ӘЙЕЛ МЕН ТЕМЕКІ
08.04.2024
70
0

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

Темекіні бір тартсаң,
Әдет­теніп кетесің.
Шеге-шеге оны да,Түбіне әбден жетесің.
Будақтатып түтінін,
Құмарлана шегесің.
Өкпеңе зақым келеді,
Оған да көнесің.
Қоймай шеге берсең,
Бір күні өлесің.
Әйел де темекі секілді,
Дегеніне сенесің.
Бір жүрсең, жүріп кетесің,
Білегіңді түріп кетесің.
Ол «үр» десе,
Қысылмай үріп кетесің.
Ол «күл» десе,
Ыржалаңдап күліп кетесің,
Қасқырша ұлып кетесің.
Жын ұрып кетесің.
Сөйтіп, құрып кетесің.
Темекіні тастасаң,
Қайтып үйренбейсің.
Әйелді тастасаң,
Қайта күйбеңдейсің.
Темекі деген
Бұлтартпайтын құрық па?
Әйелді тастасаң,
Қайтып келетінін ұмытпа! 

ӘЙЕЛІ БАР ЕРКЕКТІ СҮЙ, ТҮСІНСЕҢ
(«Әйелдерге төрт ақыл» өлеңінің ІІ түрі)

Сан пікірлер айтылса да үйде мың,
Сен алаулап өртенбегін, күймегін.
Шын жүрегін ұсынса да тізерлеп,
Үйленбеген сен бойдақты сүймегін!

Олар босқа өртенбейді, күймейді,
Жаса оған мың құрмет, сый мейлі.
Саған де­йін ешкімді де сүймеген,
Сені де ол жақсы көріп, сүймейді.

Талай-талай жүректерді өртепті,
Көрінгенмен мінезді де өр, текті.
Сүйе көрме «сүй» десе де жалынып,
Әйелдері өліп қалған еркекті.

Құлағың сал әңгіменің жөніне,
Сүйе көрме ол еркекті тегінде.
Үйреншікті әдетімен бір күні
Көрге тығар күйіп, сүйіп сені де!

Үмітіңнің желпілдейді етегі,
Осы болар еркектердің бөтені.
Сүйе көрме ажырасқан еркекті,
Сенімен де ажырасып кетеді.

Махаббатқа жан-тәнімен берілген,
Өзгелерді сүюге де ерінген.
Әйелі бар еркекті сүй, сүйсең сен,
Махаббат­тың орын алған төрінен.

Махаббат­тың пернесі де, тиегі ол,
Осы еркекке, шын мәнінде, ие бол!
Басқа жаққа мойынын да бұрмастан,
Әйелін де, сені де адал сүйеді ол!

ӘЙЕЛ МЕН СЕРИАЛ
Әйел мен сериал.
Ұқсас жерін теріп ал.
Сериалдағы бар нәрсе
Әйелде түгел бәрі бар.
Сериал сені ығыстырып,
Әйеліңнің қасына қонып шығады.
Бір басын кессең,
Екінші басы өніп шығады.
Жеті басты жылан секілді,
Жүрген жері ылаң секілді.
Боздай береді, боздай береді,
Қай-қайдағыны қозғай береді.
Бір шаруасы бітсе,
Екіншісі қоздай береді.
Шекесін тырыстырып,
Ана мен мынаны ұрыстырып,
Табыстыруды білмей,
Шағыстыруды білетін,
Кеңшілікке емес,
Кемшілікке күлетін
Өсегі құйындайтын,
Төсегі жиылмайтын
Жалмауыз.
Тілі тыным таппайтын салпыауыз.
Сол салпыауызға
Үміт, иек артамыз.
Артамыз да азабын тартамыз.
Өзің біліп, көріп ал:
Әйел де – сол
Таусылмайтын сериал.

ӘЙЕЛ МЕН ҚҰЛАҚ
Көл көрікті жайқалған құрағымен,
Тау көрікті мөп-мөлдір бұлағымен.
Әйел көркі болса да ажарымен
Ерекше ғой, әрине, құлағымен.

Әйел, әйел адамзат аруы екен,
Аруы екен, лаулаған жалыны екен.
Жанарын да айтамыз, анарын да,
Ал құлағы әйелдің қаруы екен.

Махаббатқа бастарын иеді олар,
Иеді олар, от болып күйеді олар.
Еркек көзбен сүйсе егер өліп-өшіп,
Көзбен емес, құлақпен сүйеді олар.

Көнбейді олар бұғауға, шынжырыңа,
Бой бермейді тізгінің, шылбырыңа.
Естімейді ашуың, айқайыңды,
Құлақ түрсе теңгенің сыңғырына.

ӘЙЕЛ МЕН РАУШАН ГҮЛІ

Мен бір теңеу айтайын – ұлы дерсің,
Мейлі оған еркектің жыны келсін.
Сұлулықтың бәріне сыңар болған,
Әйелдерді раушан гүлі дерсің.

Гүл раушан, шіркін-ай, иісі қандай?!
Ән шығармау мүмкін бе, күй шығармай?!
Егер әйел болмаса тамсандырар,
Қалатұғын секілді күн шыға алмай.

Теңесуге дәрменсіз гүлің қалай,
Раушан – ол, ауа, су, мұным қалай?!
Егер әйел болмаса жұлдыздар да,
Қалатұғын секілді жымыңдамай.

Гүл жайында жалған сөз айтылмайды,
Егер әйел болмаса түн аруы,
Аспанда да албырап ай тумайды.
Ай мен әйел екеуі қатар тұрса,
Сұлулықты бедерлеп, айқындайды.

Екеуіне ұмтылар таласып нұр,
Бәрі-бәрі тамаша жарасып тұр.
Иісі де ортақ, алқызыл түсі де ортақ,
Раушан мен әйелдің бағы асып тұр.

Бұл қай тұстан, білмеймін, тарады екен?!
Тағы да бір ұқсастық алабөтен,
Гүлі солып біткен соң раушанның
Тек тікені сыйдыйып қалады екен…

Міне осындай жақсы істі бастай саласың,
Сол іске әрдайым тастай боласың.
Ал тікенді қашанғы иіскей бересің,
Иісі кетіп, тек тікені қалғаннан соң
Күл-қоқысқа апарып тастай саласың.

ЕРКЕК ДЕГЕН АҢЫЗ
Еркек деген – ертегі, аңыз!
Шайнасаң – сағыз,
Қайрасаң – намыс!
Өртесең – қамыс.
Демеушің ғой нағыз.
Алсаң – несие,
Берсең – қарыз.
Ақша салатын әмиян!
Отбасың, жанұяң!
Ән ғып айтсаң – арияң,
Көл ғып айтсаң – дарияң!
Тау ғып айтсаң – аскарың,
Қой ғып айтсаң – қошқарын!
Айналайындар, аймалайындар –
Күндіз де, түнде де,
Тірі боп жүре берсін!
Бөтен ортада да,
Жымиып күле берсін!
Үйге қолдары тигенде –
Ерте ме, кеш пе
Именбей кіре берсін!
Жеуге болмаса да –
Май жақсы!
Үйге конбаса да –
Бай жақсы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір