Дүние-ғайып
02.12.2024
163
0

Ақын бауырым, іні досым Мұратбектің маған сыйлаған кезекті бір кітабы «Дүние дидар» деп аталады. Дидарласатын, анда-санда жүздесетін, сырласатын достан тағдыр айырғанда, естелігіме амалсыздан «Дүние-ғайып» деп тақырып қойдым.

Сурет­те: (солдан оңға қарай)
Жомарт Игіман, сатирик Төлеухан Аязбаев және ақын Мұратбек Оспанов

Баршамыз да – бұл фәни жалғанда қонақпыз. Бірақ қашан қанатымыздың қайырылары жаратқанға ғана аян. Өзіңмен өмір ат­ты сапарда кез­десіп, жүздесіп, ортақ тіл табысып, ортақ мақсат жолында үндестік тапқан адамың ойда жоқта келмес сапарға ат­танғанда, жан дүниеңнің құлазып қалатыны заңдылық. «Мұратбек Оспанов өмірден өтіпті» деген суық хабарға басында сенбесек те, өлеңдегі өзінше өрнегін көңілімізге тоқып жүретін қаламдастарының қатарында амалсыз қоштасуға тура келді. Жаның жәннат­та, топырағың торқа болсын! Сен көрмеген қызықтар мен қуаныштарды артыңда қалған жан жарың, балаларың, немере-шөберелерің көруге жазсын! Алла тағала соларға ғұмыр берсін дейміз!
Біз қабырғалы оқу орны ҚазМУ-де жолықтық. 3-курсқа қадам басқанда, бізден ке­йінгі талант­ты толқынның әдейілеп басын қосқандай кілең жампоздардан тұратын 1-курстың болашақ ақындарымен дидарластық. Солардың ішінде Бауыржанның, Қайрат­тың, сенің өрнегің, айналайын Мұратбек, ерекше еді! Әр өсімдіктің өзінше өсіп-өнетіні сияқты талант­ты жастың әдебиетке өз үнімен келуі мәртебе емес пе?
Табиғатпен тамырласпын мен өзім,
Тағдырласпын, жан мұңдаспын,
сеземін.
Дала жаққа аңқам ауып тұрады,
Сол даладан табылардай керегім.

Жантайғанда жастық етіп желегін,
Мың бұралған талдан таспа өремін.
Жаным ашып жағалауда қараймын,
Жартастарға су мүжіген кемерін, – деп әрбір өлеңінде өзіндік ой өрнегі көрініп тұратын Мұратбек ақын жастайы­нан шындықты өз көзімен тани білді.
Көркем шығарма тудыру үшін талант, қабілет қандай қажет болса, дүниетаным да сондай қажет. Егер өмірді өзіңше көре білмесең көргеніңді терең қорытып, әлдебір ақиқатқа қол жеткізбесең, соны айтып беруге әсерленбесең, от болып тұтанбасаң, оқ болып атылмасаң, онда ақын болам дегеніңіз – бос әурешілік. Біз білетін Мұратбектің таным-түсінігі терең. Абай елінде туып-өскендіктен ұлы ақынның ғақлиясын жүрегіне сіңірген ақынның көркемсөзде кібіртіктеуі мүмкін емес болатын.
Ей, күрең күз, күрең күз,
Екеуіміз де – бір өңбіз.
Сенен жеміс төгілсе,
Менен өлең күрерміз.

Сенің, күнің ызғарлы,
Менің тілім мұзданды.
Сен қатырдың жылғаңды,
Менде айтылмай мұң қалды, – деп жер-жаһанның мұңын жеткізуге талпынды.
Өз жұртына айтары бар талант­тың жаны тыныштық көрмейді. Ол қоғамдық ойлардың қалың ортасында жүреді. Өмірдің оң-терісін шығармашылығына арқау етеді, жетістігіне қуана біледі, кемшілігіне қайғырады, өзіне сөз келмейтін ұят­тан да қызарады. Ол өмірдің алға тартқан сауалына жауап қайтару үшін өзіне маза бермейді. Ізденеді, ілгеріге қадам жасайды, бір орында тұруды айып санайды. Мұратбектің ізденісі сол жас кезінде-ақ айналасына аян болды. Университет­тегі оқудың ортасында әскер қатарына алынып, дипломды қолына кештеу алғанымен өмірдегі үлесінен кешігіп көрген жоқ.
1989 жылы жас ақын-жазушылардың слетінде бірге болдық. Апта бойы жаңа өлеңдеріміз әріптестер арасында оқылып, аға буын өкілдері тарапынан талқыланып жат­ты. Жақсы баға естідік, келер күнге құлшынысымыз еселене түсті. Қарауылда өсіп-өніп, Алматыда жиырма бесін қалдырып, оқуды аяқтаған соң біздің өңірдің, Жетісудың қызына үйленді. Орда бұзар отызда Семейде газет бет­терінде елдің жырын жырлады, мұңын мұңдады. Мұхтар
Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов өмірге қанат қақтырған «Абай» журналының жауапты хатшысы болып қаншама жыл журналды Алматыдан шығарып жүрді. Ке­йіннен осы үлкен басылымның бас редакторы ретінде журналды қалың елмен қауыштыруға қабілет-қарымын жұмсады. Іздене жүріп соңына өлмейтін өлең кітаптарын қалдырды. Толғаулары, балладалары, поэмалары қуат­ты тілімен, орнықты ойымен әдебиет­те бағаланды да. Ана жылдары Алматыда Ғалымдар үйінде шығармашылық кешін өткізгенде, ақынның өзіне тән қолтаңбасы дараланғаны қарымды қаламгерлер тарапынан айтылғанына куәміз.
Өткен жылы өмір парағын ертерек жапқан ақын досымыз Қайрат Әлімбектің туғанына 60 жыл толуына арналған басқосуда, Талдықорғанда жүздесіп едік. Осындай дидарласу жалғасын таба береді деп жүретін алаңсыз ойымыздың ажал шіркін тас-талқанын шығарды.
Әдебиет – адамгершіліктен туады. Талант қанша жалындап тұрғанымен өз жақсылығы өзінен артылмаса қоғамда ізі қалмайды. Қызыл сөзге үйірлікпен, ортаға жиі шығумен көрініп қала­йын деген желөкпенің өнердегі ертеңі бұлыңғыр. Біздің Мұратбек досымыз сияқты елінің, жерінің ыстық-суығына араласқан қаламгер ғана қайраткерлік деңге­йіне көтеріледі.
Шат­танғанда қуаныштан желпініп,
Тапталғанда көкірекке шер тұнып.
Кейде осылай отырамын кеңесіп,
Келешекті көз алдыма келтіріп.
Таусылған ба ақындардың арманы,
Тамсандырған тәт­ті өмірдің бал дәмі.
Түніменен бүгінімді түгендеп,
Ақ таңыма үңілемін алдағы, – деген арманшыл ақынның тәуелсіздік туын желбіреткен еркін елдің төрт құбыласы теңелгенін көрсем деген мақсат-мұраты жүзеге асарына бек сенімдіміз.
Өмірден ақын өт­ті. Мұратбек жайын­дағы, оның ақындығы, азамат­тығы, адамгершілігі турасындағы ел жүрегін елжіретер есті естеліктер әлі де айтыла жатады. Халқының маңдайына біткен талант­ты тұлға арамыздан алыстап, жанымызды жабырқатып кеткенімен, жақсы жанның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Мәңгі өмір жоқ, мәнді өмір ғана бар.
Соңына ердің сиқырлы сезім серінің,
Жетеледі алға сылаңдап өлең-елігің.
ҚазМУ-де кеше шабытпен жүрдің
сырласып,
Желігі емес ол, сірә, ет пен терінің.

Алқалы топта оқыдың өлең шешіле,
Алаңсыз сол шақ түседі жиі есіме.
Үйлескеннен соң өнерің жер мен тегіңе,
Балады тұстас Абайдың шөбересіне.

Санаңа сіңген ұлы ақын жыры ұялап,
Оқудан ке­йін
Семейден таптың тиянақ.
Шығыста туып, өлеңді емген ұланға,
Ақындық жолды асқақ ұстамау қиянат.

Ауыссын деуші ек Абайға қонған
дара бақ,
Ақылың, ойың жоқ-барды
жүрді саралап.
Ізденісіңмен бағамдап алып
жан-жақты,
Ойлы қаламнан өрбіді жинақ балалап.

Ел-жұрт­тың мұңы жүдет­ті
қанша жаныңды,
Жалынды жырың сілкінт­ті
қалың қауымды.
Еліңе мәшһүр ақын болғаның
көпке аян,
Оқырмандарың таныды
ұлын дарынды.

Ұмтылған жоқсың
дабыра атақ-даңққа,
Мән бермей өт­тің бәсеке,
айтыс, жарысқа.
Сен керек едің балаларыңа, қоғамға,
Асықтың неге ғарышқа?!

Жомарт ИГІМАН,
ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір