбекқызын біз бала күнімізде ақын жарынан бұрын мейірбан ана қалпында танитын едік. Үлкен әулеттің ұйытқысына айналып, он ұл-қыз өсіріп, алтын алқа таққан апаның жүзіне ұялаған мейірім шуағы арада жылдар өтсе де еш өзгермегенін бұрнағы жылғы бір кездесуде тағы байқаған болатынбыз. Анаға тән сабырлылық пен мейірбандық сүйексіңді болып кететініне сол жолы көзді тағы жеткізгенбіз.
Қоғамның бастауы – отбасы деген пікірмен келіспейтін жан жоқ шығар. Ұлт дамуында отбасының қомақты ролін жоққа шығару тіптен ұят. Бүгінгі қоғамның қалыптасуына үлкен серпін берген де отбасы екенін мамандардың өзі мойындайды. Ендігі толқынның мінез-құлқының қалыптасуында да отбасылық тәрбиенің маңызы зор. Осы жағдайда отбасылық дәстүрді берік сақтап отырған аналар тағылымына бас иесің. Әдепхан Төреханұлы мен Ырысжан Жарасбекқызының бауырынан өрген он ұл-қыздан тараған немере-шөбере осы күні үлкен отбасы – қазақы үлкен әулеттің дәстүрін жалғастырып, бауырмалдық, бірлік пен татулықтың үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.
Ырысжан апа туралы айтқанда, тағы бір дүниені айналып өтуге болмас. Ырысжан Жарасбекқызына, не болмаса жазушы жарына қатысты емес. Тұтас әйел заты туралы сөйлегенде, қазақ әйелінің негізгі қызметі «қазан қайнатумен» ғана шектелмеген болар деп болжамдаймыз. Қазақ әйелі күллі ұлттың өткені мен болашағын бір жіпке тізіп, оның бір ұшығын бүгінгі күнге аман-есен алып келгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Левшиннің қазақ болмысын зерттеген еңбегінде де қазақ әйелінің ер азаматпен үзеңгі қағыстырып шайқасқа шығатынын, білек күшінің ер азаматтардан кем түспейтінін айтады. Жалпы, көшпенді өркениетіндегі әйел ролі ақылдылық пен жанкештіліктен құралғанын ешкім жоққа шығара алмас. Ал бүгінгі қазақ анасы, әжесі өмірлік серігінің жан жолдасы болуымен қатар, күллі ұлттың болмысын бүтіндеп, жамауын жасқап отырғандай көрінеді.
Елге барып, үлкен әже, апалардың мейірім төгілген жүзіне үңілгенде, осындай бір сезім бойды тербеп өтеді.
Өткеннің өнегесін берген үлкендерге қарап бұрын мен бүгіннің жалғастығы беки түссе дейсің…
Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.