Өмір кештім әйел емес, өлең боп!..
28.04.2023
733
0

Ақсұңқар АҚЫНБАБА

* * *
Мен өзіме күллі даңқ пен билікті,
Тілер едім, ұран салып Тау бұзып:
Оның аты – Жалғыздық!

Сұрар едім ұлан-асыр байлықты,
Азан-қазан айғай бастап, жас төгіп,
Оның аты – Ашкөздік!

Алар едім қалауымды, шартымды,
Үйіп-төккен уәдемен өкіріп,
Оның аты – Өтірік!

Бірақ,
Сұрай білем ащы шындықты,
Мені іздеп кеп жолыққан,
Ол бағы ма,
Тағдырымның уы ма?
… Соны айтудан қорыққам!

* * *
Өлеңіме жүктеп беріп елім жүк,
Алтай – менен,
Мен – Алтайдан бөліндік,
Көк пен жердің ортасында қасқайған,
Екі жақтан екі тау боп көріндік.

Алтай менен,
Мен Алтайдан алыспыз,
«Елім-аймен» біз о бастан таныспыз…
Ел мен елдің ортасынан естіліп,
Тұратұғын сұрапыл бір – дауыспыз!

Сенен кетіп,
Жылындым ба, тоңдым ба?
Өзің берген жалауым бар қолымда,
Мен –
Өзімнің орнымдамын бәрібір!
Тапжылмайтын
Алтай да өз орнында!

* * *
Жарық Күнге!
Жарық Айға!
Жаңарған,
Өміріме, көңіліме ағарған,
Барлығына:
Беймәлімге,
Аныққа,
Алғыс айтам түнекке де,
Жарыққа!

Бойға біткен алапат бір туа күш,
Жан шыдатпай ұшып шықты бұла құс.
Сөз біткеннің,
Көз біткеннің алдынан,
Қарсы ұшып шықшы менен,
мың алғыс!

Қандай өмір сүрсем-дағы
Көнгенмін,
Әр күніме тәуба айтатын
Халдемін.
Не көрсем де –
Өкінбестей болғанмын,
Не қылса да –
Шегінбестей болғанмын.
Әрекетім, берекетім, бейнетім,
Отыз бес жыл
Сені ғана сөйлет­тім!

Дүниені
Кездім, сездім өнер деп,
Өмір кештім
Әйел емес, өлең боп…
Сол үшін де,
Алғыс айтсам бола ма?
О, Алла!?
* * *
Биіктерге сауал қойып біресе,
Көкке де ұштым,
Төмендерге түсіндіріп біресе,
Жерге түстім.

От пен Судың
Ортасында шер кеше,
Жүрген құс кім?
Иесі жоқ ит секілді,
Немесе,
Көрген түспін…
* * *
Ұсталып қалған қаша алмай,
Киіктің көзі сындымын.
Запыраннан да, балдан да,
Босаған шөлмек сындымын.

Лақтырылған талауға,
Бөкеннің өзі сындымын,
Жазықсыз түскен қамауға,
Тұтқынның көзі сындымын.

Тұрайын деп ем ұмсынып:
Сағат­тың тілін санап құр,
Қуарған жүзі күрсініп,
Терезеден гүл қарап тұр.

* * *
Көрдім бәрін:
Көрдім cүйіп, күйіп те.
Қызыл майдан –
Тапқаным мен енгенім,
Панасынан наласы көп биікте!

Тыным бермей тірі жанға есімім,
Талай жолды шалшықтардан тазалап,
Тарт­тым соның зәбірі мен кесірін.

Мені емес, ақиқат­ты жазалап,
Олар болса жасады бар білгенін.
Ал мен сонша қастандықтан тазалап,
Жолымды ашып,
шештім тағдыр күрмеуін.

Шын жалғыздық мына менің мойнымда,
Маңдайдағы
Талан-Тағдыр – Сойымда,
Сол жалғыздың шықпаса да дауысы,
Сол жалғыздың жыры қалар соңында.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір