ҚИСЫҚ ДҮНИЕ (Әңгіме)
11.10.2023
2792
0

Бір күні ұйқысынан оянып, көзін ашқанда айналасы біртүрлі өзгеше көрінді. Әлгі «Қисық айналар корольдігі» деген ертегідегідей бөлмедегі заттар бір жағына қарай қисайып, майысып, бұралып, қысылып қалған. Үш аттап айнаға жетті. Көзінің біреуі жоғары, біреуі төменде, құстың тұмсығы тәріздес мұрнының имек басы үп-үшкір болып, басының формасы да басқаша… терезеден сыртқа көз салған, Астананың бір-бірімен бой таластырған зәулім үйлері де бір жағына қарай қисайып, ағаштар жантая жаздап, мәшинелер болса капоттары сорайып, дөңгелегі қисайған күйі бұратылған жол үстінде заулап барады. Өзі о бастан мінезі жаймашуақ адам емес еді, мынадан кейін бет-аузы одан әрмен салбырап, екі қасының ортасындағы әжімі тереңдей берді. Қаншама операциядан өтіп, қанша рет емдеп, ілекерлеп, пайдаға асырып жүрген жалғыз көзі де дүниені қисық көрсе не болады? Қисайған дүние тым сұрықсыз екен. Жо-о-оқ, бұрынғы уайымы мынаның қасында түк болмай қалды, өйткені миына немесе психикасына зақым келген адамдардың өмірді басқаша көретінін, мысалы, оң жақ қарақұстан төмен жері зақым алған кей адамның басқа адамды бет-әлпетсіз көретінін ол білетін, ал бұл зақым алмай-ақ, есі ауыспай-ақ қисайған дүниеге тап болып отыр емес пе? «Е-е, байғұс жанарым, осымен ақыры қуаты бітіп, майы таусылған екен, енді жалп етіп сөнуі қалды» дегенді ойлағаны сол еді, ішінде бірдеңе гүрілдеп қоя берді. Адамның ішіндегі қапасын қозғағандай болып ыңылдап, боздап, гүрілдеген бұл дыбысты неге теңесе екен…
Тек көлігі барларға ыңғайланып салынған, жаяу жүргіншіні тротуарға жарытпаған Астана көшесінің жылдағыдай о жер, бұ жері қазылып, айра-жайра болып жататын жолсызымен келе жатып, «әлдеқашан таң атып кетсе де көше шамдары сөнбепті, кімнің ақшасын аясын?» деп ойлаған күйі дүкендердің ағылшынша жазулары ерсі бақырайған маңдайшаларына, кеңселердің кір-кір терезелеріне көз салып өтеді. Жолында кездескен адамдардың қисайған бет-жүзі салқын, осы көргендерінің ішінде қисаймаған бір түзу нәрсе көрсе қуанар еді.
Автобустың маңдайдағы тағдыр жазуы секілденген нөмірін ажырата алмай шатысып, лағып басқа жақтан түсіп, күнделікті жолынан талтүсте адасып жүріп жұмысқа келді. Бірақ күнделікті тірлігіне кіріссе болды бәрі оңалып кететіндей болған соқыр үміті ақталмады. Мониторға үңіліп оқиын десе сөйлемдер бірінің үстіне бірі мінгесіп қалған, жазайын десе әріптер бір жаққа құлап… «бүйтіп сүрген өмірі құрысын!» – деп дәрігерге жүгірді. Кезегі келгенше тура бір онкологтың алдында отырғандай мазасы кеткені-ай, «не дер екен, көзі бұрынғыша көретін бола ма, әлде мына дүние осы қысылған, қисайған қалпында қала ма? Иә ма, жоқ па»?
Бақытына орай сирек болса да мұндай жағдай кездесіп тұрады екен. «Көздің астында бір тамыр пайда болған, ол көзге артық күш түскеннен. Сол қысым беріп, көздің көру фокусын өзгертіп тұр, құны әжептәуір қымбат дәрі саламыз, бұл кішігірім операция, бірақ дәріні шетелден алдырғанша күтесіз, өзіміз хабарлағанша жүре тұрыңыз». Көздің алмасына кірш еткізіп, ине салатынын елестеткеннің өзіне үстінен жабайы кірпі домалап өткендей болса да, дәрігердің «көруің қалпына келеді» дегені – көңілін бірлегендей. Осылай бір күн өтті. Екі күн, үш күн… «Үш күннен соң көрге де үйренеді» дегенді соған түсіп көрген адам айтқан шығар, қисық дүниені көре-көре үйренейін деді. Ақылдан келетін шешім сол – егер тап қазір ештеңе өзгерте алмасаң, онда барына ырза бол дейді.
Жалғыз көз болса да, қисайтып көрсетсе де, әйтеуір көріп тұр ғой деп алға қарай емпеңдейді, бара-бара қисайған нәрсеге көбірек қараса, оның ар жағында тағы бір сыры ашыларын байқады. Бұл өзі әр нәрсенің мәніне бойлайтын ойдың адамы болмаса да, осы күндері ішінен әлдебір гипнотикалық толқындар жүріп өткендей болып, өмірді басқаша тани түсті. Сыртынан қарапайым ғана үй секілді көрінетін кей адамның іші соншама көз тартарлық сәнді, жылы да жайлы екенін көргенде қуанды. Өзі сыйлайтын адамдарының көп мінезі көлгір, көп сөзі құр алдаусырату мен көңілге қарау екенін түсініп, жаны жатырқамайтын кей жанның бұл ойлағандай шынайы еместігіне көзі жете түсті. Осы бес күнде мұның көңіл төріндегі көп адамның орыны босап қалды. Кейбір телефон қоңырауына жауап бермеді, сол кезде бұған шынымен алаңдайтын адамдардың электромагниттерінің күшін сезінді. Кейбір естеліктерді қажетсіз қоқыс деп шешкендіктен кей адаммен іштей есеп айырысты, кейбіреуін кешірді, «егер о баста ол адамның шынайы бағасын білмесең, онда өзің одан ештеңе күтпе» деді ішкі ойы, кей адамның алдындағы жуып кетіре алмастай кінәсін түсінді. Кейде бұның сөзіне құлақ қойып, тіпті ықылас танытып тыңдағандардың жай әшейін ғана бұның пікірі маңызды сияқты түр жасап отыратынын көрді. Кейде балалары да мұның сөзін амалсыз тыңдап отырды (бұның өмір тәжірибесі оларға түкке пайдаға аспайтынын бұрын қалай ойламаған: сәби алғаш жүре бастағанда сүрініп, қабынып, басын есікке соғып жүріп қаз басуды үйренеді, адам да сол, сүрініп, қателесіп жүріп өз қатесінен сабақ алып жүріп, бағытын табады, сенің өткенің, сенің тәжірибең тек сенікі ғана). Суретке күліп түсетіндердің іші толған мұң, біреу жылы сөз айтса, жылап жіберуге дайын екендерін көрді. Өзін әлсіз санап жүргендер керісінше, кеудеден итерген өкпек желге қарамайтын қайсар болып шықты. Көңілге қараймын деп кей адамның деңгейіне түсіп көріп еді, өзіне жыны келді. Бәлкім, бұның шын бағасы да сол шығар, бір адамның екінші бір адамның маңынан табылуы кездейсоқтық емес дейді, өмірдің есебі қарапайым.
Айналасы 2-3 күнде дүниенің осынша өзгеріп, ажарынан айырылғанын уайымдап жүріп, түрі әбіржіп кеткенін айнадан әрең байқады. Шашын ретке келтіріп, көңілін көтерейін деп сұлулық салонына бұрылды. Шаштараз бұның шашын әрі-бері ұстап көріп, бір шашқа қатысты соншама қызмет түрін шұбыртты.
– Шашыңыз аздап бұйралау екен, біздің салонда шаштың бұйрасын кетіру үшін кератинді түзеуді қолданамыз, қажет десеңіз тонировка жасаймыз, мысалы, сіз тритмен дегенді естуіңіз бар ма?
Оны қайдан білсін, тіпті шашқа да ботокс жасайтынын осы жерден естіп-біліп отыр емес пе… Осы жерде қалай екенін, ақшасын төлеп сатып алған шаш бояуының бұның көзін ала бере арзан бояумен ауыстырылғанын біле қойды. Қисық көзі шалып қалды. Бұл жерде баяғыда сатып алынған, қолдану мерзімі өтіп кеткен бояулар қолданылып жатқанын дүниені қисық көретін көзінің көріп қойғанына өзі таңғалған.
– Сіздің салоныңыздың сертификаты бар ма?
– Бар, әрине!
Қыздар рамкаға салған қағазды алдына тосады.
Бұл жаңа ғана қолданған бояуды суретке түсіріп, соның сертификатын сұраған. Анау аң-таң.
– Кәдімгі, осы заттың аты, қолдану мерзімі, сериясы, партия нөмірі… Енді мен қораптағы сандар мен сертификаттағы сандарды салыстыруым керек қой.
Қыздың көзі шарасынан шықты.
Базарға соғып, өзі үнемі жеміс-жидек сатып алатын саудагерге жақындады.
– Халіңіз қалай? – деп жылы жымиды, танысы бұны көріп.
Бұның алдында кезекте мұсылманша киінген егде әйел тұрған еді.
– Маған үш келі қызанақ, – деді егде әйел.
– Сізге осы сорт ұнайтынын білем, бірақ ол қызанақты алмай-ақ қойыңыз, дәмді емес.
Мұны естігенде егде әйел өзіне жанашырлық танытқан саудагерге риза болғаны сондай, қымбат болса да тек осы саудагердің тауарын алғысы келетіні көзінен көрініп тұрды. Бұл жерде оны біледі, жақсы көреді, ненің жақсы екенін айтады деп ойлап тұрғанда ,саудагер оның пакетіне езілген 2-3 қызанақты қоса салып, өлшеп жатты. Адамдар кейде саудагердің жымия қарағаны үшін де бүлінген-бұзылғаны араласып жүретін жеміс-жидекті де ақшасын төлеп, риза болып сатып ала береді.
– Шабдалының бағасы қанша? – деп сұрады бала көтерген жүдеу келіншек.
– Мына сорт жаман емес, мына шабдалы да тәтті, ең жақсысы мыналар, бірақ ол сізге қымбат болады.
«Менің ақшамның барына күмәнданатындай бұл кім еді?» деп намыстанып қалған балалы келіншек сатушыға өзінің қымбат затты сатып алатын шамасы барын дәлелдеп, шабдалының ең қымбатын сатып алды. Ол сөйтіп, өзінің осынау кішігірім жеңісіне кәдімгідей қанағаттанып тұрды. Ал екі қадам жерде дәл осы шабдалы бес жүз теңгеге арзан сатылып жатты. Адамдар қызық.
Бұның кезегі келді.
– Картоп аламын. Бірақ мына қалың картон неғып тұр? – деді бұл таразының үстіне қойған қатты картон қағазды иегімен нұсқап.
– Ааа, ол картон тазалық үшін ғой. Әйтпесе лас болып қала береді, жемістер шаң, көріп тұрсыз ғой.
Сатушы осы картон арқылы да 5-10 пайыз ұтып тұрған еді. Бұл аузын аша берді де тұрып қалды (дөрекі болмаса да, артық бірдеңе айта салуы әбден мүмкін еді), саудагер әйелдің арғы жағында бес-алты жасар баланың ағаш жәшік үстінде қалғып отырғанын көрді, киімі тым қарапайым, бұл картобын алды да өте берді…
Ет сататын бөлімге кіргенде, етке салмақ тартуы үшін ылғалды бойында ұстап қалатын химиялық агенттер егіп қойғанын байқады. Кепкен жемістерді де тәтті суға малып алыпты. Қисық көздің арқасы! Бұрын ондайды байқамайтын. Ол енді көзі үшін уайымының аздап болса да жеңілдегенін сезді, кез келген сәтсіздіктен шығу үшін оның пайдалы жағын көре білу керек.
Кітапханада керемет жиын болады дегесін барып еді, салтанаты асқан үлкен залда өздерін ақылды, білімді санайтын жұртты (бұның өзі де ештеңені тиянақтап білмесе де өзін ақылды санайтындардың бірі еді) иіріп отырғызып қойып, екі адам бір-бірін өлгенше мақтап жатыр екен. Бұл екеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, былайғы уақытта бір-біріне қарсы пікір айтып жүретін адамдар еді, біріншісі – ақын, бір жерге барса исламды мадақ еткен өлеңін оқиды, екінші жерде тәңіршілдер туралы өлеңімен шағын топты ризалайды. Бір қалтасында «Қаңтар, сен оқиға боп есте қалдың!» деген өлеңі, екінші қалтасында «Жаңа Қазақстан» туралы көтеріңкі пафостағы өлеңі әзір. Екінші адам – ескі Қазақстанның ғұламасы, бір кездері «мектептерде «Елбасытану» сабағын енгізу керек» деп бастама көтерген профессор. Біріншісі өмірдің ақ жағын да, қара жағын да бірдей қабылдап, көңіл-күйіне қарай кейде әділдікке болысып, кейде әділетсіздіктің де шашбауын көтере салуға қиналмайтын адам, екіншісі өзіне түсер пайданы күнілгері болжап, екі жеп биге шығатын сәтін жон арқасымен сезетін, пайда десе аузын арандай ашып қашып қалуға әуес. Бүгін бұл екеуі бір мақсатқа жұмылып, бір партияны мақтап, жиналған топтың алдында айрықша спектакль қойып жатты. Осынау зебра мен қолтырауын секілді екі адамды бір-біріне мақтатып қойған шебер Құдай деп ойлаған күйі шығып кетті.
Аялдамаға келсе, ашық қызыл түсті қысқа көйлек киген қыз тұр екен, аяғына сәнді аяқ киім киіпті, онысының шудаланған жібі бар, айқұш-ұйқыш байлап тастаған таспа баулары тоқ балдырды одан әрі әсем көрсетеді. Білегіне толтырып нешетүрлі жіңішке білезік салыпты. Қыздың түрі де жаңа ғана біреу құлағына күшті бірдеңе айтып, соны ешкімге айтпа деп, ол сол құпиясын жасырғандай сүйкімді-ақ…. Оның әдемілігі де өзі үшін жаңалық болып жақында ашылған сияқты ма, телефонының камерасын ашып, кірпігі қайырылып, өзіне-өзі таңғалған, сүйсінген түрмен аузын шүртитіп, ернін дүрдитіп, өзін-өзі шырт-шырт еткізіп суретке түсіреді. Бір кезде оның беті өзгере бастады. Бұның дүниені қисық көрсететін көзі алжыды ма, әлде басқа бірдеңе болды ма, қыз дегені… жасы елудегі әйел екен. Қабағын тартып көтерген, ернін үлкейткен, қасы татуаж, кірпігі бұзаудан сұрап алғандай. Жаңағы қыз қайда кетті сонда? Бұның күрсініп қалғанын бәрі естіді. Шынымен де…осы бар ғой кеше ғана фейсбукте жариялаған постың мен әйелден тез көнергіш нәрсе жоқ.
Автобус келді. Қашан көрсең де мың сан бактерия мен микробты өзімен бірге тасып жүрген адамдарға толы 53-автобусқа отырғысы келмеген. Ауасы қапырық, солярка иісіне бөгіп тұратын маршруттағы әлденеге ашулы жұрт әдеттегідей бір-бірін арқасындағы рюкзактарымен түйгіштеп, қоларба тұратын жерді босатпай, не шығатынға, не кіретінге жол бермей, сасық демін бір-бірінің бетіне үрлеп, бір-бірін итеріп, айқайласып жатты.
«Сіз бірінші итеріп жібердіңіз, өйтіп айқайламаңыз маған, қарашы, қандай наглый, сіз бірінші бастадыңыз, жоқ, сіз…» десіп шапылдасқан адамдар шын мәнінде бір-біріне емес, өз өмірлеріне ызалы еді. Адам бір-бірін сөзбен жәбірлесе ол тек басқа жұртпен қатынасы емес, бейсаналы түрде өзімен іштей жүргізетін диалогы. Іштері толған, өкпелері ернеуінен асқан адамдар бір-бірін сылтау қылып, іштерін босатып алып жатты. Басқа жұрттың тілінде ұрсысып жатқандарға орта тұста отырған қартаң еркек:
– Неге қазақша сөйлемейсіңдер, ей! Қанша айтамыз? – деп кейіп қояды.
Ұстамсыздары жұлқыласып та қалып жатты. Кейде адамның бәрі бірдей дамып кетпегені осындай тар жерде көрінетіні қызық. Біреуі киіп-жарып өтіп, бұны түйіп, аяғын басып, кешірім де сұрамастан, бір кезде аузындағы сағызын жерге түкіріп тастады. Оған бірдеңе деуге зауқы болмады, тап қазір ешкіммен ренжіскісі де, татуласқысы да келмеді. Оның үстіне адамның әртүрлі болуға, кейде тіпті мүлдем басқа болуға да қақысы бар, орташа адам деңгейіне дейін де жетіле алмағандардан үлкен нәрсе күту қисынсыз.
Көзге салатын қымбат дәрі үшін ақша керек. Банкке келді. Туған бойда бірден тілі шығып сөйлеп кеткен сияқты көрінетін тілі майда жігіт әуелі «несие береміз» деп қуантып алды. Сосын өздерінің тілінде «қаржылық қорғаныс» деп атайтын сақтандыруды ұсынды. Менеджер келісімшартты алып қайта келген кезде бұл өзі манағы соманың көбейіп кеткенін көрді. Оған және сақтандырудың ақшасын қосыпты. Бұның айдың-күннің аманында дүниені қисық көре бастаған жанары келісімшарттағы ұсақ әріптерді ажырата алмай қиналып, әрең дегенде оқып көрсе, шотты ашып-жабуға, жүргізуге, ақпараттық есептеу қызметіне көп ақша ұстап қалады екен.
– Сіз маған мынадай комиссия мен қызмет ақысы туралы айтқан жоқсыз, – деді келісімшартты қайтарып жатып. Бұрын қанша несие алса да келісімшартты ынта-шынтасымен оқымайтын, жыпырлаған әріптерді оқуға зауқы болмайтын, тап бүгін өзіне не болғанын түсінбеді.
– Олай болса сізге несие берілмейді, және бұдан былай сізге банктің есігі жабық! – деді банк қызметкері. «Басына тартам деп, аяғы жаурайтын байғұс халық банктен азғантай сома аламын деп кіріп, сол қарызын бес есе қайырып жүріп, ақыры банк тұтқынына айналады екен-ау» деген ойдан көзі тұманытты. Сол түні менеджерге, әлде соған жалындырып қойған тағдырына ызаланғаннан тісін қатты шықырлатып қойды ма, әлде жүйкелегеннен бе, тісі сырқырап ауырып шықты. Мазасын ала бергесін ертеңінде стоматологке келді. «Сіздің тісіңіздің былтыр салған пломбасын тез арада ауыстыру керек, бізде мынадай қызмет түрі бар, мынадай және мынадай… Бір тісті емдеу негізі 45 мың, сізге жеңілдікпен болады, оған тісті ағарту, иекке қан жіберу қызметін қосыңыз». Тоқтамай сөйлеген стоматологтың бет-жүзінен «клиентті қалайда жібермеу керек» деген ниеті көрініп тұрды. Ол тіс емдеу ақысын қайта есептеген сайын үстіне басқа қызмет түрлері қосылып, құны да сәт арасында қымбаттап бара жатты.
Нан алу үшін дүкенге кіріп еді, нан бүгінгі емес екен. Тіпті кешегі де емес. Дүкен иесі көтерме бағамен бір-ақ сатып алғандықтан бес күннен бері тұрған нан еді. Дүниені қисық-қисық күйінде көріп-қабылдайтын көзінің көргені – бұл нанды сапасы нашар ұнды ағартып, жүгері мен бұршақ ұнын қосып пісіріпті. Ашытқының орнына химиялық қоспа, майдың орнына маргарин, жұмыртқа орнына оның ұнтағын қосқан. Сатушыға ештеңе демеді. Онсыз да бүгінгі көргендерінен шаршап тұр еді.
Жүріп келеді. Үйлер бір жағына қарай қисайып, ағаштар жантая жаздап, мәшинелердің капоттары сорайып, дөңгелегі қисайған күйі заулап барады. Осымен бір аптадан асты, ал дүние баяғыша қисайған күйі. Осы күндердегі көңіл күйінен мінезінің де өзгере бастағанын байқайды. Бұ дүние қисайған күйінен қашан түзелер екен? Осы мағынасыздық ішінде жарылардай болып, осы қисық дүниеден зерікті. Бір кезде телефонына қоңырау түсті. «Сізге қажетті дәрі келді, ертең сізді көз дәрігері күтеді» деген хабарлама екен. Уфф… Ол жанына бір қуаныш кіріп келгендей болып жеңіл тыныстады. Тіпті Тұран көшесі бойынан шығатын канализацияның исі де сезілмеді.

 

Жадыра Шамұратова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір