АДЫРА ҚАЛҒАН АҚКЕТІК
25.05.2023
875
0

«Аралды барсаң Өрдек бар:
Ақкетік деген қала бар…»
Өскінбай ақын Қалманбетұлы

«Келген жерім айтайын –
Кетік деген қала еді…»
«Көкмойнақтың үйірі» жырынан

– Қала дейсіңдер, ә! – деді таксист рөлге төне түсіп. – Қала барып оқығандарың, өсіп-өнгендерің жақсы ғой. Бірақ арт­та қалған елді де бір уақ ойлап қою керек.
Ол жай таксист емес еді. Ол – осы өңірге танымал өнерлі отбасыдан шық­қан, бүкіл Қазақ­станға әйгілі өнерпаздарды белінен өргізген кісі.
– Оқуды былтыр бітіргенмін, – дедім мен. – Ат ізін салмағаныма екі жарым жылдай уақыт болыпты. Оны қайтесіз, басқа әңгіме айтайықшы. Не хабар? Ел қалай, жер қалай, теңіз орнында ма?
– Сағынып келе жатырмын де! – деді бал-бұл жанған жүзіме бір қарап. – Елдің несін сұрайсың, барған соң көресің де. Ал жер, тіфәлама, от. Құдай қашанғы жылата берсін, биыл жаңбырдың түсімі жақсы. Табиғат түлеп жатыр.
– Балық ше? Естуімше, балық пен итбалық қырылып жатқан көрінеді. Онысы неден?
– Мен білсем, оның екі себебі бар. Балықты заңсыз аулайтындардың үрейі мен мұнай өндіретін мекемелердің олақтығы. Мәселен, екі мыңыншы жылдардың басында, шетелдік мұнай компаниялары жұмыс істеп бастағанда, жағаға барған кісі ат­тап басқан сайын сүрініп омақаса құламаса да, балықтың өлексесінен аяқ алып жүре алмайтын. Өйткені мұнайдың бір тамшысы бір тонна суды у қылады. Содан соң, қателеспесем, екі мың бесінші жылдан былай қарай тағы бір рет теңіз жәндіктеріне топалаң төнді. Шамамен, екі мың оныншы жылдары да теңізге түскен кісі баласының қолы денесінен түспеді. Оның бәрі неден деп ойлайсың – бұ жолы да соның әсері.
– Броконьерлердің не жазығы бар?
– О қасқалар қайбір жетіскеннен жүр дейсің! Бала-шағаның қамы да. Әйтпесе, балық аулап байымайсың. Ұсталса қанша жылға кете барады көздері жәудіреп…
– Сәуірден бастап бекіре уылдырық шашпайтын ба еді, «жау» (біздің ауылдың броконьерлері теңізді «аңдитын» полицейлерді осылай атайтын – автор) көп шығар?
– Сол ғой. Жазғандар жағадағы солдат­тардан қорқып, балығын бір жерге қармап кетеді. Ертесіне суға қайық салуға мүмкіндік қайдан туа қойсын, бірнеше күн өткесін белгілеген жеріне барады: балық борсып кеткен, амалсыз ауын ағытады… Жағаға шығып қалған балықтардың ширегі – қанша халықтың таңдайына бұйырмай кеткені.
– Солай деңіз…
Бір жарым сағат­тық жолды жүріп өткенде таксистің әңгімесінен түйгенім де, барған соң екі жарым күн көзбен көргенім де сол: тұрғындардың таңдайы да, маңдайы да жарымай тұрған секілді…


* * *

Біз шет-жағасын көріп қалған кеудесі қазыналы қарт­тардың айтуынша, Кетік қала құрылысының ізін орта ғасырдан (тіпті одан ерте заманнан) іздеуіміз керек. Берісі, 1846 жылы патша үкіметі жергілікті халықты отарлау үшін Ново-Петровск қамалының іргесін қалаған екен. Бұл қамалдың «Форт» деп аталуы да осы себепті. «Форт» француз сөзі – бекініс қоршауы алдындағы ашық, яғни далалық немесе жабық ұзақ мерзімге лайықталған ірі әскери құрылыс («Қара­шаңырақ». Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2011 ж.). Қала атауы қырық құбылды: Форт-Урицкий, Форт-Александровский, Форт-Шевченко… Бірақ біздің шалдар қай заманда да «Ақкетік» деп атады. Ол басқа әңгіме.
Көшпелі өмір сүріп келген нағашыларым 1950 жылдары осы қалаға тоқтапты. Ал бұдан тура бір ғасыр бұрын Тарас Шевченко Маңғыстаудың Ақкетігіне жер аударылып келген екен. Қала атына «Шевченконың» қосарлануы содан. Атакүлдігім тарихи атын қайта еншілесе деймін. Іргесіндегі «Баутино», «Аташ» елдімекендерінің де атауын өзгертетін уақыт әлдеқашан жеткен. Тұрғын саны он мыңға жетер-жетпес үш ауылдың атын өзгерту Астананың атын өзгертуден жеңіл емес пе! Дегенмен Кетікке келгенде «көкелердің» саусағы еріншек тартып, қаламының сиясы қасқалдақтың қанынан бетер қат боп қалатыны бар… Алайда ол да басқа әңгіме.
Түбектің қарашаңырағы шағында Қазақ­станға аты жайылып, өзінің әуежайы, өзінің өндіріс орны болған (өндіріс орны – «Маңғышлақбалықтоңазытуфлоты» (МРХФ). Бір мезгілде мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған алып кәсіпорынға әкем Қуаныш мектеп бітіре сала жұмысқа тұрып, тағдыр-талқаны таусылғанша (28 жас) сонда еңбек етіпті, – автор) шәр еді ғой…

* * *

– …Солай де, көке…
– Солай… Көшіп жатқан бір адам. Енді қайтсін, ауылда жұмыс жоқ. Оның үстіне бұрынғыдай балық та аулатпайды. «Кезінде гүрілдеген Шевченко еді» дегенге кім сенеді қазір… Ашаршылық уағында әлі келгендер Түркпен асып, Ауған асып кетіп еді ғой, сол секілді, шамасы жеткендер Ақтауға кетіп жатыр, кетіп жатыр. Әй, сонда мында кім қалады?!
Есімде, ауылдың шет жағына барғанымызда шешем: «Мына жерде тау болған, осында қозы жаятынбыз», – дейтін. Қарайған төбені көріп, сөзіне илана қоймайтынмын. Сонда шешем: «Тас кесеміз, әк аламыз деп жарып бітірді ғой», – деп сөзінің соңын жұтып қоятын…
Көке дегенім – мен қолында өскен шал-кемпірдің баласы, шешемнің ортаншы ағасы-тын. Ол да өзінің жас кезінде гүрілдеген Шевченкосын сағынған екен ғой.
– Бірақ сен әзір келме. Не бар ауылда?! Алматыда жатып «Ауылды сағындым» деп жыламсыраған өлең жазып қойсаң, сол да жетеді.
Күйіктің сөзі. Қысыр сөйлемесең Құнанбай боласың ба, шалдың баласы!
Үндемедім. Әлдене десем көзім мөлдіреп кете ме деп қысылдым…
– Шымыраудан бір шелек су берші, – дедім шамалыдан соң. – Мейірімді қандырайын.
– Құдық тартылғалы қай заман! Мына маңайдағы құдық атаулы тартылып біткен.
Шынымен солай болып шықты. Көрші-көлемге көрісе барғанда да шымы­рау­ларына үңілдім, беті жылтыра­ған балшық қалыпты кілкіп тұратын қарағымнан. Кейін Баутино елдімекеніндегі әкемнің қарашаңырағы – үлкен үйге барғанымда да қауға батпады.
– Мен мана шын айт­тым, – деді кө­кем біраздан соң. – Әзір келмей-ақ қой. Алматыда жұмысқа ысылып, ізденіп, оқып-тоқып кел. Оған дейін ауыл осылай тұра берер деймісің! Әкімиатқа ауылдың бала­лары келіп, әлдене жасауға ұмтылып жатыр ғой. Бір күні еңбектері жанар…
– Иә, құдай қашанғы жылата берсін… – дедім түндегі таксистің сөзін қайталап.
– Сен мұрынбоқтың сөзің адамға ұқсап қалыпты ғой, ә?!
– Ойнайсың сен құнан қойдың сақасымен! Мұрынбоғың қазір «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі һәм Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі!
– Адам танымай кетпесең болды…
– …Теңізге барып тұрсың ба, көке, жылып қалған шығар? – дедім үнсіздікті бұзып.
– Алпыстан астық – шау тарт­тық. Бармағаныма көп болды. Қазір суға түсетін уақыт емес қой. Көрем десең барсайшы.
– Иә…

* * *

Өз үйім мен теңіз жағаның арасы екі жүз метрге жетер-жетпес жер. Өкініштісі, теңіз жағасына жету үшін бұрынғыдан он қадамдай артық басуыма тура келді. Үй орнында тұр ғой…

* * *

– …Иә. Дұрыс айтасыз!
– Әр өңірде сол өңірдің тұрғындары несібесін айыратын негізгі өндіріс орны болуы керек қой. Бұрын осы жердегі халықтың көпшілігі МРФХ-да, одан кейін «Аджип», «НКОК» секілді ірі компанияларда, «Түпқараған» секілді мекемелерде жұмыс істеді. Екі қолға бір күрек табылды, соған сәйкес ауыл халқы қазіргідей көшкен жоқ. Қазір солардың орнында шағын мекемелер қалған. Көп адам жұмысынан айырылды. Ауданда еңбекке жарамды жиырма мың адам бар дегеннің өзінде, кем дегенде сегіз жүз жан жұмыссыздыққа тіркеліпті. Тіркелмегендердің санын Құдай біледі.
Сөйлеп отырған адамды жұмбақ күйін­де қалдыруды жөн көрдім. Ол саннан сәл қателесуі мүмкін, алайда шындықтан алысырақ кетпейтініне сенемін. Өйткені бір ғана Түпқараған ауданы емес, жалпы Қазақ­стандағы ауылдардың мәселесі осы емес пе?!
– Осы, қайбір жылы қалаға темір жол тарту идеясы көтерілген секілді еді… – дедім мен.
– Шатаспасам, ауданда Темірбек Тыйылұлы деген азамат әкім болып тұрған кез­де қозғалды-ау деймін, – деді ол. – Менің де айтпағым осы. Ақкетікті қайта жандандыру үшін темір жол тарту қажет. Себебі қала соған сұранып тұр. Теміржол тартылса, әуелі жергілікті халықты жұмыспен қамтуға болады. Теміржолмен бірге, Кетікке дейін орналасқан ауылдардың да сәні кіріп қалушы еді, сауда да дамитын еді. Ең бастысы, осы жерде үлкен өндіріс орнын ашу мүмкіндігі жетерлік және теңіз жолы мен теміржолы түйіссе одан ауылымыз ғана емес, мұқым Қазақ­стан ұтпаса, ұтылмайды. Туған қаланың бойына қан жүгіртудің тағы бір амалы – туризмді дамыту. Маңғыстаудағы туристік аймақ болуға лайық жерлердің жартысы біздің ауданда.
– Ал қала атын өзгерткеннен не пайда?
– Басқыншылар күштеп танған «Форт» деген атаудан құтыламыз. Тарихи сананы жаңғыртамыз. Кей кісілер соғыс уақытында Шевченконың атын алып тастағанымыз қалай болар екен дейді. Басқа-басқа, Тарас Шевченконы ұлықтауда украин жұртының қазаққа өкпесі жоқ шығар. Қанша ауыл мен қалада Шевченконың атына көше берілген, ескерткіші де бірнеше жерде жарқырап тұр. Украиндар отарсызданып жатыр. Біздің олай істеуге хақымыз жоқ па?! Сондықтан бұл – көлеңкеден қорқу ғана. Ұзынқұлақтан естуім бойынша, қала атын ауыстыру мәселесі облыстың ономастикалық комиссиясына жіберілген екен. Сәтін салса Президент­тің де алдына барып қалар, кім біледі.

* * *

Кетерімде Сислам ата қорымына, әкем мен ата-әжелерімнің, ата-бабаларымның басына барып, аруақтардың рухына Құран бағыштап қайт­тым. Қабірстанда мен танитын кісілер көбейіпті…
Түнде ұшақ көкке көтерілді. Кеудемнің сол жақ тұсы шым ете қалды. Енді қашан келер екенмін саған, Баба­күлдігім?..

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір