Тәні өлген әйел (Әңгіме)
Жер бетінде қасиет бар аздаған,
Ол – әйелдің ары ғана азбаған.
Әбубәкір Қайран
Әңгіменің әлқиссасы.
Мұсылман халифасы Омар ибн әл-Хаттабқа бір кісі келіп: «Менің әбден қартайып, қаусаған қарт анам бар. Ол өздігінен түзге отырудан да қалған. Түзге отырғысы келгенде мен оны арқалап апарып келемін. Мен осымен анамның алдындағы балалық парызым мен мойнымдағы қарызын өтедім бе?» – деп сұрады. Сонда оған хазіреті Омар: «Жоқ, өтеген жоқсың, өйткені сенің кішкене кезіңде ол да саған осылай қарады, сені әлпештеп аялады. Көтеріп бақты. Солай бола тұра анаң сенің өмір сүргеніңді қалайтын. Сен де анаңның сол ісін қайталап жүрсің, бірақ сен анаңның дүниеден қайтқанын іштей тілейсің ғой», – деді.
* * *
Өзі құралпы балалар: «Менің көкем», деп сөз бастағанда, ол да әкесін ойлайтын. Ойлағанда… Көз алдына шашын шалқайта қайырған кең маңдайлы кісі елестеуші еді. Күлімсіреп төрде отыратын. Әңгіме айтатын. Есінде көмескі елесі ғана бұлаңытқан әке бейнесіне ұмтылып, сөзін ұққысы келеді. Әкесі сөйлей береді, бұл бірақ естімейді. Сонда әкесі не айтты екен…
Кең маңдайлы кісінің кейде гармон созып, шалқитын сәттері болатын. Ал қазір «әке» дейтін бейтаныс адамның құлаштап созатын гармоны қоңыр шифоньердің үстінде үнсіз тұрғалы қашан… Бала гармонның қатпарын жазып, ішіне үңілетін де: «Әкем осында жасырынып отырған шығар, осында оның жаны тұрған шығар» деп түсініксіз қиялға да берілетін.
Әкесін бала кезінде көп іздейтін, анасының әңгімелерінен де іздейтін. Кейін ол әдетін ұмытты. Үлкендер жағы бұның әкесін еске алып, ғибратты әңгімелер айта бастаса: «А-а, ол кісі сондай болған ба?» – дейтін де қоятын. Өйткені оған енді әке бейнесі мүлде жат еді. Сөйтіп, анасының құшағында өсті.
Сәби – періште. Ол шақалаққа жарық дүниенің тылсым құдіретін сездіргеннен кейін қайтып кетеді. Адамның сәби боп өмір сүрмейтіні содан. Ал шақалақ жетіліп, маңдай сүйегі бекігенде есі кіріп, ата-анасын таниды. Бала да анасын 2-3 жасында анық таныды. Ерке еді. Ерке екенін ғана білетін, бірақ ештеңе ойламайтын.
Бір күні басы орасан үлкен, адырақ көзі тас төбесінде ойнаған кісі келіп, анасының жанында ыржалақтап отырып алды. Бұған ақ бор кәмпит берді, жауырынынан қақты. Алақаны жалпақ, әнжімді екен. Аздан соң шолжаңдап, малдас құрған ағаның алдына көлденең түсіп жатып алған, ұйықтап кетіпті. Оянғанда анасының жылап жатқанын көрді. Баланың іші қалтырап, анасын алғаш рет жатсынғандай күй кешті. Өйткені анасы жыламайтын, күлімсіреп қана жүретін. Ал мынау – ұзын бұрымы ретсіз тарқатылған, иығы жартылай жалаңаш бөгде әйел. Бала кешегі адырақ көз ағаны да жек көріп тұрды. Содан кейін оған дүниедегі бар жамандық пен жаман адамдар адырақ көздің ұсқынына ұқсап кете берді.
Мектепке жаңа барған кезінде сезімтал бала жақсы оқып, анамды қуантайыншы деп ойлайтын. Жақсы оқыды, тіпті кілең беске оқыды. Үздік оқушы ғана емес, белсенді оқушы болды. Анасы сонда шат-шадыман күйге бөленіп, шаттық кешетін. Ана жүрегіндегі қуанышты көзінен көріп бұл да қуанатын, иә, ептеп мақтанатын. «Мама, мен үлкейгенде бастық боламын. Көресіз, екеуміз қалада тұрамыз?».
Жылдық оқу маусымы аяқталған сайын, мақтау қағаз иеленетін ұлын ыстық омырауына басып, айналып-толғанған анасы: «Сен менің үмітімсің, шырағымсың», – дейтін.
Бала мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, алыс шаһарға аттанғанда қара жолдың бойында талдап өрген ну қара шашы желке тұсында түйілген, ашаң жүзді жас әйел ұмсынып қала берген. «Менің анам қандай әдемі, мен анамның өзіне ұқсайтын бір сұлуды әкеліп қолына қондырам, келін қылам», – деп арманды ойға берілген ұл белден-белге асып, жіңішкеріп, үзіліп барып көкжиекке сіңетін сүрлеу-соқпаққа түсті де, көз ұшында жалғыз ноқатқа айналды.
Ол таңдаған мамандығы бойынша оқытатын әйдік оқу орнының есігін еш кедергісіз ашты. Ауылына қоңырау шалды, анасын қуантты. «Қайран шешем, қуанғанда басыңдағы жаулығың сусып кетуші еді, көңілің өсіп, көрші-қолаңды бір шәугім шайға шақырып та алған шығарсың», – деп жымиды мейірленіп.
Курстан курсқа өтер кездегі демалыс уақытын пайдаланып, анасына үзбей келіп-кетіп жүрді. Анасы жадырап қарсы алатын да, сәл жабығып шығарып салатын. «Ақылың бар ғой, жастықтың мастығына ұрынбағайсың. Аман бол. Менің сенен басқа сүйенер, сүйінер кімім бар?» – дейді анасы. «Ал менің сізден басқа кімім бар?» – дейді ұлы.
Оқуын тәмам қылған соң, мамандығына байланысты қосымша білім іздеп, қызмет орынын таңдап, анасын бірер жыл зарықтырып қойды. Бірақ көпке созбады, ортаңғы курста көңіл жарастырып, тілек қосқан ғашығына жұп құраудың жайын айтты. Жалғыздығын, әке деген айбарлы тұлғаны көрмей өскенін, жанашыр жақынының аздығын, анасының құба төбел қоңырқай ғана тіршілігін, қала берді, сынық мүйіз қара сиыры мен тор биеден өзге қорасында қара-құраның жоқтығын да жасырмай жайып салған.
«Үйіміз аласа, шатыры жұқа, толассыз жаңбыр жауса, тамның қабырға сылағы босап қалады» дегенді де айтты. Осының бәрін үнсіз тыңдаған қалыңдығы: «Ауылда тұрсақ, жаңадан үй салармыз. Қалаға тұрақтасақ, анамызды көшіріп алмаймыз ба?» – деп жымиды. Қалыңдығының бәденді жылы жүзі, күлгенде бетінің ұшы шұңқырланып, оймақтала қалатыны анасына ұқсайды екен.
Ауылға қол ұстасып барған ұлы мен келінін самайына күмістің күнжімді буы жұққан, көзінің айналасына ұсақ, майда әжімдер қораланған ана қарсы алды. Ізетті, тәрбиелі келінін көріп ғазиз ана түлеп сала берген. Барын шашып той жасады. Тойда маңдайы жарқырап, қуанышына құтты болсын айта келген ағайынның ортасында нұрланып отырды. Той тарқаған соң қазан-ошақ жаққа әдетінше жүгіріп кетіп, келінінің жолына көлденең кеп қалғанына қысылып, ол ісінен ұялып та жүрді. «Сіз енді ас-суға араласпаңыз, бәрін келініңізге тапсырыңыз», – деп кеңес айтты ұлы. Анасы ұлының сөзін қостады, бірақ: «Жат жұрттың баласы ғой, шаруаны дөңгелетіп әкеткенше қасында болып, жөн көрсеткенім артық етпес», – деді.
«Анам әлі жас екен, қайратты екен. Оның үстіне қасиет тұтқан қазан-ошағының басынан бір күнде қайтіп қол үзсін. Келінін тәрбиесіне алып, бауырына басқаны дұрыс та шығар» дегенді ойлап, ұлы үндемеді.
Жылдар бірде – аяңдап, бірде – арындап біраз жерге ұзап кеткен. Іргетасы биік құйылған қос қабатты ақ сарайдың ауласында күншуақтап қарт әже отырады. Бақытты әже. Бау-бақшалы, зәу-затты немерелі әже. Қарт әже немерелерінің бірінің атын атап шақырса, бәрінің есімін түгел тізеді. «Әй, Төміріс, Мәнсүр, Әлнұр, Әйлиін, ой, Құдай-ай, кім едің әлгі, Құбылай, бері, мұнда келші…». Кейде бұлардың қатарына баласы мен келінінің аты да қосылып кетеді.
Әже немерелерін емшектен шыққан соң-ақ етегіне салып алатын. Бірін – жетелеп, бірін – арқалап, бәрін өзі өсірді. Немеренің үлкені әне-міне отау құрмақшы, ең кенжесі Айлин де бірер жылдан соң мектепті тәмамдайды. Немерелерінің қаз басқан кездерін ойлап отырып, кейуана өз баласының балалық шағына да әредік сапарлап қайтатын еді. Бүгін де сөйтті.
Құрсағына шарана біткенін білгенде толқып, тебіреніп қуанғаны есінде. Іле-шала: «Сәбиімді дүниеге қайтіп әкелемін», – деп, қатты қорықты да. Мұндай хал барлық жас ананың басында болады екен, оны кейін білді. Ал дәрігерлерге барып қаралып, тіркеуге тұрған кезде естіген сөзінен жаны жаман шошынды: «Баланы өздігіңнен туа алмайсың. Жамбас сүйегің дұрыс жетілмеген. Жалпақ тілмен айтқанда, жатырың тар. Баланың бас сүйегі қысылып қалуы мүмкін».
Осы жайды кең құрсақ жеңгелерінің біріне құпиялап білдіргенде, анау шоршып түсті: «Ойбай, ол деген сұмдық! Баланың бас сүйегі қысылып, шапталып қалса, оны туу қайда, жаның аман қалсын де. Көп әйелдің баладан қайтатын себебі – сол. Баланың мәнісі бола жатар, басыңның амандығын ойла, түсік жасат».
Мына сөзден жүкті әйелдің жүрегі мұздап кетті, өнебойынан қан жүрмей, әлдебір темір құрсауға түскендей тітіркенген, әл-дәрмені құрып, құлап та қалған.
Ол осылайша бар мен жоқтың арасында есеңгіреген күндерді басынан өткерді. Еш нәрсеге зауқы жоқ, тәбеті де жоқ. Жатырында ұйыған қанға жан бітіп, аяқ-қолы біліне бастаған тіршілік иесі біресе – қуантып, біресе – қуартып әрі-сәрі қылды. Сондайда екіұдай күйін жасырып, ерінің алдында күлімсіреп күлген болады. Күлсе, ішінде қайғы жамылған біреу үнсіз күрсінеді. Сөйлесе, ар жағынан самбырлап ол да сөйлей жөнелетіндей құтын қашырады.
Сонда ана тапжылдырмайтын таңдаудың алдында тұрғанын түсінді: не өлім, не өмір! Өмір, сен, әрине, ғажапсың, нұрлысың, тәттісің! Сені дүниенің қандай асылымен айырбастауға болады екен? Бола ма екен сол өзі? Жаратқан иең жарылқап алдыңнан бейіштің раян қақпасын ашып тұрса да, сені тастап кету мүмкін бе? Сені, өмір, дүниеге қалай келетіні бейкүмән, ертең кім болатыны тіпті беймәлім жан үшін қалдырып, қиып кете бару күнә да шығар, бәлкім?.. Бірақ апыр-ау, бірақ… Бүйрегін бүлкілдетіп жатқан сәбиінің не күнәсі бар? Бұл көрген нұр сәулелі дүниені, жап-жарық әлемді, таң нұрын ол да көруі керек қой. Ол да өмірдің ащы-тұщысын татып адам боп, адамдардың қатарында ғұмыр кешуі керек. Жан бітіп талпынған тіршіліктің басталмай аяқталғаны, шырқалмай үзілгені зауал емес пе? Пешенесіне жазылғанын көрер, қайткенде ол бұ дүниенің көш-керуеніне ілесуі керек. Ал мен оған ғайыптан жолдас болып жанында жүремін. Анасыз жетімді менің рухым жебейді… Ана ажалды таңдады!
Тоғыз ай тоғыз күннің межесі толғанда толғақ қысқан ана дүниеге қош айтуға бекінген… Сәтін салып аман-есен босанды, аман-есен қол-аяғын бауырына алды. Бірақ қатты арып, қалжыраған еді. Сүйек-сүйегінің босаған жігі орнын тапқанша, балпанақтай ұлын белі үзіліп, білегі талып әрең көтеріп жүрді. Анасының омырауындағы сүтін қомағай ұл бір емгенде бір-ақ сарқып тауысатын.
Арада күндер өтіп, торсық шеке ұлы тез ширап өсіп келе жатты. Қызылшақа боп ұйқыға ұйыйтын жөргектегі бос мойын бөпелерге ұқсамайды, ширақ. Қарашығы тұп-тұнық көзін ашып алған. «Бұның кезінде балаларымыздың жылбысқыланған қабағы жабылып, көзінің орнында сызық қана көрінуші еді, мынаның жанары жайнап тұр ғой, Құдай-ау», – деп қатындар таңдай қағатын. Қатар отыра қалып бала емізгенде жас босанған кейбір әйел омырауындағы өз баласын ұмытып, бұның ұлына қарап иійтін: «Бала деген осындай сүйкімді, әй-әй болсашы».
Көңілі нілденіп, кеудесіне түйін байлаған қыздар да осы ұлды көтеріп ойнатқанды, құмарлана құшып, сүйгенді ұнататын. «Жеңеше, сүйіп қосылғандардың баласы сүйкімді болады екен ғой. Сол рас па?» – деуші еді олар. Сондай сөздер мен көздер ауыр тиді ме, бір күні ұлы көгеріп-сазарып талды да қалды. Ауа жетпегендей танауы қусырылып, көзінің қарашығы жоғары тартып, шалқалай берген. «Мына бір жерім ауырады» деп айтуға тілі жоқ сәбиінің дәрменсіз күйіне күйініп, дәрменсіз ана зар еңіреді. «Өледі-ау, өлтіріп алам-ау» деген ой сумаң қағып ес-ақылынан айырды. Тоғыз ай көтеріп толғатып тапқанда жеткені осы ма? Аз ғана мейірленіп, аз ғана күн аналық дәурен сүргенде көрмегі осы болғаны ма?
Шарасыз ана жанын қоярға жер таппай есіктен төрге, төрден есікке жүгірді. Алақанын жайып, Аллаға жалбарынды. Қыстығып, булығып, басын бесікке ұрып жылады. Сол кезде ғой, он төрт құрсақ көтеріп, бәрін дін аман өсірген Әймен әженің кіріп келгені. Әймен әже табалдырықтан зеки аттады: «Осы күнгі қатындар бала таппайды, бала тапса, баласын құндақтап сақтайды. Жөргектен босат баланы!». Сосын қойнына сап ала келген жарты құты балды қолына ұстатып: «Мынаны тездетіп жылыт», – деп бұйырған.
Көгеріп, талып, демі үзілуге таяған сәбидің жөргегін жайып салған Әймен әже: «Пысымылла! Менің қолым емес, Бибатима пірімнің қолы», – деді де, сәбидің қара табанынан бастап көк желкесіне дейін ыссы балмен ұзақ ысқылады. Арқасын, кішкентай жауырынын да балмен сылады. Кенет, шекелігінен мөлдірген қос тамшы ыршып шыққан сәби терең күрсініп барып, титтей танауынан дем атқан. Артынша іңгәлап, шат-шәлекейлене жылаған. Кәдімгідей үлкендерше көзінен жас сорғалатып жылады. Әймен әже күлді: «Ашуын-ай жаманның, ашуы қиын екен өзінің». Сосын сәбиіне төніп түскен бұны иығынан тартып тоқтатқан: «Бала көзігіпті. Көз балаға қара жел боп тиіпті. Бауырын көтеріп жүріп кеткенше, аурушаң болуы мүмкін. Содан аман өтсе, ары қарай алаңдама, ұлыңды ұзақ өмір күтіп тұр».
Иә, ол 4-5 жасына дейін жиі ауырды. Іші тоқтамай өтті. Үстіне көзжара қаптады. Бөріткен басты. Жүріп келе жатып бойын теңшей алмай жығылып қала беретін болды. Кеш тіседі, тілі кешігіп шықты. Балпанақтай еді, етінен тез арып, сылынып қалды. Әлжуаз, әлсіз бала үнемі қымтап, киіндіріп қоймасаң, құс қанатынан тоңып, мұрттай ұшатын-ды. Сондай көкжасық ұлды пәруана болып жүріп жеткізді-ау, әйтеуір.
Ері ерте дүние салған. Жайсаң жан еді марқұм. Сылқылдаған сері жігіт еді. Әнді қалай айтатын, гармонды қалай тартатын. Дүниені думанға бөлеп, айналасына шуақ шашқан асыл жары таң алдында түсіне енген Қызыр бейнесіндей жарқ етіп көрінді де, бір-ақ күнде ғайыпқа сіңіп, бақиға аттанды.
Алпамсадай жігіт аяқ астынан дүние салғанда айнала жұрты аза тұтып, аһ ұра қайғырды. Ажалдың басқаны емес, тап қасында ойнап-күліп жүрген некелі жарын жетектеп кеткеніне сене алмаған жас әйел қатарынан бірнеше рет талып құлапты. Бір есін жиғанда, суқаны сүймейтін адырақ көздің кеудесіне басын сүйеп, жылап тұр екен. Анау бауыры езіліп, қаза үстінде қан жұтқан адамға ұқсап еңкілдеп қояды. «Қара ниет неме, күйеуіне қарадай өшігіп, сыртынан ғайбат сөз айтып, дұшпандық істеп жүретін сұмырайдың нақ өзі еді, сұңқылдай қалуын қарашы».
Әйел сонда пенде баласының алдында төменшектемей, азаматтық арына дақ түсірмей өмір сүрген есіл ері үшін, ерінің соңынан ерген қарасы, қара тұяғы – ұлы үшін еңіреп, езіле бермеуі керегін түсінген. Түсінген де белін бекем буып, еңсесін тіктеген. Марқұм күйеуімен жағаласып алысып, ақыры дегеніне жеткен жауымен күресу үшін де қайратына мінген. Адамның ең аяулы сезімін аямай таптайтын, достың достық ниетін, адалдың адал пиғылын қабыл көрмейтін ұркеудемен енді нәзік әйел майданға шықпақ.
…Солай болды да… Күйеуін жер қойнына тапсырған соң бірер күн өтпей жас, сұлу әйелдің екі алақаны күлдіреп, бір қабат терісі сылынып түсті. Тәйір-ай, бұрын күрек, айыр дегенді қолына ұстау былай тұрсын, қайсысының қайда жатқанын білді ме екен десеңші. Тамыздыққа ағаш қалай жарылатын еді, отын-су қайдан келетін еді, қарасан келгір анау қара сиыр мен тор биенің қыстық азығы, жем-шөбі қораға қайтіп жететін еді – соның бірін білді ме екен бұл байқұс. Ішім-жемнің де аз күнде түбі көрініп қалған. Осының бәрін еркек шіркін білдірмей тауып жүре береді екен ғой…
Қаралы жесір қарап отырмады, қолына айыр алып, малдың ақырына шөп салды, қырау қатқан күректің сабынан ұстап, қора тазалады. Кәрі қара ағашты балталап шауып, отын жарды. Құдықтан су тартты. Баласын арқасына таңып алып, қазандыққа көп қылып нан жапты. Нанын арқалап іргедегі шағын қалашықтың базарына тасыды. Кейін бір сауда дүкеніндегі әйелмен танысып, наны мен сүтін соған апарып беріп жүрді. Бірте-бірте қара шаруаға көндігіп, тапқан-таянғанын саудалап күн көретін халге жетті. Ұйытқан айраны тәтті ме, әлде қазанға жапқан наны дәмді ме, жоқ бұның көрікті жүзі көз арбай ма, әйтеуір, базарға барса болды, алдынан жұрт үйіріліп шығатын.
Көктемде малшыларға жәрдемдесіп, төл алысты. Жазда атыз басында бел жазбай жүріп, қызылшаның түбін түптеп, арам шөбін отады. Күзде қырман басынан табылды. Қыста сауыншылардың ауылында тұрып «жүгірме сауыншының» қызметін атқарды. Сөйтіп, жыл он екі ай тыным таппады. Іске епті, қажырлы, қайратты жұмысшы әйел атанды. Бірақ қажымады, талмады, ажары да таймады. Бәріне шыдады, шыңдалды. Тек әйел затының табиғи тілегі ғана кейде түн баласы тәнін шабақтап, оттай қаритын.
Адырақ көз бұл кезде бөлімше бригадирі боп атқа мінген. Кеңшардың өмірі бітпейтін жұмысына «кенелген» келіншекке өзінше қамқор, жанашыр адам. Жұбайлық өмірдің қызығынан ерте жұтаған жесірдің марқұм күйеуін аузы қисаймай, «Жан қимас досым еді», «жолдас едік», – дейтін еді ол. Әредік бұны өзімсініп, қайыр-қош, жомарт кісімсіп: «Жаныңды көп қинамасаңшы, қаласаң қасыма есепші қылып алайын, таста құрып кеткір кетпен мен күректі, нәзік белің солқылдап жанымда қағаз көтеріп жүрсең болды», – дейтін сөзіне дәмесі мен әзілін араластырып.
Ілкіде әйелдер қап-қап картопты машинаның қорабына көтеріп сала алмай әбден қалжырап, шаршап отырғанда тасыраңбай бригадир атын тебінтіп жетіп келген. Сонадайдан шатынап, қамшы үйіріп келеді. Бірақ көп әйелдің арасынан жесірді көзі шалған бригадир жүзін жылытып: «Ә-ә, шаршап қалдыңдар ма, қане, бұл шаруаны мен-ақ тындыра салайын», – деп белуарына дейін жалаңаштанып шешінді де, жұмысқа кірісті. Кәпірдің дене тұрқы келісті-ақ екен. Жауырыны шақпақ-шақпақ, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. Аузы буылған қаптарды машинаның қорабына лақтырған сайын жотасын, құж желкесін тер жауып, қоладай жылтырады. Ұрғашы атаулыны еліктірер еркек иісі бұрқырап, жұмысты жапырып-ақ істеген. Бұл сонда күн сіңген омырауын басып, бригадирдің әбжіл қимылына сүйсіне көз тастап қалған еді.
…Кешке еркегі жоқ үйдің есігін шалқайта ашып, жалғыз өзі төрге озды. Жан қалтасына толтырып бор кәмпит салып алыпты. Кәмпиттерін дастарқан үстіне төгіп тастап, шалқып отырды. Өзі шалабудан. Адыраңдаған көзін тас төбесінде ойнатып ұзақ сөйледі. Шатып-бұтып бірді айтып, бірге кетті. Ұққаны: жесірдің күйеуіне қарыздар екен, тірлікте азды-кем өкпемен жүріпті, соның бәрі бекер екен, өмірде сыйластыққа ештеңе жетпейді екен. «Қайран досым ана дүниеден қайтып оралса, аяғын құшып жылар едім, кешірім өтінер едім. Арамызға ала мысық жүгірткен жамандардың сөзіне еріп жауыққан екем, мәнді білмей дұшпансыраппын, кеш, бауырым, кеш», – деп жыламысырады ма, әйтеуір мыжып-мырыңдап, тыныштық ұйыған үйдің берекесін қашырған. Содан кейін жаны жүдеп, үркесоқтап отырған әйелге жармасты: «Жаным, күнім, – деді.
– Жалғызсыратпаймын, қиындыққа қалдырмаймын, ұлыңды өз ұлымдай көріп өсіремін, бір тілегімді орында, құшағыма ен, қойныма жат, – деп қолқалады.
«Түсінемін ғой, әйелсің, еркек көрген әйелсің, ертең етегіңді біреуге бәрібір түресің, өйтіп өсекке қалғанша, өзіммен бол, керек десең анау керауыз қатынымды садаға етейін», – деп те көкіді. Сөз осыған жеткенде қорғансыз жесір:
– Жетер! – деп саңқ етті. Иә, дауысы шаңқылдамай, шаптықпай, саңқ етіп шықты. – Жетер, бригадир жолдас! Мен саған азғырынды бола алмаймын. Бұтының қамын күйттеп өмір сүретін бұралқың мен емеспін. Сен менің есіл ерімнің сынған тырнағына татымайсың. Ғазиз жарым дүниеден қайтқан күні менің тәнім өлген. Мен – тәні өлген әйелмін. Жаратқан Хақтан жалғыз ұлым үшін жанымды ғана аманатқа сұрап алғанмын. Ал қазір дереу табаныңды жалтырат, әйтпесе, жарып тастаймын!
Жанарынан бет қаратпайтын жалын шашып, қолына жүзі жалаң пышақ ұстаған әйелді көріп, адыраң көздің құты қашты. Ізінше қорыққанын жасырып, әрі әлгіндегі айтқанын түгел жуып-шайған болып: «Өй, мынау қайтеді, мынау қайтеді? Мен қалжыңдадым, заманы бір – замандас, құрбы болған соң әзілдедім», – деп қара түнге жұтылып, қарасын батырған. Бірақ қайта айналып соғып, қара ниетін іске асырудың айласынан еш тыйылмады. Түн жарымында келіп терезесін қағады, жартылай жабайыланған қаңғыбас мысықтардың мауыққандағы ащы үніне салып есігін тырналайды. Итше ұлиды. Табалдырығына тұз себеді, күл шашады. Қақпаны сыртынан шегелеп, электр тоғын қиып тастайды. Бір күні ауланың қақ ортасына балтамен шабылған иттің басы ілінген қара киімді қарақшы тұрғызып кетіпті. Ауылдың естияр адамдары: «Мынауың не сұмдық, жесір әйелдің зәресін ұшырып, жетім баланың жүрегін шайлықтырдың ғой, шошынып, ауырып қалса қайтесің?» – деп еді, құлақ аспады. Құтырына түсті. Әйелді аямай қайдағы ауыр жұмысқа салды. Жұмыс істеген күндерін кем жазып, еңбекақыдан да қысты. Аласұрған ақбасқын боранда алыс қыстауда отырған малшыға адам таппағандай әйелді баласымен көмекшілікке жіберді. Суық жаңбыр жауып, соңы қиыршық қарға айналатын күздің қара өзек күндерінде Саржаздың бытқылынан қамыс орғызды. Осындай азапты, ауыр жұмыстың ақырында зады әлсіз әйелдің өзі-ақ кеп аяғымды құшар деген үміті болған. Әсіресе тілегені – тәкаппар сұлудың азып, өңі қашып, сүйегі саудырап, жүдеп, титықтап біткені болатын. Ол тілегі орындалмады. Жесір әйелдің балғын денесі шыңдалып, толысып, бұрын жел тимеген аппақ жүзі алқызылданып, ерекше бір ажар ашты. Әйелге жасаған қысастығынан есе таппаған байқұс бригадир соноу бір жылы Ай толған түні Жындысайдың аузында жатып алып арақ ішкен екен, ертеңінде орнынан еліріп, айқайлап тұрыпты. Содан оңалмады. «Жындысайдан сақалды әйел көрдім», – деп ауыл ішін кезіп, сандырақтайды да жүреді…
Адыраң көз бригадир қара түнге жұтылып, қарасын батырған түні бұрымын тарқатып жіберіп, жаны жараланған жесір әйел жар төсегіне екпеттей құлаған күйі бордай езіліп, ботадай боздады дерсің. Жылаған сайын әлдебір қара тереңге шым бата түскендей ме, қалай? Буын-буыны босап, сол қара тереңнен құмығып бірдеңе іздейтіндей ме, қалай? Қырына аунап жатып, кеудесіне алақандарын басқанда, іші солқылдап, кіндік тұсы ысып сала берді ме, қайтті? Көзінен моншақтап үзілген жастың арасынан сопақ бас, адыраң көздің бейнесі бұлдыр-бұлдыр елестеп өтті ме, не істеді? «Ең азабы, ең азабы осы екен ғой», – деп ысып-лаулаған омырауына тырнақтарын батырып, жесір әйел таңды көзбен атырған. Ертеңінде жалаңаш иығын көріп жатсынған ұлының жалт бұрылып кеткенін сезгенде, ана жүрегі елжіреп қайта оянды. «Жоқ, мен – тәні өлген әйелмін».
…«Жоқ, мен – тәні өлген әйелмін».
Әйел төсегінен шиыршық атып тұрды. Құдықтан су тартты. Сосын, ауладағы қалқайма үйдің есік терезесін қараңғылап қойып, суығы сүйегінен өтетін құдықтың мұздай суына төбесінен төмен қарай құйынып, әбден жуынып, шайынды. Су көптен бері көкірегінде жанған алауды басып, кіндік тұсын қыздырып жатып алған шоқты сөндіргенін сезінді. Бойы жеңілдеп, табаны жерден қалықтап көтерілгендей болды. Сондай бір ғажап күйге енген әйел ұлы әжесінен қалған жайнамазды сандықтың түбінен алып, алдына кең етіп жайды да, сәждеге бас қойды: «Тәнімді қара жерге тапсырдым, жалғыз ұлым үшін жаныма сауға бере гөр, Алла!».
Ана. Ол ана еді. Ана бәрін жеңді. Жылдарды да, жылдардың жалында ойнаған жастықтың от-жалынын да, жылдармен жыланбауырлап жеткен кәрілікті де жеңді. Ол енді мәуелі бақтың ортасындағы жапырақтары мәңгі жасыл қарт еменге ұқсайды. Ұлына дән риза. Еңбегін ақтады. Есімін ел біледі, көп құрметтейді. Атақ-абыройы Алатаудай асқақтаса да, анасының алдында сондай кішік. Төсегіне көтеріп апарып жатқызады. Ертеңгісін көтеріп әкеп, дастарқан басына отырғызады. Алақанын жайып, бата сұрайды. Көйлек-көншегін күнде жаңалатады. Баладай әлпештеп ауладағы аспалы бесікте тербетеді.
– Сен балалық парызыңды түгел өтедің, ұлым, – дейді анасы.
– Түгел өтей алдым ба? – дейді ұлы. Содан соң әбден шөгіп, шөкімдей боп қана отырған анасын құшқан кезде оның бойынан топырақ иісін сезетін…
20 .05. 2020 жыл.
Дәурен ҚУАТ