Заманалар тудырған әйел прототипі
Сахара заңын бойына сiңiрген парасатты, арманы үлкен, рухы мықты әйел танымының көкжиегіне қазақ әдебиетiндегі көркем-эстетикалық туындылар арқылы азды-кем бойлап қарасақ, қазақ әдебиетіндегі әйелдер әліппесін Абайдың анасы Ұлжанның көркем образынан бастау орынды секілді. Ұлжан – Ана, бүтін бір ру мен елдің анасы, тектілік тұнған табиғатымен ақынды тәрбиелеген өте тәлімді, салиқалы жан. Әуезовтің айтуынша, дәстүр бойынша Ұлжанның үлкен ұлы Тәңірберді Өскенбай бидің қолында, Ысқақ Күңкенің тәрбиесінде, ал Абай мен кенжесі Оспан Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде болған.
Ұлжан туралы сөз болғанда жазушы М.Әуезов: «Бұл әулеттің тілінің өткірлігі сондай, «Шаншардың қулары келе жатыр» десе жұрт дүркіреп қашатын болған. Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз», – деген екен. Романда бала Абай нағашыларының еліне барғанда нағашысы Тонтайдың «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» деген тіркестерге орайластырған уытты әзілін арқалап қайтады. Сондағы «аттың жалы» дегені – Еңлік-Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен қатыгез Кеңгірбай бидің билігі, «түйенің қомы» дегені – Қодарды келінімен түйеге теңдеп өлтірткен билердің үкімі, «садақтың оғы» дегені – Қалқаман-Мамырды садақпен тартқан Көкенайдың қаталдығы еді.
«Абай жолы» эпопеясында М.Әуезов жасаған әйелдер әлемінде бар ожданы тап-таза иманнан құрылғандай мейірім-шафхатқа толы Зере – әжелердің әжесі; хас сұлулар – Әйгерім, Тоғжан; Күндестер: Күңке, Айғыз; «Ер мінезді еркелер» – Мәніке, Салтанат, Нұрғаным, Еркежандар; Абайдың туыстары – Мәкен, Мағрипа сынды әйелдер топтамасы қазақ әйелдерінің персонажына дәл келген типологиялық жиынтықты құрап тұр. Сондағы әр кейіпкер – бір тип. Ал Абайдың ғашықтары күні бүгінге дейін қазақ қыздарының талғамына идеал болатын мінберден түскен жоқ.
«Адам негізі –әйел» деген жазушы М.Әуезов әйел сыры мен жан-толғаныстарын асқан тереңдікпен, шынайылықпен бергендіктен болар, ол жасаған образдар ұлттық сапа мен мазмұнға жауап бере алары сөзсіз.
ХХ ғасыр басы өзінің жаңаша талабы мен тауқыметін арқалап келіп, адамдар бойынан ұлттық сапаның жаңа мінездемесін көрсеткен болатын. Бұл жаңа леп, жаңа қарқын қазақ әйелдерінің де мінезін, қам-қарекетін, ойлауын өзгертті. Әйел теңсіздігі, қазақ әйелін сауаттандыру мақсатқа алынған және әуелдегі әңгіме – «қорғансыздық» белең алған аумалы-төкпелі уақытта ғашықтардың сауаттысы, мінезді, батылы бір-біріне қосылды да, мінезі жұмсақ, көнбісі уақыт ағынымен теңсіздіктің құрбанына айналды.
Осы кезең тудырған «Ақбілек» романында жазушы Жүсіпбек оны мінезді, табанды, жаңашыл, жақсы сапаға ие еткенімен, мінсіз еткен жоқ, мінсіз образ жасаған жоқ:
«…есі кіріп, көзін ашса, алты сырықтың басын түріп киіз жапқан кішкене қоста өңшең серейген, бырқыраған, жат киімді, жат түрлі орыстардың ішінде жатыр. Оң қолын Ақбілектің үстіне артып, нақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жарық ерінді, дүрдек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендірді». Бұл үзінді бар мәселенің ушығуына негіз болған оқиғадағы салдар еді.
Тәуелсіздік таңында әйел мен қоғам арасындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген Қ.Тілеуханның «Менің шешелерім» әңгімесінде де кейіпкер сөзі мен қиял штрихтері аралас өріледі: «…Әжем шынында да төсек тартып жатып қала ма? «Шіркін, адам баласын қартайтпайтын дәрі болса ғой!» деп қиялдап та қоям. Әжеме біртүрлі жаным да ашып кетті. Әжемнің: «Қараш, орныңа барып жата ғой», – деген сөзінен оянып кеттім.
…Мен әуелде әжем жылап жатқан шығар деп ойлағам. Жыламапты. Тек ол кісі де мен сияқты ояу болған екен. Мен дүниенің бәрін ұмытып, әжем берген тәттіні аузыма бірінен соң бірін тығып жатырмын, тығып жатырмын. Қос қолым толы неше түрлі кәмпит. Әжемнің ыстық қойны. Неткен рахат! Әжем: Асықпай же, Қанаш, асықпай же деп жұмсақ алақанымен басымнан сипап, – құрсағыма бітпесең де құшағыма біткен баламсың, – деп қайталай берді, қайталай берді. Ол кезде мен бұл сөздің мағынасын еш түсінгенім жоқ…
Жақсы әйел образдарының жасалғаны – әдебиеттің игілігі, халқымыздың мақтанышындай көрінеді. Әрі кетсе, жақсы әйелдің өмір сүргені – әрқайсымыздың қан тамырымызда жақсы мінездің, өнегелі көркем қасиеттердің шауып жүргенінің көрінісі: – Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің Мақсұт? Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.
– Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой.
Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ болып, ілгері аттайын деп еді, орнынан қозғала алмады. Арада екі адым жер, бірақ алынбас асу сияқты.
– …сенің келгенің жақсы болды, Мақсұт, – дейді Хадиша. – Туысың Шалабайдың қорлығына шыдай алмай сені айқайлап тұрып шақырып ем, естіген екенсің. …сенің жалғыз қызың Жанат та әлдеқашан тұрмыс құрып, балалы-шағалы боп кеткен. «Қолыма көшіп кел, жалғыздан-жалғыз қайтіп отырасың» деп мың айтып жалынды – бармадым. – «Мақсұттың үйінің түтіні өшпесін – отырамын осында», – дедім.
Ал мына эпизод көркем детальдарын өткір мазмұнда беретін көзі тірі классиктеріміздің бірі –
Ш.Мұртазаның «Қырық бірінші жылғы келіншек» әңгімесінен үзінді. Хадишаның еріне қуанышты қауышуы тек түсі болатын. Әйтсе де, жазушы түс пен өңнің арасында кейіпкерді сөйлету арқылы бүкіл мазмұнды беріп тұр. Жалпы, көркем детальдардың жиі қолданылатын үлгісі – түс көру, көбіне, жүректі шымырлататын аяныш сезімнің, сағыныштың, аян беру не баяндаудың көркем мотиві. Жазушы әйел задының махаббатына қашан да адал боп қала беретін сондай биік қасиетін меңзеп тұр.
– Айша есіктің алдындағы ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап: – О, Жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? –деді. Толықсып тұрған ай бір аунап түскендей болды. Мен лезде есейіп шыға келдім («Ай мен Айша»).
Өмірде ақ пен қара қатар жүретіні сияқты, жақсы образдармен қатар сапалы деуге келмейтін образдар да жасалуы заңдылық. Себебі, образ өмір шындығынан құралады. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы Ақбала образы революция уақытында қоғам заңы мен жүрегінің дауысын арасындағы шытырман қайшылықты ажырата алмай қалған, ақымақ көбелектей секеңдеп, соңында опық жеген, қысқасы, жеңілтек әйелдің бейнесі еді. Еламан жоқта Тәңірбергенмен көңіл қосу соңында өз нәтижесін береді. Соңы трагедия емес, тек Ақбаланың аянышты халімен аяқталады. Әйел болған соң алғау-талғау сезімнен гөрі адамгершілік, ақыл-парасат үстем тұруы тиіс еді. Бұл автор бейнелеген дәуір өткелдеріне сай өзгерген кейбір әйелдердің күрделі де көркем картинасы болатын.
Осы сияқты мазмұнда жазушы З.Шашкин бір адамды, дұрысында бір әйелді параллель қойып тұрып, олардың сапасын неге қарама-қайшы боямалады екен? Автор «Теміртау» романында инженер Дәмеш образын жасады. Алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің
елеулі табыстарының бірі болған асқан сұлу да емес, сұмдық өнері де жоқ Дәмеш образы – жоғарыда айтып өткен жағдайға сай төселген еңбекқор қазақ қызы болған соң да қазақ прозасындағы ұнамды, көпке танымал бейне. Қазақта «жаныңды тындырғанды қалай сүймейсің?» деген сөз осыдан шықса керек. Белгілі әдебиет зерттеуші, үлкен сыншы М.Қаратаев өз кезінде: «Дәмеш – революция азат еткен Ботагөз, Раушан ізіндегі бүгінгі қазақ қызының ұнамды образы», – деп орынды бағалаған. Алайда, өмірге құштар, ақылды, белсенді, күрескер болса да, бұл – қаһарман мінсіз болды деген сөз емес. Дәмеш те көп жастар секілді жастық сезімге беріліп қателескен, дегенмен онысын ақылға жеңдірген ұнамды, шынайы тұлға еді.
Ал енді осы Дәмеш образы автордың «Доктор Дарханов» романында өз характеріне сай арнамен дамымаған. Бұл романдағы Дәмеш те ақыл-есі бүтін, дені сау, әп-әдемі болғанымен, жеңіл ойын-күлкіге алданып кете баратын жан. Ешкіммен қарым-қатынасы жоқ, басы бос қыздай ғайыптан кез бола қалған дәрігер Ниязды көргенде оп-оңай елжіреп ұйып қалады, басқа жайларды ойлап қиналмайды да.
Мұнымен автор типологиялық көркем суреттеу арқылы өмірде сүйкімді, өзін дұрыс басқаратын Дәмештің көлеңкесі ғана бар көптің бірі боп жүрген Дәмештер жетерлік екенін аңдатқысы келген болар. Бүгінгі прозаның жай-күйінде де қозғалып жатқан әйел образына, жиынтық бейнесіне көңіл көншігенімен, түпкі шындыққа келгенде ішің ашиды. Сондықтан болса керек, қай шығарманы оқып келе жатсақ та, әйел бейнесін жақсылыққа қиса екен, жақсымен тәмамдалса екен деп тұрасың.
Ақын М.Шахановпен бірлесе жазған «Құз басындағы аңшының зары» («Ғасырлар айрығындағы сырласу») атты кітапта жазушы Ш.Айтматовтың өзі:
– Әр адамның өз пешенесіне жазылған тағдыры бар. Мынау ғалам қандай шексіз болса, ол да сондай шексіз құпиялы да күрделі. Әркім өзінің өмір жолында бұйырған адамына жолығады. Бірігіп әрқайсысы өз түсінігіндегі бақытын іздеуге аттанады. Солардың ішінде өз жанымен де, тәнімен де, бүкіл бітім-болмысымен еркімді билеген бір сәулелі махаббат есімде қалып қойды… сол кездейсоқтық мен үшін барша мақсаттан да биік һәм жоғары еді. Ол –қырғыз өнерінің маңдайына біткен атақты бишісі Бүбісара Бейшеналиева болатын. …сол қымбат бейнемен қалай кездескенім қазірге дейін көз алдымда. 50 жылдардың соңы».
Бұл махаббат оның «Боранды бекет», «Қош бол, Гүлсары» романдарында Танабай – Бүбіжан, Едіге – Зарипа арасына кез келген махаббат ретінде шынайы берілген. Бірақ бұл махаббат өз өмірінің көшірмесі емес, әйел халқын түрлі уақиғалардың ішінде көркем бейнеде жасай білген идеясы деуге болады.
Десе де, сол мұң мен толғаныс жазушының бір кісідей жанынан шыққан шері еді: – «Кассандра таңбасы» романында қаһарман делегация құрамында Жапонияда болғанда түнгі кемеде жүзіп келе жатады – онда әлгі сурет, әлгі өткенді еске түсіру, жапон музыкасының әуендері шақырған жан күйзелістері – Италиядағы сапарымда өз басымда болған күйзелістер, Бүбісараны жоқтап, жалғыздықтың құрсауына қамалған мұңды суреттер еді, – дейді суреткер.
Тәңірі құлының жүрегінде өзі болуды қалайды, десе де сол өзі жаратқан жүректі әйел задына қалай қиды екен?.. Себебі, әйелдiң жан дүниесi – Жаратушының өзі қалаған қамқорлыққа, аялы алақан мен құштарлыққа, яғни сүйілуге және сүйікті болуға арнап жаратқан жан иесі деген тұжырым айтудан басқа өлшеміміз жоқ.
Біз қарастырған әрқилы заман тудырған әйел баласын осы прототип үлгілер арқылы суретке, дұрысында сынға ала отырып, шындығында жаугершілік, қысылтаяң заманда жауынгер де сол, коммунист, инженер де сол, майдангер де, ерінің көңілін тауып, бала тәрбиелеген «қырық жанды қарындас» та өздері екенін сезіндік. Күнделікті күйбең тіршілікте олардың қадірі біліне бермейді, әлде адамдар біле тұра сүйіне бермейді. Ол – рас…
Ұлмекен ЛЕСБЕКОВА.