ІЗГІ МҰРАТ­ТЫ ӘЙЕЛ ОБРАЗЫ
08.04.2024
276
0

Әдебиет­те қазақ әйелінің жұмбақ жан дүниесін сурет­теген туындылар жеткілікті. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы, М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімелері қазіргі әдебиет­танушылардың талдауында әйелдің психологиялық-физиологиялық әлемінің қатпарлы иірімдерін табиғи да терең бейнелеген модернистік үлгідегі шығармалар ретінде бағаланып келеді. Әрине, оған талас жоқ. Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» туындыларындағы әйелдің жан дүниесі әлемінің сурет­телуі бір бөлек. Мұның барлығы бірінші кезекте жазушының алдына қойған мақсатымен байланысты.
Жазушы Д.Қуат­тың «Тәні өлген әйел» әңгімесінде тұлға концепциясы мүлде өзгеше шешілген. Біріншіден, автор туынды атын сәт­ті орайластырған. Оқырманын елең еткізу – қаламгердің шеберлігі. Қолына әңгімені еріксіз алып оқи бастайды. Өйткені «Тәні өлген әйел» деген әңгіме аты – тосын да тартымды. Әр алуан ойға жетелейді.
Автордың сурет­теу тілі оқырманын үйіріп отырады. Жеңіл де шынайы. Бірде кішкене бала атынан өмір көріністері берілсе, енді бірде автор оқиға ситуациясын жеделдетеді. Бүгінде кейуана бақыт­ты әжеге айналған. Үлкен қиындықпен өсірген жалғыз ұлы мейірімді болып ер жет­ті. Келіні де жақсы. Немерелері жан-жақтан қоршап алған. Бірінің атын айту үшін бәрінің есімін түгендеп жатқаны сол.
Әңгіме композициясы ұтымды құрылған. Автор оқырманын оқиғалық жағдаймен таныстырған соң, бас кейіпкердің өмір-тарихын, басынан кешкен қиын күндерін шегініспен сурет­теуге көшеді. Дүниеге сәби әкелуі күрделі жайға айналған. Дәрігердің айтуында, сәбиді дүниеге әкелуі өміріне қауіпті. Кең құрсақ жеңгелерінің бірі білгенде жағдайды ушықтырып, алдыртып тастау керегін айтады. Әйел басындағы психологиялық хал ширыққан.
«Сонда ана тапжылдырмайтын таңдаудың алдында тұрғанын түсінді: не өлім, не өмір! Өмір, сен, әрине, ғажапсың, нұрлысың, тәт­тісің! Сені дүниенің қандай асылымен айырбастауға болады екен? Бола ма екен сол өзі? Жаратқан иең жарылқап алдыңнан бейіштің раян қақпасын ашып тұрса да, сені тастап кету мүмкін бе? Сені, өмір, дүниеге қалай келетіні бейкүмән, ертең кім болатыны тіпті беймәлім жан үшін қалдырып, қиып кете бару күнә да шығар, бәлкім?.. Бірақ апыр-ау, бірақ… Бүйрегін бүлкілдетіп жатқан сәбиінің не күнәсі бар? Бұл көрген нұр сәулелі дүниені, жап-жарық әлемді, таң нұрын ол да көруі керек қой. Ол да өмірдің ащы-тұщысын татып адам боп, адамдардың қатарында ғұмыр кешуі керек. Жан бітіп талпынған тіршіліктің басталмай жатып аяқталғаны, шырқалмай жатып үзілгені зауал емес пе? Пешенесіне жазылғанын көрер, қайткенде ол бұ дүниенің көш-керуеніне ілесуі керек. Ал мен оған ғайыптан жолдас болып жанында жүремін. Анасыз жетімді менің рухым жебейді… Ана ажалды таңдады!»
Ғ. Мүсіреповтің ана туралы әңгімелеріндегі романтикалық сарынды еске түсіретін пафос реалистік арнаға ауысады. Ана аман-есен босанып, дүниеге ұл келеді. Алайда өмір сынағы алда екен. Әп-әдемі, сүйкімді болып өсіп келе жатқан перзенті аяқ астынан қат­ты ауырады. «Өлтіріп аламын-ау», – деп әйелдің есі кеткен. Осы аралықта көрініс беретін Әймен әженің бейнесі келісімді шыққан. Табиғи. Көп құрсақ көтерген, халық емін бойы­на сіңірген, қолы шипалы мұндай әйелдер болады. Емінен соң, балаға жан бітіп, шат-шәлекейі шығып, шырылдап жылағанда «ашуын-ай жаманның, ашуы қиын екен өзінің» деген сөзі – деталь ретінде орта шындығын бекіте түседі.
Күйеуі өлген әдемі де жас әйелдің басына сөз үйір. Күйеуіңнің «досы» едім, тірлікте бағасын білмедім деп көкитін адырақ көз бригадир де соқтығады.
« – Жетер! – деп саңқ ет­ті. Иә, дауысы шаңқылдамай, шаптықпай, саңқ етіп шықты. – Жетер, бригадир жолдас! Мен саған азғырынды бола алмаймын. Бұтының қамын күйт­теп өмір сүретін бұралқың мен емеспін. Сен менің есіл ерімнің сынған тырнағына татымайсың. Ғазиз жарым дүниеден қайтқан күні менің тәнім өлген. Мен – тәні өлген әйелмін. Жаратқан Хақтан жалғыз ұлым үшін жанымды ғана аманатқа сұрап алғанмын. Ал қазір дереу табаныңды жалтырат, әйтпесе, жарып тастаймын!» – деп келетін диалог, біздіңше, табиғи шықпаған тәрізді. Аласапыран күй, жаншылған намыс үстіндегі әйел бұлай сөйлемесе керек. Авторлық ойды жеткізу жолындағы үстемелеуге жол берілген. Оның есесіне «Адыраң көз бригадир қара түнге жұтылып, қарасын батырған түні бұрымын тарқатып жіберіп, жаны жараланған жесір әйел жар төсегіне етпет­тей құлаған күйі бордай езіліп, ботадай боздады дерсің», – деп басталатын монолог сәт­ті орындалған. Егер де осы монолог дамытылса, бәлкім, әйел жанының күрделі иірімін ашқан психологиялық туынды жасалар ма еді.
Алайда автордың кейіпкер тұлғасын ашудағы концепциясы өзгеше. Өмірде тауқымет тартып, бірақ шаңырағын шайқалтпаған аналар бар. Автор сол ізгі мұрат­ты әйел образын жасауды мақсат тұтқан. Әрбір сөйлемі, эпизоды өлшемді әңгімеде әйел-ананың өзіндік бейнесі жасалған.

Ұлпан СӘМЕНҚЫЗЫ,
PhD докторант

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір