ӨЛІМГЕ ДЕЙІН СОЗЫЛҒАН ОҢАША ӨМІР
06.09.2022
4768
0

Жазушы Дидар Амантайдың «Бақыт биохимиясы» атты романы көптеген новеллалардан тұрады. Бұлай жазу – қазіргі кезде дүниежүзі әдебиетінде қалыптасқан үрдіс көрінеді. Аталмыш романды құрайтын новеллалардың ішінен бірнешеуін таңдап оқырман назарына ұсынып отырмыз. Роман жекелеген новеллалардан тұрғанымен, тұтас туынды бір сюжеттік желіге құрылған.

Сол бір қытайдың біздің ауылға қашан көшіп келгені белгісіз, біз ес жиғалы қос доңғалақты ескі арбасын сүйретеді де жүреді, үнемі бірдеңе тасып келе жатады.
Шаруамен келе қалған елді үнсіз отырып тыңдайды. Көп сөйлеспейді де, бірақ күллі ауылдың құрылысын, құрал-сайманын, архитектуралық-инженерлік жұмыстарын қытайдың өзі жүргізеді, атқарады.
Бұл әдепкі қытайдай емес, ұзын бойлы, қарулы, тұйық кісі еді. Қорыққанын, біреуге жағымпазданғанын көрген емеспіз, үнемі тәкаппар, еңселі, сабырлы. Шатақ шығарғанын, төбелес бастағанын да естіген жоқпыз, бейбіт адам-тұғын.
Он саусағынан өнер тамған ұста, шебер, көрікші. Тапсырмаңды алады, уақытын белгілейді, келіскен межеде барғанда, дайын тұрады. Тиеп береді немесе көлік табылмаса, арбасына салып өзі жеткізіп тастайды.
Ешқашан ештеңе уайымдамайды, әлде ішінде сақтайды, құлазып отырғанын, күйзеліп тұрғанын тірі жанға білдірмейді.
Украин әйелі бар, әдемі, екеуі қалай қосылғаны түсініксіз. Бір-бірімен қабыспайтын екі әлем. Жер мен көктей.
Қытай қазақтармен араласпайды – қонаққа шақырмайды, үйіне бармайды, нан ауыз тимейді. Тек жұмыс үстінде, бір нәрсені нақтылай түскенде, шолақ тіл қатысады, істің мән-жайын, мәселенің жай-жапсарын біліп, ақыл-кеңесін айтқан соң, қанден итін ертіп, арбасын дертесінен тартып сүйретіп, үйіне қайтады.
Ел атын да білмейді, бәрі қытай дейді, ол да суық, түзетпейді де, шын есімін ашпайды да, күллі жұрт ырза, балға сынғанда, орақ жүзін, шалғы тістерін қайрап, науқанға дайындағанда, арба жөндегенде, қамқор, тілеуқор, іскер.
Апта өтпей қалауың сөреде дайын жатады, іздегенің қорасынан табылады.
Тойда жүргенін, меймандарға еріп арақ ішкенін көрмеппіз. Қашанда сау, еңбекке жарамды, сапарға даяр, жалқау­лықтан ада, тіленіп, сұранып тұрады, бейнетқор, жұмыстың үлкен-кішісі жоқ, жеңін түріп, білегін сыбанып, кірісіп кетеді.
Баласы болды ма, жоқ па, таза ұмытқан екенмін, нанға жұбайын жұмсайды, дүкенді өзі аралайды, үйі әдемі, ауласы таза, жинақы, сылағы жаңа, жазда қақпасын ашып кіріп барғанда, жерге су шашып қойғанын байқайтынбыз, бізге қатты әсер етуші еді.
Қазақтың бәрі үйіне кірмей, ауласынан қайтатын еді. Қандай дүние-мүлкі бар, ешкім білмейді, қонақты есіктен қарсы алады, табалдырықтан шығарып салады. Жеке өмірі құпия, жұрт қауесетті көп айтатын еді.
Күллі ауыл сырттай именетін, құрметі ерекше, беделі зор, сөзге сараң. Өзін әдепті ұстайтын. Мәдениетті кісі. Кездескенде, жолда ұшырасқанда қысқа ғана амандасатын, орысша, сосын, тоқтамаған қалпы қасыңнан өте шығады.
Әйелі де қазақтармен орыс тілінде сөйлесетін, ақ жарқын, ақ пейіл адам, екі арадағы елшідей көрінетін. Жұрт қытайдың жаңалығын украин жұбайынан білетін. Оның өзінде негізгі жайттар жабық күйінде қалады, сол ұсақ-түйек мәселелер қозғалады. Мысық жоғалып, итінен айырылып, марғау мен күшік іздеп жүргендерін әңгіме қылады.
Баламыз қалай елін сағынбайды, аңсамайды екен деп ойлайтынбыз. Әке-шешесі қайда, туған-туысқаны қайда, ағайын-жұрты қай жақта.
Өмірі де өзгеше. Бүкіл қазақ бір қытай бар екеніне үйреніп алған. Шаруаға епті, елге көмекші, өзі тыныш, тәртіпті.
Үйіне пошта келмейтін, газет-жорнал жаздырып алдырмайтын. Өкіметтің де ісі жоқ. Зейнетақысыз өмір сүрді. Әйеліне Украинадан туыстары ақша аударып тұратын. Қазақ жасын сұрамаған соң, оның нешеде екенін жұрт сан-саққа жүгіртетін. Түріне қарасаңыз, бетінде әжім жоқ, қимылы ширақ, жүрісі жылдам.
Бірақ қазақтың күмәні көп-тұғын. Қашып келген қытай ма екен деп күдіктенетін, алайда жасырынған дәнеңесі жоқ, ашық, ел алдында ғұмыр кешті.
Үйі – қорғаны. Жан баласы кірген емес, ішінде құпия қойма бар шығар. Қазақтың бәрі сырын ашуға ұмтылды. Жерді қазып жіберіп, тапқан ақшасын тығатын орын жасап алды ма, бұл не, үйін неге көрсетпейді. Елдің жайы өз жағдайымыздан маңыздырақ.
Әрі жақын, әрі бөтен тұлға. Бәрін қызықтыратын.
Ол туралы жұрт бір күні елді тастап, келген жағына қайта оралады деп ойлайтын. Жиған-терген қаражатын жолға жұмсайды, қазір дайындық жүргізіп жатыр, көп тараған қауесет өтірік боп шықты, ол ешқайда кеткен жоқ, өмір бойы қазақтармен бірге, бір ауылда тұрды.
Мекенін ауыстырмады, тұрағын өзгертпеді. Біз оның үнемі ауылдан шықпайтынына да үйрендік.
Мектеп бітіріп, мен оқуға кеткенде, ол ауылда қалған еді. Шаруашылықтың құлдыраған, бүлінген, елдің азып-тозған, Одақтың ыдырап жатқан мезгілі, кейін халық жұмыс іздеп, шұбырып қалаларға көшті, ауылдағы қалыпты тіршілік бұзылды, үйлер қирады, қаражат тапшы кез, аласапыран заманда сол бір қытайдан көз жазып қалдым.
Көп уақыт өтті, алайда, елі де, ертеңі де белгісіз сол бір қытай мен үшін өмір бойы үлкен жұмбақ болып қалды.
Қазір өлген шығар, әлде тірі ме екен, бір Құдайға аян, бойынан қайрат кеміп, күш-қуаты азайғанда, өлерін алдын ала танып, құпия үйдің жұмбақтарын жойып жіберді ме екен, мүмкін, құпия ештеңесі жоқ шығар, бұл жай бір әншейін ұлттық үрдіс, қытайлық салт қана ма, кім білсін…

ҰЙҚЫДА

Бірдеңе топ ете қалды. Елең-алаң. Жел көтеріліп, терезелер шалқасынан ашылғанда, бөлме ішіне жібек самал құйылды. Өзімен бірге сырттан алма иісін ала келді.
Мен ояу жатырмын. Қараңғылықта мұрныма жеткен жемістің ғажап жұпары тұрып-тұрып әлсірей бастады, кенет жойылып, жаңбырдың иісі аңқыды. Сірә, жауын алдындағы жел алма сіңген, кең жайылған таза ауаны қайыра тысқа айдап әкетті.
Әлде, мен ұйықтап кеттім бе екен. Көзімді ашсам, таң себезгілеп атып келеді. Күннің өзі жоқ, шапағы жүзіме түседі. Тау арасынан жарқырап көріне беріп, шың-құздардың артына жасырынады, келесі сәт басқа тұсынан аңдыздап шашырайды.
Жаңбыр жаумай өте шыққан тәрізді. Мен Шағи, Шахия, Шаhизатты… ойлап жатырмын. Әдемі еді, маңдайға сыймады. Тағдыры сойқан болды. Гүлдей құлпырған шағында ерте солды. Зылиха ше, Қамария, Лимара, Нелуфар, Севиндж.
Ойлағым келмейді. Ұзақ жатамын, сосын, ас әкеледі. Одан түскі асты күтіп… түскі астан соң, кешкі асты тосамын, ұйықтар алдында айран ұсынады.
Кейде тәбетім шаппайды, быламық, сорпа көже, ет, күріш, кеспе, палау, дәм ауысып отырады, ішпеген күндері қасымда, шкаф үстінде суып тұрады, мейірбикелер сыпайы, бірақ сөзге сараң, күлкіге – мырза. Езу тартып ұзап бара жатқаны.
Алма иісі қайта шықты. Кәрі ағаш бұтағымен терезеден бөлмеге кіріп тұр­ған сияқты.
Таң атпай қойды. Көшеге шыға бастаған жұрт асыға басады. Қыз-келіншек төпілиінің тасқа тиген біз өкшелерінің тықылы қатты естіледі. Қала ерте оянады, кеш жатады.
Ауылға көшемін. Гүл өсіремін, мал бағамын, жылқы ұстаймын. Бірақ өр­кениет қызығынан, пәтер қолайлылығынан, жол даңғылынан қалай, қайда қашасың. Күні ұзақ мал соңында жүру де оңай емес. Күтімін айтсаңшы, ата-бабаларымыз қандай бейнетқор, қаһарман болған.
Жетісуға сіңдік. Жер жаннаты, ел көркі.
Қазақтың бар өлкесі ыстық, Алаш баласына төрт тарапта көшіп-қонып өмір сүрсе де жарасымды, ғанибет, тамаша.
Күн шықты. Дәліз тірілді. Әрі-бері жүрген жұрт қарасы көбейе бастады. Тықыл күшейді.
Өмір сүргім келеді.
Жазуға құштармын. Қалам бақыты – жазуда, қағаз бақыты – оқуда. Қанша ұстайтыны белгісіз.
Түнде алма иісін күтіп жатамын. Кей уақ кешігіп жетеді. Тіпті таң атқанша келмей қоятыны бар, сол кезде ауа райы болжамын қараймын, жаңбырды іздеймін, бұлт қаптап, жел соқса, терезелер ашылып, самал кіреді. Ол маған алманың ұшан-теңіз иісін әкеледі.

СЫҒАНДАР

Құба жон, қыр етегінде өзен-сайларды жағалап, қоңсы отырған көп ауылдың біріне көш түзеп сығандар келді. Киіз үйлерден қашық, оқшау ойпаңда, бір-біріне қатар-қатар орналасты, өзен бойына тізіле қонды.
Қызыл іңір ауып, қас қарайып, кірпік үйіріле бастаған мезгіл, жұрт алыстан қарап тұрды. Қанша санаса да дәл санына ешкім жеткен жоқ. Қарақұрым бәрі жабыла бірнеше шатыр тігіп жатыр. Әйелдер қауымы жылқыны тұсап жіберіп, пәуеске, арбаларынан бір сағат ішінде нығыз тиелген бүкіл жүкті түсіріп үлгерді. Шулап жатқан бейсауат жүрген ешкім жоқ. Бәрінде бір жұмыс. Біреуі де бос емес. Тегіс еңбекқор. Әкесі сырық көтерсе, баласы сырғауыл байлап жатады.
Биік күркелері бой көтерген кезде, қолдары босап, енді сығандар қазақ ауылдарына қарай бастады.
Қазақтар мал ұрлап, жылқы айдап кете ме деп қорықты. Сығандар көп болса да, тез жиналып, орындарынан қопарыла, тік көтеріліп, дүркіреп көше жөнелуі мүмкін.
Жолға шықса ұстатпай кетеді. Алғанын бермейді, шапқанды қанжарға қадап, найзаға піседі.
Сығандар – ержүрек халық. Еркін жұрт. Жүйрікті қазақтай сүйеді. Бар өмірі – жолда, сапарда, бір сәт кідірмейді. Алда күткен арманы жоқ. Өмірінің мұраты – үзілмеген ән, іркілмеген сөз, ірге бекітпеген салт. Көргені қимыл, қозғалыс, әрекет.
Қазақтың да көші күшпен тоқтатылды. Қыстаудан қора, жайлаудан жайылым қалмады. Жан-жақтан қысты, есіл жұрт, қайран елді қынадай қырды, баудай түсірді. Көзін жойды, айдады, абақтыға жапты, түрмеге қамады, ең ақырында жартысынан көбі опат болды.
Бірақ сағыныш кеудесін кернеді. Көңілі сайын даланы аңсады, сары жұртын қимады. Колхозға тықты, қалаға жібермеді. Төлқұжатсыз селоға байланды.
Көш әуені көкірегінде қалды.
Қария сығандарға қарап отыр. Әзір күдікті ештеңе жоқ. Ұры біткен апақ-сапақты жақсы көреді. Әдетте, қарбаласта қол сұққанды байқай алмай, қағып, іліп кеткенді көре алмай наразы.
Қазақ өзгерді. Елімайлап өткен өмірден бір белгі бар ма, рәсуа, тып-типыл, бір күндік сәуленің қараңғылығы ұзақ екен, жарқ етеді де жоқ болады. Әр жарқылдың тағдыры да бірыңғай, мағынасы еш, бейнеті бекер, мехнаты зая, қатар туады, бірге жүреді, бөлек өледі.
Қоңсы қонған күллі ауыл бас қосып, мәжіліс құрды. Шапқан жаудан жаман дұшпан ішіндегі әккісі, ие бермейді, қазынаңа қол салады, жеріңді еркін жайлайды, қылығына еріксіз көнесің.
Мәжілістен соң қора біткенге күзет қойылды, жорық-жортуылға мінетін жылқыны ауылға таяу ұстады, шұғыл шаруаға дайын бірді-екілі қаңтарылған аттар кермелерге байланды.
Түн тыныш өтті. Алауларын қоршап, ән айтты. Би де биленді. Әуендері бірде жылап-сықтайды, бірде дүрмекке ілесіп шауып келе жатқан ат дүбірін, қыр астынан шыққан жау қиқуын естисің.
Бозбала жігіттер қатты құмартты. Отқа барып, сығанның пері қыздарын көргісі келді. Сұлу дейді, көздері тостаған дейді, белдері қыпша дейді. Екі жағына кезек аунаған, селкілдеген омырауы ше… Бірақ қызын бермейді екен. Сыған – сығанға үйленеді, қызы өздеріне тиеді, өзгені араластырмайды.
От түні бойы жанды.
Сығандарға киіз үйдің тұс-тұсынан сығалады. Жасы аңдыды, кәрісі шын екендігі аса күмәнді аңыз-әңгімелер шертті.
Бір кезде сығандар суға түсіп жатыр екен деген хабар жетті. Ауылдың есі шықты. Барса болмай ма, көрсе болмай ма, дүрліктіріп алмаймыз ба, жауласып қалмаймыз ба.
Іле-шала жалаңаш шомылып жатыр деген жаңа ақпар келді. Жігіттер сабырынан айрылды, дегбірі қашты, шыдамсыздана бастады, қонғаны – біздің жер, рұқсат сұраған жоқ, баса-көктеп кірді, елдің шетін, ата-бабамыздың киелі өлкесін, атамекенімізді басып алды, кетіңдер деп талап қояйық, дастарханына шақырып қалар деп үміттенді, асынан дәметті – қандай екен, не пісіріп жейді, қызық көрді.
Талас күшейді, шатырына барайық десті қызу қандылары, сумен ағып келейік десті тапқырлары, өзенді алыстан кесіп өтіп, ар қабақтан жақындайық десті еңбекқорлары.
Жоқ, деді үлкені, кәдімгідей тура бара салайық деп түйді. Енді бәйбіше-тоқалдар оянды, іс қиындады, бізді жатқызып, ұйықтатып тастап, қай салдақыларға барайын деп жүрсіңдер, елден ұят, қаңғып келген сыған әйелдерінің қойнынан іздейік пе, енді қалғаны.
Киініп үлгермегендер де бар екен, төсектен тұра сала араласа жөнелгендер іш киімшең күйі сойыл ұстап жүгіріп жүр. Әйелдер таяқтарымен шықты. Күйеулері басына күн туды, қара аспан төнді, бұлт қаптады, бұрыш-бұрышты жағалап, қалтарыс-бұрталыстарды тінтіп қарады. Ауылды екі-үш айналып, ши түбінен, жықпыл ішінен тауып алды, жонына қамшы салды, арқасынан таспа тілді, кіреберіске іліп қоямын, қорлаймын, күлкі қылдырамын деп қорқытып, зәресін ұшырып, қарғысын да аямай үйіп-төгіп, алдына сап айдап келе жатыр, жүрегін ұстап, босағада құлап жатқандар да бар, ауыл маңайы азан-қазан, сығандар, керісінше, бізді шапқан сияқты.
Ел аяғы басылды. Басы бостар ғана қалды. Оның өзінде, анасынан тығылып басын арашалап алғандар. Ұзын-саны үш-төртеу.
Жайлап басып, шатырларға келе жатыр. От сөнген, жұрт ұйқыда. Бірен-саран сыған ақырын гитара шертіп отыр. Иегімен меңзеп, орын ұсынды. Сосын, әнін шырқап кетті. Құйқылжып қиядан шықты, сорғалап төмен ақты. Құстай самғады, қасқалдақтай ұшты.
Қазақ жігіттері жылап отыр. Қандай ән, қандай дауыс!.. Шынымен, Алаш салатын саз, сақара шырқайтын әуен екен. Қайырмасы қозы көш жерден естіледі, үлкен шығарма екені көрініп тұр. Қазақ пен сыған құшақтасып, қосыла айтып, бір-бірін танып, тамыр болды. Біз де, Сіз де желмен жарысқан сәйгүлікті сүйеміз, қысы-жазы көлік, жалғыздықта серік, қуанышта дос, қайран, арғымақтарым. Табордың алдына бір үйір жылқы салып берсе де болады екен. Гитара қайта күңіреніп, күркіреген үні алагеуім шақ түн жарып анық шықты. Ішектерін алақанымен ұрып тартқан сәт, көкжиектен сыз берді, төңірек ағара бастады. Әйелдер көздерін сығырайтып ашып, күйеулерін көрді де, қайта қалың ұйқыға кетті.
Үш бозбала таң ата ауылға көңілі бұзылып қайтты. Сұлуын көрмесе де, сұлу әнін тыңдады, жібектей мінезіне, қонақжай қасиетіне, асқан талантына тәнті болды.
Ертеңіне жәрмеңке ашылды. Бір топ сыған ән оздырып, саудаға шақырды. Қазақтар орамал басына түйген ақшасын ұқыптап қайта санап, сатуға әкеле жатқан малын жетектеп, ойпаңға құлады. Желден пана қыр етегіне, сай-салаға халық құйылды. Аз уақыт ішінде алыс-жақын жердегі құлақтанған кірешілер қаптады, қара бұқара лық толды.
Бұлы көп, темір-терсегі, асыл тасы мол арбалар ортаға қойылды. Інжу-маржан, алтын-күміс, зүбаржат, лағыл, қой да, қозы да айырбасталып жатыр. Адам тағдырын, өмір жолын, қызық-қуанышын, қайғы-қасіретін дәл болжаған көріпкелдер алды бір сәт босамайды, ұзыннан-ұзақ кезек, талас, қазақ бәрін көргісі, білгісі келеді.
Енді жібек шүберектерге мұ­қият­ орап салған жәшік-жәшік айналарын шығарды. Шешелеріне етегіне жабысып еріп келген майда бала, ақжарқын сәбилер бір-біріне жарық түсіріп ойнай бастады.
Қария мазасызданып отыр. Ұлына бір сыған не ерте асылып өлесің, не кісі өлтіресің депті. Екеуі де ауыр күнә. Өзі сығанға, ел елегізіп, жұрт күтіп жүрген ерен адам – мен, әлемді билеймін, депті.
Күн тас төбеден құлағанда, сауда азайды. Бірді-екілі адам ғана қалды. Сығандар жиған-тергенін арбаға артып, алған малын соңынан байлап, батысқа бет түзеді. Батып бара жатқан күн табағына бейнеленген көш алау оттың ішінде өртеніп жатқандай көрінді.
Бүкіл қызықты өзімен бірге ала кетті. Қызу сауда туғызған көңіл күй, мереке-мейрам шағын ауылды тастап жүре берді. Қуаныш та көшпелі. Бір күн өткен соң ғана өзіне-өзі келген ауыл жәрмеңкені қырық жыл айтысты. Жылдан-жылға көлемі ұлғайды, уақыты ұзарды, қатысқан, сауда жасаған бұқара саны көбейді.
Сығандар ауыл іргесіне жәрмеңке құрып, шатыр тігіп, қазақ өмірін екіге бөліп кетті. Келесі жәрмеңке келгенше…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір