Мақтан және біз немесе мақталуға дейін…
Саналылардың алғашқы сапынан орын алған адамзат баласының мың түрлі мінезі мен ұлттық һәм адамдық болмысын қалам ұшына салған жазушылардың тыныс алар тіршілігі – әдебиет. Әдебиетсіз есімі үлкен әріптермен жазылған автор да, оның күн мен түндік азабынан туған шығармасы да тұл. Аспан астындағы кеңістіктің сұлу, не сүреңсіз келбетін бейнелі сөзбен жеткізген, көркем ойдың жілігін шағып, майын ішкен қаламгерлердің ізі қалған әдебиетке суреткер болып енген әр автор өзінше талант.Кімнің «нағыз», кімнің «жәй» талант екенін сараптап, бағасын берер уақыт қана. Ар таразысымен өлшенетін әдебиетте біз байқай бермейтін иненің жасуындай ғана бір құбылыс бар: мақтан. Ол бой көрсеткен жерде қаламгердің жазушылық болмысы құбылып, шығармашылық ағысы теріске ауып бара жатқандай. Ал мақтаудың жөні мен жолы сақталып айтылса, нәтижесі мұндай болмастай көрінді. Әйтпесе, мақтауды кім керек етпейді? Мақтанды кім іздемейді? Бұл, жарықтық, бәріне керек. Негізгі түйткіл мақтауды кім, кімге, қалай айтуында болып отыр.
Жүректі жібітіп, көңілді иітер жылы сөздің адам атаулыға ұнайтыны әлімсақтан белгілі. Мінезімізге, яки ісімізге қатысты жақсы пікірді құлағымыз шала қалса, езуімізге күлкі үйіріліп, жанарымыз жайнап сала бермек. Адамдық кейпімізге ішіміз жылып, мақтаудың иесіне де риза пейілмен қарап, жалған дүниедегі «ең жақсы жүректің иесін» тапқандай мәз боламыз. Қоғамға деген көзқарасымыз қайта туғандай күй кешіп, одан әрі биікке шығуға өз-өзімізге, қала берді Тәңірге уәде беріп, тоқтай алмай әлекке түсеміз. Бұл аяқасты талпынудың мерзімі жаңағы мақтаудың буы басылғанға дейін ғана созылмақ. Ыстық-суығы кеткен соң баяғы күйбең тіршілігімізге аяңдап қайта оралмақпыз. Адами инстинк.
Мақтаудың, әсіресе, көркем әдебиеттегі мақтаудың артар жүгі ауыр, алар орны ерек. Мұндағы кез келген шалыс айтылған мадақ сөз әдеби жарылыс жасап жіберуі әбден мүмкін. Сұлтан Оразалин Шыңғыс Айтматовтан сұхбат алып отырып:
– Соңғы уақытта қазақ жазушыларын көп оқып жүрсіз ғой. Кімді айтасыз? – деп сұрақ қойыпты. Сонда Шыңғыс Айтматов:
– Обал болады, – деген екен.
Біреуді асыра мақтап, яки біреуді ойланбай жамандап қойсақ та обал болады. Мақтауды жеке авторлығына алып алған кей аға буын өкілдеріне қарасам, мін тағуды ғана обал болады деп есептейтіндей. Яғни салмақсыз мақтауды «обал боладыға» жатқызбаса керек. Бұл дегеніңіз, мадақ айтушының нағыз білімсіздігі. Мақтауды қазіргідей әдебиетке әйтеуір бір қатысы барлар ғана емес, сөздің киесінен қорқатын адамдар айтса, құба-құп. Оңды-солды жұмсалған семсер секілді сезімсіз, суық сөздерден расында да қашуымыз керек. Оны айтушының қорқынышында тіптен шек болмауы тиіс секілді. Әрине, айтар сөздің салмағын өз мойнына салып, мақтаудағы жауапкершілігін сезіне алса ғана.Бұлай болмаған жағдайда айтқан сөзіміздің бәрі бекер.
Әлдебіреу хақында сөз қозғап, мақтау үшін де, даттау үшін де талғам керек. «Қай авторды, қай шығармасы үшін сөз етпексің? Ол жазушы айтар мадақ сөзіңе немесе дат пікіріңе лайық па?» деген беймаза сұрақтарға мадақ иесі немесе даттаушы әдебиет алдында, қала берді ар мен адамгершілік алдында жауап бермек. Бастысы, әділдігінен айырмаса болғандай. Белинский Гогольге жазған хатында: «Я не умею говорить вполовину, не умею хитрить: это не в моей натуре. Пусть Вы или само время докажет мне, что я ошибался в моих о Вас заключениях, – я первый порадуюсь этому, но не раскаюсь в том, что сказал Вам» деген екен. Мақтауды да жөнін білген адам қиыстырып, келістіріп айтады. Жөнін білмесең, ретін таппасаң, артық мақтау кейде жеккөрініштілік тудырып жататыны бар. Орайын тауып айтылған мақтау санатындағы жылы лебіздерді кешегі өткен қаламгерлер өмірінен байқағандай болдық. Қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары жиналған бір отырыста сөз кезегін алған Ғафу Қайырбеков ақын ағасы Хамит Ерғалиевке былай деп ықылас білдіріп: «Бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп, шауып келе жатыр. Көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып ақ боз арғымақ келеді. Сол арғымақ Сізсіз, Хама. Мен анау көп шоғырдың ішіндемін».Хамит Ерғалиев бұл сөзге қатты толқып: «Ғафу, рас айтасың, бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр. Сол даланың таза ауасын еркін жұтып, мен ағып келе жатқанымда, соңымнан қара үзбей келе жатқан торы құнанның демін естимін. Адымымды кең алып, сермей түсемін. Әлгі құнан да қалысар емес, маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол сенің құнаның, Ғафужан!», – деген екен.Мұхтар Әуезов шәкірті Зейнолла Қабдоловқа айтқан: « –Кім болам, кім болам! Неге Бегей боласың?! Қолыңнан келсе, мен бол!» деген ұстаз лебізінің астарында сөзұғар адамға қаншама мақтауға тұрарлық мағына жатқанын біреу білсе, біреу білмес.
Әдеби ортадағы мақтауға да, даттауға да бергісіз кей пікірлер дөп түсер дәлдігімен, шынайылығымен есте қалыпты. Чехов өзінің пьесаларын ұнатпаған Толстой туралы: «Бір ғана жұбанышым бар, бірде ол маған: «Сіз білесіз бе, мен Шекспирді оқи алмаймын. Бірақ сіздің пьесаларыңыз оныкінен де жаман. Шекспир қанша дегенмен оқырманын жетелеп, оны белгісіз бағытқа ала жөнеледі. Ешқайда бұрылуға мүмкіндік бермейді. Ал сіздің қаһармандарыңыз қайда апарды?», – деді. Ол сырқаттанып жатқан болатын. Мен қоштасып жатқанда қолымды алып, көзіме қарап тұрды да: «Антон Павлович, сіз жақсысыз», – деді. Одан кейін күліп, қолымды жіберді де: «Ал пьесаларыңыз бәрібір нашар» деді», – деп толғанады. Ал Сәбит Мұқановтың замандастары жайлы айтқан («Мұхтар мен Ғабиттің еуропалықтарға ұсынатын ештеңесі жоқ. Бұлардың айтып жүргендері оларға бұрыннан таныс. Жауыр болған дүниелер. Оқиға өзгеше болғанмен, ой баяғы! Орысша айтқанда вторично!») пікірі даттаудан гөрі «өз сырым өзіме мәлім» дегенге ұқсайды. Жалпы, бір заманда өмір сүрген қаламгерлердің бірін-бірі турасындағы айтқан лебіздері әдеби ортадағы үнсіздікті ара-тұра бұзып тұратынын жасырмаймыз. Осы орайда көп жиындардың бірінде естіген Тынымбай Нұрмағамбетовтің мына бір сөзі («Оралхан, Сайын, Қалихан – талантын қызметке ауыстырғандар») еріксіз есіме оралып отыр. Күні кеше ғана әдеби сахнаны дүр сілкіндірген Мұхтар Мағауинді нашар жазушы атандырып, Асқар Сүлейменовті жазушылықтан алыстатқан Рахымжан Отарбаевтың азаматтық һәм жазушылық пікіріне шек қоя алмаймыз. Әдебиеттегі айтылған әр сөз жазушының түр-тұлғасына, яки шығармашылығына қатысты қандай пікір болсын шындыққа құрылып, әсірешілдіктен ада болмаса, оның құр мақтанға, бос сөзге айналуы бір-ақ сәт.
Хәкім Абайдың «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деуінің астарын бүгінгі әдебиеттегі жалаң мақтанның белең алуымен байланыстырсақ болатындай-ақ. Сөзіміз басталғаннан әдеби ортаның кешегісінен сыр тартып, дәйек келтіргендей болдық. Қазіргі әдебиеттегі мақтанның мән-жайын қозғамас бұрын мына бір оқиғаға назар салғаныңыз жөн болар. Ойдан құрады демеңіздер, өмірде болған тап-таза шындық.
Жазушылар одағының үшінші қабатына көтерілер баспалдақта таяқ ұстаған қарияны жолықтырдым. Қарт кісіні көзіміз шалса, амандаса кететін қанымызға сіңген қазақы қасиетіміз ғой. Сол амандасқаннан белгісіз қарияның жанында жарты сағат тұрармын деп ойламап едім. Ара-тұра қолын сермеп айтқан әңгімесін тыңдамай кетіп қалуға тағы ыңғайсыз:
– Сен мені танисың ба?
– Жоқ.
–Менің керемет кітаптарым бар.
– А-а-а.
– Сен өзің жазасың ба?
– Иә.
– Менің адам таңғаларлық шығармаларым көп.
– А-а-а.
– Мен туралы жазсаң, жаңалық ашасың.
– Көреміз ғой енді…
– Үйіме келіп, қалай жазатынымды көрсең, өкінбейсің.
– А-а-а.
– Міне, мынау менің романым. Өте қызық.
– А-а-а. Есіміңізді айтсаңызшы?
– … …
– Танымайды екенмін…
– Мені теледидардан көп көрсетеді. Ұмытып тұрған боларсың.
– Бәлкім…
– Сен менің телефонымды жазып ал. 272 ….
– Жаздың ба?
– Иә, иә.
– Менің тарихым қызықтырса, хабарлас.
– Мақұл. Сау болыңыз! Асығып тұр едім…
– Менің ашылмаған сырларым көп. Өкінбейсің.
Осы тектес диалогтарға қарап, жазушы ұғымымен қоса мақтанның еріп жүреріне тағы бір көзіміз жеткендей. Қай жерде, қандай жиын болсын қаламгерге сөз тие қалса, не өзін, не кітабын мақтап әлек. Көзіміз үйреніп кеткен соң ба, аса таңғалмайтын кейіп танытып, мырс етіп жүре беретін болдық. Әсілі, мақтаудың арғы жағы – жағымпаздық. Ал мақтанудың астарында ішкі «меннің» жатқаны мәлім. Жазушылардың «меніне» түрткі салып, оятатын жапан даланы желдей ескен арзан мадақ сөздер болса керек. Желікпе мақтауға сүйеніп үйренген қаламгер біраз уақыттан соң ешкімнің мадағына зәру болмайды: өз-өзін мақтап, өмір сүре бермек. «Өзімді мақтағаным емес» деп басталар әңгіменің ауанын іштей біліп отыратын хәлге жеттік. Мақтау мен мақтанудың ұлттық һәм әдеби дертке айналуының басты себебі осы болса керек.
Әдебиет тақтасындағы кезінде бір мақталған адамдардың осы күнге дейін тізімнен түспей келуі мақтаудағы ізденісіміздің жоқтығынан болар. Немесе әдеби дақпыртқа салып, біреуді мықты десе, бәрімізге сол мықты болып көрініп, дақпыртқа салып кете береміз. Тым жақсы мен жақсыны айыра алмайтын әдетіміздің бір ұшығы осыдан көрінгендей. Бұрынғы батыс Германияда «Конкрет» журналы жылдың ең нашар шығармасы, яки ең дарынсыз авторына сыйлық берген екен. Оны алған адам бұдан былай мұндай кітап жазбауға және осы сыйлыққа келген ақшаға басқа бір мамандық алам деп уәде беруге тиіс. Осы тектес Финляндияда «Скепсис» деген қоғам бар. Оның мүшелері жыл аяғында жылдың ең нашар кітабына «Құрмет грамотасын» тапсырады. Аталған шаралардың бірін біздің әдеби сахнада жүзеге асырып көрсек, не қуаныш, не төңкеріс боларын ешкім болжап білмес, сірә.
Мақтан мен мақтауға қатысты көкейде жүрген сауалымызды қаламгерлердің өзіне жолдаған едік.
– Жалпы мақтау деген не? Қазіргі уақытта осы үрдістің кең етек алып кеткен жағдайында әділ пікір айтушылардың сөзі зая көрінетіндей.
Әнес САРАЙ:
–Шетелдерде әдебиеттанушылар, өнертанушылар, жалпы рухани эстетика мәселелерімен терең айналысатын ғылымдар болғанымен, таза әдеби сыншылар өте сирек екен. Олай болу себебі, жаңа шығарма баспаға жіберілген кезде бірнеше беделді газеттердің редакцияларына мақтауға тапсырыс беріп қояды. Алдын ала мақтау мақала рецензиялар түрлі басылымдарда жарық көрмек. Яғни шығармаға жарнама жасалады. Кітап шығару мәселесіндегі бұл тәжірибеде советтік әдебиет сыншыларының қарсы болуын құлағым шалды. Бізде де мадақ мақалаларға жарнама ретінде қарағанымыз дұрыс. Ол әдеби сынға жатпайды. Әдеби сынның өнегелі жолын орыс әдебиетіндегі Белинский, Добролюбов, Чернышевскийлер жасаған. Бұл құбылыс соцелистік реализмнің келуімен тоқталған болатын. Әдеби сын дегеніміз – әдеби шығармалар көтерген тың тақырыптар аясында қоғамдық ой толғау, біреуді мазақтау не даттау емес, қоғамның дертін қозғаған шығармалар сыншының зерделеу объектісіне айналуында. Бізде әдеби шығармалар негізінде кезеңдік өмір шындығын қоғамдық мәселелерді меңгеруге септескен ғылыми-зерттеу еңбектер болды. Бірақ Белинскийдің еңбегіндегі сын мен әдебиет болмады.
Эрнест ТӨРЕХАН:
– Жалпы мақтау – өз потенциалы төмен, жаңбыр-жаңбырдың арасымен өмір сүруге үйренген, шындықты айтам деп біреудің аяғын басып кетем бе деп жалтақтайтын, көп айтса көнетін, өз дүниетанымы орнықпаған адамдарға тән мінез, психология. Қуатты, тоқпағы мықты құбылыс пайда болса, соларға қарай қоғадай жапырылатын адамдар Отанға да, қоғамға да қатерлі. Жалпы мақтау – өтірік мақтау.
Қайсар ӘЛІМ:
– Абай атамыз мақтау мен мақталуға қатысты шегелеп тұжырымдап кеткен. «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс, – деп өсиеттепті жиырма бірінші сөзінде. – Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. …Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуді «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді». Осындай «ұмытшақтығымыз» дендеп бара ма деп қауіптенем. Демек, мақталудан дәмеліміз де мақтануға не өзгені орынсыз дәріптеуге шеберленіп алдық. Дұрыс мақтаудың өсіретінін, бұрысының өшіретінін таразыламайтын сияқтымыз. Мақсат – қайткенде қатырып мақтай аламыз! Оның түпкі атасы – жағыну, жарамсақтану! Ішкі есептің амалы. Мұндайда әділ пікір әлсізденеді. Яғни ақиқат пен шындық әлсірейді. Өзіне айтылған сынды қаламгер шам алады, тулайды, есе қайыруға жүгінеді. Оған керегі – мақтау сөз… Жасыратыны жоқ, осындай үстірт пайым, таяз ой, өзімшіл көкірек, асқақ кеуде кейбір жазушыларымызды жарға тіреп тастағанын айтсақ, несі айып. Оларды кез келгеніміз түстеп алатын күйге жеттік. Себебі, шығармасының әуселесінен гөрі, авторының атақ-даңқы, дәрежесі мен мансабы, тіпті жағрапиялық дерегі оған тіс батыртқызбайтын сыңайлы. Ал керек болса! Мақтан сөз белең алған жерде әділ пікірің кейін өзіңе кесел боп жабысатыны тағы бар ғой. Қазақ әдебиетінің бастауындағы алыптар әділін айтып тіл безегенімен, былай шыға шұрқыраса табысып, кектенбей-ақ сын нәтижесін шырайландыруға жұмылды емес пе? Біз ше…
– Шығармашылық адамына мақтау керек пе, жоқ жазған дүниесін терең талдап, көркемдік мәнін аша түссе жөн бе?
Әнес САРАЙ:
– Шығарма-ның мақталуы шарт емес. Нысанаға айналған белгілі бір шығарма не автор шығармашылығы әлеуметтік-философиялық, эстетикалық өлшемдер тұрғысынан терең талдануы тиіс. Онсыз шығарманың құндылығы, яки құнсыздылығы анықталмақ емес.
Эрнест ТӨРЕХАН:
– Шын дарынды, Жаратушысы көркемдік нәзік берген адамдар «мен» деп сөз бастамайды, «тұлпар – бой жасырады» дегенге келетін табиғатын өзгерпейді. Олар өзінің кім екенін, өз бағасын біледі. Мақтау жалаң болмау керек. Егер оның шығармасын ақ пейілмен оқыған болсаң – талда. Кейіпкерлердің өмірден алынғанын, сөзі мен ісі өз образына сай екенін айт. Шығарманың формасына, тілінің байлығына үңіл. Автор өзі көтерген мәселені кемеріне жеткізіп, әсерлі бере алды ма? Әдебиет осылай ғана өркендей алмақ. Тапсырыспен мақтау – әдебиетті де, әдебиетшіні де, оқырманды да адастырады.
Қайсар ӘЛІМ:
– Шығармашылық ада-мына орынды мақтау артық болмас. Шектен аспағанның бәрі ойға қонымды болар. Жақсы сөздің жан семіртері, еңсені көтерері, тың талпыныстарға шабыттандырары ақиқат қой. Дейтұрғанмен, мақтаудың да жалаң, жылтырақ, жылпос, жеңілтек, бақай есептік болмағаны абзал-ау. Бұл тұрғыда кемшін тұстарымыз көп. Қазіргі әдеби сынымыздың дені мақтауға құрылатыны жасырын емес. Талдау, таразылау кемшін де, сыдыртып көтермелеу жағы басым. Жай бір қатардағы баспасөз рецензиясы деңгейінен аса алмай қалатыны қынжылтады. Ал кейбір сыншыларымыз шетелдік жазушылардың аттарын атап, түстерін түстеп, қиын тағдырларын, ауыр тұрмысын, ашыналық ерекшеліктерін баяндауға шебер де, солардың нендей бір шығармалары, несімен ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне ықпалын тигізетіні туралы анық тұжырым жасай алмайтыны өкінішті-ақ! Жалаң ақылдың, телегей-теңіз мақтанның, өзгеге өзек талғанша өзеуреп, өзіміздікін байыбына жетпей мансұқ етудің себеп-салдары ойландырса игі.
Қазір әдеби ортаны былай қойып, жиын-тойда, отбасылық дастарқан басында, тіпті аруақтарға берілген ас үстінде мақтау жарысының қызып жүре беретіні жағаны еріксіз ұстататын халге жеттік. Мақталуға тиіс белгілі бір топтар қалыптаса бастағандай. Мақталмаса олар дастарқаныңды аттап кетуден арланбайды. Құдайы аста олардың күллі атақ-марапаты тізіліп айтылғанда ғана «шешендер» шешіліп сөйлейді. Мына бір сорақылықты да көргенбіз. Құда күтілгенде бір жазушы асабаға өзінің визиткасын ұсынып, сондағы жазуды тұтасымен оқуын талап етсін. Жер-көкке сыйдырмайтын деректер бар еді онда.Қысқасы, бүгінде асыра мақтаусыз, дара мақталусыз өмір сүру қиындап бара жатқан секілді ме, өзі?!
– «Мақтаудың екі түрі бар: біріншісі – қара ниетті мақтау, екіншісі – ақ ниетті мақтау» деген екен Бауыржан Момышұлы. Айтылған екі мақтаудың қаламгерге берері не?
Әнес САРАЙ:
– Мақтауды қажетсінген автор үшін мадақтың бәрі бірдей. Оның ақ-қарасын ешкім ажыратып жатқан жоқ.
Эрнест ТӨРЕХАН:
– Ақ ниетті мақтау табиғи түрде, көпшіліктің пікірін жинақтап айтқан сөз секілді қабылданса, шығармашылық адамын жазу мен ойдан, күмәннан шаршап жүргенде бір көтеріп тастайды. Жаңа шығармаларын бастауға және қолының қарымдылығын арттырады. Ондай шын сөз «қымбат тұрмайды». Бірақ пендешілікке салынып, бір ауыз жылы сөзімізді айтуға, жазуға өте сараңбыз.
Қайсар ӘЛІМ:
– Әсілі, қаһарман Бауыржан атамыз біліп айтады ғой. Орыс шенеуніктерінің бетке «батырсың» деп, құжаты ерліктің өтеміне дайындалғанда «қатынсың» дей салғанын көрген кісі қалт айта ма? Батыр айтқандай, «ақ ниетті мақтау» – елдігімізге сын. Әдеби намысымызды қайрайтын да осы ақ жүректен шыққан шынайы баға, пікір, лебіз легі болар. Өзінің өлмес шығармаларын даңқты жазушы мақталайын деп емес, ұрпақтар алдындағы парызын адал, пәк күйінде ақтайын деп жазғаны белгілі. Келіні Зейнеп апайға аракідік мейірімін төкпесе, жылы сөзімен еркелетпесе аузынан шыққан өнеге-дәстүрлік ұлы мұралары қатталып бүгінге жетер ме еді? Шабыт төркіні – сол ата мақтауы, ата сенімі екендігіне шүбәсіз сенеміз. Гүлнәр Міржақыпқызы апамды алаш арыстары туралы қалам тербеуге қанаттандырған да Бауыржан қайынағасының: «Сен Міржақыптан туған асыл қызсың ғой! Жаз бәрін! Қолыңнан келеді!» деген мадақ сөзі екендігін естігенмін. Бұл екі мақтаудың алғашқысы – қаламгерді өшіреді, екіншісі – өсіреді.
– Өзіңіз жиі мақталасыз ба, әлде көп мақтау айтасыз ба?
Әнес САРАЙ:
– Әдебиетімізде сыншылар мен туралы тоңторыстау қалыпта болды. Алдыңғы буын өкілдерінен шығармашылығыма ілтипат білдіргендер – Ә.Нұршайықов пен Т.Ахтанов қана екен. Қатарластарымнан – Ә.Кекілбаев,
М.Мағауин, Т.Әбдіков, Б.Нұржекеев және тағы басқалары жылы лебіздерін білдірген болатын. Өз басым қатарластарым туралы мақтау айтқан кездерім аз емес. Кейінгі жазушылардан Р.Отарбаевты, Қ.Түменбайды, Н.Дәутайұлын оқып жүрмін. Олар туралы арнайы мақала жазған емеспін. Есіме Ахат Жақсыбаевтың бір оқиғасы түсіп отыр. Жетпіс жастағы Ғабиден Мұстафиннен сұхбат алуға барған екен. Сонда «жас жазушылардан кімді білесіз?» деп сұраса, Ғабиден ағамыз «жас жазушылардың ішінде үлкен үміт күтетінім – Тахауи Ахтанов», – деп жауап беріпті. Ғабиден ағамыз жетпіске келіп жатқанда, Тахауи Ахтанов алпысты алқымдап қалған екен. Менің айтып отырғаным да осыған келіп саяды ғой. Қазіргі жас жазушыларды біле бермейді екенмін.
Эрнест ТӨРЕХАН:
– Мен мақтаудан кенде емеспін. Бірақ соңғы жылдары үлкен саясат ала қойды бөле қырқып жазушылардың мәртебесін төмен ұстап отыр. Отыз жылдан бері жазушылардың кітаптары дүкенге түспейді. Жарыққа шыға сала қайтадан кітапханаға жол тартпақ. Осы себептен де болар, өз қаламгерлерін қазақ халқы ұмыта бастады.
Қайсар ӘЛІМ:
– Әзілхан Нұршайықов ағаммен көп жылғы достық аралас-құраластығымда ол кісіні көзінше мақтаймын деп көңілін лайлап алғаным бар еді. Көзге мақтауды ұнатпай кетті. Өзі кеткесін аз-аздап мақтау сөз айтып қоямын. Аспандатып емес, өзінің жер бетіндегі баяғы жауынгерше басатын нық қадамындай ап-анық, тақұл-тұқыл етіп қана мақтаймын… Несі бар, қандай мақтауға да тұратын Әзағам емес пе?
P.S.:
«Мақтаныш барлық адамға тән: айырмасы мұны олардың қай жерде және қашан көрсетуінде ғана»
Ф.Ларошфуко.
Маржан ӘБІШ.