Бейсенханнан қалған белгі
10.03.2017
1532
0

– Қалың қалай? Сені көрмегелі көп болды, жұмысың жақсы ма?
– Жүрмін сол, бұрынғы жұ­мыс­та.
Қайынсіңлісін көрген сайын оның жалғыз жүргені Назеркенің жа­нына батады. Осыдан біраз жыл бұ­рын кіші енесінің қазасын есті­ген­де, бас құрап алған өзге балаларынан гөрі шешесінің өлгені осы Зирагүлге қат­ты бататын болды-ау деп ойлаған. Зи­ра­гүл­дің қазіргі жауабы сол уайым­ды еселетпесе кеміткен жоқ.
– Зиражан, ағаңның үйлен­беген Жо­март деген досы бар екен. Өткенде үй­ге қонаққа келді, жап-жақсы жігіт се­кілді, сөзі түзу, өңі жылы, таныссаң қай­теді?
Назеркенің күйеуі Зирагүлдің не­мере ағасы болған соң бұл ұсы­ныс­ты аса қысылмай айтты.
– Ауылда фазендасы бар екен…
Қалада еркін жүріп-тұрып қал­ған қыз малды ауылға бара қояр ма де­ген күдік жеңгенің даусын бә­сең­детіп жібергенімен, қалада үйсіз-күй­сіз, тапқаны ішіп-жемінен артыл­май жүргенше, жақсы азамат болса тұр­мысқа шы­ғып алғаны жақсы ғой деген үміті де бар еді.
– О-и-и-и…
Қайынсіңлісінің күреңсіз, сол­ғын жауабынан көп адамның бұған дейін де осындай ұсыныс жасағанын және ондай ұсыныс­тардың шамына тие­тінін, тіпті кейде жалғыздығын бе­тіне басып тұрғандай дық қалдыра­тынын Назерке сезді…
Өзін Зирагүлдің орнына бір сәт қойып көрсе тұрмысқа шық­қанды жөн санап қалады, артынша, тағдыр бас­қа салмағасын жалғыздықтың со­ры мен бақытын дәл Зирагүлдей се­зіне алмайтынын мойындайды.
Жалғыздық. Бұл адамның жан-жағындағы жора-жолдас, туған-туыс, та­мыр-таныстарына еш қа­тысы жоқ се­зім болса керек. Кей­біреу топты жан­ның ішінде жүрсе де құлазыған көңі­лін көтере алмайды, енді бірі жал­ғыз болса да қасына жақсы-жай­саңды жиып, жанын жүдетпейтін іспен шұғыл­данып жадырап жүреді. Бұрын­ғының үлкендері «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Басың екеу болмай малың төртеу болмайды», – деуші еді. Қазіргінің жа­сы да, жасамысы да жалғыз­дықты олар сияқты жат­сынбайды. Соған қарағанда пенделер жиі ауыз­ға алатын «заман өзгерді» деген сөз бекер сияқты, заманнан бұрын адамның өз ортасына, өмір сүру салтына деген көзқарасы өз­геретін болу керек. Ана бір жылы осы Зирагүл «Күйеуге тиіп, ұш­паққа шық­­қан сендерсіңдер ме? Біреуің байыңның, екіншің енең­нің, енді бірің балаңның тілін таба алмай, біт­пейтін дау-дамайға, өз қолың өз ау­зыңа жетпейтін тап­шы­лықта былы­ғып отыр­сыңдар. Өз басым­ның қай­­­­ғы­сына қайғы қосқым келмейді», – деп еді. О кезде Назерке де жас, сө­зі­нің жаны бар-ау… деген. Жаңа за­ман­ның талабы әр адамды жеке тұл­ға ретінде ба­ға­лап, оның қалауы­на, көзқара­сы­на, ішкі танымына көп көңіл бөле бастады. Біреуге ізгі ние­тіңіз­ді білдіру үшін де оның шамына ти­мей, көзқара­сына қай­шы кел­мей­тіндей етіп жеткізуіңіз керек. Мұн­дайда жеңгелердің қайын­сіңлілерін жігітпен таныс­тыру туралы ниеті еш­кім талап етпей-ақ сейіліп кететіні тү­сінікті. Бұрынғылар айтатын «Сен тиме­сең, мен тимен бадыраң көз» де­ген дәл бүгін орнығып келе жатқан­дай. Адамдардың барлығы ақжарқын, сыпайы, бір-біріне дауыс көтер­мей­ді, барлығының төрт түлігі тү­гел мамыражай тіршілік кеше­тін­дей. Көмейге ты­ғылған өксікті, жанарға іркілген жас­ты, кеудеңді кернеген қуанышты, тіп­ті ойыңа келген сөзді де сараптан өт­кізіп алып айтасың. Сұлу өмір. Алай­да, бі­реу-біреудің жан сырын тың­­дауға ықылассыз болғасын жылу жоқ. Ешкімге артық ауыртпалық ке­рек емес, бірінің өміріне бірі мей­лін­ше араласпай, «тек жүріп тоқ болады».
«О-и-и-и…», – деген жауаптан соң бұлардың қасына өзге абысын-ажын келе бастаған еді. Әңгімені әрі қа­рай бастырмалату орынсыз бол­ға­сын өзге шаруға айналған Назерке осын­дай ойларға батты. Іле туып-өс­кен ауылындағы көрші Бейсенхан апа есіне түсті. Кінді­гі­нен тараған бір ұл, бір қыздың артынан Гүлбақыт есім­ді қыз асырап алған. Оны қайдан, қа­лай асырап алғанын бүгінде көзі кет­кен үлкендер я алпысты алқымда­ған ауыл адамдары білмесе Назер­ке бей­хабар. Құлағы мүкіс еститін кемтар қызды Бейсенхан апаның неме­ре­лерінің барлығы Ләлә деп атайтын. Сол үйдің отымен кіріп күлімен шы­ғатын оған Бейсенхан ападан басқа адамның жаны ашиды деп айту қиын. Ләләнің өңі мен даусы Назер­ке­нің есінде еміс-еміс қана сақталған. Даусы бірде қар­лы­­ғыңқып, бірде ши­қыл­дап шы­ға­тын қыздың Бейсен­хан апаның немерелеріне мейір­лене қа­рай­­ты­ны есіне түссе көмейіне өксік ты­­ғылады. Мұның балалық ша­ғын са­ғынғаннан я болмаса кемтар жан­ның жүрегіндегі мейірімге сүйсін­ген­нен туған сезім екенін Назер­кенің өзі де білмейді. Ләлә­нің мектепке бар­ған-бармағаны есінде жоқ, әй­теуір сол үйдің кір-қоңын жуу, бала бағу, үй жинау, т.б. жұмыстарының бар­лығын сол істейтін. Немерелерінің ал­ды мек­теп бітіріп, кенжелері есейіп қал­ғанда Бейсенхан апа ауыл
іш­і­­­не сұрау салып асыранды қызына күйеу іздеді.
– Енді қайтемін… Ертеңгі күні кө­зім кетсе, мына қызға кім пана бо­лады? Көп дүниеге санасы же­тіп, кері кеткен көшті алға сүйре­ме­се де есі түзу, бір үйдің шаруасы­на мығым. Күйеу­ге тиіп, балалы болса, мені жоқ­тамай, баласына алданар… Жас­тайынан асыраған соң осы баланың тағдырын менен басқа кім ойлайды дейсің, Райхан-ау… Мұны жалғыз тас­тап кетсем, ана дүниеде қалай ты­ныш жатам, – деп Назеркенің ше­ше­сіне айтып отыратын.
Бейсенхан апаның сөзі ел ішіне та­рап, көрші ауылдан келген атасы бөлек Айтпай деген жі­гітке қызын бер­ді. Ұлының қыз­меті жақсы еді, со­ған айтып ауыл­­дан жер алып үй сал­дырды. Дүниеге ұл келді. Екі жар­тыны бір бүтін еткен Бейсенхан апа­ның көңілі орнына түскен соң, араға біраз жыл са­лы­п ө­мірден өтті.
Назерке бірінші курсты аяқта­ған­да үйдегілер ауылдан көшіп қала­ға жақын маңға келді. Ләлә мен Айт­байдың, олардың ұлының кейінгі тағ­дырынан бейхабар.
Асыранды қызына пана болар адам іздеген ана жүрек өз ісін дұ­рыс деп санағанда бүгінгінің ше­ше­лері біле бермейтін бірдеңені біл­ген болар. Кемтар қыздың жалғанның қым-қуыт кедергісіне төтеп беріп, сан-салалы жолдарынан адаспай өте алмасын білген соң отының басы, ошағының қа­сында жар бақыты мен бала иісін сезінсін деді ме?..Тұрмысқа шық­қанға дейінгі өмірі мен отба­сы­лық өмірінің арасында қаншалықты артықшылық болғанын яки қай ке­зеңінде бақытқа бөленгенін Ләләдан жан баласы сұрамады. Мүм­кін ол туралы Ләлә көп ой­лан­ған шығар…
– Мен түскенде осы Зирагүлдер апыл-тапыл басып жүрген еді,
отыз­­­дан асып кетіпті, уақыт деген қа­­лай зымырайды деші…
Осы сөзді айтып жанына келген өзі­нен үлкен абысынына Зирагүлді әл­гі қонақ жігітпен таныстырсам де­ген ойын айтып еді, «Қой, нең бар. Ер­теңгі күні кім тауып беріпті Пәлен тауып беріпті, деген сөзге қаласың. Маңдайына не жазса соны көрер. Мойныңа ар­тық жүк алма», – деп тыйып тастады.
Артық жүк. Кейінгі жылдары қо­ғамда жалғызбастылардың тым кө­бейіп кеткенінің бір себебі адам­дардың осындай артық жүкті ар­қа­ла­ғысы келмегеннен екен ғой… Адам күні адаммен деген сөздің ескіргені ме? Көп ішіндегі жалғыздар бұдан әрі көбейе бермек пе? Мүмкін Алла таға­ла адам­ның ұстамдылығы мен ақыл-ойын, ниетін жалғыздық арқылы сы­найтын болар? Шырмалған ойдың соңында Назерке, мүмкін өзім жал­ғыз­дықтан қорқатын болғасын осылай ойлайтын болармын, біреудің тағ­дырына пәтуа айтуға менің қандай ха­қым бар дегенге тоқталды.
Абысын-ажын, қыз-қырқын қа­ра­шаңыраққа жиналғанда әде­биетке бергісіз әңгімелер айтылды. Нұргүл абысынның немере әпкесі өмір бойы тұрмысқа шықпапты. Шашы қайрат­ты, сү­лік­тей қою, ашық маңдай, қа­ра­гөз сұлу екен, қолынан келмейтіні жоқ. Заманның тынышында дү­кен­де жоқ торттарды пісіріп, са­лат­тың неше түрін жасайтын көрінеді. Бұй­рық болмай жалғыз жүре беріп қы­рық­тан асқанда аты жаман ауруға шыл­дығып, бір кеу­десін алдырыпты. Отаға кірерде ешкімге айтпай керекті заттың барлығын өзі алып, бауырларына отадан шыққан соң ғана мән жайды түсіндіріпті. Пышаққа түскен оңай ма? Шашы түгел түсіп, ағза­сын қай­та қалыпқа келтіруге екі жыл уа­қыт кетті. Сол жылдар ішінде бір адам­ға ауырт­па­лық салмай, дәрі-дәр­мегін уақ­тылы қабылдап, дәрігер бел­гілеген режимді сақтап қатарға қо­сылды. Нұргүл абысынның шешесі әйе­лі қайтқан жібі тізу адаммен та­ныс­тырайын деп ниетін білдірген екен «сау кезімде ешкімге керек бол­ма­­дым, енді біреуге масыл бол­ғым кел­мейді» деген көрі­неді. Қазір әйелі ке­тіп қалған бауы­рының үйінде ба­ла­ларын өсіруге көмектесіпжүр екен.
– Тағдыр-ай, десеңші, басқа түс­се баспақшыл. Біз де сөйтер ме едік, – деп Нұргүл абысын сөзін аяқта­ды.
– Қайдам, біз оның орнында бол­сақ бір жындыға тиіп алып, сонымен алы­сып жүрер ме ек, – деді енді бі­рі.
Ана баласын өмірге әкелгенде құр­тақандай жаратылыстың пәк­ті­гіне сүйсінеді, әр қылығын қы­зық­тайды. Өсе келе оған шексіз қам­қор­лық көр­сетумен қатар, жас ерек­шелігіне қа­рай белгілі бір жауапкершілік артуды үйренеді. Сабағын жақсы оқып қа­та­рының алды болса, заманның сұра­ны­сына қарай мамандық алып, жұ­мыс тапса дейді. Ата-ана да баласымен қа­тар есейетін се­кілді, жас ұлғайған сайын қатары­ның алды болмаса да, дені сау, бауыры бүтін боп, нанын адал тауып тіршілік етсе екен деп ті­лей­ді. Жақсы жігіт көрсе қызда­ры­ның сондай азамат­қа жолығуын, тәр­биелі бойжеткен көрсе ұлының сон­дай жар тапқа­нын армандайды. Бү­гінгі аналар­дың Бейсенхан ападан ерек­­шелі­гі тек тілек тілеумен шек­те­ле­­ді. Кемтар, асыранды қыздары тү­гіл дені сау көзі қара перзент­те­рі­нің аяқта­нуына, бойжеткенінің ұза­тылуына себепкер болудан қашады. Барлы­ғының көзінен, екеуі қосылған соң бақытты болса жақсы, болмаса ше деген екіұшты ой анық көрінеді.
Көзі ілініп кетіпті, ер кісілер мен ба­ла-шаға ұйықтағалы біраз болды. Түн­нің бір уағына дейін әңгіме айт­қан абысындар: «Қой, ұйықтайық, ер­тең кісі күтеміз!», – деп жатыр екен.
Ертеңінде кісі көп жиналды. Қо­нақ­ты ойдағыдай күтіп алған соң, әр ба­ласына жеке-жеке сыба­ға беріп шы­ғарып салған енесі Назерке түскен жыл­дағыдай емес, қартайып қалып­ты. Соңынан жолға шыққан бұларға оқуын аяқтап, бас құрауға жарап қал­ған неме­ре­сі­не арнап үй салу үшін қаланың шетіндегі ауылдардан мек­тепке жақын жер іздеуді тапсырды.

Назым ДҮТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір