Айдың да жыр тудырған жүрегінен…
Алтыншаш Жақиянова 1959 жылы 30 қаңтарда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының филология факультетін тәмамдаған. Ол «Жүрегімнің жұлдызы», «Өлеңім – өмір жолым», «Қаршыға ғұмыр», «Жаңбырлы жаз», «Жанымның нұры», «Сүмбіле», «Қапшағай толқынында туған жырым», «Құлыншақ», «Сезімнің гүлі», «Самал лебіз» т.б. жыр жинақтары мен «Қанат жайған Қапшағай», «Менің Мұқағалиым», «Алып тұлға және айдынды қала» атты көркем-публицистикалық жинақтардың, «Апа, сені сағындым» атты повестің авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 2017 жылғы республикалық Балалар әдебиетінің бас бәйгесінің жеңімпазы. Қонаев қаласының Құрметті азаматы. Отызға жуық ән сөзінің авторы. Оның бір топ өлеңдерін көпшілік назарына ұсынамыз.
Редакциядан

Алтыншаш Жақиянова
ТҮРКІСТАН, ТАНИМЫСЫҢ ТҮЛЕГІҢДІ…
Жаратқан қабыл етіп тілегімді,
Мен келдім, қолыма алып жүрегімді.
Өзіңнен қияға ұшқан қанат қағып,
Түркістан, танимысың түлегіңді?!
Тербеген бесігінде бала отауым,
Бұл күнде мекен еткен Алатауын.
Қызғалдағын жинаған қырларыңның,
Қызыңды білемісің, Қаратауым?!
Бес жыр жазсам, арналып үш өлеңім,
Жағаңа келіп қанша еркеледім.
Кетпеген дәмі ауыздан бал суыңның,
Жағаңда қалды ма ізім, Үшөзенім?!
Ауылы нағашымның Абай болған,
Қоштай атам аулы деп талай қонған.
Қос бұрымды арқаға лақтырғанда,
Бозбаласы ауылдың қарай қалған.
Туған жер, кіндігімнің қаны тамған,
Перзентіңмін өлеңнен бағы жанған.
Әкем салған тұр ма екен үй баяғы,
Тұтқасында қолымның табы қалған.
Түн түнегін өлеңмен түре білген,
Айдың да жыр тудырған жүрегінен.
Шыр етіп дүниеге келген жерім,
Түркістан, не күтесің түлегіңнен?!
Өлең деп түсінетін бұл өмірді,
Білетін төркінім деп бұл өңірді.
Он жеті-ақ жыл төсіңде еркелеген,
Түркістан, танимысың түлегіңді?!
Қасиетті жерімен мақтанатын,
Түркістан – туған жер деп шаттанатын.
Мен болам, Тәңір берген ақындықтың,
Есігін он жасында қаққан ақын.
Бұл күнде керуен сарай – алтын орда,
Ақыны ұмытылмас халқы барда.
Мен келдім, қарсы ал күліп, туған жерім,
Қызыңның сағынышы сарқылар ма?!
Жамылып ақындықтың жыр шапанын,
Сенің арқаң ақын боп шықса атағым.
Қасиетті пір-бабам Әзірет Сұлтан,
Тигізді ме, кім білсін, бір шапағын!
Қияға су шығарған қара нарым,
Көре білген жер жайын, даналарым.
«Майдантал» деп шығарған ауыл атын,
Сәтберген ұрпағы боп саналамын.
Жатқан жерің жай болсын бабаларым!
Жастықтың аулы алыстап, көші кеткен,
Қыз едім өлең десе, есі кеткен.
Қасиетті мекенім, ел-жұртыма
Қуаныш сыйласыншы осы көктем.
Үшөзеннің құлпырып алқаптары,
Шақырады Қаратау – тау шатқалы.
Жарты ғасыр қолына қалам алып,
Жыр жазудан талмаған саусақтары.
Түркістан, танимысың түлегіңді,
Ағайын, аманбысың аймақтағы?!
ӨМІР ЖАЙЛЫ ЖЫР
Аққу мұңым мазалап, қыз арманым,
Күттім талай көлеңке ұзарғанын.
Кездескенде алдында бозбаланың,
Әлі есімде қарадай қызарғаным.
Қаратаудың қызғалдақ гүлін тердім,
Қолаң шашты қақ жарып, бұрым да өрдім.
Жарыстарда қалыспай қатарымнан,
Аймаңдайым жарқырап бұрын келдім.
Бойжеткені саналып Астананың,
Жастық шақтың шырқадық асқақ әнін.
Сүйгеніммен мәңгіге қол ұстасып,
Есігін аштым батыл баспанамның.
Келін болып, Шығыстың жерін көрдім,
Екі бірдей өзім де келін көрдім.
Босағасын аттаған басқа жұрттың,
Құдағи боп қызымның төрін көрдім.
Жақсы ісімді асырған ене көрдім,
Жәдігерін қастерлеп көнелердің.
Әже болдым елжіреп ет-жүрегім,
Қызығына бататын немеремнің.
О, Жаратқан, ғұмыр бер ұрпағыма,
Өмір жайлы жазайын жыр тағы да.
Өлеңіммен өзімді қоса аялап,
Жан серігім қасымда жүр бағыма.
Өмір көрдім, алпыстың белін көрдім,
Талай-талай жақсының төрін көрдім.
Қажымайтын, қайтпайтын мінезіммен,
Қиындықпен өнердің өрін көрдім.
Жағымпаздық – қас жауым жаралғаннан,
Өлең жазу жасымнан саналды арман.
Әр туындым – өмірім баға жетпес,
Өн бойыма қан беріп тарамдалған.
Мен өлсем де, өлмесін аманатым,
Алла, сақта жырымды жоғалғаннан!
КӨКЖИЕККЕ БАРАДЫ
КҮН АСЫҒЫП
Бозқараған гүлдесе жапырағы,
Иісі жарып мұрынды шақырады.
Бұтағында бір тынбай менің жаным,
Бозторғайдай шырылдап отыр әні.
Нан жабатын апамның тандыр пеші,
Еске түсер аулымның салқын кеші.
Көкжиекке барады күн асығып,
Секілденіп Жібектің алтын көші.
Көктем туса, көк жарып бүрлей-тұғын,
Өрік талдар қайда екен гүлдей-тұғын,
Жанды өртеген сартабы сағыныштың,
Бар ма кезі жүректі тілмей-тұғын?
Майданталдың жапқанда шалғайын көк,
Гүл теруші ем анама арнайын деп.
Десім қайтып, бармадым туған жерге,
Жүрегімді жаралап алмайын деп…
ДЕР МЕ ЕКЕН…
Оза шауып алды болып жыр-атым,
Керек емес дүркіресе құр атым.
Айтса болды кейінгі жас ұрпақтар,
Майданталда туған ед деп бір ақын.
Қазір сонау Алматыда тұратын,
Күн-түн демей жырға мойын бұратын.
Есіне алып, айтар ма екен бауырлар,
Шығып ед деп туған жерден бір ақын.
Майданталдың суын ішіп бойжеткен,
Жүгіретін шытырман шыт көйлекпен.
Ұшқыр ойы Үшөзенмен үндесіп,
Қырын тұрған Қаратауды сөйлеткен.
Болып ед деп айтар ма екен бір апам,
Жыр жазатын атар-атпас бұла таң.
Тағдыр айдап ерте кетіп алысқа,
Арман-дерті, аңсағаны – бір Отан.
Майданталын, майтопырағын жырлаған,
Жастық шағын уақыт ұры ұрлаған.
Жанап кетсең, туған жер деп күңіреніп,
Іші толы күй сандықтай сырлы адам.
Үйі болған тоған жақта дер ме екен,
Анасына болған қазір жер-мекен.
Туған жерін жиі есіне алады,
Аты шауып, озып келсе кермеден.
Тоғыз бала болып ед деп бір үйде,
Біреу сырттан қарар ма екен бұл үйге.
Ал бүгінде қайда кеткен солар деп,
Кейбіреулер құштар шығар білуге.
Нан жабатын еді анам тандырға,
Кешкі самал. Толар аула ән-жырға.
Ал дәл қазір Жаратқанға налыдым,
Еркек етіп жаратпаған тағдырға.
* * *
Ақындық – таққан тұмарым,
Жыр – сарқылмас бұлағым.
Белгісіз, мына өмірде,
Қонақ боп қанша тұрарым.
Сырымды айтар сыңарым,
Арманым, асқақ шынарым.
Жаныма маза бермейді,
Бойымды кернеп бір ағын.
Болатын алда тойым бар,
Жырым бар жұртым мойындар.
Бүгін бір есеп сіздерге,
Берейін деген ойым бар.
ЖАЗЫМ БАРДА
Жазып-жазып кетейін жазым барда,
Аққу-қазды әсем бір сазым барда.
Уақыт барда орнымыз қазылғанға,
(Тіршілікте қаза бар, жазым барда).
Айтып-айтып кетейін ауыз барда,
Піскен мақта сыймайды қауыздарға.
Аяқ асты боп жырым қалмаса екен,
Сөз қадірін түсінбес жауыз барда.
Сөйлеп-сөйлеп кетейін сөзім барда,
Жақсылықты көрейін көзім барда.
Шыдам барда, денсаулық, төзім барда,
Бойымда күш пен қуат кезім барда.
Жазып-жазып кетейін өзім барда.
ЕЛІМЕ КЕРЕК ӨЛЕҢІМ
Бір күндік өлең жазбауым керек,
Өзіммен бірге өлетін.
Жалын боп жанып маздауым керек,
Өмір жоқ қайта келетін.
Жазбайын деймін көңілсіз өлең,
Көңілсіз күнім аз ба еді?
Өзіме көңіл бөлусіз келем,
Күз келді, жазым аз тегі.
Өлеңім керек халқыма менің,
Мәңгілік өмір сүретін.
Қалдырам жырдың артыма кенін,
Жатқа айтып елім жүретін.
Әуенім қалсын әуелеп артта,
Шырқатып көкті айтатын.
Аттанып мәңгі келмейтін жаққа,
Мезгіл де келер қайтатын.
ӨЛЕҢІМ
Өлеңім, мені қайда жетеледің,
Елу жыл еншіңе алып жекеледің.
Атқаратын міндетім аз ба өмірде,
Жүгіңді енді қанша көтеремін?!
Меншіктеп келдің мені, иемденіп,
Жығыламын ығыңа кілең көніп.
Сырымды саған айттым, жанға айтпаған,
Сен болдың сенгенім де, сүйенгенім.
Сен мені көгендедің жарты ғасыр,
Екеуміз сөз маржанын тердік асыл.
Сен – елу, мен – алпысқа келіп тұрмын,
Сен маған не сыйлайсың көңіл тасыр?!
Біраз ел екеумізді танып қалды,
Сен арқылы еңбегім анықталды.
Тірлігімде баладай мәпелейін,
Артымда жыр қалсын деп толыққанды.