Дүние дидарындағы Димаш
Ұлттық музейде Қазақстанның халық артисі, композитор және мультиаспапшы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрме ашылды.
Бұл көрме халықтың сүйіктісіне айналған Димаш Құдайбергеннің Астанадағы концерті аясында артистің шығармашылық жолы мен жетістіктерін көрсететін бірегей мәдени кеңістік құруға бағытталып отыр. «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесіне қазақ жанының болмысын бейнелейтін, оның қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құндылықтар, танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйерлердің сыйлықтары ұсынылған-ды.
Жалпы, көрме мазмұны жағынан бір-бірімен байланысты төрт бөлімен тұрады. Оның алғашқысы «Шабыт көздері» деп аталған. Мұнда артистің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін фотосуреттер мен жекелеген заттар жинақталған. Ал «Даңққа апарар жол» бөлімі – Димаштың кәсіби білім жолында алған дипломдары, республикалық, халықаралық байқауларда иеленген марапаттары туралы мол мағлұмат береді. Үшінші бөлімнің атауы – «Жанкүйерлер махаббаты». Аты айтып тұрғандай, мұнда артистің жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар жинақталған. Сондай-ақ «Ұлт мәдениетінің жаршысы» бөлімінде де қызықты құндылықтар қойылған. Келушілер дәл осы бөлімнен әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін Димаштың заттарын, оның ішінде, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары және тағы да басқа мазмұнды дүниелермен таныса алады.