«Беу, ақсақ дүние…»
18.06.2025
141
1

Қазақта «Ағайын танымаған асылға алыстағы жат­тың көзі түседі» деген мақал бар. Осы бір жерден тауып, көктен сауып, балақтан қауып айтылған, жалған дүниенің опасыздығын дар-дар етіп айырған тіркес Төр Алтайға, оның ішінде, Катонқарағайға қаратылып айтылған сияқты болады да тұрады маған. Өзімізді-өзіміз дәріптеу, мадақтау, мақтану секілді адами ізгі пиғылдарды қос өкпеден теуіп, қабырғасын сөгіп, ит рәсуасын шығарамыз. Кіндігіміз алып та аспара таулардың тар қолатында кесіліп, шаранамыз бүрге тұмсығы өткісіз тайгадағы ит-құсқа жем болғанынан ба екен, өзімізге келгенде ішімізден шынтақ айналмай, тарылып, құрыса қаламыз. Бәріміз солаймыз.


Жалпы, мен шығармашылықпен шұғылданатын адамдардың болмысы, жан дүниесі, олардың оқырманнан өз бағасын алуын медаль­дың екі бетімен салғастырып үйренгенмін. Медальдың көлеңкелі бетінде пенде тұрады да, екінші қасбетінде жазушы, қайраткер тұрады. Катонқарағайдың кейбір керауыздарымен өзімізден шыққан, бүгінде мұқым қазақтың мақтанышына айналған өнер иелері жайлы пікірлесе қалсаң:
– Сен де айтасың-ақ. Сол Қалихан, Оралхан, Ақтан, Дидахмет­тер не бітіріп тастапты? Ауылға соқыр тиын пайдасы тиген жоқ емес пе? – деп аузыңды аштырмайды. Абай жеңе алмаған қотиындарды жеңемін, аталы сөз түсіндіремін, райынан қайтарамын деу – абсурд. Бос әуре екен. Соны ұқтырды мына сұм дүние.
Қалихан көкем… Қалихан Ысқақ… Ол жайлы үзік-үзік естеліктер қалыпты жадымда…
…2014 жыл мен үшін аса жайлы болған жоқ: рухани жағынан етене жақын, мәңгілік қимастарыма айналып кеткен екі бірдей аруақтыма топырақ салдым. Олар – қазақтың қара сөзінен мың сан түске құбылатын өрнекті кесте тігіп, ғаламат сурет салатын прозашы, айтулы драматург, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері Қалихан Ысқақ ағатайым мен Қанипа Бітібаева сынды даңқты ұстаз әрі КСРО Мемлекет­тік сыйлығын алған қазақ­стандық жалғыз мұғалім болатын. Екеуі де қазақтың біртуарлары еді. Екеуі де жеке-жеке тұрып, жеке-жеке повестерге арқау болуға татитын алыптар еді. Екеуі де пенде болып дүниеге келіп, адам болып фәниден өткен әулие деңгейлес тұлғалар еді…
Әнеу бір күзде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақ­стан Мемлекет­тік университетінің сол кез­дегі прорек­торы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембековтің басшылығымен «Қалихансыз қоңыр күз» ат­ты реквием тақылет­тес әсіре жылы кеш өт­ті. Бұрын-соңды Өскемен секілді дүрегей, қазақ көрсе, қабағы кіржие қалатын орысауи, мысықтілеулес қалада шығармашылығы мүлде дерлік насихат­талмаған Қалихан Ысқақ көкеміз жайлы молынан айтылды. Ән де орындалды, Қалағаңның сүбесі бес елі шығармаларынан ойып алынған үзінділер де оқылды, драмаларынан шолақ көріністер де көрсетілді. Жазушының шығармашылық әлемінен мақұрымдау қонақтар, студент­тер қауымы – барлығы бірдей ауыздарын ашып, көздерін жұмысты. «Мына ағамыз ғаламат болыпты ғой…» деп тарқасты жұрт. Ал керемет­тің түп-төркінін оның кіндігі қиылған өңірден іздеу керегін мен білетінмін…
…Бала кезімде ол кісі туралы мен де тиіп-қашып қана естігенмін.
– Жазу-сызуды ермек қылып, Алматыда қалып қойды ғой. Елге келуді мүлде сирет­ті. Мұндағы жалғыз інісі мен анасын Алматыға көшіріп алайын деген екен, шешесі Зағи келіспепті деп жүр ғой. Нағашы атасы Ысқақ бауырына салып алған, туған анасына суықтау. Әпкесіне балайды. Зағи жесірліктің қырық жамау орамалын тым ерте жамылған, екі ұлы мен жалғыз қызы үшін бәр-бәрін құрбандыққа шалған, төзімі мен қажыр-қайраты тым ерекше тасқайнатар жан ғой, – деп, Қалағаңның әулеті хақында әкем Қалидың айтып отыратын үзік-үзік әңгімесі ғана есімде қалыпты. Ары қарай ол әңгімеге түтін салып түптейтіндей, Қалиханның үрім-бұтағын үптейтіндей қажет­тілік те болмапты менде. Оның үстіне, елім-жерім деп емешегі езіліп, әмір-әмір ауылға келіп, оның көшесін шаңдатып жүрген ағамызды да көрмейтінбіз. «Көрмесең, білмесең жат боласың» деген қазақтың сөзі осындайдан шықса керек. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында, Шыңғыстай интернатында жүрген кез­де осы бір талант­ты ағатайым жайлы бір тәуір әңгімені Оралхан Бөкеевтің аузынан естіп қалғаным бар. Ол кез Орекеңнің әрі-сәрі күй кешіп, өз-өзін жанталаса іздеп, жазу-сызудан алғаш сауға сұрай бастаған шағы.
1965 жылы Қалекеңнің «Менің ағаларым» ат­ты повестер жинағы жарық көрді. Бит­тің қабығындай сол жинақты да Оралхан көрсет­ті маған. Одан әлгі кітапшаны екі күнге деп сұрап алып, интернат­тан қашып шығып, қырық шақырым Топқайыңға жаяу тартқанмын. Қойнымда – «Менің ағаларым». Түнімен тентіреп жүріп Топқайың­ды тауып, ертесін ауылдың өзім қарайлас өрімдерін түгелдей Қоңқай таудың бауырындағы дөңгелек тоғайға жинап, әлгі повесті оқуды ұйымдастырғаным есімде. Ысқақовты насихат­тау осылай басталған. Ол жылдар – тағылар мекені Төр Алтайдың көртам қуысындағы ауыл халқының әлі де болса әлеумет­тік хал-ахуалы тым төмен, әлі де болса бауырын сыздан көтере алмай жатқан көтерем шағы. Алайда сол кездің басты артықшылығы десек пе, қоғамның қол жеткізген негізгі рухани жетістігі деу лайық па немесе исі қазақтың қараңғылыққа деген қаскөй қарсылығы ма, әйтеуір, хат танитын барша жұрт жапатармағай кітап оқитын. Ал балалардың кітапқа деген құмарлықтарын тілмен айтып жеткізу қиын. Тіпті сабақ үстінде партаның астына жасырып оқимыз деп, Асағаң секілді қатал да әділет­ті ұстазымыздың шапалақ дәмін сан татқанбыз. Алтайдың көртам қуысында, жабайы аңдармен таласа-тармаса тірлік кешіп жатқан жартылай тағы ауылда ол кез­де электр жарығы да жоқ. Білтелі шамның жарығымен кітап, газетке шұқшиған жұрт.
Керемет кез еді! Мен айтар едім, XX ғасыр – нағыз оқушы ғасыр болды. Әр шаңырақ шамасы келгенше газет-журналдар жаздырып алатын. Ауылдағы пошташы Қалым ағаны әр шаңырақ асыға тосатынбыз. Түске ше­йін кеңшар орталығы Сөгір ауылынан пошта әкеліп, бесін ауа Топқайыңның екі жүзден астам үйінің ауласын ақтап, әрқайсысына тиесілі газет-журналдар мен сәлем хат­тарды таратамын деп-ақ атаңа нәлет соғысқа бір қолын садағалап, Еуропаға көміп кеткен Қалым ағаның өзі де, астындағы кершолағы да әбден қалжырайтын. Ал ауылдың сол кез­дегі шағын ғана қоржын үйлі кітапханасынан әбден қас қарайғанша үлкен-кіші арылмайтын. Міне, Қалекеңнің «Дос хикаясы», «Менің ағаларым» повесть жинақтары дәл осындай керемет заманда жарық көріп, керемет оқырмандардың жадында мәңгілікке қалды. Жұрт тым білімді болмаса да, ерекше сауат­ты еді. Олар қазақтың сол кез­дегі ақын-жазушыларының, көркем шығармаларының ат­тарын жатқа соғатын. Тіпті жастар мен орта жастағы қартамыш-қырқылжыңдарды қойып, таяғына сүйеніп сүйретіліп жүрген кемпір-шалдарының жастығының астынан буда-буда ақша немесе Құран емес, ақжемі шыққан кітаптар шығатын.
Ұлт­тық руханият­тың уызына мас болып, мейірім мен ізгіліктің моншасынан бусанып шығатын қайран күлкітоқ кез­дер-ай, қол бұлғап, бел асып неге ғана тез өте шықтыңдар, шіркін!
Ауылымыздан бұрын-соңды ақын, жазушы атаулы шықпағандықтан болар, Қалихан ағамыз алғашқы жинақтары шығысымен-ақ Алтайдың аядай ғана қуысында жатқан, Маятекше мен Қырыққұдықтың тоқайласар тұмсығындағы Топқайыңның мақтанына айналды.
Жылдар өт­ті. Бел астық, от бастық, су кештік. Институт­тан соң ауылға оралдым. Мектепте Қалағаңның інісі Сайлауханмен бірге қызмет жасадым. Жас кезіміз. Жарқылға әуеспіз. Жаңалыққа құштармыз. 1975 жылы Қалекеңнің «Тұйық» романы жарқ ете қалсын. Бас салдық. Ауыл кітапханасына түскен екі дана кітаптың түте-түтесі шықты. Жоғары сыныптағылармен кітап оқушылар конференциясын өткізбек болып жінігіп, шапқылап жүрмеймін бе. Ертең конференция деген күні аяғын өгіз басып жатса да «өк» демейтін, жанымдағы қосшылардың бірі, әсіре сабырлы Сайлауханым ақырын ғана:
– Шараға, Қалиханның өзін де шақыра салсақ қайтеді? Бір апта болды келгеніне, енді екі-үш күнде қайтады, – деп тұр. «Тәңірім-ау, сабырлылықтың мынадай да түрі болады екен-ау» деп мен айран-асырмын.
Сол жолы Топқайыңның жас өрімдері тұңғыш рет тірі жазушымен, оның үстіне, өздерінен шыққан тұңғыш қаламгермен жүздесті. Жақсы, жылы кез­десу өт­ті. Қалағаңның қырыққа жаңа келген кезі ғой. Алайда әңгімелері тым ересек көрінді маған…
Ол елуіне де­йін елге тым сирек қатынады. Сөгетін емес. Қолы да тие бермеген сыңайлы. Мәскеудегі оқуы, одан ке­йінгі жылдарда Қазақ­стан Жазушылар одағының, «Қазақфильм­нің» отымен кіріп, күлімен шығуы, ақыры кәсіподақтың мыжыма қара жұмысынан басын арашалай алмай қалуы секілді шет-шегі көрінбейтін шаруалар кешені тынысын буып, тіпті елді қойып, өз шығармашылығымен де білек түріп айналысуына мүмкіндік бермеген сияқты. Дегенмен Қалихан Ысқақ сынды туған жері Төр Алтайын атасының тақиясынан артық ардақтайтын қаламгерді қазақ әдебиетінен табу қиямет. Алпыс жылдан астам Алматыда тұрды. От жақты, шаңырақты да сонда көтерді. Ұрпақ сүйді. Атақ-даңқ та сол кез­де есігін қақты оның. Пенде Қалихан да, қаламгер Қалихан да Алматыдан титімдей жамандық көрген жоқ. Алатау Қалиханға қарыз емес. Десек те…
«Алматы менің шығармашылық саяжа­йым болды. Мұқым саналы ғұмырым осында өт­ті. Жалаңаяқ жастығым да осы қаланың еншісінде. Дегенмен менің Меккем де, Мәдинем де – Төр Алтай! Әлі күнге көзімді жұмсам болды, Алтай түсіме кіреді. Кеңсай менсіз де былығып жатыр. Сондықтан менің мүрдемді өлгеннен ке­йін Алтайға әкеліп, Қоңқайдың бауырына жерлеңдер. Аманатым сол ғана», – деген мәйіт иісі шығатын көңілсіз әңгімені маған, Дидахмет пен Әлібекке, жақын інілері Тоқтасын мен Темірбекке, тіпті алпыстан аспай жатып сан мәрте айт­қан. Жалпы, қазақ әдебиетінде бақилық болған екі жазушының өзін жерлеу жайлы аманаты орындалса, соның бірі – тағы да Қалағаң…
…Қалағаңның мәйітін тиеген ұшақ Өскеменге көз байлана қонды. Әуежайда оны сол кез­дегі облыс әкімі Бердібек
Сапарбаев, Катонқарағай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов және де Қалағаңның ағайын-туыстары бар үлкен топ тосып алдық. Мәйітпен бірге Алматыдан Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, өзіміздің Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров, ағамыздың ұлдары Абылай мен Әлихан, күйеубаласы Нұржан Мырзалиевтер келді. Сүйекті арнайы жабдықталған көлікке тиеп, түнімен Төр Алтайға ат­танайық деп жатқан қарбалас сәт­тегі мына бір оқыс та қасірет­ті сурет көз алдымда қалып қойды мәңгілікке. Дәл сол сәт­те Социалистік Еңбек Ері, аты аңызға айналған шежіреші колхоз-бастық Бошай Кітапбаев ағамыз жет­ті аңырап. Жасы тоқсаннан асып кеткен, жетпіс жылдан астам шормық протезін тоқылдатып жүріп Алтайда шаруашылық басқарған ардақтымыз төсегінен тұра алмай, сырқат­танып жатыр деп естігенбіз алдында. «Қалихан дүниеден озыпты» деген қаралы хабарды естіген соң, сүйегін сүйретіп жеткен екен әуежайға. «Байғұс, Алтайым-ай! Сен де, мен де шын жетімбіз енді. Тау-тасты басыма көшіріп жоқтайын десем, құрып қалғыр дауысым да барлығып шықпайды. Қасіретімді кімге шағамын енді? Ау, естимісің, Қалиханым-ау!» – деп қарлыққан, құсалықтан қор болған қайран дауысымен боздап барып, цинк табыт­ты құшақтай құлады Бошағам…
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деу­ші еді. Қарыз болмасын. Қалихан Ысқақтың аруағы да, оның шығармаларын пір тұтатын қалың қазағы да, ағайын-туғаны да сол кез­дегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтай кісілігі мен кішілігі, азамат­тығы мен қазанат­тығы жарасқан тұлғаға шын ниет­терімен риза. Сүйекті тосып алуды, оны жерлеуді – барлық-барлық ауыртпалықты өз мойнымен көтерді Бердібек Мәшбекұлы. Ертесінде елең-алаңнан Топқа­йыңға ұшып келіп, топырақ салды ағасына. Өскеменнің Орталық мешітінде Қалағаңа арнап жеті күндік ас берді Шығыстың қалың жұртына. Ақыны мен хакімін ардақтаған тұлғаға Алланың рақымы жауады деуші еді. Жаны да мүмкін жәннат­та шығар…
…1993 жылдың көктемінде Алтай қара жамылды: дүниеден Оралхан Бөкей озды. Келер жылдың жазында Катонқарағай ауданы ардақтысына ас берді. Алматыдан Қалихан, Шерхан бастаған үлкен топ келіп Алтайға, Оралханның әз жұртына көңіл айт­ты. Бұл кезең – Қалағаңның кішкентай болсын тынысы кеңіп қалған шағы. Онда мен ауылдамын. Асқа арнайы келген сыйлы қонақтарды аудан басшылығы кеңшарларға, аудандағы әлді мекемелерге бөліп тастаған: Қалихан көкем мен Дулат Исабеков Белқарағайдың еншісіне тиді. Сол екі-үш күнде біраз әңгімелесіп, біраз шер тарқатыстық. Біраз шаруаның әужайын түйген болыстық. Келер жыл – Қалағаңның 60 жылдығы. Әңгіме біздің дастарқанның басында соған ойысты.
– Оған мен бас ауыртып жүрген жоқпын. Тіпті «Мен алпысқа келіп жатырмын, неге тойламай жатырсыңдар?» деп Алтайға қыр көрсетіп шіренетіндей, міндет артатындай мен кім екенмін?! – деп, табиғатына сай қарапайымдылық соқпағына бұрған ағамыз.
Келер жылы жазда Қалағаңның тойы жақсы өт­ті. Алтайда ат та шапты, палуан да күресті, конференция да болды, ән мен жыр да асқақтады. Күзде тойдың Алматыдағы сірге жинарына бір топ ел азамат­тары барып қайт­тық. Олардың ішінде сол кез­дегі кеңшар директоры, елім-жерім деген айтулы азамат, жарықтық, Алтай Рамазанов, ауыл әкімі, топқайыңдық Нұрбай Уәлханов, көкемнің жақын інілері Темірбек Исабаев пен Тоқтасын Қалибековтер болды. Бәріне бас-көз болып Алтайдың қалам ұстаған азамат­тарының жоқшысы да, қосшысы да, қамқоры да баяғы Әлібек Асқаров жүрді. Сол Алматыдағы тойда Қалағаңа қойылған екі қаламгердің екі сұрағы әлі күнге есімде. Неге екенін білмеймін, ұмыта алмай жүрмін соларды. Жазушы, сыншы, қазақ әдебие­тінің бесаспабы, ұлтымыздың мықтымыз деп жүргендерінің көбін омақастырып кететіндей арыны мен дарыны бар ініміз Тұрсын Жұртбаев:
– Қалаға, құдайшылығын айтайықшы, осы 60 жыл ғұмырыңыздың тек он жылын ғана өз шығармашылығыңызға арнағаныңыз рас. Қалған елу жылды телім-телім етіп балалыққа, желкөкірек жастыққа, журналистикаға, киноға, кәсіподақтың мыжымасына, төңірегіңіздегі жазушысымақтардың сыздауықтарын сипауға, кітапсымақтарының тігістерін әдіптеуге төгіп-шашып кеткеніңіз шындық. Ақиқат­тан ауытқысам, аспанда Алла бар, дәл осынымды өтірік деңізші! – деп қадалды.
Сасып қалған көкеміз:
– Қой, тентек ұл! Ондай оқыс сөз айтпа! – деп жалтарды. Залда отырғандардың басым бөлігі, оның ішінде, Қалихан Ысқақ сынды әсіре келісімпаз, әсіре мейірімді, әсіре көңілшек, ерекше қамқор жазушыны жақсы білетіндер Тұрсын сөзінің астарындағы ақиқат­ты мойындағандары шындық.
Одан ке­йін сол кез­де «Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген Әлия Бөпежановадай қаламгер қарындасы:
– Сіз зәуімен жүзге келіп жатсаңыз, арт­тан ерген ұрпақтарыңызға қандай ұлағат айтар едіңіз? – деп әзіл-шынын араластыра сұрақ қойғаны есімде. Көкеміз мұртын мыжғылап отырып-отырып кеңк етіп күлді.
– Жүзге келмейтін шығармын. Егерәки кеп жатсам, ол кез­де ақыл тыңдайтын ұл мен қыз қалмас. Тілек біреу-ақ: соларың бейі­тімнің басына сарып кетпесе болғаны,– деп шолақ қайырды. Рас, ағамыз жүзге жетпей жығылды. Ал жастар жайлы айт­қаны… Қалай десек екен…
Мен Қалағаңның жершілдігін, Алтайын әсіре аңсауын, оған деген пенде баласында сирек кез­десетін махаббатын – жылқы­мінездігіне балаймын. Жылқымінездес деп отырғаным, мынау: туып-өскен жерін жылқы малындай қастерлейтін, оны айсыз қараңғы түндерде жүздеген шақырым жерлерден айна қатесіз тауып келетін, өскен жерімен кісінеп табысатын, тіпті өз бұлағынан басқа өлкенің суын да жатырқайтын жылқыдай киелі жануарды табу қиын. Қалағаңның да аңсауы сыздауық сынды: сипасаң – қышиды, қасысаң – қанайды. Алпыс жыл өзі жерін жерлеп, суын сулаған Алматыдай жер жұмағын талақ ету, қорашсыну ес-ақылы түзу адамның ісі емес сияқты көрінетіні рас. Жоқ, көкеміз сөйт­ті. Қыңқылдауын қоймады. Алдымен, Катонқарағайдың Ақсуынан төрт бөлмелі, жаңадан қиылған кержақтың үйін сатып алды. Ағаларының ниеті «бұзылғанына», елге келуге шындап кіріскеніне көздері жеткен, оған алғал ниет­терімен қуанған Тоқтасын мен Темірбек араласты енді шаруаға. Бір жазда әлгі Ақсудағы үйді Топқайыңға әкеліп тұрғызып, моншасын салып, қашасын қоршап, ауласына құмтас төсеп, бітіріп берді. Үйге керекті диван-сиван, төсек, үстел секілділерді сол кез­дегі аудан әкімі Серік Зайнулдин інісі толықтырды. Міне, сөйтіп, Қалағаң «жаңа» топқайыңдық болып шыға келді. «Уһ!» – деді. Жаңа үйінің төріне кере қарыс жүз елулік шеге қағып, оған атасы Ысқақтан қалған, екі қапталы түте-түтесі шығып, астары іріп түсе бастаған тайтеріні іліп қойды. «Аяз бидегі» Жаманға ұқсағандағысы шығар» деп күңкілдесті ауылдың қотыр-қотыр әңгімеге жерік керауыздары. Алғашында біраз кергігенмен, бәрібір шылбыр үзіп кете алмаған Дәмеш жеңешеміз келер жазда барсақ шай қойып, борщ пісіріп, суырдың етін қуырып жүгіріп жүр екен. Жарықтық алды бар, арты жоқ аңқылдаған, Қалағаң үшін қу жанын көзін жұмып тұрып құрбандыққа шала салатын, «Қалихан, өйтпеші, Қалихан, бүйтпеші» деп өбектеп жүретін, іс-әрекеті мен көңілі баладай, ниеті даладай адам еді жеңешеміз. Сол тілегін берді Жасаған. Ағамыздан ке­йін бар-жоғы екі айдан асар-аспас қана ғұмыр кешті. Біреуі – Алтайда, біреуі – Алатау­да. Қазақтың екі ұлы тауының арасын көпір етіп жатыр жарықтықтар…
Қалихан Ысқақ Алтайдың айпара жыршысы еді. Алтайдың арғы-бергі тарихында оның әсіре табиғатын, бәсіре байлығын, арда қасиеті мен киесін жырлау­шылардың көп болғанын білемін. Алайда солардың барлығы да осы бір аста-төк қормал тақырыпты сарқа жырлап тауыса алмай, көкіректері сырылдай зорығып, өксік буып, дегенмен үміт еміздігін сорып кеткен сияқты бақиға. Олар (аруақтарды айтамын) болашақта Қалихан мен Оралхан сынды ұрпақ келеріне, Алтайдың жырланбай қалған олқылықтарын солар толтыратынына сенген сынды. Пендеміз ғой, анда-санда ойлаймын-ау: сенбесе… мүмкін, тыраштанар ма еді? Тәуекелге бел буып, тобық жұтар ма еді?..
Тағы да… Осы екеуі Төр Алтайдың көгентүптегі соңғы жыршылары да болар, бәлкім. Бүгінгі, анау құлақтарын тығындап ойдан қашқан, көркем шығармаға ит көрген текедей үдірейетін; ең сорақысы сонан ке­йін: қайың мен қарағайды, тал мен шілікті, бұта мен қарағанды түстеп, ажыратып бере алмайтын екіұрық ұрпақтың қаламынан сауға сұрау – әңгүдіктік…
«Қазақтың тілі дүрегейленді. Ожар, томырық, дүлей адамның аузынан шығар тұтқыр тілге айналды. Көркем әдебиет көркінен айырылды. Пүліш көйлегіне жамау түсті. Тырдай жалаңаш қалмасына кім кепіл?! Теледидардағы ауызекі сөйлеу мәнері мүлде былғанды. Былықты. Ол орыс мақамымен сөйлеуге көшті. Қазіргі жастар қазақ-орыс сөздерін араластырып, өздерінше жаңа бір дүбәрә тіл жасап алыпты. Құдай-ау, осы біз кімге, не үшін жазып жатырмыз? Қажыдым. Шаршат­ты мынау сұрқай тірлік!» – деп тау­сылғаны да есімде. Барлығын көріп, біліп отырып абыз ағаға басу айту әбестік боларын сезгем де… артымды қысқанмын…
Тағы бірде… Әнеу жазда елге бардым. Қызық әңгіменің үстінен түстім. Шашын тақырлап отырып ұстарамен қырғызып, тарақты да, арақты да, қаламды да, бәкүн-шүкін харамды да лақтырып тастап тайгада саумал ішіп, таңқурай теріп, қарақат жеп жүрген ағамызды ауылдың бір топ ашынған азамат­тары ұстап алыпты да:
«Көргеніңіз бен түйгеніңіз атанды
қойып, Алатаудың белін қайыстырады. Тегін кісіні қазақ «екі аяқты энциклопедия» атамайды. Алайда қызықсыз, сіз. Кемеңгерлік пен шығармашылық тұрғысынан сіздің қолыңызға су құйып, орамал әперуге де жарамайтын кейбіреулер Алматы мен Астанада, «Хабар» мен «Қазақ­стан» арналарында, мемлекет­тік үлкен жиындардың төргі табағында бас мүжіп, жамбас кертіп, аталы сөз айтысып кергісіп отыр. Ал сіз болсаңыз… мұқым Алаш баласына қаратылып айтылар данышпандығыңызды Топқайыңның екі мықынды келіншектің бөксесіне тарлық жасайтын көшесіне төгіп-шашып жүрсіз. Осыны қалай деп түсінсек? Төрелігін өзіңіз айтыңызшы», – деп көшелісіпті.
Қалекең айылын да жимапты.
– Менің тағдырым – Алтай. Кіндігім осында қиылған, ақыретім де осында тазаланса деп жүрген пендемін. Осыны миларыңа бір тоқып алыңдар. Аталы сөз дедіңдер ме? Аталы сөзден әдірем қалыңдар. Тыңдаушысы жоқ аталы сөздің жетім екенін әлі күнге неғып білмей жүрсіңдер. Менің жеті қат жер астынан тарамыс суырғандай абыз ақылыма Астанадағы министрлерді қойып, қай ауданның әкімі құлақ салғандай?! Жетпістен асқан Қалиханнан жәдігөй жағымпаз, күлегеш көлгір, екіжүзді дарақы, дүниеге құныққан имансыз жасағыларың кеп жүр ме? Аталарыңның басы! Ол болмайды. Қайран уақытым мен айналайын сөздерімді қайсыбір түйсіксіз ұлықтардың босағасына төгіп-шашып қор еткенше, алапат мұңым мен шүпілдеген шерімді, азғантай қуанышымды Алтайдың қарағайы мен самырсынына, тауы мен тасына шақпаймын ба?! Солармен сырласпаймын ба. Тоқсаның жиналып тоқты соя алмайтын, өңкей шіріктер, басымды ауыртпаңдар! О, несі-ей! – деп, ер-тоқымын бауырына ала мөңкісе керек. Әлгі «көшелілер» келіншектерінің етегіне тығылыпты…
2010 жылдың көктемінен, ағамыздың аяғы сыр бере бастады. Жалпы, қыңқыл-сыңқылды ұнатыңқырамайтын, кейбіреулеріміз тымау-сымаумен істес болып, пысқырып-түшкіріп қалсақ мазақ қылып отыратын қаражон, мықты кісі еді ол. Қабағына кірбің түсті. Әңгімесі де күреңіте бастады. Алғашында «Көкшолағымен» («Нива» мәшіні) Алматыдан өзі жетіп келетін. Бірте-бірте Темірбек інісі Өскеменнен не ары, не бері жүргізуші қосақтайтынды шығарды. Енді бірде Алматыдан ұшып келген ағамызды тосып алған Темкең оның демін алғызып, сарығын басқан соң Топқайыңға өзі жеткізетін болды. Бұл деген, ағамыздың аяғы – аяқ болудан бас тарта бастады деген сөз. Әлі есімде…
2011 жылы, негізі, Марқакөлдің Қаройы­нан, әрі ақын, әрі заңгер, әрі кәсіпкер, елі мен жұртының жыртығына қайтсем жамау боламын деп жүрген шынайы патриот, жақсы ініміз Мақсат Ағиеков қолқа салсын маған.
«…Әлаға, осылай да осылай, әкем Қайыр­бек 60 жасқа келуші еді. Соны сылтауратып бұрынғы Марқа өңіріне бір той жасап берсем деп едім. Ендігі мұратым – ауылымның бейнет­тен көз ашпаған халқына Қалихан Ысқақ сынды қазақ әдебиетінің мықты тұлғасын бір көрсетсем деймін. Ол кісінің лебізін тыңдаған, өзін көрген бүгінгі бала, ертең ержеткенде, сол бір айшықты шағын талғажау етіп отырмай ма. Соған көмектесіңіз!» – деп қадалып отырып алсын. «Қалағаңның аяғы ауырады, жүріске шыдамайды», – дегеніме:
– Алматыдан жеңгеміз екеуі ұшақпен келсін. Мына жердегі әуежайдан сіз тосып аласыз да, жеңіл мәшінмен Марқаға бірақ түсіресіз. Барлық шығыны менің мойынымда, – деп адымымды аштырмады. Қалағаңа телефон шалдым. Алғашында келіспеді.
– Жазда, әйтеуір, Топқайыңға келемін деп отырсыз. Қарой – оның күңгейі. Бірер күн сонда болған соң, сізді Топқайыңға жеткізіп тастайды емес пе, – деп мен де тықақтатып қоймадым. Дәмеш жеңешемді айтақтадым. Келісті ақыры.
Қаройда үш күн жақсы демалды Қалағаң. Қазақтың салқар жайлауында нағыз қазақтың тойы болды. Аунады-қунады. Санасы сергіді. Алматыда аяғынан қорғанып, үйде қыстай отырып қалған ағамыз кәдуілгідей түледі. Жарқылдап әңгіме шерт­ті, қарқылдап күлді. Ауыл адамдарымен, оқушылармен кез­десулер өткізілді. Мақсат Қалағаңның астына ат мінгізіп, үстіне мауыты шапан жапты.
– Анау жылы Асқарды депутат­тыққа өткіземіз деп алашапқын болып жүргенде, осы өңірде бір болып едім. Алайда самауырға шоқ алғалы келген кемпірдей асығып келіп, асығып кетіп едік ол жолы. Жан-жағымызға бажайлап қарай да алмаппыз. Алтайдың Марқа жақ өңірі де көрікті екен-ау. Әй, Қара ұл, тұяғым кетіліп, көңілім жүдеп жүрген маған мынадай туристік саяхат ұйым­дастырып берген саған көп рақмет, – деп кеңкілдеп күліп, арқамнан қаққан. Сөйтсем, бұл сапар ағамыздың қазақтың салқар жайлауын соңғы мәрте қызықтауы екен. Бой жазыпты-ау, жарықтық…
…Қалағаң дүниеден озғаннан бері онымен өткізген әр күнім, тіпті әр сағатыма де­йін салқар көш болып, мұқым салтанатымен жиі-жиі көз алдымнан көлбеңдеп өтеді-ай. Сағыныштың сал қылатын тауқыметін тартқызады. «Өмір – серуен, адам – көшкен керуен». Бұл пәлсапаны өте жақсы білемін. Баяғыдан. Десек те…
Қалағаң дүниеден озған соң іле-шала Темірбек інім телефон шалды.
– Әлеке, Қалағамыздың жылдық асына де­йін мазарын тұрғызбасақ болмайды. Сондықтан тасына жазылатын сөздерін дайындап қойсаңыз дұрыс болар еді. Ертең дизайнер шақырып, макетін сызғызайық. Ақылдасып пішкен тон келте болмас. Келіп кетсеңіз, – дейді. Бардық. Көрдік. Бүгінде бәрі бар. Алайда бәрі қымбат. Бәрі қалтаңның түгіне, қызметіңнің тегіне қарайды. Далада жатқан асыл тас жоқ. Алтайдың асты-үстіндегі жылтырағанның бәрін түйі­рін қалдырмай жинап әкеліп, текшелеп қойыпты. Енді Алтайдың әлгі жылтыр тастарын Алтайды ғұмыр бойы жырлаған, тұяғы кетілгенше насихат­таған қайран Қалағаңның мазарына сатып алмақпыз. Кергіген заман, дөңгелеген кереғар дүние деген осы да. Темірбек әлгілердің миллиондарға шаққан бағасына селт еткен де жоқ. Мен қыпылықтап: «Тым қымбат­тау емес пе?..» – деп қалдым. «Бола берсін. Қалихандай ағаның басын алтынмен аптап, күміспен күптесек те, жақұт­тан Алтайдай алып ескерткіш орнатсақ та артық болмайды!..» – деп, Темірбек шолақ қайырды. Мен ойладым: «Қалекең бақыт­ты қаламгер ғана емес, бақыт­ты аға да екен ғой…»
«…Жақұт­тан Алтайдай алып ескерткіш орнатсақ та артық болмайды!..» Ағамызға берілген жақсы баға. Афоризм сияқты. Десек те… Қалағаң хақында айтылған ең құдірет­ті сөзді есімізге түсіріп көрелікші. Қалай еді…
«Тағы бір жазушыға арнайы тоқталмаса болмайды. Ол – тіл тұрғысынан келгенде мен үшін әлі күнге де­йін жұмбақ болып келе жатқан Қалихан Ысқақ. Қазақтың қара тілін бар құдірет-қасиетімен бойына сіңірген Қалихан – әдеби қауымды таң-тамаша қалдырумен келе жатқан керемет қаламгер. Қалиханша жазамын деу – бос әуре, Қалиханның тілі – алынбайтын қамал, қазақ тілін қаншалықты терең білем деген жанның әп-сәт­те аптығын басып, тәубесіне түсіретін құдірет­ті тіл. Әдебиет­те салыстыру абырой әпермейтін нәрсе екенін білемін. Бірақ маған Қалихан қазақтың Бунині сияқты болады да тұрады».
Менің көкем туралы бағанадан бері «көсілгендерімнің» барлығын бір ғана қауызға сиғызып, бір ғана деммен бере салған кім дейсіз-ау. Ол – қазақтың тағы бір аруақты ұлы Мұхтар Құл-Мұхаммед. Төр Алтайдың күңге­йіндегі Шығыс Түркістанда кіндігі қиылып, шаранасы содда құрғаған, түпкілікті Отаны Қазақ­станға тал бесікте тербеліп келген, содан соң ба, содан соң алаштың абызына, үлкен ғалымына айналған Мұхтар Құл Мұхаммед! «Егемен Қазақ­станның» 2004 жылдың 15 қазандағы нөмірінде шыққан «Әдебиет – ардың ісі» ат­ты сол газет­тің бас редакторы Жанболат Аупбайға берген сұхбатында осылай дейді ол…
… Ағамыз күз маусымын керемет сүйетін. Әманда күзді сағынып, әманда зарыға тосып жүретін. Онымен күзгі Алтайдың сай-саласын аралап, тайгасының қойнау-қолатын кезу де ғанибет еді. Тәңірім-ау, бұл сағыныштың таусылар шағы бола ма, жоқ па?!

Р.S. Бүгінде осы эссеге енген қимас кейіпкерлерімнің басым бөлігі бақилық болып кеткен – Дидахмет те, Темірбек те, Тоқтасын да, Алтай да, қойыңызшы – бәрі-бәрі сартап сағыныштарыма айналған. Маған қалғаны солар жайлы сананы сағыздай илейтін естеліктердің қос омырауын созғылау, тиіп-қашып болсын аяулыларымның аймүйіз қасиет­терін жариялау ғана. Беу-беу, ақсақ дүние… Қалағаң дүниеден өтіп еді, кеше ғана оның қолына су құйғанын мақтан қылатын можантопайлар теріс айналды. Қалихан Ысқақ атаусыз, іздеусіз қалды. Шыр-пырым шыға ышқынып, азамат соғысына бергісіз ұрыс-керіспен таңымды атырып, күнімді батырып жүріп, аруақ­ты Қалихан Ысқақ пен Дидахмет­ті, Бошағамызды, Алтайдың асқақ лиригі Ақтанды қазақ­стандық тұлғалардың қатарына енгіздім. Астанадағы «білгіштердің» ұстанымдары бойынша ол тізімге енбегендерге көше атауын қойып, ит пен мысыққа да ат қойылмайды екен. Өскемендегі екі жарым шақырымдық Революционная көшесі Қалихан есімін иеленді. Мен алғашында қаланың орталығындағы Ордженикидзе көшесіне қармақ салып едім, Даниал Ахметов өте сәт­ті
маневр жасап кет­ті. «Әлеке, ол тым тұйық көше ғой. Одан да анау ұзын көшені Қалиханға берейік», – деп, менің гуманизмімді өз пайдасына шешіп алды. Тағы да… Топқайың мектебіне аты берілді. Мектептің алдына нағашы атасы Ысқақтың түлкі тұмағындай ғана кеуде мүсіні қойылды. Бұлардың барлығы – Қалихандай тұлға үшін тым аз дүние. Мүлде! Ұят! Ол – мемлекетіміздің ұяты! Менің ойымша, жалпы мүлде түйсіксіз болмасақ, ең бастысы, облыс орталығы Өскеменге Қалихан Ысқақтың үйдей ескерткішін қоюға тиіспіз! Облыстық драма театрына не Пушкин атындағы Облыстық кітапханаға Қалихан Ысқақтың есімі берілуге тиіс!
Сонда барып ақсақ дүниенің жүрісі су төгілмес жорғаға айналады!

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,
жазушы, Қазақ­стан Жазушылар одағының
Шығыс Қазақ­стан облысындағы өкілі,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 19.06.2025 | 18:48

Алаш сыйлығын алмаған кім жоқ дейсің. Соны түгел таратып беріп тынышталсақ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір