Жадымда қалған жақсы аға
17.09.2024
139
0

Шымыр ойлы шыншыл шығармаларымен қалың қазақтың есінде қалған атақты жазушының бірі – Бердібек Соқпақбаев десек, артық айт­қандық болмайды. Дардай даңқы бар жазушының айтулы мерекесі биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек. Осыған орай қарасөздің қас шебері атанған жазушының жан әлемі жайлы жазылған шағын естелікті ел назарына ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың 60–70-жылдары бүгінгі Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында Оралбек Шамырқанов дейтін азамат­тың отбасы тұрды. Оралбек аға аталған ауылдағы орта мектепте химия пәнінен дәріс беріп, ұлағат­ты ұстаз болды. Ағайдың өзі өлең жазатын, жазған дүниелері аудандық, облыстық газет­терде үзбей жарияланып тұратын. Орекең қазақы қалжыңға қамшы салдырмайтын әзілқой адам еді. Мен ол тұста Сарыжаз ауылына қоныс тепкен республикалық жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жұмысшы едім. Солай болса да, әдеби кітаптарды үзбей оқитынмын. Әсіресе өлең кітаптарды оқуға көбірек көңіл бөлетінмін. Өскен өңірдің көз тартар көркемдігіне арнап өлең жазатынмын. Ол өлеңдерімнің өрнексіз екенін енді есіме алсам, осы күні күлкім келеді. Жас кез­де жазған сол жауқазын жырларымды қаламы төселген, өмірдің талай өткелінен өткен Оралбек ағаға көрсететінмін. Ақын ағам өлеңдерімді қайта түзеп, өз өрнегін қайталамайтын. Ондайда азын-аулақ ақыл кеңесін айтып, бағыт-бағдар беретін. Ол тұста Нарынқол ауданы Кеген ауданына қосылып кеткен. Аудан орталығы Кегенде «Коммунизм нұры» дейтін газет шығып тұратын. Сол газетке «Өзіңсің сағынышым» деген атпен алғаш рет өлеңім жарық көрді. Бұл 1964 жылдың ақпан айы еді.
Бір күні Оралбек ағайым мені үйіне ертіп барды. Түскі тамақтан соң сөз бастаған Орекең: «Сен Бердібек Соқпақбаев дейтін жазушыны білесің бе? – деді. Мен мүдіріп қалып едім, үзілген әңгімесін ары қарай жалғаған ағайым: «Ол – осы ауданның тумасы, жас кезінде өлең жазған. 1950 жылы «Бұлақ» дейтін жыр жинағы жарық көрген. Кейінірек прозаға ауысты, ол кісі менің жиен аға­йым болып келеді.

Оның мықты шығармасы мынау» –деп, «Менің атым – Қожа» ат­ты кітапты қолыма ұстат­ты. Бас алмай оқып шығып, бас кейіпкер Қожаның қызыққа толы қылықтарын көкірегіме ұялат­тым. Көп ұзамай, жазушы ағаның Орекеңнің үйін­дегі «Бурыл ат», «16 жасар чемпион», «Бақыт жолында» дейтін кітаптарын оқып шықтым. Кейінірек «Қайда­сың, Гаухар?» дейтін повесін оқыдым. Осы шығармалары арқылы оның соншалықты қарымды қаламгер екеніне көзім жет­ті. «Менің атым – Қожа» фильмін көріп, көзайым болғаным есімде.
Күздің қақаған қара суық күндерінің бірінде Оралбек ағам ұшыраса кет­ті де: «Енді 2-3 күннен кейін біздің үйге Бердібек келеді. Сені сол кісімен таныстырамын», – деді. Бәрі ағаның айт­қанындай болды. Бұл 1964 жылғы қараша айының алғашқы аптасы еді. Орекеңнің отбасына Бердібек аға келді. Орта бойлы, шымыр денелі, бет-пішіні жалпақтау, көз шарасы қысыңқы, қою қара шашын желкесіне қарай қайырған, сөзіне әзіл араластырып сөйлейтін жігіт ағасы екен. Қасындағы жол серігі 50-ді еңсерген дөңес мұрынды, шашын тақырлап қырып тастаған егделеу адам екен. Сол арада Бердібек аға: «Бұл кісі Сақи Романов дейтін суретші ағаларың болады», – деп таныстырды. Бердібек ағаны алғаш рет 40 жасында көрген
сәт­ім көз алдымнан алыстаған емес. Сол таныстығым талай жылдарға жалғасып, жазушының жаныма сәуле құйған қуа­нышқа толы сәт­терді басымнан талай өткердім.
Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында аудандық газет­те жұмыс істедім. Кезекті бір еңбек демалысы кезінде Алматыға келдім. Жазған өлеңдерімнің бір шоғырын «Жалын» журналына ұсынбақ ниетпен Қазақ­стан Жазушылар одағына ат басын тіредім. Аталған журналдың редакциясы ол кез­де, Жазушылар одағының бірінші қабатында болатын. Үлкен үйдің есігін ашып, ішке кіргенімде, қарсы алдымнан Бердібек аға шыға келді. Амандық-саулықтан соң мұнда қандай шаруамен жүргенімді сұрады. Жөнімді айт­тым. Сол сәт­те Бекең: «Мен – ол журналдың ақылдастар алқасының мүшесімін, жүр бері», – деп қолымнан жетелей жөнелді. Кең дәліздің түп жағындағы бір бөлменің қасына таян­ғанымызда тоқтай қалып: «Бұл журналдың бастығы атақты ақын Тұманбай Молдағалиев екенін білетін шығарсың. Ол – талғамы жоғары ақын, оған өлеңдерің ұнамай қалса, тауымыз шағылып, тасырқап қаламыз ғой бауырым», – деді. Мен Бекеңнің бетіне тік қарап: «Өлеңдерім өзіме ұнайды, ұялатындай нашар дүниелер емес», – дедім. Сәлден соң әлгі бөлменің есігін ашып, ішке кіргенімізде, үш адам отыр екен. Тұманбай ақынды бірден таныдым, қалған екеуінің кім екенін ажырата алмадым. Орындыққа жайғасып отырған соң, Бекең бір жөткерініп алды да:
– Тұманбай, мына жігіт – менің жерлесім, жақсы көретін інім, аудандық газет­те қызмет істейді, өлең жазады. Сол жазғандарының бір шоғырын саған әкеліп отыр. Оқып көр, жараса жарияларсың, – деді де өзінің кететінін айтып сыртқа бет­теді. Тұмекең өлеңдерімді оқып шығып, жариялауға жарайтынын айт­ты. Арада бірнеше ай өткенде, әлгі өлеңдерім «Жалынға» жарияланды. Бұл 1975 жылы еді.
Бердібек аға ара-тұра Нарынқолға барып, туыс-туғандарымен дидарласатын. Жазушы аға, негізінде, Нарынқолда тұратын немере қарындасы Несіпхан Аманбаеваның үйіне тоқтайтын. Ауылға барған сондай бір сәтінде әңгімелескенім бар. Әңгіме желісі өзінің шығармашылығына қарай ойысқанда, ол кісі маған:
– Мен көзім көріп, көкірегіме түйгендерімді ғана қағазға түсірдім. Жалғандықты жақтап, өтірікке өріс ашқан емеспін. Менің «Өлгендер қайтып келмейді» романымның арқауы – өз өмірімнің боямасыз көрінісі, – деген болатын. Шынында, аталған романда баяндалатын оқиғалар Бекеңнің бастан кешкен өмірінен өзгешелеу емес екенін оқыған адам анық аңғарады.
Әңгіменің арқауын өзінің отбасына, өскен ортасына қарай аунатқан ағайым:
– Мен – сіңірі шыққан кедейдің баласымын! – деді қоңыр үнін қоюлата түсіп. – Менің Соқпақбай, Аманбай дейтін ағайынды аталарым осы өңірдің тумалары болатын. Әкем Ыдырыс қой аузынан шөп алмайтын момын адам еді. Жастай қара жұмысқа жегілді. Анам Әспет сабырлы, салмақты адам еді. Тапшылықтың азабын көп көрді. Қос балапаным бақыт­ты болса екен деумен өмірден өт­ті. Ал Аманбай атамнан менің әкем Ыдырыс пен Сымағұл туған. Ат­тары аталған әкем мен анам Әспет­тен мен және Тұрдыбек дейтін інім дүниеге келдік. Әке-шешем Соқпақбай атамның аты өшпесін деп, менің тегімді сол атамның атына жазыпты. Тұрдыбек қазір Талдықорған облысының Киров атындағы ауданда тұрады. Мал бағады. Оқыған-тоқығаны аз, шаруа адамы. Ол көп уақыт хабарласпай жүрді. Хат жазсам, жауап болмады. Ары ойлап, бері ойлап жалғыз інімді үйіме келтірмек болдым да «Бердібек қайтыс болып кет­ті» деп телеграмма салып жібердім. Кешікпей оның «баурымдап» үйге кіріп келгенінде, қарсы алдынан шықтым. Інім көзінің жасын іркіп алып: «Ағатайым-ау, тірі екенсің ғой. Айырылып қалдым деп, қамыққанымды қалжыңға жатқызғаның жақсы болды», – деді. Міне, көрдің бе, бұл ағаңның аяқ астынан осындай оқыс қимыл жасайтын қыңырлау қылықтары да бар. – Ол осылай деді де, сәл тоқтап тұрып сөзін қайта сабақтады. – Анау Қостөбе дейтін алақандай ауылды білесің ғой. Менің кіндік қаным сонда тамған. Ара қашықтығы 12 шақырымдай сол Қостөбеден аудан орталығы, Нарынқолдағы орта мектепке өгізге мініп келіп оқыдым.
Жазушы ағаның ертеректе жазған «Бір дорба құрт» дейтін әңгімесін оқыған едім. Ойыма сол әңгіме орала кет­ті де оңаша қалған осы сәт­ті пайдаланып, әлгі әңгіменің жазылу тарихын сұрадым.
– Ол әңгіме, – деді Бердібек ағам бетіме тіктей қарап. – Атақты ақын Қасым Аманжолов жайлы жазылған еді. Ақын ағамыздың 44 жасында дүниеден өткенін білетін шығарсың. Оның да өмірі қиындыққа толы болды. Көп ауырды. Бірде көңілін сұрап, үйіне бардым. Аңғарымпаз ақын менің өлеңдерімді ұнатып, жылы қабақ танытып жүретін. Үйіне бас сұққанымда ақын қат­ты сырқат­танып жатыр екен. Сөз арасында сиырдың сүтінен жасалған сықпа құрт жегісі келіп, соған аңсары ауып жатқанын айт­ты. Ауру меңдеген ақын ағамның бір тілегін орындайын деген ниетпен Нарынқолдағы Сымағұл ағама хабарласып, бір дорба құрт алдырдым да, Қасым ағаға апарып бердім. Оған жасаған жанашырлығым осы болды, одан өзге қолымнан не келеді, – деді де жасаураған жанарын тайдырып әкет­ті.
«Адамның басы – Алланың добы» демекші, Бердібек ағамыз да көзінің тірісінде тағдырдың тайғақ жолына табанын талай тигізді. Ағайын арасындағы араздықтан шаң берген шатаққа араласып, жазықсыз жапа шегіп жер аударылды. Жалынды жас шағының біраз жылдары Қарағандыдағы көмір шахтасында өт­ті. Қара жұмыспен шұғылданып, көмір қазды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, 1945 жылдың жазында, Сталиннің жарлығымен рақымшылыққа ілініп, туған ауылына қайтып оралды. Бекең 1992 жылы, жасы 68-ге қараған шағында өмірден озды.
Бердібек Соқпақбаев 1949 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институт­тың тіл әдебиеті факультетін бітіріп, сол жылғы күзде өзі білім алған Нарынқол орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Алайда ағамыздың ұстаздық жолы ұзаққа бармай, 52-жылдың жазында Алматыға қайта оралады. Оған жазушының сол аудандағы «Совет­тік шекара» газетінде жарияланған «Манабаевтың масқара қылықтары» ат­ты фельетоны себеп болады. Сол кез­де жазушы ағаның көзін көрген, ескі досы әрі аталған газетке 20 жылдай редактор болған Әлнұр Мейірбековтің бірде былай деп сыр шерткені бар.
– Бердібек тума талант еді деді, – Әлекең әңгімесін әріден қозғап. – Ол өсек, өтірікті өлердей жек көретін. Қолы қалт еткенде біздің газетке әдеби әңгіме, очерк жазып тұрды. Жасырып, жабары жоқ, сол тұста аудандық оқу бөлімінде Омар Манабаев дейтін адам жауапты қызмет атқарды. Бірақ ол беті жылтыраған әйелге көз салғыштығымен, араққұмарлығымен жалпақ елге жаман қырынан көрініп жүрді. Оның осы бір теріс қылықтарын айқын аңғарған Бердібек, оны әжуалап фельетон жазды. Әлгі сатиралық шығарма жарық көрген соң, арқа сүйер адамы мықты Манабаев жазушының соңынан шам алып түсті.
Ақиқат­ты айналып өткен өктем күшке шыдамаған шыншыл қаламгер көп ұзамай үлкен қалаға қайтып оралып, өмірінің соңына дейін әдеби ортада шығармашылықпен шұғылданғанын білеміз. Бұл оқиғаның өтірік емес екенін Бердібек ағаның ертеден етене араласқан нағашы інісі, ескі танысы, ұстаз Оралбек Шамырқанов та растаған болатын.
Көптеген көркем шығарма жазған жазушы ағамыздың еңбегі көзінің тірісінде өкімет тарапынан еленбегенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Оның үстіне Бердібек ағамыз қазақ қаламгерлері арасындағы оқырманы көп жазушы екенін естен шығармаған жөн. Басқа шығармаларын былай қойғанда, жазушының «Менің атым – Қожа» повесі көзінің тірісінде әлденеше рет қайта басылып, қазақ балаларының сүйіп оқитын кітабына айналғаны анық. Осыдан барып ой түйгенде оның шығармашылық еңбегі үкімет­тің орден, медалінен жоғары тұрды деуге негіз бар.
1994 жылы жазушының туғанына 70 жыл толуына орай, Райымбек ауданы ат шаптырып той жасады. Тойға жазушының жан жары Бибігүл апай мен қызы Самал Соқпақбаева қатысып, сөз сөйледі. Қазір Нарынқол ауылындағы бір көше, бір мектеп Бердібек ағаның атымен аталады.
Алматыдағы ұзақ жыл тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. Осы қаладағы шағын бір көшеге жазушының есімі берілген. Тамаша талант иесі атанған ағамыз алғашқы шығармашылық еңбек жолын өлеңмен бастаған екен. Содан да болар, арагідік өлең жазып, онысын қойын дәптерінде сақтағанын білеміз. Бекеңнің оңашадағы ой толғаныстарының бірінде:
Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім қарасөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейтін тек дана сөз – дегені бар.
Ойлы ағаның өз болашағын болжағандай, оның хатқа түсірген дүние­лерінің қазақ халқымен бірге жасай беретініне сенімдіміз. Өйткені дана сөздің өмірі ұзақ болары даусыз. Дегенмен біздің де ел басқарған азамат­тарға айтар тілегіміз жоқ емес. Атап айт­қанда, жазушының осы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерінде оған еңселі ескерткіш орнатылса, мұражай ашылса нұр үстіне нұр болар еді.
Ақылды сөзі, ақжарқын мінезі бар жақсы аға бар болмысымен, осылайша, жадымда жат­талып қалды.

Мінуар ӘКІМХАНОВ,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір