Әдебиетіміздегі әйел образы – аяулы һәм аянышты
12.03.2024
2681
0

Тіршілікте ғана емес, әдебиетте де әйел затының мәні айрықша. Қазақ әдебиетінде фольклорлық шығармалардан бастап, батырлар жырында, ғашықтық дастандарда, ертегілер мен аңыз-әпсаналарда, бертінгі көркем туындыларда озық үлгіге айналған, әйел болмысын, табиғатын зерделеген кейіпкерлер көп. Десе де, сан құбылған заманмен бірге адам мінезі де күрделеніп келеді. Кешегі, бүгінгі бойжеткендер мен аналардың жан дүниесін айшықтаған шығармалар мен образдар жөнінде «Алқа» жиынын ұйымдастырған едік. Белгілі қаламгерлер мен әдебиеттанушылар – Мұрат Шаймаран, Есей Жеңісұлы, Ақерке Асан мен Ерзат Еркін сұрақтарымызға жауап беріп, әдебиеттегі әйелдер бейнесі төңірегінде толғамды ойын ортаға салды.

«Мадам бовариден» Каренина салмақтырақ

Қ.Ә.: Арулар мен әйел табиғатын суреттеген шығармалардан өзіңізге ұнайтын туынды жайлы айтып берсеңіз? Несімен ұнайды?

Мұрат ШАЙМАРАН: Қазақ әдебиетінде әйел тақырыбында жазылған шығармалар өте көп. Батырлық жырлар мен ғашықтық жырлардағы аруларды, былай қойғанда, Абайдың, Әуезовтің, Аймауытовтың, Мағжанның (айта берсең, бұл тізім ұзара береді) шығармаларындағы әйелдердің образы – өз алдына бір төбе. Барлығы да қазақ әйел­дерінің сұлулығы мен қайсарлығын әйгілеп тұрғандай. Мұндай жарқын бейнелер  Әбіш пен Мағауиннен, Дулат пен Төленнен де жиі кездеседі.
Маған жырға айналып кеткен әйел бейнелерінен Жұмекеннің «Келін» поэмасындағы келін образы қатты ұнайды. Жұмекен – ұлы ақын! Ол «Келін» арқылы сол дәуірдегі (соғыс жылдарындағы) ұлт­тың қасіреті мен қайғысын, қайсарлығы мен өмірге құштарлығын мінсіз суреттеп берді.
   Мен үшін сондайлық ұлы шығарманың тағы бірі – «Дариға-жүрек». Мұқағалидың қаламынан туған Дариға бейнесі өзінің әсемдігі һәм тым мұңды тағдырымен сан мыңдаған оқырманның жүрегінде қалғаны шындық. Сонымен қатар «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы перзенті үшін халық қасиетті деп таныған ырым-тыйымға қарсы әрекетке барған адал да нанғыш  ананың қайғылы бейнесі де – қазақ поэзиясындағы теңдесі жоқ дүние!
Қазақ поэзиясында мұндай шоқтығы биік шығармалар аса көп емес. Осы азшылықтың легіне Есенғалидың әйгілі «Ғайша бибісін» қосар едім. Бұл да – біз секілді жазарманның арманына айналып кеткен ғажап дастан, естен кетпес есіл бейне! Осындайда Жұматайдың «Ләйласын» айтпай кету әділдік болмас еді. Талай бозбала мен бойжеткеннің жүрегін жаулап алған дүниені классикалық шығармалардың сапына қосар едім.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Бұл – мәңгілік тақырып қой. Ертеректегі шығармаларды айтпаған күннің өзінде, қазір әлем әдебиетінде, әсіресе сентиментал роман жанрында әйелдердің әдемі образдары көп-ақ. Соның ішінен үш шығарманы ерекше атағым келеді. Джон Гриннің «Жұлдыздар кінәлі» романындағы Хейзел Грейстің бейнесі – сондай аяулы. Өзінің обыр ауруына шалдыққанын білген қыздың өміріне Огастус «екпіндеп келіп еніп» кетеді. Амал не, Огастус та осы аурудың «болашақ құрбаны» болып шығады. Екі жасөспірімнің Амстердамда тұратын жазушыны іздеп баруы, бірін-бірі жақсы көре жүріп, сезімін жасыруы, соңында Огастустың өз өліміне дайындалуы – бәрі-бәрі жүректі тербейді. Өзінің ғұмыры қысқа болатынын біле жүріп өмірге ұмтылатын Хейзелге де, Огастусқа да сонша риза көңілмен аяқтайсыз кітапты.
Джоджо Мойестің «Жауын астындағы бақыт қадамы» романы жалғасты үш ұрпақтың ғұмырын тамаша суреттейді. Мұнда өмірден бәрін алған, содан да тәкаппар Джой әженің де, оның қызы – адасып жүріп, басын тауға да, тасқа да соғатын Кейт ананың да, анасының өмірін зая деп ұғатын, ескілікті жалпы тіршіліктен алып тастау қажет деген ұстанымдағы Сәбина қыздың да образы өте орнықты. Роман соңында осы үш ұрпақтың ортақ түсінікке ұйыйтынын сезіп отырасың, бірақ жазушы әйел жанының мың сан тармағын домбыра ішегіндей талдап теріп отырып, күтпеген финалға жолықтырады.
Нигериялық жазушы Чимаманда Нгози Адичидің «Американах» романын әлем әдебиетінің жаңалығы деп ойлаймын. Мұнда қаранәсілді әйелдің әлемнің қай тұсына барса да түртпек пен келемежге тап болатыны, жалпы, үшінші әлем адамдарының, өкінішке қарай, қазіргі дүние дамуының қай сатысына көтерілсе де өте төмен бағаланатыны аяусыз суреттеледі. Романда жаныңды түршіктіретін оқиғалар мен сәттер өте көп. Шынымды айтсам, осы шығарманы оқыған соң болашақта Африка құрлығы әлем әдебиетінің ендігі модасын (сәнін) қалыптастырушы болады-ау деген ойға беки түстім. Қазір Адичидің «Сары күннің жартысы» романын аяқтап қалдым. Мұнда да африкалық әйел тағдырының мұңды, қасіретті, қасиетті бейнесі тұнып тұр.
Ерзат ЕРКІН: Неміс ағарту дәуірі әдебиеті кезеңінде кейіпкер тұлғасының психологиялық, адамгершілік және әлеуметтік қалыптасу жосығына қарай отырып, роман жанрларының кейбір аймағын «билдунгсроман», «кюнстлерроман» деп атағаны белгілі. Демек, сіздің сұрағыңызға байланысты сөзді әуелі әлем әдебиетінен бастағанды құп көріп отырмын. Себебі көркем шығармадағы арулар мен әйелдер де – ең алдымен, өмірлік сұрақтарына жауап іздеген, аңғалдықтан есею кезеңіне дейінгі «кәмелетке толу» дәуірін басынан өткеретін қарапайым адамдар һәм образдар. Әйел бейнесін жан-жақты, шынайы, дәл суреттеген ұлы туындылардың көшбасында, әрине, осыдан 160 жыл бұрын таңбаланған Гюстав Флобердің «Бовари ханым» романы тұр. Бұл өзіне дейінгі көне сүрдекке қарсы мәнерде жазылып, қатаң реализмнің қадағалануында сұлбаланған «антироман» екенін білеміз. Сол себепті барлық абстрактылы авторлық пікірден арылған шығарма өзінің шынайы­лығымен, табиғи әсерімен, әдеби натурализм детальдарімен бізге айрықша әсер етеді. Оқырман ретінде Флобердің кейіпкерлердің алхимиясын аша білген шебер тұстарын ұнатамын, дәрі сатушы, дәрігер, шіркеудегі Аббат-Бурнизен диалогтерін, көрші әйелдердің сыпсың сөздерін – барлығын қандай шеберлікпен суреттеген. Басты кейіпкер Эмманың ақыр соңында қарақұрыштанып барып, қоқыр затқа айналатын оттай ыстық ішкі арының, ұятының тәптіштей бейнеленгені де таңдандырады. Флобердің Эмманың күйеуі Шарлдың ішкі әлеміне үңгіп кіруді ұмытып кеткен тұстары да көп деп санаймын, десе де, образдардың тепе-теңдік мәселесін Флобер менен гөрі жақсы білсе керек.
Бозбала кезде оқып, терең әсер алған шығарманың бірі – Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелден келген хаты» еді. Өмірде, шынымен, осындай жандар да болады екен-ау деп бас кейіпкер – әйелдің өз махаббатының жолындағы құрбандық рухына тәнті болғанбыз. Кейінірек білгеніміздей, Цвейгтің психоанализ ілімінің ұлы кемеңгері Фрейдпен достығы, яки адам дейтін ықылымнан бергі ең күрделі болмыстың жан-әлеміне үңілу үшін терең ізденістерге, жүйелі еңбектерге барғаны анық болды. Стефан Цвейг қаламынан өрілген кейіпкерлердің көпшілігі ер-әйел жынысына қарамай-ақ сәтті сомдалғаны мәлім, бұл тұрғыдан қарағанда, талантты қаламгерлердің көбі әйел затының жан дүниесін айрықша шеберлікпен, биік деңгейде суреттей білгеніне көзіміз жетеді.
Мұхтар Әуезов шығармаларындағы әйел образдары, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романындағы Айшешек образы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» туындысындағы Ақбала образы – ұлттық әдебиетіміздегі әйелдер образының галереясын толықтыратын бірегей бейнелер. Әбіш Кекілбаевтың «Шеткері үй» повесінде де келіншектің тағдыры, мінездемесі, әйел жанының құпия-қалтарыстары поэзиялық тілдік деңгейде суреттеліп, психологиялық портреті шеберлікпен ашылады.
Ақерке АСАН: Бұл сауалдың астарында біршама мәселе табылуы да ықтимал. Алдымен жақсы туындыда әйел образы белгілі бір идеологияға сүйенбеуі шарт немесе оқырман сондай талаптан ада болуы керек деп есептеймін. Әлем әдебиетінде әйел образдарының біркелкі болған тұстары көп: мейірімді ана (Марми Марч, Графиня Ростова), адал жар (Пенелопа, Татьяна Ларина), сұлу әйел, муза (Скарлетт О’Хара, Анна Одинцова, Маргарита Николаевна, Эсмеральда)… Әрине, жоғарыда аталған кейіпкерлердің көркемдік қуатына һәм бағасына еш күмән келтірмейміз. Көбі оқырман арасында, соның ішінде мен үшін де сүйікті кейіпкер екені анық. Тек әйел образдарының басым бөлігі басты кейіпкердің (ер адамның) көлеңкесінде тұратынын мойындауымыз керек. Басты кейіпкер ретінде, күрделі драматургияның бел ортасына қойылған әйел образдары аз. Мәселен, Одиссей, Дон Кихот, Раскольников сынды, жалпы, әдеби процесте дербес алып тұлға ретінде жазылатын образдарды айтамын. Дегенмен біршама күрделі басты кейіпкер ретінде бірнеше образды атап өтейік. Шығыс фольклорының басты әйел образы Шахерезада – әдебиет әлеміндегі ең танымал нарратор, сенімсіз баяндаушы, трикстер кейіпкер һәм өзінің жеке трагедиясын сөз арасында жасырған сәтті образ. Күрделі сюжеттің ішінде кейіпкер ретінде үстемдік құру әдісінен аларымыз әлі де болса алда деп ойлаймын. Батыс мифологиясының желісімен жазылған Еврипидтің «Медея» атты трагедиясы – фокусын толығымен әйел образына бұрып, драматургиясында әйел образын бастапқы нүкте етіп құрастырған үздік шығарма. Күйеуіне қарсы соғыста ең ауыр соққы ретінде құрсағынан шыққан балаларын өлтіріп, Ясоннан кек алады. Көне грек әдебиетіндегі ең мықты, күрделі образдардың бірі. Одиссей жалпы әдебиеттің мәңгілік кейіп­керіне айналса, Пенелопа өз бағасын мүмкін келешекте басқаша салмақтайтын болар. Гомердің эпосы теңізден өзін іздеген Одиссей туралы емес, «жағада қалған Пенелопа жайлы бола алмас па еді» деп бір ойланып көріңіз. Әлем әдебиетінде Флобердің «Мадам Бовари» образынан гөрі Л.Толстойдың Каренинасы әлдеқайда салмақтырақ өзім үшін. Басты кейіпкерге қажет күрделі архитектура мен философиялық концепцияның ең әдемі үйлесімі бар образдардың бірі – Анна Каренина. 2020 жылғы жаңа экранизациясынан кейін Луиза Мэй Олкоттың қазіргі жас оқырманның көзайымына айналған «Кішкентай әйелдер» романындағы Джо Марч – мақтан тұтарлық үздік әйел образы. Бұл роман – қыз-келіншектер тарапынан әртүрлі жас аралығында оқылған сайын түрленіп отыратын нағыз Bildungsroman туындысы. Джо Марч – абсолютті революционер образ. Кейіпкердің өз заманында оны таңдаған адамға емес, өзі таңдаған адамға тұрмысқа шығу жауапкершілігін алуы, тағы басқа біршама еркін әрекеті жас оқырманның қалыптасу дәуреніне дөп келіп оқылса, тіптен жақсы. Түрік әдебиетінде Решат Нури Гюнтекиннің қаламынан төгілген аяулы кейіпкер Фериде де дәл сондай болмысқа ие. Романның сюжеттік драматургиясы мен кейіпкер Фериденің ішкі драматургиясы қарама-қайшы келген тұста мінез бен еркіндік образдары ашылған. Қазақ әдебиетінде бұл тақырып әлі де өз қаламгерлерін күтеді деп сенемін.

Ел басына күн туғанда,
ең алдымен, әйел тағдыры
сынға түседі

Қ.Ә.: Қазақ әдебиетінде қыз балаға, әйел затына қатысты бейнелер айтарлықтай қалыптасып үлгерді деп ойлайсыз ба?

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Қазақ әдебиетіндегі әйел образы – өте бай, өте асқақ, өте аяулы, өте аянышты. Тағы да барша жұрт білетін кейіпкерлерді санамаламай-ақ қояйын. Қазір ескерілмей, айтылмай жүрген тамаша шығармалар жетерлік. Мысалы, Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» трилогиясында әйел­дердің қаншама трагедиялық образы сипатталған! Отбасы бар Жексенді сүйген Шәмсияны тіпті де кінәлай алмайсыз. «Бұл бейшараға да бір несібе бар шығар», – деп үміттеніп отырғаныңызда, Шәмсия денесі тілгіленіп құрбан болады. Зияқанның қарындасы Гүлзаданың жынданып кететін тұсы қандай қасіретті! Оспан батырды нағыз ерше күткен, қадірлеген Баянның ана, әйел ретіндегі бейнесі – тым асқақ, тым аяулы. Осы образдар ел басына күн туған сәтте, ең алдымен, әйел тағдыры ойыншыққа айналатынын анық көрсетеді.
Өз басым Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» туындысын оқығанда, әйел атынан баяндалған оқиғаны ер адамның сонша шеберлікпен жазғанына таңдай қағып едім. Одан кейін Сайын Мұратбековтің, Бексұлтан Нұржекеұлының әйелдер галереясы таңдай қақтырды. Бәрінің бастауында даңқты Әуезовтің «Кінәмшіл бойжеткені» мен Мағжанның «Шолпанның күнәсі» тұрғанын жүлгесінен танығандай қуанамыз. Ақбілектің образы (Ж.Аймауытов) – тым қарама-қайшы.
Мұрат ШАЙМАРАН: Әйел затындағы даналық пен көрегендік, мейірім мен ізгілік туралы сөз болса, саналы оқырманның есіне ұлы Мұхаң сомдаған Зере, Ұлжан, Мүсіреповтің қаламынан туған Ұлпан секілді таныс бейнелердің келері даусыз. Ескі заманда қазақ қыздары кешкен өкінішті қилы тағдыры, қайсарлық, өмірге ынтызарлық хақында сөз болса, біздің ойымызға Дулатовтың – Жамалы, Мағжанның – Шолпаны сияқты кейіпкерлер оралады. Мұндай бейнелер өте көп. Ежелгі дастандарымызға арқау болған сұлуларымыз бен батыр қыздарымыз – жеке әңгіме. Осы дүниелерге қарай отырып қазақ әдебиетіндегі әйелдер бейнесі жалпы тұлғалық жақтан қалыптасты деп ойлаймын. Себебі бұл шығармаларда қазақ әйелдеріне тән барлық қасиет бар. Десе де, заманның дамуына сай түрлі информациялардың әсерінен адам санасында белгілі өзгерістердің болатыны, құндылықтарға деген басқаша көзқарастың қалыптаса бастайтыны ақиқат. Біз жаһандану кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл біздің  болмысымызға ықпал етеді. Былайша айтқанда, өзгеше таным-түсініктегі адамдар шоғыры қалыптасады. Осыған орай, қазіргі заманғы әйел табиғатын тану, олардың өмірін жазу жас жазушылардың еншісінде дегім келеді.
Ақерке АСАН: Кеңестік бодандықты кешкен, немесе қазіргінің тілімен айтсақ, ТМД аумағында әйел затына қатысты белгілі бір образ, әрине, қалыптасып қалған. Дәстүрлі түрде жалғасып та келеді. Ел арасында «қазақ қызы», «қазақ аруы», «қазақ әйелі» деген стереотипті тіркестер – әдебиет пен кинода сомдалған образдардың нәтижесі әрі бұл – қашанғы заңдылық. Мектеп бағдарламасындағы классикалық шығармалардың көбі кеңестік идеология шекпенінен шыққандықтан, қазақ қызының мүшкіл хәлі, маңдай соры туралы шығармаларды бәріміз де оқып өстік. Одан кейін авторлар қатарында қыздардың есімін естіп, оқу деген де беріге дейін сирек еді. Сондықтан бұл алаңда вакансия көп – шығармаға да, авторға да. Ештеңені жоққа шығармаймын, әр заманның өз талабы, шекарасы, мүмкіндіктері һәм режимі болады. Классикалық шығармалар қашанда өз орнында қалады. Десе де, басты кейіпкерді қыз бала етіп, оны алдымен адам ретінде драматургия сүзгісінен өткізетін шығармаларды асыға күтетініміз рас.
Ерзат ЕРКІН: Әрине, қазақ әдебиетінде XIX – XX ғасырлардағы әйел теңсіздігі тақырыбында жазылған шығармалардан бастап, қазірге дейінгі үлкен әдеби үрдісті қарастырсақ, қыз балаға, әйел затына қатысты біршама образ қалыптасты деп ойлаймын. Шығарманың өзі сол дәуірдің өмір шындығын, заман-қоғам келбетін толық мағынада ашып көрсете алса, осыған ілесе автор сол кезеңдегі адамдардың да образын, характерін қағыс қалдырмауға тиіс. Мейлі, ол сынық сөйлем, әлдебір ішкі толғаныс, монолог түрінде болса да, қазақ әйелдерінің, қыздарының образын ашу үшін сәтті қызмет атқарып тұруы мүмкін. Дейтұрғанмен, Ақерке айтқандай, біздегі романдарда әйел образдары көбіне қосалқы, жанама образ ретінде қызмет атқаратыны да белгілі, әйел образының өзін терең қаузап, көлемді жазылған көркем шығармаларды санап шығуға да болатын секілді. Жұрт көп айтатын қазақ әдебиетіндегі әйел тақырыбына жазылған әйгілі шығармалардағы әйел образына қатысты тұсты оқып отырғанда көңіл толмай қалатын кездер жиі кездеседі. Бұның өзі біздің әдебиетімізде аламыш қалған, әлі жетер жеріне жетпеген «аймақтар» көп екенін білдірсе керек.

ӨТКЕН ҒАСЫРДАҒЫ ШЫҒАРМАЛАРҒА ҚАРАП, ТОҚМЕЙІЛСУГЕ БОЛМАЙДЫ

Қ.Ә.: Прозада болсын, поэзияда, драматургияда  болсын, нәзік жандылардың қандай образдары ашылғанын, жасалғанын қалар едіңіз?

Мұрат ШАЙМАРАН: 1990 жылдардың басында мен қытайдың Құлжа қаласында оқуда болдым. Қазақстанның егемендік алып, екі елдің шекарасы ашылған кез. Студентпіз ол  шақта. «Қазақстаннан қазақтар келіп жатыр екен», – деген соң делебеміз қозып, олар түсетін вокзалға барамыз ғой. Сонда мені таңғалдырғаны – ауыр-ауыр ала сөмке көтеріп сауда істеп жүрген қазақ әйелдері болды. Әр жолы солай. Кейіннен бір топ жігіт әлгі апайлардың заттарын көтерісіп көмектесетін болдық…. Сөйтсек, егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық пен ауыртпалықты осы әйелдер мойнымен көтеріп, төзімділікпен жеңген екен ғой. Тәуелсіздіктің шайқалмай, өз тұғырында қалуына қазақ әйелдерінің қосқан үлесі орасан! Бүгінде ел үшін еңбек етіп жүрген қарапайым әйел қаншама! Мен солардың адами болмысының, жан дүниесінің, жеткен жеңісі мен өкініш-қайғысының, арман-тілегінің қарымды қалам ұшына көптеп ілінуін қалар едім.
Ақерке АСАН: «Нәзік жандылар» тіркесінен «нәзік» эпитетін алып тастап, «жан» деген сөзін қалдырсақ. Нәзіктікті әйел образының басты сауыты қылатын шығармалар жетеді һәм әлі де көп жазылады. Бізге әйелдің адамдық болмысын ашатын қаламгерлер керек. Оны жағымды кейіпкерлер қатарынан бөлек, күрделі антагонисттердің қатарынан да көргіміз келеді. «Кейінгі кезде түрлі салада әйел тақырыбы белсенді айтылып, біршама мәселе шешіліп келеді» деген танымал ақпар – бізге тек жұбаныш. Шын мағынасында әйел тақырыбы әдебиетте көлеңкеден айыққан жоқ.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Қазақ поэзиясы өлмейді, дәуір сайын жаңарып, жасай береді. Мен прозадан ерекше ерлік күтемін. Қазіргі жас жазушылар жазатын тақырып өте көп. Мағжанның жары Зылиханың образын ашатын бір шығарма қажетсінем. АЛЖИР-де жары үшін азап шеккен қазақ аналарының образы да ашылуға зәру. Тіпті бергі, қазіргі қазақ әйелдерінің образы да мүлде жазылмай жатыр. Мұрат аға айтқандай, тоқсаныншы жылдары тұтас ұлтты қаңғыртпай аман алып қалған аналар қазір тірліктен еш сый көрмей, бейнетіне ауру жамап өмірден өтуде. Соны жазбадық. Ез күйеуінің осалдығын жұрттан жасырып, бір өзі бүкіл әлемнің ауыртпалығын иығымен көтеріп жүрген келіншектер қаншама!
Ерзат ЕРКІН: Заман орнында тұрмайды. Дүние өзгереді, төңкеріле толқып, жағалауға көбігін шашқан алып мұхиттар сияқты тасып жатады. Ғасыр басындағы Мағжан, Жүсіпбек, Бейімбет, Мұхтар Әуезовтер суреттеген апаларымыздың образы уақытында өзінің әдеби қызметін толығымен атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы шығармаларда суреттелетін әйел бейнелері де от пен оқтың ортасында жүріп, «Семсер мен гүл» философиясы сынды батыл рух пен әйел жанының нәзіктігін сәтті қабыстыра білді (барлығы емес, ішінара ұшырасып қалады). Кешегі 1960-90 жылдардағы әдебиеттегі әйелдер бейнесі де құдық түбіне шегендеген малта тас сынды біртіндеп уақыттың қараңғы, тұңғиық бөлігіне қарай шөгіп барады. Өмірлік шындықтан көркем шындыққа көтерілген типтік бейнелер ескірмейді әлбетте. Өткен тарихтағы жан дүниеміздің, рухымыздың, сезім-түйсігіміздің көрінісі болып тасқа басылған кітаптар әлемінде тұра береді. Дейтұрғанмен, әу бастағы сөз мәнісіне қайта оралсақ, адам да өзгереді, дүниенің кебін өзгертетіннің өзі – адам. Абай атамыз айтпақшы, қазақ та – адам баласы. Қазақ әдебиетінің жанрлары қазіргі өмір сүріп отырған кезеңдегі қазақ қыздарының, қазақ әйелдерінің, қазақ аналарының, ғалым апайларымыздың, өнер адамдарының, билікте жүрген саяси тұлғалардың һәм қоғамымыздағы мың сан салада жүрген әйелдердің тағдырын, ой-санасын, кескін-келбетін суреттеуге талпыныс танытса, жақсы болар еді. Халқымыздың қоғамдық ой-санасы да дамып келеді, осыған орай, қазақ қаламгерлерінде қазіргі күні көркем әдебиет пен философияның шекарасын жойып жібермесе де, бұлыңғыр шекке дейін жеткізе суреттеп жазғысы келетін, адам табиғатының сан қырлы бөлшектерін зерттеп ашқысы келетін гетерогендік құбылыс көптеп жарыққа шығуда. Бұның өзі – қуана құптарлық құбылыс. Осыған дейін қазақ әйелдерінің болмысы суреттелген ұлттық әдебиетіміздің ірі жанрлары одан ары толыға беруге тиіс. Даму дегеннің өзі әлемдік әдебиеттегі үздік үлгілердің қуатты иіріміне жұтылып кетуді білдірмесе керек. Тәуелсіздіктен кейін әдеби ойлау жүйесінде болған еркін, азат рухтың мүмкіндігін ширек ғасырда толық іске асырдық деп айту қиын. Өткен ғасырда жасалған әдеби образ, көркем шығармаларға қарап тоқмейілсіп отыруға болмайды. Сан алуан әдеби тәсілді қолдана отырып, адам табиғатын, оның ішінде әйел образын биік деңгейде суреттеп жазуды құптаймын, сансыз параллель мүмкіндіктердің жолын ашуымыз керек.

Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір