МӘНІ БӨЛЕК ЕЛДІК БЕЛГІ – ЕЛТАҢБА
25.04.2023
499
0

Мемлекеттің басты рәміздерінің бірі – Елтаңба. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Бұндай рәмізде халықтың әдеби, мәдени, рухани, тарихи нақыштарын танытатын белгілер бейнеленеді.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының дөңгелек пішінді болып келуі Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символын білдіреді. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Бұл – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азамат­тың аман-есендігіне байланысты.
Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік-күшін танытады. Еңбексүйгіштік пен материалдық игіліктің белгісі ретінде өрнектелген қос арғымақтың алтын қанаты алтын масақты еске салады.
Сонымен қатар Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Әліпбиді біртіндеп, латын қарпіне көшіруді қамтамасыз ету мақсатында, 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латынша «QAZAQSTAN» деп өзгертілді.
Жұлдыз қазақстандықтардың қазақ елінің барлық халықтармен достық қарым-қатынас орнатуға пейілді екендігімен қатар, әр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар екенін білдіреді. Ал арғымақтардың бас тұсындағы мүйіз көшпенділер ғұрпындағы киелілік, қасиеттілік ұғымын айғақтап тұр.
Осынау қастерлі символикалық композицияның алтын түспен боялуы да зор мәнге ие. Ежелден алтын қазақ үшін бағалы әрі таза да пайдалы металл болып есептеледі. Елімізде мәңгілік бейбіт заман орнап, аспанымыз ашық, өміріміз берекелі болсын деген ниетте осы түс таңдалған. Авторлардың жан-жақты біліктілігін, ұлттық таныммен тамырланған даналығын, халқымыздың сан ғасырлар бойы қасиетін жоймай келе жатқан рухани болмысын, арман-ниеті мен асыл мұратын бір өзіне сыйғызған Елтаңбамыз – әр қазақ үшін қастерлі.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір