ҚАТТАЛЫП ҚАЛҒАН ӘЗ ҒҰМЫР
14.08.2023
289
0

Тұлғалардың ғұмыры мен жүріп өткен жолы, оларды қалыптастырған кезеңдер мен оқиғалар легі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Оқырман назарына қазақтың маңдайына біткен ұлылар мен дара болмыс иелерінің өмірінен бір үзік сыр ұсынып отырмыз. Архив беттерінде сақталған әр естелік сол заманның тарихи бедерінен де хабардар етеді. 

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ҚЫЗЫ РӘЗИЯ МАЙЛИНАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Әкем көп жазатын. Қашан көрсем де жазады да отырады. Бір күні түн ортасында оянсам, жазу үстеліне төніп, қолынан қаламы түспей отыр.
– Папа, демалмайсыз ба? Не жазып отырсыз? – дедім.
– Қалқам, бұл жұмысты тезірек бітіруім керек. Мәскеуде орыстың жазушысы Максим Горькиймен кездескенмін. Сонда ол әңгіме арасында: «Қазақтың арасында батыр жігіттер болды ма?» – деп сұрап еді. Мен Аманкелді Иманов жөнінде айттым. «Онда оны халыққа кеңірек таныту керек» дегендей ой айтты. «Аманкелді туралы біраз деректер таптым. Соларды қағазға түсіріп отырғаным ғой. Таяуда Аманкелді туралы кино шығады», — деді.
Бір күні әкем үйге көңілсіз кірді. Жүдеп кетіпті. Сақал-мұрты өскен. Біздің үйдегі дағды — жазда саяжайда боламыз. Оқу басталар алдында ғана үйге қайтатынбыз. Шешем осы уақытта баламен саяжайда еді. Кешке жақын есіктегі қоңырау маза бермеді. Барып есік аштым. Еңгезердей екі орыс тұр. Шамамен қырықтың үстіндегілер.
– Майлиннің пәтері ме?
– Иә.
– Папаң қайда?
– Папам үйде жоқ.
– Жоғы қалай?
– Мамамның қасында. Саяжайда.
– Алдама, – деп мені ысырып тастап кіріп келді. Олармен жағаласып папам жатқан бөлмеге мен де кірдім.
– Азамат, Майлин. Тұрыңыз. Сіз тұтқындалдыңыз, — деді екеуінің бірі.
Папамның екі қолын көтергізіп қойды. Қалтасынан партбилетін, паспортын алды.
– Қазір үйді тінтеміз, – деді әлгілер.
Біз өзі – дүние-мүлікті көп жинамаған адамдармыз. Әкем ақшаны кассаға салатын. «Балаларым өсіп келе жатыр, оқытам», – дейтін. Келгендер диванды, шкафты ақтарды. Әлгі екеуі папамның жұмыс кабинетіне кірді. Онда негізінен кітаптар бар. Екі-үш қабырғаны алып жатыр. Әлгілер кітаптарды шашып, ақтарып жатыр.
– Үш күннен кейін папаңды үйге қайтарамыз, – деді. Жаңағы екеуі жүк машинасын шақыртты. Кітаптарды, қолжазбаларды тиеп алып кетті. Содан кейін «черный ворон» шақыртты. (Түсі қап-қара, кішкентай машинаны жұрт осылай атайтын). Әкем кетерде бізбен қош айтысты. Әукенге айтқаны: «Сен баланың үлкенісің. Анаңды күт. Мына бауырларыңа қамқор бол», – деді. Сол жерде ботадай боздап қалдық. Пәтеріміз екінші қабатта еді. Балконға жүгірдік. Әкем төменге түскеннен кейін төбеге қарап біраз тұрды. Сол кеткеннен әкемді көрген жоқпын…


ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ ҰЛЫ БЕКТҰРДЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мен қазақтың ұлы жазушысы Жүсіпбектің баласымын дегенді әрқашан да мақтан еттім. Менің азамат болып қалыптасуым Башқұртстанда, Татарс­танда өтті. Әкем ұсталып кеткен соң мені башқұрт зиялылары Уфаға әкелді, солардың қолында тәрбиелендім. Осы ағайындардың тәлімі менің қазақшыл болуыма ықпал еткендігі де — шындық.
Кәсіп адамға жаратқан тарапынан нәсіп етіледі. Мен кезінде Совет одағындағы ең мықты деген жүз электриктің бірі болғам. Мені Уфада Мәскеуден келген атақты орыс инженері оқытты, еңбекқұмарлығымның арқасында кәсібімнің шыңына шықтым. Бірақ мені түрмеге түсіріп, түбіме жеткен де — осы электрик мамандығы! Қабілетімнің арқасында арнайы өткізілген конкурсқа қатысып, қатарластарымнан оқ бойы озып, Қазан қаласындағы С.П.Горбунов атындағы соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа 1936 жылы 12 қазанда жұмысқа қабылдандым. Бұл зауыт — сол кездегі әлемдегі ең мықты ұшақ өндіретін зауыт еді. Жалақым да, тұрмысым да түзеліп сала берді. Ақыры қырсық шалды, 1937 жылы үстімнен арыз түсіп, «Контреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық жасағалы жүр» деген жаламен ОГПУ тексеріп, Ақтеңізге абақтыға айдалып кете бардым. 1937 жылы 30 желтоқсанда 10 жылға бас бостандығымнан айырды.
Бауырым Жанақ мектепте математик болды, ол Мәскеуде жоғары математикадан өмірбақи сабақ берді, көкесі Әлімхан Ермековтің жолын қуды. (Оны әскери зауытта істемегендіктен ешкім тексере қоймаған болар). Қазір Мәскеуде Можайское шосседе тұрады.
21 жасымнан тұтқындалып, Ақтеңіздің Соликамск, Ныроб лагерінде 1948 жылдың қаңтарына дейін болдым. Онда атымызды айтпайды, арнайы нөмірмен шақырады. Сібір аязы ақырып тұрады, минус 72 градусқа дейін суық болады.
Әкем Жүсіпбек етік шебері, суретші болған. Менің алғашқы сауатымды ашқан әкем еді. Біз лагерьде неміске қарсы соғысайық деп 1943 жылы арыздандық, ешкім құлақ аспады, керісінше азаптай түсті. Бір күні бір генерал келді, мен оның суретін акварель етіп салдым. Ол таң-тамаша болды, қол астындағыларға маған жылы қарауға тапсырма берді. Міне, әкем үйреткен өнердің де абақтыда шапағаты тиді…

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ҰЛЫ САЯТ ЖАНСҮГІРОВТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мен әкемнен сегіз жасымда тірідей айырылдым. Анам Фатима Төребаева «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор болатын. Ол кезде журналистер, корректорлар күні-түні көз ілмей жұмыс істейді. Бір күні бірін­ші беттегі Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» болып, қате кетіпті. Содан бастап НКВД анамның соңына шырақ алып түсті. «Сен күйе­уің Ілияс пен екінші күйеуің Ибади Тәуе­келов «халық жаулары» болған соң, өш алу үшін әдейі қате жібердің», – деп, есін шығарады. Анам Ілияс басқа Фатимаға үйленіп кеткен соң, Ибади Тәуекелов деген кісіге екінші рет тұрмысқа шыққан болатын. Көп ұзамай өгей әкемді де «халық жауы» деген желеумен ұстап әкетті.
Ақыры анам өкпе ауруының ашық түрімен ауруханада жатып, қайтыс болды. Ең соңғы күні ауруханаға келіп, шешеммен сөйлестім. Бұл ме­нің анамды соңғы рет көруім екен. Анам шарасы үлкен бота көзі жасқа толып: «Құдайым-ай, Айша қайда, Айша кел­меді ғой?» – дегенде, мен: «Тәте, Айша май­данда ғой», – деп жауап бердім. «Сен қарындасың Саидаға бас-көз бол, қош бо­лың­дар», – деп, бақұлдасты. Сөзінің соңын айта алмай, көз жасына булығып, «сау бол» дегендей қолын бұлғап, теріс айналды. Сөйтіп, мына жарық дүниеде қайран анамыздан айырылып, панасыз қос жетімек жалғыз қалдық. Тәтеміз Айша Сиқымбаева ол кезде өз еркімен соғысқа кеткен еді. Кейін аман-есен туған елге оралды.
Анам Фатиманы Ташкент көшесінің бойына жерлеген едік. Кеңес өкіметі тұсында анамның зираты мен өзге де зираттардың орындарын тегістеп, автобекет салып қойды. Ең бол­ма­ғанда, анамның басына барып, гүл шоғын қоя алмаймын, Кеңес өкіметінің қыңыр сая­сатының салдарынан анамның өзі де, тіпті, моласы да жермен-жексен болды. Анамның өмірі тым аянышты өтті…

МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВТЫҢ ҚЫЗЫ ГҮЛНӘР ДУЛАТОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мен Гүлнар – Міржақып пен Ғайнижамал Дулатовтардың тұңғыш перзентімін. 1915 жылы қарашаның төртінші жұлдызында дүниеге келіппін. Туған қалам Орынбор болғанымен, әкем туу туралы куәлігімді елден басқа біреулер арқылы алдырған екен. Төлқұжатымда «Қостанай облысы. Торғай. Қазіргі Жангелді деп көрсетілген. Міржақыптан қалған жалғыз перзент болғандықтан өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін.
Бір қызығы, тілім татарша шығыпты. «Ол неліктен?» – дегенімде анам: «Оның себебі, Орынбор тұрғындарымен, Қазан, Уфадан келіп-кетіп жүретін таныс татар-башқұрт зиялыларымен жиі кездесетінміз. Көршілес бай татар миллионерлерімен де араласатынбыз. Бәрінен бұрын сені ойнатып, күтетін (няня) татар әйелі болатын, сол сенімен татарша сөйлесетін. Сондықтан сенің татарша сөйлеп кетуіңе соның әсері тимеді дей алмаймын, тіпті мүмкін де емес деп ойлаймын», – деп отыратын шешем.

ТЕАТР АКТЕРІ СӘБИТ ОРАЗБАЙДЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мәриям Хакiмжанованың естелiгiнен бұрындары ашаршылыққа байланысты оқығаным бар. Ол кiсi Алматы мемлекеттiк педагогикалық институтында (Қазiргi Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетi) оқыған екен. Бiр күнi осы оқу орнының үлкен залында үлкен жиналыс болады. Жиналысқа Қазақстанның сол кездегi бiрiншi басшысы Голощекин келiптi. Ол Қазан төңкерiсi, социализм және көсемдер туралы ұрандатып баяндама жасайды. «Сол жиналыста отырып терезеден көшедегi адамдардың аштықтан құлап, жүре алмай өлiп жатқанын көзiмiзбен көрiп отырдық», – дейдi апамыз. Ол кезде студенттердiң сенбi күнгi жұмысы (сенбiлiгi) осындай аштан өлген адамдарды терiп алып, қазiргi Панфилов атындағы саябаққа жинайды екен. Сол жерден түнде әлдебiр жаққа алып кететiн көрiнедi.
Үлкен еменнiң түбiнде кеудесiн жапқан сақалы, шұрық тесiк шапаны бар, жалаң бас, жалаң аяқ бiр шал отыр екен. Күн суық. Алдында қапсыра ұстаған бiр заты бар. Шапанымен орап алғандықтан не зат екенi көрiнбейдi. Байқап қараса, жас бала екен. Немересi болса керек. Екеуi де сол отырған қалпында өлiп қалыпты. «Арбаға салайық десек сала алмадық, денелерi тас болып қатып қалған. Бiрi-бiрiнен ажырамады. Арбаның үстiне сол күйiнде отырғыздық, саябаққа алып кеттi», – деп жазады Мәриям Хакiмжанова. Осындай талай зұлматты басынан өткiздi ғой бұл қазақ. Осыларды қазiргi жастар бiле ме? Әй, бiлмейдi.
Айта беру керек…

МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ҚЫЗЫ МҰҒАМИЛА ӘУЕЗОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Әкемнің ойына «Еңлік-Кебек», шешемнің бойына мен біткен жылғы қызық-қуаныш қайта келер ме?! Шешем Райхан Кәкенқызы тіпті бертінде, 1976 жылы дүниеден қайтты. Әкем де, шешем де, мен де пешенімізге бұйырған өмір дәмін таттық қой. 1916 жылдың көктемінде әкеміз семинариядан ауылға демалысқа келеді. Әуез ата мен Разақ аға әкемді үйлендіруді ойластырып, қалаған қызын атастыруды өтінеді. Мұны естіген Тұрағұл Абайұлы: «Мұхтарға қалыңдық айттырып жүр деп естідім. Менің Кәкен деген досым бар. Соның әдемі, талғамды қызы бар», — деп сәлем айтыпты. Содан жеті жігіт аң аулаған боп жүріп, қонуға менің нағашыларымның ауылына келеді. Алайда бұл жолы қызды көре алмайды. Оқыған жігіттерден именсе керек. Мұны естіген Тұрағұл: «Жеті жігіт жүріп қызды көре алмаған қорлық қой. Тағы барсын», — дейді. Содан араға біраз уақыт салып барып, аңнан адасқан аңшының кебін білдіріп, тағы да келеді. Он алтыншы жылы қазақтан майданға жұмыс істеу үшін адам алды емес пе. Соның тізіміне шешемнің алты ағасы да ілініпті. Ұлдары «призывқа» шақырылып, көңілдері алаң болып жүргенде әкем келіпті. Әйтеуір, шешемді көріпті. Райхан шешемнен мұның жайын сұрағанымда: «Мен төрдегі шымылдықтың ішінде отыр едім. Бір топ кісі сау ете қалғанда жүздеріне қараудан именіп, жеңгемнің үйретіп қойғанына қарамастан төсектен тұрып, сыртқа бір-ақ шықтым. Жерге кіріп кете жаздадым. Тіпті кейін де Мұхтардың бетіне тура қарап сөйлеген емеспін. Қатты қымсынатынмын», – дейтін. Содан арада біраз уақыт өткенде Тұрағұл ағаның сәлемін алып құдалар келіпті. Жылдамдатып қалыңдықтың жоралғысын, қалың малын қамдастырып, әкеме Райхан шешемді айттырыпты.Әкем күзде қайта оқуға кетеді. 1917 жылы екеуі үйленіп, тойын жасапты. 1918 жылы қыс айында мен дүниеге келдім. Ал інім Шоқанды емшек сүтімен көтеріпті. Ол өзі сондай сүйкімді, әкемнен айнымайтын, бұйра шашты, балпанақтай бала болып өсіпті. Әттең, ғұмыры қысқа болды ғой. Әкем мен шешем екеуі үш жыл бірге ғұмыр кешті. Әкем мен шешемнің арасына билік айтатын жөнім жоқ. Тағдырдың жазғаны болды дегеннен басқа не деймін?
1986 ж.

АКТЕР ӘНУАР МОЛДАБЕКОВТІҢ ЖАРЫ БАЯН ИМАШЕВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Әнуардың жанын білген, онымен күнделікті араласқан бойжеткеннің оған ғашық болмауы мүмкін емес еді. Әнуардың төлқұжаттағы есімі – Андрей ғой. Қанша өзгерт десем де көнбей қойды. Екінші есімді, «Әнуар» деген атты өзі таңдады. Бірде «Қыз Жібектің» түсірілімі болып жатқан жерге, бізді де, яғни бала-шағасын ертіп барды. Киіз үй тігіп, далаға түнедік. Таңертең оянсам, үй-іші жиде аңқып тұр. Әнуар бала-шағам даланың иісін сезсін деп, киіз үйдің керегесінің бәріне жиденің гүлін қыстырып қойыпты. Қасындағы әріптестері: «Мұндай әрекет тек Әнуардан шығады», — деп дуылдасып қалды. Шегенің рөліне дайындық кезінде домбыра үйренемін деп сабалап, төрт домбыраны сындырған. Түк шығара алмаған соң, Нұрғиса Тілендиев араласты ғой. Шегеге бекітілместен бұрын жүрексінді. «Халық ұғымында қасиетті тұлға ретінде сақталып қалған киелі аруақ бейнесін мен шығара алмаймын», — деп бас тартқаны бар. Бірақ сәтті ойнап шықты-ау деймін.
Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған «Ваня ағайды» Мәскеу сахнасына ұсынған кезде іссапарға мені де ертіп барды. Мәскеуліктер Әнуарды қазақ сахнасы мен киносындағы тосын құбылыс деп қабылдады. Ресейлік сыншылар тарапынан қызғанышы аралас жылы лебіздерге көңілі масаттанған Әнуар кешкісін: «Мәскеудің ауасында жоқ болып кеткім келеді, ертең Алматыға барған соң күйкі тірлік тағы басталады ғой», — дегені. Өмірінің өтіп бара жатқанын сезгендей үнемі асығып жүрді.
«Қан мен тер» фильміндегі Еламанды бастапқыда басқа актерлар ойнайтын болған. Солай деп шешіліп те қойған. Мәскеулік режиссер Мастюгин кино түсірілуге екі күн қалғанда: «Молдабековті шақырыңдар», — депті. Сақылдаған сары аязда Қапшағай жағасында түні бойы байқаудан өтті де, ертесіне рөлге бекітілді. Әнуар осы фильм түсіріліп біткенде құр сүлдесі ғана қалып, қатты жүдеді. Денсаулығы да содан кейін сыр бере бастады…

ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВТІҢ ЖАРЫ НӘСІП МҰСТАХҚЫЗЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Жұмекеннің азан шақырып қойған аты – Жұмеден. Әкесінің аты – Сабыреден. Кейін Жұмеденді Жұмекен деп кетіпті. Дүниеге 1934 жылы 28 қарашада келді, бірақ біраз жыл қате жазылып жүрді. Бірде әжемнің: «Сен соғымға екі күн қалғанда тудың, ол қарашаның 28-і болатын, неге қате жазып жүрсің?» дегені бар. Атырау жақта желтоқсанды «жеді» деп атайды. Атамыз соғымға соятын малды бөлек күтіп, дәл 1 желтоқсанда соятын. Әжеміздің әңгімесі осыдан шығып отыр.
Жұмекен мектеп бітірген соң жетіжылдық «Жас қайрат» мектебінде мұғалім болды. 1955 жылы әскер қатарына шақырылғанымен, атасы алып қалыпты. Сол жылы Алматыға оқуға барып, өте алмай, Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1957-1959 жылдары консерватория­да оқыды. 1959 жылы көркем әдебиет баспасында екінші кіші редактор болды. 1971-1973 жылдары Мәскеудегі әдебиет институтында оқып, 1973 жылдан ­бастап өмірінің соңына дейін «Мектеп» баспасында бөлім бастығы қызметін атқарды.
Жұмекен 1983 жылы 22 қарашада мәңгілік ұйқыға кетті. Жұмекеннің әжесі Бақытжамал апамның жадыма жазылған бір әңгімесі былай сабақталып еді: «Қарағым, біз Жұмекенді әулет болып, Құдайдан сұрап алдық. Ол кісіні жақсылап күтіп, ойынан шығып жүруге тырыс. Соғымға екі күн қалғанда Жұмекен жарық дүние есігін ашты. Толғақ басталғанда Хабира деген көрші әйелге бала жіберіп, шақыртып алдым. Жақсы әйел еді. Атаңды «далаға шыға тұр» деп, басқа бөлмеге жібердік. Хабира құрды бақанға байлап, келіннің белін ұстай бергенде, бала шыр етіп дүние есігін ашты. «Ұл бала, атаңнан сүйінші сұра» деп, Хабираны атаңа жіберіп, өзім белін ұстап тұра беріппін. Атаң қуанғаннан: «Сүйіншіге боталы інгенімді беремін» депті. Міне, қарағым, Жұмекеніміз өмірге осылай келді. Атаң екеуміз баланы қасымызға алып, анасына тек емізуге ғана апарамыз. Атаң Жұмекенді бесікке саларда ат шаптырып той жасады», — деп әжеміз оның амандығын тілеп отыратын.
Жұмекеннің кіндігін кескен Хабира шешемді мен 1960 жылы Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсынды ұзатқанда көрдім. Жанында бірнеше күн бірге жүріп, әңгімесін тыңдадым. «Бала кіндік шешесіне тартады» деген рас екен. Өте жайлы кісі болатын.

Естеліктер Әсет Ақмолданың парақшасынан алынды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір